3520
3 мая 2024
Паоло Сорбелло, суретті Влад Ушаков түсірген

Мәні зор, бірақ қол жетуі оңай емес: Қырғызстанның Нарын өзеніндегі бөгет

Мамандардың айтуынша, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан қаржыландыратын бөгет құрылысы кейінге қалуы мүмкін

Мәні зор, бірақ қол жетуі оңай емес: Қырғызстанның Нарын өзеніндегі бөгет

Кеңес Одағы кезінде жоспарланған Қырғызстанның Нарын өзеніндегі Қамбар-Ата-1 бөгеті мен су электр станциясы (ГЭС) ақыры салынуы мүмкін. 15 сәуірде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан құрылысты бастау бойынша бірлескен компания құру туралы келісімге қол қойды.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.

«Власть» сөйлескен сарапшылар бұл ауқымды жоба Қырғызстанның қолданыстағы су электр энергиясына 40% қосатынын айтады. Жоба 15 жылдан кейін аяқталуы мүмкін. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров сәуірде сөйлеген сөзінің бірінде жобаның құны 5-6 миллиард доллар болатынын айтқан, алайда, одан да асып түсуі мүмкін.

Қырғыз энергетикалық есеп орталығының дерегінше, былтыр Қырғызстанда 13,8 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілген. Ұзақ уақытқа созылған энергия тапшылығы салдарынан Қырғызстан 2023 жылы жалпы көлемі 3,5 млрд кВт/сағат энергияны импорттауға мәжбүр болды. Көбіне Қазақстаннан алды. Жобалық қуаты 5,6 млрд кВт/сағ болатын Қамбар-Ата-1 су электр станциясы Қырғызстанның энергетикалық қауіпсіздігін жақсартып, экспортты ұлғайтуға мүмкіндік бермек.

Нарын өзеніндегі Тоқтоғұл ГЭС-індегі бөгет. Фото авторы Влад Ушаков.

Парадигманың ауысуы

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ондаған жыл бойы Орталық Азиядағы сумен қамтамасыз ету тепе-теңдігін өзгертетін кез келген жаңа жобаға қарсы пікір білдірген Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов болды.

2016 жылғы жазда Каримов қайтыс болғаннан бері көршілес елдерде бірнеше гидроэнергетикалық жобаны бастауға болатын еді дейді Сабырбеков.

«Қырғызстан мен Тәжікстан кішігірім ГЭС-терге бөгет салуға тырысқанда, Өзбекстан газ жеткізуді тоқтатып тастады. Президент Кәрімов қайтыс болғаннан кейін ғана Өзбекстанның су ресурстары мен энергетика саласындағы ынтымақтастығына қатысты стратегиясы өзгерді. Енді, керісінше, Мирзиеев бірлескен электр станцияларын салуды алға тартып отыр», – деді Сабырбеков «Власть» редакциясына берген жауабында.

Шавхат Мирзиеев 2016 жылы президент болғанға дейін он жылдан астам уақыт Кәрімовтің премьер-министрі қызметін атқарды. Билікке келгеніне бір жыл болғанда ол Өзбекстанның Қырғызстанмен бірге Қамбар-Ата-1 бөгеті мен ГЭС салуға дайын екенін мәлімдеді.

«Қамбар-Ата станциясын бірге саламыз», – деді Мирзиеев 2017 жылғы қыркүйекте Бішкекке алғашқы ресми сапары кезінде.

Орталық Азиядағы аймақшылдықты зерттейтін Сент-Эндрюс университетінің аға оқытушысы Филиппо Коста Буранелли «Власть» басылымына бұл Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың алғашқы белгілерінің бірі екенін айтты.

«Кейінгі бірнеше жылда аймақта осындай сипаттағы келісімдер болып жатыр. Қазақстан мен Қырғызстан да бірнеше жылдан бері су мәселесі бойынша бірлескен жобаларды талқылап келеді. Үш мемлекеттің су мөлшері мен квоталар мәселесін ғана емес, инвестициялар, инфрақұрылым және бірлескен жобалар туралы айта бастағаны өте маңызды», – деді Коста Буранелли.

Бергамо университетінің аға оқытушысы, су саясатын зерттейтін Филиппо Менга келісімге қол қою мен жобаны жүзеге асыру арасындағы қашықтықты ескере отырып, сақ болуға шақырды.

«Бәрін уақыт көрсетеді. Дегенмен, аймақта суға қатысты қарым-қатынастарының тұрақсыз болғанын және аймақтық келісімдерге қол қоюға жақын қалған тұста келісімнің күшін жоюға болатын басқа ұқсас жағдайлар бар екенін есте ұстаған жөн», – деді Менга «Власть» журналисіне.

Тоқтағұл бөгеті. Фото Wikimedia Commons сайтынан (heinerbischkek).

Дипломатиялық төңкеріс

Менга «1991 жылдан бері аймақтағы ірі су электр станцияларының қаншалықты даулы болғанын ескерсек», бұл таңғаларлық жағдай деп атап өтті. Бұл елдер жүргізіп келген, әсіресе, 2016 жылдан бері қолға алған дипломатиялық жұмыстар қазір өз жемісін беріп жатқандай.

«Соңғы уақытта Қазақстан су саласындағы ынтымақтастықта айтарлықтай белсенді болып келеді, мысалы, БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы жоғары деңгейдегі келесі сессиясы аясында Франция үкіметімен бірлесіп “Бір су” саммитін ұйымдастырды», – деді Менга.

Қамбар-Ата-1 бөгеті мен ГЭС құрылысы алға ілгерулеуін «таңғаларлық» жағдай деп атауға келеді, екінші жағынан келісімге дейін жасалған аз қадамдарға байланысты «таңғаларлық жағдай емес», десе де үш ел үшін мұны дипломатиялық төңкеріс деп санауға болады.

Соңғы жылдары бірдеңе өзгерді дейді Коста Буранелли «Власть» басылымына.

«Осы мәселелер бойынша қарым-қатынас парадигмасы өзгерді. Қарсылас бәсекеден екі жаққа да тиімді ынтымақтастыққа бет бұрдық. Бұл келісім қазір Орталық Азияда су дипломатиясы жұмыс істеп жатқанының дәлелі».

Тәжікстандағы Рогун бөгетінің құрылысы. Фото Wikimedia Commons сайтынан (Sosh19632).

Көпжақтылық және байланыс

Былтыр қазан айында Дүниежүзілік банк Қамбар-Ата-1 жобасына 5 миллион долларлық техникалық көмек пакетін қаржыландыруды мақұлдады.

Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы аймақтық директоры Татьяна Проскурякова: «Қамбар-Ата-1 ГЭС-і – таза энергия өндіруде, аймақтық ынтымақтастықта, су қауіпсіздігі мен Орталық Азиядағы экологиялық қауіпсіздікте орасан зор пайда әкелетін маңызды жоба», – деді.

Дүниежүзілік банк Орталық Азия бойынша электр энергиясы жобаларын қолдады, олардың ішінде көзге түскені CASA-1000 электр желісі болды. Тәжікстан мен Қырғызстан елдері бұл жоба арқылы Ауғанстан мен Пәкістанды электр қуатымен қамтамасыз етеді, осылайша олар ұзақ уақыттан бері энергия тапшылығы сезілетін жоғарғы ағыстағы Оңтүстік Азияның екі елінің қуатқа қолын жеткізеді.

Тәжікстандағы (Рогун су электр станциясының баяу құрылысы) және Қырғызстандағы (маусымдық электр энергиясының тапшылығы) инфрақұрылымдық проблемаларға қарамастан, сондай-ақ 2021 жылы билікке келген тәліптер бүкіл жобаны тоқтатқан Ауғанстанға деген сенімсіздікке қарамастан, CASA-1000 жобасы жылдар бойы жоспарда болды. Ақпан айында, шамамен үш жылдан кейін Дүниежүзілік банк CASA-1000 үшін қаржыландыруды жаңарту туралы шешім қабылдады, бұл басқа жеке инвесторларды табу үшін күресіп жатқан жобаға жаңа тыныс берді.

«Қамбар-Ата-1 жоспары CASA-1000 жобасымен толық сәйкес келеді. Соңғысы көптен бері сынға ұшырады, себебі экспортталатын электр энергиясы жеткіліксіз. [Қамбар-Ата-1 су электр станциясынсыз] CASA-1000 экспорттаушы елдерде электр қуатын нормалау арқылы ғана мүмкін болады», – деді Сабырбеков.

CASA-1000 бірінші кезекте электр қуатының 70 пайызын қамтамасыз ететін Тәжікстанға сеніп отырғанын, ал қалған 30 пайызын Қырғызстан беретінін ескерсек, жобаны жүзеге асыру үшін Қамбар-Ата-1 су электр станциясы жеткіліксіз болады.

«Тәжікстан тағы бір үлкен бөгетті, Рогун су электр станциясын салып жатыр және, баса айтатын нәрсе, осы екі бөгет құрылысы аяқталса ғана CASA-1000 жобасы өз мәніне ие болады. Дегенмен, CASA-1000 жобасы Тәжікстан мен Қырғызстан үкіметі үшін энергияны өз азаматтарына бөлуден гөрі шетелге сату басымдырақ болуы мүмкін екенін анық көрсетеді», – деді Менга «Власть» басылымына.

Сабырбеков жобаның іске асуы уақытында аяқталатынына да күмәнмен қарайды.

«Өңірдегі барлық инфрақұрылымдық жобаға қарағанда, бұл жоспарланғаннан әлдеқайда көп уақыт алатын сияқты. Бұл елдер бірдеңе салу үшін бірінші рет бас қосып тұр және бір-біріне бейімделу үшін уақыт қажет болуы мүмкін. Халықаралық қаржыландыру да бір қиындық, өйткені Дүниежүзілік банк төлемдерді кешіктіреді», – деді Сабырбеков жобаларды тоқтатуға немесе жоюға қатысты тағы бірнеше жағдайларды және бағаның көтерілу мүмкіндігін келтіре отырып.

2010 жылдан бері жұмыс істеп тұрған «Қамбар-Ата-2» су электр станциясы. Фото электр станцияларынан (energo-es.kg).

Өндірістік экожүйелер

Ірі көлемді гидроэнергетикалық жобалар су айрықтарының маңында тұратын экожүйелер мен қауымдастықтарға сөзсіз әсер етеді.

Менганың пікірінше, жоспардағы бұл бөгетті мүмкіндігінше тезірек толтыру қажеттілігі мен оның жергілікті қауымдастықтарға ықтимал әсері арасында шиеленіс болуы мүмкін.

«Осындай үлкен су қоймасын толтыру үшін қаншама жыл қажет, су ағыны азаяды. Резервуарды толтыру үшін неғұрлым ұзақ уақыт қажет болса, соғұрлым төменгі ағындағы су ағынына азырақ әсер етеді. Су электр қуатын өндіруді бастау үшін бөгетті пайдалануға беруші мемлекеттер су қоймасын тезірек толтыруға мүдделі екені анық. Ал фермерлер мен Нарын өзенінің ағынына тәуелді адамдардың барлығы үшін мұның салдары қиын болуы мүмкін», – деп есептейді Менга.

Adamdar.ca мультимедиалық жобасының негізін салушы Тимур Нүсімбеков пен Малика Ауталипова Орталық Азияның барлық негізгі су көздерін, соның ішінде Нарын өзенін аралап, JerSu деректі жобасын жасады. Олар жаңа электр станциясы үш елдің энергетикалық қауіпсіздігі тұрғысынан даусыз артықшылықтар әкелетінін алға тартты, бірақ ықтимал қателіктер туралы ескертті.

«Қамбар-Ата-1 сияқты ауқымды нысанды жобалау, салу және пайдалану кезінде техникалық және экологиялық қауіпсіздіктің, сондай-ақ қоршаған орта мен өңір тұрғындарының қауіпсіздігін өлшеуде барлық заманауи өлшем мен стандарт ескерілгені маңызды», – деді Нүсімбеков пен Ауталипова «Власть» басылымына.

Сыбайлас жемқорлық та жобаның аяқталуына кедергі болуы мүмкін алаңдатар фактор.

«ГЭС-тің барлық кезеңінде жемқорлық пен біліксіз басқарудан барынша қорғалғаны өте маңызды. Жемқорлық пен біліксіздіктің салдары өрт, су тасқыны және жаһандық жылынудан кем емес қиындыққа әкелуі мүмкін», – дейді Нүсімбеков пен Ауталипова.