2001
28 июля 2023
Бейімбет Молдағали, суретті Жанара Каримова түсірген

Интернеттің де сұрауы бар. Апта жаңалықтарына шолу

Адасқан бидай, тағы да үнемдеу және қызылшаның әлегі

Интернеттің де сұрауы бар. Апта жаңалықтарына шолу

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин қазақстандықтарды мобильді интернетті үнемдеуге шақырды. Министр интернетті сумен салыстырып, оның да шектеулі ресурс екенін айтты. “Базалық станцияға қосыла алатын мобильді құрылғылардың саны шектеулі. Ол шектен асып кеткен жағдайда байланыстың сапасы нашарлайды. Екінші станцияны қосуға инвестиция қажет, оны қайдан аламыз?” – деді Мусин. Бұған байланыс сапасына операторлармен қатар құрылыс компаниялары да жауапты екенін қосты. Сондықтан тұрғын үй немесе бизнес орталық салған құрылыс компанияларына базалық станцияларды ескеруді міндеттейтін заң нормасын ұсынатынын айтты.

Сонымен қатар, Мусин “Қазақтелекомға” қарасты компаниялардың бірі жыл соңына дейін сатылатынын хабарлады. “Қазақтелекомға” Tele2/Altel компаниясының акциясы түгелдей, ал Kcell компаниясының 51 пайыз акциясы тиесілі.

фотоны Ирина Гумыркина түсірді

Бас прокуратура қайтарылған активтер туралы деректі жария етуден бас тартып отыр. Ведомство мұны тергеудің талабы деп түсіндірді. Прокурор бұл ақпаратты экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл комитетінің жұмысына кедергі келтіру үшін мүдделі адамдар қолдануы мүмкін деп санайды. Бас прокуратура Власть басылымына берген жауабында комиссия жұмыс істеген уақытта мемлекетке 791 млрд теңге қайтарылғанын жазды. Оның ішінде 589 млн теңге – шетелдік актив. Президент Тоқаевтың активтерді қайтару жөніндегі жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету, оның нәтижесі туралы қоғамға хабар тарату жөніндегі талабына қарамастан, активтерді қайтару жабық күйінде қалып отыр. Бас прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ресми хабарламаларында негізінен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелерінің аты-жөні көрсетіледі. Деректер көп жағдайда Қайрат Сатыбалдының активтері туралы.

Алматы облысының Жамбыл ауданында АЭС салу бойынша қоғамдық тыңдау өтеді. Үлкен ауылындағы орта мектепте өтетін жиын 22 тамыз күнгі сағат 11:00-ге жоспарланып отыр. Бұдан бұрын энергетика министрінің орынбасары Жандос Нұрмағанбетов АЭС салу туралы шешім халық пікіріне қарамастан қабылданатынын, бұл мәселе референдумға шықпайтынын айтқан. Арада біраз күн өткенде экология министрі Зүлфия Сүлейменова қоғамдық тыңдау туралы ресми ақпарат министрлікке түспегенін, ал өзі ақпаратты ақпарат құралдарынан білгенін айтты.

Қазақстанда қызылшамен ауыратындар саны көбейіп бара жатыр. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың сөзіне қарағанда, жыл басынан бері 2 мыңға жуық бала ауырған. Олардың басым бөлігі – екпе салдырмағандар. Министр қызылша Ресей мен Түркиядан келген деп есептейді. Аурудың өршуінің алдын алу мақсатында қызылшаға қарсы екпе егудің маңызын түсіндіретін ақпараттық жұмыс қолға алынбақ. Алайда, министрлік арнайы екпе егу науқанын жоспарлап отырған жоқ. Қазақстанда қызылша ауруымен ауыратындар көбейгенін министрлік наурыз айында да хабарлаған. Ол кезде 56 жағдай тіркелсе, сәуірде науқастар саны 100-ден асқан.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали президент Тоқаевқа есеп беріп, кейінгі бір жарым жылда 860 миллиард теңге көлеміндегі мүлік түріндегі актив пен ақшалай қаражат қайтарылғаны туралы хабарлады. Жыл басынан бері 1 мыңға жуық жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркеліп, 700-ден аса адам әшкере болған. Оның 98-і – түрлі деңгейдегі басшылар.

Қаржылық бақылау агенттігі Павлодар облысында Ресей бидайын қазақстандық астық ретінде Орталық Азия елдеріне экспорттау үшін жалған келісімшарт жасаған күдіктіні анықтағанын хабарлады. Күдікті 2021-2022 жылдары Ауғанстан, Тәжікстан мен Өзбекстан елдеріне 1 млрд теңгеден астам соммаға 26 мың тонна ресейлік бидайды экспорттаған.