Қызылша туралы нені білу керек?

Қазақстанда жыл басынан бері 17 мыңнан астам қызылша жұқтыру оқиғасы тіркелді. Бұл 2018-2019 жылдардағы өршуден де көп, ол кезде елде ауырғандар саны 13 мыңға жеткен еді. Сол кездегі оқиға әлемдегі 10 ірі жаппай таралу оқиғасының бірі болған еді. Қызылшаның қазіргі кездегі таралуы қауіптірек болады деген хабар бар, өйткені күз-қыс маусымында ауру өзінің шарықтау шегіне жетіп, ахуал нашарлап кетуі әбден мүмкін. Власть вирусолог Әсел Мұсабековадан қызылша туралы ең маңызды сұрақтарға жауап беруді сұрады.

1

Симптомдары

Симптомсыз инкубациялық кезеңі 7 күннен 21 күнге дейін жалғасуы мүмкін, орта есеппен екі аптаға созылады. Сосын көз жасаурайды, тұмау, жөтел мен температура пайда болады. Бұл кезең басқа да суық тигеннен болатын ауру түрлеріне ұқсас. Шамамен төрт күннен кейін дене температурасы көтеріліп, 40-41 градусқа жетуі мүмкін және ауыз қуысында, ұрттың ішкі жағында ақ-сұр Коплик дақтары пайда болады. Бұл белгілер пациенттердің 70 пайызында болады.

Артынан бөртпе шығады, оның ерекшелігі: жоғарыдан төменге қарай таралады және дәл сол ретпен жоғалады. Ол бетке шығады, үстінен басқан кезде алдымен жоғалып кетеді, ал 3-4 күннен кейін қарая бастайды, уақыт өте келе бүкіл денеге тарап, қабыршақтанады. Осы белгілерді негізге алып, диагноз қоюға болады. Бірақ кейде симптомдары басқаша болуы да мүмкін, онда зертхананың растауы қажет болады.

2

Қызылша неліктен қауіпті?

Төрт себебі бар.

Бірінші: қызылша өте жұққыш. Ол үшін аурумен тікелей байланыстың қажеті жоқ, дәлізде бірге кезекте отырудың өзі жеткілікті, жұқтыру ықтималдығы 100 пайыз дерлік. Оның үстіне адам үй-жайдан шығып кеткеннен кейін де вирус ауада екі сағат бойы сақталады. Адам симптомдар пайда болғанға дейін төрт күн бұрын жұқтырған болуы мүмкін, сондықтан өзгелерге қауіпті екенін ол біле алмайды. Сондықтан да қоғамдағы ұжымдық иммунитет деңгейі 95% болуы керек.

Екінші: қызылша күрделі асқынуға алып келеді. Ауырған әр төртінші адам мынадай асқыну түрлерінің біріне ұрынады: отит, бронхит, пневмония, энцефалит, кереңдік, психиканың бұзылуы. Әр төртінші ауру ауруханаға жатқызылады. Ауырған мың адамның біреуі дамыған елдердің өзінде ең жақсы күтім болса да қайтыс болады.

Үшінші: кейін пайда болатын салдарының қатері. Қызылша әкелетін қауіптің бірі — жедел склероздаушы панэнцефалит. Ол ауырып тұрғаннан кейін, баланың ауыруы жеңіл өтсе де, 2–10 жылдан кейін пайда болуы мүмкін. Оның жиілігі: 2 500 жағдайдың ішінен біреу. Егер қызылшамен 5 жасқа дейін ауырған болса, онда статистика — 1300 жағдайдан біреу. Ал егер бала бір жасқа дейін ауырса, бұл қорқынышты асқынудың жиілігі одан да көп: 600 жағдайдың ішінен біреу. Жеделдеу склероздаушы панэнцефалит құрысуға, жүріс-тұрыстың өзгеруіне, біртіндеп сал ауруына және когнитивтік функцияларының толық тоқтауына әкеледі. Бұл асқыну емделмейді, адам біртіндеп және қиналып өледі.

Төртінші: қызылша иммундық жадыны жояды. Бұл әккі вирус біздің иммунитетімізді бұған дейін таныған барлық инфекцияны бірнеше айға ұмыттырады. Бала жіті респираторлық вирустық инфекциялардың бәрімен қайтадан ауырып, барлық екпені салып шығуы керек болады. Сондықтан да балалар қызылшамен ауырып шыққаннан кейін сол аурудан емес, басқа инфекциядан өлуі мүмкін.

3

Қызылшадан асқыну бойынша қандай қатер топтары бар

Асқыну жиі болатын 4 қатер тобы бар.

Бірінші: иммуносупрессиясы немесе иммунодефициті бар адамдар. Бұған кіретіндер: бастапқы иммунодефициттер (туа біткен), ВИЧ инфекция секілді қосалқы иммунодефициттер, белгілі бір терапия алу, мысалы, онкологиялық ауру кезіндегі химиотерапия немесе аутоиммундық ауру кезінде иммуносупрессиялық терапия. Осы жерде 2018-2019 жылдары өршіген кезде қызылша Алматыда балалардың онкологиялық бөліміне таралып, ракты жеңе бастаған балалар қызылшадан өлді, өйткені оларға вакцина салуға болмайды немесе оларда иммунитет қалмаған.

Екінші қатер тобы – қоректену дефициті бар адамдар, соның ішінде А дәрумені жетіспейтіндер.

Үшінші топ: жүкті әйелдер. Оларда мерзімінен бұрын туып қалу, жатырдағы балада асқыну, туған кезде салмақтың төмен болу және жүкті кезінде өлім қаупі артады.

Төртінші топ: 5 жасқа дейінгі балалар және 65 жастан асқан адамдар.

4

Қызылшаға дәрі бар ма?

Қызылшаға да, вирус түрлерінің біразына да қарсы арнаулы дәрі болмайды. Емдеу симптомға қарай жүргізіледі. Бір ғана ортақ кеңес — диагноз қойылғаннан кейін бірден, сондай-ақ келесі күні А дәруменін ішу. Бұл дәрумен ауырған адамның жасына қарай белгілі бір дозамен беріледі және асқынудың алдын алуға көмектеседі. Ал жалпы алғанда жоғары температура қызу басатын дәрімен емделеді, қалғандары білінуі мен асқынуына байланысты.

Егер ауырған кезде қосалқы бактериялық асқыну пайда болса, онда антибиотик ішу қажет. Антибиотиктерді себепсіз қабылдауға болмайды. Оларды алдын алу мақсатымен қабылдаудың тіпті мәні жоқ. Рибавирин және интерферон секілді вирусқа қарсы дәріге келсек, зерттеулер олардан ауру ұзақтығын сәл ғана қысқартқаннан басқа ешқандай әсер жоқ екенін көрсетті. Бұл препараттардың жанама әсері бар екенін ескерсек, оларды тек өте ауыр жағдайда ғана қолдануға болады.

5

Қызылшадан қалай қорғану керек?

Жалғыз тәсіл — вакцина. Мұндайда тірі вакцина қолданылады. Біздің елде қызылша, паротит және қызамыққа (ҚПҚ) қарсы аралас вакцина сатып алынады, құрамында осы үш аурудың әлсіз вирустары бар. Үндістанда өндірілген бұл вакцинаны 78 ел пайдаланады. Оны Дүнижүзілік денсаулық сақтау ұйымы алдын ала іріктеуден өткізген (мақұлдаған), демек, оның сапасына ешқандай сұрақ жоқ. Тағы біреуі бельгиялық «Приорикс», бірақ оны біздің ел сатып алмайды.

Менің ойымша, осы екі вакцина арасында сапа жағынан үлкен айырмашылық жоқ. Екеуі де сапалы және кеңінен қолданылады. Бір ғана айырмашылығы — қолданылатын вирус штамында және осы әлсіретілген вирустарды өсіретін жасуша типтерінде. Тазарту әдісінде және басқа ингредиенттер сапасында айтарлықтай айырмашылық жоқ.

6

Екпе алмаған адам қызылшамен ауыратын адаммен байланысқан болса, не істеу керек?

Инфекция көзімен байланысқаннан кейін 72 сағат ішінде вакцина егуге болады, ол асқынудың алдын алуға көмектеседі: вакцинаның инкубациялық кезеңі жабайы вирустың инкубациялық кезеңіне қарағанда қысқа.

7

Вакцина егуге болмайтын жағдайлар

Жүкті әйелдер және иммунодефициті, иммуносупрессиясы бар адамдар, бірақ иммунодефицит байқалмайтын ВИЧ пациенттер қызылшаға қарсы міндетті түрде екпе алуы керек. Вакцинаның белгілі бір компоненттерін көтере алмаса, екпе алуға болмайды.

8

Жұмыртқа ақуызына аллергиясы бар адамдарға екпе алуға бола ма?

Иә, болады. ҚПҚ құрамындағы вакцина вирустары тауықтан алынған жасушада өсіріледі. Соның кесірінен дәрігерлер сақтық танытып, жұмыртқаға аллергиясы бар балаларға қате медициналық бас тарту жазып беріп жүр. Алайда көп зерттеу тіпті Квинке ісінуі, жұмыртқаға анафилаксия түріндегі ауыр аллергия да кедергі болмайтынын, ҚПҚ вакцинасын еккен кезде ештеңе болмайтынын көрсетті, өйткені жасушалар тазарту кезінде сүзгіден мұқият өткізіледі.

9

Қызылшаға қарсы неге тек тірі вакцина бар?

Қызылшаға қарсы өлі, классикалық формалинмен инактивтелген вакцина 60-жылдарға дейін болды, Америка Құрама Штаттарында тіпті 1963 жылдан 1967 жылға дейін қолданылды, бірақ ол жаңартуды қажет ететін қысқа мерзімді иммунитет берді. Екіншіден, осы инактивтелген вакцина еккеннен кейін пайда болатын антидене дұрыс қалыптаспайды, нәтижесінде ауырған кезде вирустан қорғаудың орнына, керісінше, ауыру барысын нашарлатып жіберуі мүмкін еді. Сол себепті біз қызылшаның тек тірі вакцинасын қолданамыз.

10

Вакцина еккеннен кейінгі жанама әсері

Әсері сәл кешігіп пайда болады. Негізінен вакцинадан кейін 7–14 күн өткен соң байқалады. Миниинфекция сияқты байқалуы мүмкін: аздаған бөртпе, температура, шошқаборық немесе қызылшаға ұқсайтын симптомдар, әсіресе, сілекей безінің шошуы, бұның бәрі қалыпты. Жанама әсерлердің бірі үш күннен астам уақытқа созылса, дәрігерге жүгіру қажет.

11

Вакцинаны қашан егу керек?

Ұлттық күнтізбеге сәйкес, қызылшаға қарсы егу екі рет жасалады: бір жаста және алты жаста. Бір жас кезінде алған дозаның тиімділігі 94 пайызға тең. Екінші доза қалған 6 пайызды толтыру үшін керек. Қазір бұл ереже аурудың тез таралуына байланысты аздап өзгеріп жатыр. Енді алты айдан бастап вакцина салуға болады. Алайда бір жасқа дейін вакцинаның тиімділігі оңтайлы емес. Балаға 6 айлығынан бастап қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина егуге болады, ол тыйымдар болмаған жағдайда қауіпсіз.

Бірақ оның тиімділігі өз деңгейінде болмауы мүмкін. Сондықтан біз баланы алты айлығынан бір жасқа дейін қорғаймыз, ал жасқа толғанда бәрібір бірінші дозаны саламыз. Осылайша, 6 айлықтан бір жасқа дейінгі доза қосымша, нөлдік доза болып саналады, бір жасында салынатын вакцинаны алмастырмайды.

Ересектерге келсек, қызылшаға қарсы екпе алдыңыз ба, қанша рет алдыңыз — соны білуіңіз керек. Оларды алған-алмағаныңызды білмесеңіз, екпе салдырған дұрыс. Біреуін алсаңыз, екіншісін де алу керек.

12

Бала кезімде маған екі рет екпе салынды. Қазір менің жасым отыз-қырықта, ревакцинация маған керек пе?

Жоқ, керек емес. ҚПҚ вакцинасы екі екпе алғаннан кейін өмір бойы иммунитет береді.

13

Қанымда қызылшаға антидене бар болса, екпе алуым керек пе?

Қанда қызылшаға антидене бар болса, бірақ сіз қанша доза алғаныңызды білмесеңіз, қосымша бір екпе алсаңыз болады.

14

Қызылшаға қарсы әр 10 жыл сайын екпе алу керек пе?

Жоқ.

15

Ересектерді тегін еге ме?

Иә, емханада.

16

Ешқашан екпе алмаған ересек вакцинаны қалай алады?

Ол екі доза алуы керек, екеуінің арасы бір ай болады.

17

Қазақстанда неге өршіп кетті?

Бірнеше себебі бар.

Бірінші: адамдар вакцинадан жиі бас тарта бастады. Бірінші орында жеке нанымдары тұрса, екінші орында діни себеп тұр. «Әлемдік діндер мен вакциналар» деген арнайы брошюра бар, онда біз ешбір дін вакциналауға тыйым салмайтынын, өз денсаулығын күтуді мейілінше қолдайтынын айтамыз. Вакцинадан бас тарту вакцинаға деген сенімсіздіктен туады.

Екінші себеп: біз өмір сүріп жатқан саяси ахуал. Ауру өршіп кетпеу үшін халықтың 95 пайызы екпе алуы керек, бірақ біздің мемлекет кейбір балаларды есепке алмайды, әсіресе, көшіп келгендердің, мигранттардың балалары, олар үшін вакцина алынбайды, олардың вакциналау статусы бақыланбайды. Сондықтан қызылшаға қарсы қанша адам вакцинамен қамтылғанын есептей алмаймыз.

Үшінші себеп: сатып алу проблемасы. Биыл көктемде ата-аналар біраз емханада ҚПҚ вакинаның жоқ екенін хабарлады. Қызылша жұқтыру оқиғалары да сол кезде басталған еді. Сатып алуға қатысты проблема біздің сатып алу жүйеміз бұндай сатып алуға ыңғайластырылмағаннан туындайды. Ол жасына сай күнтізбе бойынша екпе алуға келген балаларға есептелген. Ол ішкі және сыртқы миграцияны ескермейді, бұрын екпе уақытын өткізіп алып, енді келгендерді ескермейді. Кейде жеткізуге қатысты проблема болады. Вакцинаның болмауы да кейбір балалардың уақытында екпе алмауына себеп.

Төртінші және аурудың өршуіне басты себеп: жалған медициналық бас тарту. Біздің елімізде жылына 200 мыңнан астам уақытша медициналық бас тарту тіркеліп жүр. Жылына шамамен 300 мың бала дүниеге келетінін ескерсек, бұл өте көп сан. ЮНИСЕФ-тің 2022 жылғы зерттеуі көрсеткендей, медицина қызметкерлерінің пікірі бойынша, уақытша медициналық бас тартудың 80 пайызы жалған. Бұған балалар церебралды сал ауруы, Даун синдромы, анемия (медициналық бас тартуға гемоглобині жетпістен төмен ауыр анемия кезінде ғана болады) кіреді, бұған жалған диагноздар да кіреді: бас сүйектегі қысым (вегетативті-қан тамырлы дистония), т.б. Жалған медициналық бас тартуға себеп — медицина қызметкерлерінің білімінің төмен болуы, жанама салдарына жауапкершілік алудан қорқу, вакцинамен басқарылатын инфекция қаупін түсінбеу. Бұның бәрі қазіргі аурудың өршуіне алып келді.

  • 12341 просм.
  • 0 комм.

Другие материалы