2014
29 января 2024
​Светлана Ромашкина, Власть, Данияр Мүсіровтың фотосуреттері

Ғарыштан келген келімсектер

Алматылық Ильдар Халитов бүкіл әлемнен отандық метеориттер туралы ақпарат жинап, сол туралы кітап жазды

Ғарыштан келген келімсектер

Біз 23 қаңтарда, бірнеше рет жер сілкінгеннен кейін кездестік. «Бірден айтып қояйын, бұған метеориттердің қатысы жоқ», — деп жаңа шыққан «Қазақстан метеориттері» кітабының авторы Ильдар Халитов бір күліп алды. Кітапта құжатқа тіркелген ғарыштық 23 олжа жинақталған.

«Мынау тағдырдың жазуымен бізге тап болған ғарыштан келген зат, оған 4,6 млрд жыл болған. Айтпақшы, метеоритті зерттеудің арқасында Жердің дәл жасы анықталды, бұған дейін 3,6 млрд жыл деп бағаланған еді. Осындай қатты денелердің, объектілердің ұзақ жол жүріп келіп, біздің қолымызға тиіп отырғаны таңғалдырады», — деп Халитов қазақстандық метеориттер коллекциясын көрсетті.

Метеорит хоббиі

Ильдар Халитов өзін гуманитармын дейді, мамандығының астрономияға қатысы жоқ. Америка Құрама Штаттарында бизнес мектеп бітірген, «Болашақ» бағдарламасының ең бірінші легінде болған, кейін ірі халықаралық компанияларда маркетолог болып істеген, қазір отбасылық бизнеспен — электронды коммерциямен айналысады.

«Екі аптадан кейін елу жасқа келемін, әке ретінде де, менеджер ретінде де, бизнесмен ретінде де қалыптасқан адаммын. Меніңше, адамдар бірқалыпты өмір сүреді: жұмыс істейді, әлеуметтік желіде отырады. Бір күні 15 жасар ұлым маған бір ерекше хобби керек екенін айтты», — деп еске алады Халитов.

2021 жылдың соңында ол ерлер арасындағы ең танымал хоббилер туралы мақала оқып, солардың арасында метеоритика — астрономия мен геология түйісетін ғылым бар екенін біледі. Халитов OLX сайтына кіріп, метеориттер сатылымы туралы бірнеше хабарландыруды табады, ішінен біреуі қызықтырады. Осылайша, ол Қарағанды облысында салмағы 17,5 кг болатын метеорит тапқан Валерий Миллермен танысады. Миллер метеориттер туралы түрлі қызық нәрселер айтып береді, сөйтіп Халитовты еліктіреді. Кейін ол Миллерге олжасын тіркеуге көмектесті — енді метеориттің «Шоқай» деген аты бар.

Халитов метеориттерді зерттеп, олар туралы кітаптар оқуды бастайды, біртіндеп қазақстандық метеориттерге мамандану қажет деген ойға келеді. Мәліметтер базасын жинағаннан кейін кітап жазу керек екенін түсінеді:

«Бала кезімде танымал балалар жазушысы болуды армандап едім, тіпті кітап жазуды да бастағанмын. Дымбілмес туралы кітап қатты әсер етсе керек. Метеориттерді зерттей бастағанымда көп кітап сатып алдым, соның ішінде букинистен алған сирек кітаптар да бар, Амазоннан ағылшын тілінде де көп сатып алдым. Маған кеңес жазушысы Любовь Кузнецова ұнап қалды, ол метеорит туралы жеті кітап жазған, ғалымдармен тығыз қарым-қатынаста болған, жақсы жазған және өте қызық әңгімелейді, маған бұл дем берді», — деп еске алады «Қазақстан метеориттері» авторы.

Оның кітабында Қазақстан аумағына соңғы 183 жыл ішінде құлап, құжатқа ресми тіркелген 23 метеорит туралы айтылады. Олардың кейбірі астероид бөлшегі, кейбірі жойылған планеталардың сынығы. Метеориттердің көбі атмосферада жанып кетеді, бірақ жыл сайын 500 шақтысы Жер бетіне дейін жетеді. Халитов кітабында мынадай статистика келтіреді: сол 500 шақтының жиырмасы ғана табылады, үш жүз елу метеорит мұхитқа батып кетсе, жүз отызы құрлыққа құлайды.

Осы ғарыш келімсектерін кәсіби түрде іздеумен айналысатын адамдар бар: ғылым жетістігінің арқасында олар метеориттің құлау траекториясын алдын ала шамалап біле алады. Табылған тастарды коллекционерлерге, музейлерге немесе оларды әшекей бұйымдарына қолданатын зергерлерге сатады. Ең маңыздысы — метеориттердің арқасында ғалымдар біздің Ғалам туралы көп нәрсе біле алады.

Метеориттерді тіркеген кезде оларға ат қояды: әдетте жақын маңдағы елді мекен, өзен-көлге қатысты болады. Негізінен метеориттер үш кластан тұрады: тас, темір және теміртас.

Халықаралық ресми тіркелген метеориттер базасы арқылы Халитов қазақстандық тапқыштарды тауып, біздің метеориттердің кесектерін жинай бастады: көбінесе үлкен тас бөліктерге кесіледі — «ғарыш сәлемдемесін» осылай сату оңайырақ. Метеориттің 1 грамы $1 шамасында.

Халитовтың коллекциясы «Березовка» деген метеориттен басталды, ол Павлодар облысынан 2013 жылы табылды. Олжаның салмағы әжептәуір болды — 35 кг 650 грамм. Қазір оның негізгі массасы Мәскеуде, Әлем тарихы музейінде сақталып тұр.

«Ол стандарт тас метеорит, хондрит, ол ауыр, тасқа қарағанда тығыздығы жоғары, өйткені құрамында никель темір көп, — Ильдар Халитов «Березовканы» көрсетті. — Көріп тұрсыз ба, мына жерде жылтыры бар, бұл никель, жер жынысында никельдің 1-2 пайызы ғана болады, ал метеоритте 5 пайыздан басталады, сондықтан никельдің болуын талдау арқылы оның жер жынысынан емес екенін түсінуге болады. Мынау 620 г, оны мен 620 долларға сатып алдым. Егер аты бар болса, бағасы да көтеріледі. Егер бірнеше келілік тұтас тасты бірден сатып алса, онда грамм бағасы арзанырақ болады. Бірақ ондайлар музейлерге жақсы».

Павлодар облысынан Чикагоға

Халитов қазақстандық метеориттерді зерттей бастағанда, қазақстандық музейлерде олардың жоқ екенін білді. Аспаннан келген тастар әлемді аралап кетеді: мысалы, 1840 жылы Шығыс Қазақстан облысының аумағына құлаған «Қаракөл» метеориті Мәскеуде, ал 1885 жылы Павлодар облысынан табылған «Ямышева» Чикаго музейінен бір-ақ шыққан.

«Бұған таңғалудың қажеті жоқ, өйткені кеңес заманында барлық метеоритті Мәскеудегі Ғылым академиясы жинады, олардың сақтау орны жабық, кіре алмайсың. Олардың шағын музейі бар, сол жерде бірнеше метеорит қойылған, арасында біздікі де бар. Олар маған біздің метеориттерді және солардың құжаттары бар бумаларды фотоға түсіріп берді, бұның кейбір нәрселерді нақтылауға көмегі тиді», — деп Халитов метеориттер мен соларды тауып, зерттеген адамдардың тағдырынан сыр шертеді.

Болашақ кітабына иллюстрация қажет екенін түсінген сәтте әлемнің музейлерімен байланыс орнатыпты:

«Мен әлемнің барлық музейімен байланысқа шықтым, көбі жауап берді, кейбіріне қоңырау шалдым. Өйткені біздің ХІХ ғасыр соңындағы тарихи метеориттеріміз делдалдардың қолына тиіп, музейлерге кеткен. Барлығы дерлік фотосуреттер мен мәліметтерді тегін берді, тек Мажарстандағы музейге 10 еуро жібердім, олар мен үшін бәрін түсіріп, алпысыншы жылдары ғимарат өртенгенде аздап бүлінген тарихи лейблдарды да жіберді. Бұл кітапты жастарға арнап жаздым, бірақ қазір назарды ұзақ ұстап тұру қиын, сондықтан оқырманды қызықтыру үшін ақпаратты мейлінше түсінікті, иллюстрациясын мол қылып беру керек екенін түсіндім».

Кітапта метеориттердің құлау сәті түсірілген YouTube-тағы видеоларға сілтейтін QR кодтар да бар.

Кітапқа геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, А.Е. Ферсман атындағы РҒА Минералогия музейінің бас қорғаушысы ғылыми редактор болған. Оның өзі де метеориттер туралы бірнеше балалар кітабын жазған. Сонымен қатар Халитовқа метеориттер бойынша екі маман консультация берген, кейін қолжазбаны Ресейдің танымал астрономы және ғылымды дәріптеуші, жақында Қазақстанда дәріс өткізіп кеткен Владимир Сурдин де оқыған.

400 дана кітапты Ильдар Халитов толықтай өз ақшасына шығарды. Бастапқыда мемлекеттік конкурсқа қатыспақ болғанмен, өтпей қалыпты: «Бұл мені ынталандыра түсті, өйткені мерзім мамырдың соңына дейін еді. Кітапты желтоқсанда бастадым, сондықтан бұл бағдарламаға қатысу үшін қолжазбаны аяқтауға талпындым. Конкурстан өтпей қалдым, бюджет қысқарып қалды да, тек 100 кітап іріктеуден өтті. Қатысушы өте көп болды, қателеспесем, мыңға жеткен шығар. Жекеменшік баспалармен істес болуға тырыстым, олар созғылап жүріп алды, иә деп те, жоқ деп те айтпайды. Самиздат бірінші кітап үшін жаман емес деген тоқтамға келдім. Бұл – Қазақстанда шыққан ғарыш туралы алғашқы кітап, мұнда метеориттер туралы ғана емес, астероидтар, кометалар туралы да мәлімет бар. Бұған қазір қызығушылық бар деп ойлаймын, себебі жаңалықтарда Жерге қауіп төндіруі мүмкін астероидтар туралы, Илон Маск туралы, оның жоспарлары туралы үнемі айтылып жүр. Адамдар жергілікті контентті де оқығысы келеді. Кітапты қазір өзіме шығын әкелсе де сатып жатырмын. Жақсы болып шықты деп ойлаймын, адамдар онымен танысқанын қалаймын, жалпы мен үшін бұл коммерция емес, кеткен шығынның бір бөлігін ғана қайтара алатын шығармын».

Егер сіз метеорит тауып алсаңыз…

Ильдар Халитов Қазақстанда метеориттер құлаған және табылған орындар көрсетілген карта құрастырды. Бұндай олжаға елдің солтүстігі бай екен. Бұған сол жақта жер жырту жұмыстары көп жүргізілгені себеп болуы мүмкін, сондықтан метеориттерді шопандар немесе ауыл тұрғындары тауып алып отырған.

«Метеориттер кез келген жерге құлауы мүмкін, бірақ олар Антарктидадан көп табылады, екінші орында — Чили шөлі, сол жаққа баруды жоспарлағанмын. Қазақстанда 23 рет табылды, бұл – ресми тіркелгені. Әлбетте, құлағаны бұдан да көп. Біздің климатымыз ылғал болғандықтан, құлаған метеорит белгілі бір уақыттан кейін бұзылып кетуі мүмкін».

Халитов кітабында метеориттер туралы ең танымал қауесеттерге жауап береді: олар радиоактивті емес және өртке себеп болмайды. Сонымен қатар сіз тапқан нәрсе шынымен метеорит пе, әлде жай тас па деген сұрақты анықтауға кеңес береді. Метеориттің бірнеше белгісі бар, соның ішінде дәл белгісі — оның құрамындағы никель 5 пайыздан асады. Металл қабылдайтын бекеттерде құрамын көрсететін прибор болады».

«Метеориттің сыртқы белгілері бар: біріншісі — саусақпен басқандай ойықтар. Екіншісі — қабық, мына қара түсті балқыған қыртыс, көріп тұрсыз ғой, бұл жай тас емес. Үшіншісі: ол магниттелуі керек, алайда метеоритке жатпайтын магнетитте де тартылыс болады, сосын мұқабадағы кейіпкеріміз «Қаракөл» секілді метеорит те бар. Ол бағытталған пішінде болады, снаряд секілді бір бұрышымен ұшатындықтан конус тәрізді түрге енеді. Сосын, никель, әрине. Темір метеоритті өңдеген кезде онда видманштеттен өрнегі пайда болады, қанша тырыссаңыз да, темірде ондай ештеңе болмайды. Ал метеориттердің ішіндегі ең әдемісі — палласитке келетін болсақ, табиғатта ондай кездеспейтіні белгілі».

Метеоритті тауып алғаннан кейін оны тіркеуге болады. Халитов екі қазақстандық метеоритті тіркеуге көмектесті: «Шоқай» мен «Ащыкөл». Соңғысын геолог 1987 жылы тапқан.

Тіркеуге Франциядағы мамандар көмектесті: «Оларға небәрі 5-6 грамм жеткілікті, олар кішкентай, өте жұқа тілім алып, микроскоппен метеорит құрамын зерттейді және жіктейді».

Тіркеу үшін тас түскен жердің координатын беріп, салмағын көрсету керек, қойғың келетін атын көрсетіп, табылу тарихын айтуың керек.

Ильдар Халитов YouTube-ке бірнеше видео жариялағаннан кейін оған метеорит таптым деп ойлаған адамдар хабарласа бастайды: «99 пайызы метеорит емес. Маған хабарласқандар көп, көбі метеорит таптым деп ойлайды, айтпақшы, OLX сайтында 100 000 теңге, одан да қымбат бағамен жарияланғандардың жартысынан көбі жай тастар».

Халитовтың өзі де метеорит іздеп көрген, айтуынша, бұған көп күш қажет және метеорит құлаған жерден іздеу керек, өйткені кейбірі бірнеше кесек болып құлайды.

Қазақстанда метеориттерді сыртқа әкету еш реттелмейді. Халитов 2018 жылғы 16 ақпанда Шығыс Қазақстанда «Аблакетка» метеоритінің құлауын суреттейді. Өскемен тұрғындары қатты дыбыс пен гуіл естиді, болидті елдің басқа қалаларындағылар да байқаған. Құлаған сәт локомотивтің видеотіркегішіне де түсіп қалыпты. Бірақ бірде-бір қазақстандық метеоритті іздеуге асықпаған, оның бөлшегін қар көлігімен серуенге шыққан бизнесмен кездейсоқ тауып алады. Метеориттің басқа бөлшектерін сол аспан тастарын іздеуге шыққан ресейлік команда тауып алады, енді олар Мәскеудегі музейде сақтаулы тұр, ал бір бөлігі сатылымға шығарылған. Қазақстан музейлерінде «Аблакетка» бөлшектері жоқ.

Халитов Қазақстанда құлаған метеориттер елде қалуы керек деп есептейді. Өзі болашақта коллекциясын бір музейге беруді ойлайды: «Музейге метеориттерге арналған шкаф қойса дұрыс болар еді, сол жерге менің коллекциямды қойса, ол менің меншігім болып қалады, бірақ адамдар метеориттерді көргенін қалаймын», – дейді ол.

Метеориттерді іздеу Халитовты birdwatching деп аталатын тағы бір хоббиге алып келді. Енді ол қазақстандық құстар туралы кітап жазғысы келеді. Онда да көп иллюстрация болады және түсінікті тілмен жазылады. Былтыр ол 248 құс түрін фотоға түсірген. Метеориттерді бақылауын да жалғастыра бермек: қазір кітапта жоқ тағы екі қазақстандық метеорит тіркеліп жатыр. Сонымен қатар Халитов коллекциясын тарихи метеоритпен толықтырғысы келеді: «Қаракөл» бөлшегі (1840 жылы құлаған) Америка Құрама Штаттарында сатылымға шығарылған, бірақ иесі Халитовтың ұсынысына назар аудармапты.