Бала өліміне өмірлік жаза, ал буллингке – айыппұл

15 сәуір күні президент әйелдер құқығын қорғау туралы және балалар қауіпсіздігі туралы екі заңға қол қойды. Заңнамаға енгізілген өзгертулер 16 маусымда күшіне енді.

Құқық саласының PhD докторы, заңгер, адам құқығы бойынша халықаралық кеңесші Халида Әжіғұлова Власть оқырмандарына балаларды мейлінше тиімді қорғауға, соның ішінде зорлықтан қорғауға бағытталған негізгі өзгерістер туралы айтып береді.

Бас жағында Қылмыстық кодекске енген өзгертулерді түсіндірсе, 18-сұрақтан бастап әкімшілік құқық бұзу туралы баяндайды.

1

Балаларға зорлық көрсетумен байланысты қылмыстарға қандай жаза қарастырылған?

18 жасқа толмаған балаларды ұрып-соғып, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке жатады. Айыптыға заңда көрсетілгеннен жеңіл жаза тағайындауға болмайды, тіпті жеңілдететін мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде де (ҚР ҚК 55-б.). Кәмелетке толмағандарға зорлық көрсетумен байланысты қылмыстарға татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату жүрмейді (ҚР ҚК 68-б.). ҚР ҚК 124-бабына өзгертулер енгізілді. Бұрын күш қолданусыз азғындық іс-әрекеттерді жасау 14 жасқа толмаған адамға қатысты болғанда ғана қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкелсе, енді 16 жасқа толмаған балалардың барлығы осы баптың қорғауында.

2

Қылмыстық жауаптылықтан босатуға алып келетін ерекше жағдайлар бар ма?

Екі бапта да мұндай қылмысты кәмелет жасына толмаған адам жасаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

3

Кәмелет жасына толмаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылған жағдайда, оған қандай шара қолданылады?

Ескі заң бойынша, егер қылмыстық жауаптылыққа тартпай-ақ түзеуге болады деп белгіленсе, қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған не ауырлығы орташа қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмаған адамды сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін еді. Жаңа түзетулер бойынша, кәмелетке толмаған адамды қылмыстық жауаптылықтан босатқан жағдайда оған тәрбиелік әсері бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін (ҚР ҚК 83-б.)

4

Балаларды ұрып-соққандарды қандай жаза күтіп тұр?

100-ден (369 мың теңге) 200 (738 мың теңге) АЕК-ке дейін айыппұл, не 100-ден 200 АЕК-ке дейін түзеу жұмыстары, не 100 сағаттан 200 сағатқа дейін түзеу жұмыстары, не 100-ден 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, не 30 тәуліктен 50 тәулікке дейін қамауға алу.

5

Зиянды өтеуге қандай түзеу жұмыстары көмектесуі мүмкін?

Түзеу жұмыстары – ай сайын ұсталып, жәбірленушінің өтемақы қорына аударылатын ақшалай өндірілетін жаза: ол сотталған адамның жалақысының (ақшалай үлесінің) оннан елуге дейінгі пайызын қамтиды, алимент, мертігу немесе денсаулықққа өзге де зиян келтіру, асыраушысынан айырылу бойынша төленетін тұрақты төлемдерді (өндіріп алуды) шегеріп тастағаннан кейінгі ақшадан есептеледі.

6

Баланың денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіруге қандай жаза түрі қарастырылған?

1000 АЕК (3 млн 692 мың теңге) көлемінде айыппұл, не 1000 АЕК-ке дейінгі түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, не екі жылға дейін бастандығынан шектеу не одан айыру.

7

Бұл баптар бойынша тараптардың татуласуына рұқсат бар ма?

Ескіру мерзімі ішінде тек бір рет қана рұқсат етіледі. Егер ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру ескіру мерзімі ішінде, яғни ұрып-соғуға 1 жыл, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бойынша 2 жыл ішінде қайталанса, агрессор жәбірленушімен татуласа алмайды, ол жазаға тартылады.

8

14 жасқа дейінгі баланы өлтіргені үшін қандай жаза түрі қарастырылған?

Қазіргі заң бойынша 14 жасқа дейінгі баланы өлтіргені үшін жазаның бір ғана түрі қарастырылған – өмір бойына бас бостандығынан айыру (ҚР ҚК 99-б.).

9

Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабында (ҚР ҚК 105-бабы) қандай өзгерістер бар?

Бұрын тек қана өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу үшін жауапкершілікке тартуға болатын, іс жүзінде оның өзін дәлелдеу өте қиын еді, ал енді өзін-өзі өлтіруге оқталуына дейін жеткізу және өзін-өзі өлтіруге ықпал ету үшін де жаза бар. Мысалы, егер біреу балаға «Өзіңді өлтір» деп жазса, оны «қалжың» десе де, осыдан кейін бала суицид жасайтын болса, онда мұндай хабарлама жіберген адамды 5 жылдан 9 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Өзін-өзі өлтіруге жағдай жасап, мысалы, балаға дәрілік препараттар немесе өзін-өзі өлтіру үшін пайдалануға болатын басқа да құралдар алып берген тұлғаларға да осындай жаза қарастырылған.

10

Өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін жаңа бап бар ма (ҚР ҚК 313-1-б.)? Бұл нені білдіреді?

Балалар әлеуметтік желіде және мессенжерлердегі жабық топтарда өзін-өзі өлтірудің насихатына тап болуы мүмкін екенін ескерсек, бұл өте өзекті бап. Жаңа бапқа сәйкес, шектелмеген адамдар тобында өзін-өзі өлтіруге бару шешімін қоздыру мақсатында ақпаратты кез келген нысанда қасақана таратуға сот жаза ретінде 200 АЕК көлемінде айыппұл не осы мөлшердегі түзеу жұмыстарын тағайындай алады. Егер насихат бір және одан да көп адамның өзін-өзі өлтіруге оқталуына алып келсе, сот шешімімен бір жыл мерзімге бас бостандығынан айырылады. Ал егер насихат өзін-өзі өлтіруге алып келсе, кінәлілер 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.

11

18 жасқа дейінгі көрінеу кәмелет жасына толмаған адамға қатысты денсаулығына қасақана орташа зиян келтіру және ауыр зиян келтіру үшін қандай жаза түрлері қарастырылған?

Мұндай қылмыстарға бір ғана жаза түрі қарастырылған – денсаулыққа орташа зиян келтіруге 3 жылға дейін, ал ауыр зиян келтіруге 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру (ҚР ҚК 106 және 107-бб.).

12

Балаларға қатысты «азаптау» түсінігі нені білдіреді?

Ескі заңнамамен салыстырғанда, «азаптау» түсінігіне қатысты айтарлықтай өзгертулер бар. Бұрын азаптаудың жүйелі түрде болғанын дәлелдеуге тура келетін, яғни жазаға тарту үшін күш көрсету бір жыл ішінде кемінде 3 рет болуы керек еді, ал қазір бір ғана жағдайдың өзі жауапкершілікке тартуға жеткілікті. Енді денсаулығына ауыр немесе орташа ауыр зиян келтіруге алып келмесе де, айрықша қатігездікпен, қадір-қасиетін қорлаумен, жәбірленушіні азаптау мақсатымен тән зардабын және психикалық зардап келтіру үшін жаза қарастырылған. Бұдан былай, мәселен, баланы ұзақ уақыт бойы ұрып-соққан агрессор бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

13

18 жасқа толмаған балаларды азаптағаны үшін қандай мерзімге жаза тағайындалады?

4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

14

14 жасқа толмаған балаларға қатысты тағы қандай қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған?

14 жасқа толмаған балаларға жасалған зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін енді бір ғана жаза түрі қарастырылған: өмір бойына бас бостандығынан айыру (ҚР ҚК 120 және 121-бб.).

15

Қылмыстық кодексте 16 жасқа толмаған балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы жабысу әрекетіне жауапкершілік деген жаңа бап пайда болды (ҚР ҚК 121-1-б.). Бұл нені білдіреді?

Мен осы баптың қосалқы авторларының бірі ретінде осындай жабысу әрекеттері әлеуметтік желіде және мессенжер арқылы онлайн болса дегенді қостырдым. Енді көрінеу 16 жасқа толмаған балаларға қатысты ұсыныс айтумен бірге жүретін сексуалдық сипаттағы әдепсіз әрекеттер, соның ішінде телекоммуникация желілерін, яғни Интернетті пайдалана отырып жасалса немесе сексуалдық сипаттағы жанасу болса, бұған жаза қарастырылған. Тәртіп бұзушыларға 200 АЕК (738 мың теңге) көлемінде түзеу жұмыстары, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту жазасы белгіленеді, немесе белгілі бір лауазымды атқару не үш жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысудан айыра отырып немесе онсыз 50 тәулікке дейін қамауға алады.

Бұл балаларды мұғалімдер, жаттықтырушылар, тәрбиешілер тарапынан болатын әдепсіз әрекеттерден, сонымен бірге қоғамдық көлікте, соған қоса әлеуметтік желідегі ықтимал педофилдерден қорғауға мүмкіндік беретін өте маңызды бап.

16

Көрінеу кәмелет жасына толмаған баланы ұрлап кету, соның ішінде қыздарды үйлену мақсатымен ұрлау әрекеті қалай жазаланады?

Мұндай қылмысқа мүлкін тәркілей отырып немесе онсыз 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған (ҚР ҚК 125-б.). Мұндай өзгерту «қалыңдық» ұрлау дәстүр емес, ауыр қылмыс екенін тағы да бір рет еске салады.

17

Ал егер баланы ұрламай, оны заңсыз бас бостандығынан айырса ше?

Көрінеу кәмелет жасына толмаған баланы ұрлауға байланысты емес бас бостандығынан заңсыз айыруға да қатаң жаза бар (ҚР ҚК 126-б.). Бұрын 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілсе, енді 5 жылдан 10 жылға дейін мүлкін тәркілей отырып немесе онсыз бас бостандығынан айырады.

18

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне де балаларға қатысты бірқатар өзгерту енгені белгілі. Негізгі өзгертулер қандай?

ӘҚБтК 127-бабының кәмелет жасына толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігі бойынша ата-аналар мен заңды өкілдердің жауапкершілігі көбейді. Нақтырақ айтқанда, ата-аналар балалардың ақылға қонымды қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті, мысалы, кішкентай балаларды жанып жатқан оттың жанында, ашық су айдындары маңында қалдырып кетуіне болмайды. Былтыр қазақстандықтар боранды күні 8 жасар баланың мал іздеп шығуына жол берген ата-ананың әрекетіне қайран қалды.

19

Баланы қудалау (буллинг) үшін кім жауап береді?

Әкімшілік тәртіп бұзуға жаңа құрам қосылды: 18 жасқа дейінгі балаға қатысты қудалау (буллинг). Бұл бап бойынша ересек адамдар, соның ішінде мұғалімдер мен білім беру саласы қызметкерлері, сонымен бірге заңнамаға 2022 жылы енгізілген «қудалау (буллинг» түсінігі аясына жататын әрекеттер жасаған 16 жасқа дейінгі балалар жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

20

Қудалау (буллинг) деген не?

Қудалау (буллинг) – қорлау, қудалау және (немесе) қорқыту сипатындағы жүйелі әрекеттер, соның ішінде жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдарын және (немесе) телекоммуникация желілерін, және (немесе) онлайн платформаларды (кибербуллинг) пайдалана отырып, қандай да бір әрекетті жасауға итермелейтін не оны жасаудан бас тартуға мәжбүрлейтін әрекеттер.

21

Балаларды қудалаудың жазасы қандай?

Кінәлі тұлға ескерту немесе 10 АЕК (36 920 теңге) мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Егер қудалау 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар тарапынан болса, әкімшілік жауапкершілікке олардың ата-анасы немесе солардың орнындағы адам тартылады. Егер қудалауды 12 жасқа толмаған бала жасаса, ата-анасын ӘҚБтК-тің 127-бабы бойынша – балаларды тәрбиелеу міндетін атқармағаны үшін жауапкершілікке тартуға болады. Бұл әрекет үшін әкімшілік құқық бұзушылық үшін кәмелет жасына толмағандар инспекторы 10 АЕК (36 920 теңге) мөлшерінде айыппұл сала алады. Әкімшілік жаза тағайындалғаннан кейін бір жыл ішінде қудалау тағы қайталанатын болса, 30 АЕК (110 760 теңге) мөлшерінде айыппұл өндіру қарастырылған.

22

Осы бапқа қатысты қудалау бойынша сотқа дейін немесе сот кезінде татуласу мүмкін бе?

Иә, зиянды қалпына келтірген жағдайда татуласуы мүмкін. Татуласу жәбірленуші мен әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген тұлға арасындағы жазбаша келісім негізінде жүзеге асады.

23

«Автомобиль көлігі туралы» заңға да жаңа норма енгізілді. Бұл талап қоғамдық көлікпен жүретін балалардың құқығын қандай жолмен қорғайды?

ӘҚБтК-тің 593-бабы бойынша, ата-анасы және (немесе) заңды өкілінсіз келе жатқан 16 жасқа дейінгі балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлі түрде түсіріп кетуге тыйым салынады. Мұндай болған жағдайда ҚК жүргізушісіне 5 АЕК (18 460 теңге) көлемінде әкімшілік жауапкершілік бар. 16 жасқа дейінгі балалардың көлік картасында кездейсоқ ақшасы бітіп қалуы немесе абайсызда картаны үйінде ұмытып кетуі мүмкін, бұл талап осындай балаларды қорғауға арналған. Өкінішке қарай, автобус жүргізушілерінің аязды күні немесе үйінен алыс жерде балаларды түсіріп кету жағдайларын ақпарат құралдарынан жиі естиміз.

24

Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылыққа барған балалардың ата-анасына қандай да бір жауапкершілік бар ма?

2011 жылы қабылданған Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекске баланы заңға бағынатын етіп тәрбиелеуге қатысты жаңа жауапкершілік қосылды (70-бап). Бұл ата-аналардан заңды біліп, заңды бұзбай, заңға бағынатын азамат болуды талап етіп қана қоймай, бұл білімін балаларына да беруді талап ететін маңызды бап. Бұл бап азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және көтеруге бағытталған. Соған орай, ӘҚБтК-те 127-бап бар, ол бойынша, ата-ана баласын заңды құрметтеуге тәрбиелемесе, бала құқықтық немесе әкімшілік құқық бұзушылыққа барса, ата-анаға не 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салынады, не 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.

25

Заңға енген жаңа түзетулерде баланы отбасынан тартып алу туралы жазылған ба?

Жоқ, жаңа түзету бойынша баланы тартып алу және ата-ана құқығынан айыру туралы бап жоқ. Бұл нормалар 2011 жылдан бері Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексінде бар.

  • 9129 просм.
  • 0 комм.

Другие материалы