2020 жылдың ортасында Қазақстанда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекс қабылданып, халық арасында біраз пікірталас тудырды. Әсіресе оның профилактикалық егу жұмысын жүргізу туралы 85-бабына қатысты айтылған пікір көп. Бұл бөлімде еліміздегі балалар үшін қандай екпелер сатып алынады, қандай екпелерді ерікті түрде салуға болады және казақстандық екпе күнтізбесі соншалықты қорқынышты ма деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Жоспарлы профилактикалық екпе

Қазақстанда республикалық бюджет есебінен 11 жұқпалы және паразиттік ауруға қарсы екпе егеді. Бұл екпелер медициналық қарсы көрсетілімі жоқ балалардың барлығы үшін міндетті. Екпе салынбаған баланы мемлекеттік балабақшаға немесе мектепке қабылдамауы мүмкін. Сондай-ақ балаларға арналған мекемеде ұжымдық иммунитет деңгейі тиісті межеден төмен болса, егілмеген балаларды қабылдамайды.

Ұжымдық иммунитет – халықты екпемен алдын алуға болатын инфекцияларға қарсы жоспарлы профилактикалық егумен қамтудың шекті деңгейіне жету арқылы егілмеген халық тобын жанама қорғаудың түрі.

Инфографика ДСМ Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сайтынан алынды

Аурулар және олардың алдын алу үшін жасалатын екпелер

Вирустық В гепатиті – анадан болашақ нәрестеге берілуі немесе ересек жаста жұғуы мүмкін. Ол әдетте вирус жұққан инемен дәрі еккенде, татуировка, пирсинг салдырғанда, ауру адамның қанымен немесе басқа да биологиялық сұйықтығымен байланысқанда және жыныстық жолмен жұғуы мүмкін. В гепатитінің ең қорқынышты салдары – бауыр циррозы және бауыр қатерлі ісігі. Бұған қарсы моноекпені перзентханада және біріктірілген екпе түрінде 2, 4 айлығында салады. 

Көкжөтел, дифтерия, сіреспе – бұл аурулар туралы алдағы материалдарымыздың бірінде толығырақ талдаймыз. Бұларға қарсы бәрі білетін АКДС екпесі туралы да сол кезде айтамыз. 2013 жылдан бері Қазақстан еуропалық өндірушінің жасушасыз көкжөтел компонентімен жасалатын екпесін сатып алады. Біріктірілген екпенің құрамындағы АКДС кесте бойынша баланың 2, 3, 4 және 18 айлығында салынады.

b типіндегі гемофильді таяқша (Hib) – ауру жұқтырған адамнан тыныс алу жолдары арқылы жұғады. Hib көбіне 5 жасқа дейінгі балаларда пневмония, менингит және басқа да аурулар тудырады. Оған қоса Hib беттің, ауыздың, қанның, көмекей шеміршегінің, буындардың, жүректің, сүйектердің, ішперденің және трахеяның жұқпалы қабыну ауруларын тудыруы мүмкін. Оған қарсы екпе баланың 2, 3, 4 және 18 айлығында салынатын біріктірілген екпенің құрамына қосылған.

Қызылша, паротит және қызамық – бұл аурулар туралы «Екпе» жобасының басында егжей-тегжейлі жаздық: қызылшамен ауырған балалардың оқиғасын, қызылша індеті қалай және не себепті болатынын, қызылша, паротит және қызамыққа қарсы екпе қаншалықты қауіпсіз екенін және баланың ҚПҚ екпесінің құрамындағы ақуызға аллергиясы және атопиялық дерматиті болса, не істеу керек екені сол материалда егжей-тегжейлі жазылған. 

Полиомиелит – 20-ғасырдың ең қауіпті вирустық ауруларының бірі. Әдетте 5 жасқа дейінгі балаларда ауру тудырады және 200 жағдайдың бірінде сал ауруына әкеліп соғады. Сал ауруына шалдыққандардың 5-10%-ы уақыт өте келе тыныс алу бұлшықеттерінің параличінен қайтыс болады. Қазақстан полиомиелиттен азат ел саналады, бірақ Пәкістан мен Ауғанстанда бұл ауру әлі күнге дейін ресми тіркелген. Ал әлемде ауру жұқтырған бір бала барда, басқа елдердегі барлық балаға полиомиелит жұғу қаупі төнеді. Қазақстандық егу кестесінде ауру жұқтырудан және асқынудан барынша қорғануға көмектесетін екпенің екі түрі де бар. Полиомиелитке қарсы инактив екпе (ИПЕ) баланың 2, 3, 4 және 18 айлығында салынатын біріктірілген екпенің құрамына қосылған. Ал полиомиелитке қарсы оралды моноекпені (ОПЕ) 12 айлығында ауызға тамызады. 

Пневмококк инфекциясы – ауа арқылы таралатын бұл вирус әлемдегі ауру мен өлімнің жиі кездесетін себебі. Ол менингит, сепсис және пневмония сияқты күрделі ауруларға, сондай-ақ синусит немесе ортаңғы құлақтың қабынуы сынды одан жеңілірек (әрі кеңірек тараған) асқынуларға себеп болуы мүмкін. Бұған қарсы екпе қазақстандық күнтізбеге 2010 жылы енгізілгендіктен, тізімдегі ең «жас» екпелердің бірі саналады. Бұл жалпы 5 жасқа дейінгі балалардың, әсіресе бір жасқа дейінгі балалардың арасындағы өлім-жітімді айтарлықтай азайтады. Екпені күнтізбеге енгізгеннен кейін бірнеше жылдан соң балаларда кездесетін пневмония жағдайлары жартысына дейін азайды, ал пневмониядан болатын өлім-жітім 20%-ға дейін қысқарды. Еуропалық өндірушінің пневмококк инфекциясына қарсы моноекпесін балаларға 2, 4 және 14 айында егеді.

Туберкулез – өкпені зақымдайтын бәріне таныс аурудың бірі. ДДСҰ дерегі бойынша, 2019 жылы 1,2 миллион бала туберкулезбен ауырған. Балалар мен жасөспірімдер бойындағы туберкулезді анықтап, емдеу әдетте қиынға соғатындықтан, ол жаста ауру көбіне анықталмай қалады. Ауру мен оған қарсы BCG екпесі туралы алдағы материалдарымыздың бірінде толығырақ айтамыз. Қазақстанда туберкулез жұқтыру қаупі жоғары болғандықтан, оған қарсы екпені балаларға туа салысымен перзентханада және 6 жасында мектепте барарда салады.

Қазақстанда қолданылатын екпелердің өндірушілері

Төменде көрсетілген екпенің барлығы республикалық бюджет есебінен сатып алынады. Кестеде тек екпелердің атауы мен өндірушілері көрсетілген. Ал құрамы, жанама әсері және қарсы көрсетілімдері сияқты толық нұсқаулықты Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сайтынан таба аласыздар. Кестеде өндірушілер бойынша 2020 жылғы деректер көрсетілген, 2021 жыл үшін алынған екпелер сәуірден бастап жеткізіле бастайды. 

Жергілікті бюджет есебінен және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша сатып алынатын екпелер

Республикалық бюджет есебінен сатып алынатын және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша салынатын профилактикалық екпелер туралы алдыңғы материалда айтқанбыз. Олар: құтыруға, кене энцефалитіне, іш сүзегіне және обаға қарсы екпелер.

Жергілікті бюджет есебінен міндетті профилактикалық егу жұмысы жүргізіледі, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша А гепатитіне, тұмауға, туляремияға және түйнемеге қарсы иммундық-биологиялық препараттар егіледі. Соңғы екі ауру жергілікті және эпидемиялық ерекшеліктерге байланысты болатыны түсінікті. Ал тұмау мен А гепатитіне қарсы екпелер туралы кішкентай баласы бар барлық ана білгені жөн.

Тұмау – жедел әрі маусымдық респираторлы инфекция. Тұмаудан болатын асқынулар туралы алдыңғы материалдардың бірінде жазғанбыз («Жүктілік кезінде екпе салу» – V). Балалар (және қауіп тобындағы көптеген ересектер) тұмауға қарсы екпені мекенжайы бойынша тіркелген ауруханада тегін салдыра алады. Екпені жекеменшік медорталық пен егу бөлмесінде ақылы да егуге болады. Бар айырмашылық – өндірушіде. Тегін егетін болса, ресейлік екпені егеді, ал ақы төлеу арқылы еуропалық өндірушілер шығарған баламасын таңдай аласыз.

А гепатиті – вирустық бауыр ауруы. Ол күрделі формаға дейін асқынып, кейбір жағдайда өлімге әкелетін фульминантты гепатитке ұласуы мүмкін. Бұған қарсы екпе балаларға 2 жасында салынады және оны 6 айдан кейін қайта егеді. Екпе қауіпсіз және әжептәуір жеңіл қабылданады. Ол 2020 жылы бельгиялық өндіруші GlaxoSmithKline Biologicals s.a компаниясынан сатып алынды.

Екпе күнтізбесіне кірмейтін екпелерді табу неге сонша қиын?

Өткен аптада ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетовадан жоба аясында алған сұхбатымыз жарияланды (сілтеме). Сонда ата-аналар неліктен ұлттық күнтізбеге енбеген екпелерді көп жағдайда сала алмайтыны туралы сұрағанбыз. Айжан ханымның жауабының бір бөлігін осы материалға қосайық деп шештік.

«Кейбір өндірушілер екпесін біздің нарықта ұсынуға мүдделі емес»

– Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сайтында ротавирусқа, желшешекке, менингококкқа қарсы тіркелген екпелер бар, бірақ олар нарықта жоқ. Екпені ақылы түрде салғысы келетіндер көп болмағандықтан, жекеменшік егу орталықтарына оларды сатып алу тиімсіз болса керек. Сол екпелер нарықта пайда болуы үшін мемлекет қандай да бір шаралар қабылдай ала ма?

– Егер екпе тіркелген болса, оның өте аз да болсын партиясын әкелуге мүмкіндік бар. Бірақ ұлттық күнтізбеге енбейтін екпелерді сатып алып, елге әкелу жекеменшік ұйымдар үшін расында да тиімсіз. Оның үстіне жаңа екпелерді тіркеуге қатысты бірнеше маңызды мәселе бар. Оларды да ескеру керек. Бұл өндірушілер үшін қиын әрі көпсатылы жұмыс. Онда қауіпсіздік пен тиімділікке қатысты барлық материал егжей-тегжейлі, мұқият анализден өтетін арнайы экспертиза жасалады, бұған дейінгі барлық кезеңнің нәтижесі қаралады, көмекші заттары, тұрақтылығы, ерекшелігі, сезімталдығы сияқты басқа да сипатына баға беріледі. Сондықтан кейбір өндірушілер өз өнімдерін біздің нарықта ұсынуға мүдделі емес. Өйткені бізде шамамен 19 миллион адам тұратындықтан, елдегі нарық әлемдік деңгейде өте кішкентай. Бізге «Мына екпе осындай елдерде бар ғой, Қазақстан оны неге сатып алмайды?» деп көп сын айтады. Бірақ біз де реттеуші механизмдері мен ережелері бар тәуелсіз мемлекетпіз, сондықтан екпені басқа мемлекеттер тіркеген екен деп сатып ала салмаймыз. Жаңа екпе біздің елде де тексеруден өтуі керек. Бірақ өндірушілердің барлығы бірдей бұған мүдделі бола бермейді. Нарықта кейбір екпелердің жоқ болатыны да осыдан. 

– Баласына желшешекке немесе ротавирусқа қарсы ақылы екпе салдырғысы келген, бірақ оны еш жерден таба алмаған ата-аналар қайтеді? СҚ-Фармацияға өтініш жаза ма?

– Иә, желшешекке және ротавирусқа қарсы екпе ұлттық күнтізбемізде жоқ. Ротавирустық екпе туралы бұған дейін айттым. Ал желшешекке келсек, оған қарсы екпе қазір салынбайды және жақын арада мұндай мүмкіндікті қарастырып отырған жоқпыз. Қазір біз үшін адам папилломасы вирусына қарсы екпе енгізу мәселесі маңыздырақ болып тұр. Бірақ жекеменшік медорталықтар желшешекке қарсы екпені әкеліп (бұл бізде тіркелген), клиенттеріне ұсына алады. Егу жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу талаптары барлық медициналық орталық үшін әмбебап. Меншік нысанына қарамастан, талаптарды барлығы ұстануы тиіс. Өкінішке қарай, министрлік мемлекеттік орган ретінде жекеменшік медорталықтарды екпемен қамту жұмысына араласа алмайды. Ал «СҚ-Фармацияға» өтініш жазуға келсек, ол – мемлекеттік тапсырысты орындайтын ұйым, сондықтан коммерциялық құрылымдарды екпемен қамтамасыз етпейді.

Редакциядан: Желшешекке қарсы екпені Алматының жекеменшік медорталықтарынан қазір де табу қиын. Бұл жөнінде хабарласып көрген медициналық мекемелер арасында танымал педиатриялық клиникалар желісі, шетелдік азаматтармен жұмыс істейтін халықаралық сертификаты бар медорталықтар, егумен айналысатын клиникалар болды. Бұл – желшешекке ғана қатысты жағдай емес. Бұған сұраныстың жоқтығы әсер ете ме, әлде бұл сатып алуға қатысты мәселе ме, алдағы материалдарымызда анықтап көреміз. 

Материалды дайындау барысында мына дереккөздер қолданылды:

Халық Денсаулығы және Денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексі.

Профилактикалық егу жұмыстары жүргізілетін аурулар тізімі

Профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдер

Қазақстанда тіркелген екпелер туралы ақпарат

Қазақстандық ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі туралы

В Гепатиті

b типіндегі гемофильді таяқша 

Полиомиелит 

Пневмококк инфекциясы 

Қазақстандағы балаларды пневмококк инфекциясына қарсы иммундаудың клиникалық тиімділігін бағалау

Туберкулез 

Тұмау 

А Гепатиті 

Материалдағы статистикаларды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ұсынды.

Материалда айтылған ой авторларға тиесілі және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі мен АҚШ-тың халықаралық даму бойынша агенттігінің ресми көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін (USAID).