10075
11 января 2021
Назерке Қурманғазинова, Алина Жартиева, иллюстрация: Айгүл Нұрболатова

«Мен сияқтылар көп»

Қазақстанда жалғызбасты аналардың заңды мәртебесі болмағандықтан, мемлекет те оларға айтарлықтай көмек бермейді

«Мен сияқтылар көп»

Арай мен оның кәмелетке толмаған екі баласы бір бөлмелі кішкентай үйде тұрады. Жалғызбасты ана отбасын асырау үшін жанталасып жүр. Ол мүгедектігі жөнінде анықтама алып, «ел қатарлы» өмір сүргісі келеді. Бірақ уақыт өткен сайын жүгі ауырлап, мораль тұрғысынан да, басқа жағынан да шаршаған. Арай өзіне ғана сенеді. Себебі балаларына қарайтын ешкім жоқ.

«Үнемі өзімді қолға алып, бұдан да өтеміз деп ойладым»

Арай Өскеменде туған. Сол жерде бойжетіп, үлкен ұлының болашақ әкесімен танысқан. Бірақ екеуінің дәм-тұзы жараспай, ажырасып кеткен. Баласын асырау үшін Арайға ерте жұмысқа шығуға тура келген.

«Одан туберкулез жұқтырып алдым. Кейін мені диспансерге алып кетті. Балам бірге де толмаған. Ауруханада бір жарым жыл жатуға тура келді. Емделу ұзаққа созылды, баламды да көре алмадым, әке-шешеммен де кездестірмеді», – дейді Арай.

Арай бар қиындықты өзі көтеруге мәжбүр болды. Отбасына сеніп отыра алмаған. Онсыз да олардың жағдайы мәз емес еді. Тұңғыш ұлы некесіз дүниеге келгенін алға тартып, туыстары ата-анасына маза бермейтін болған. Олар үшін бұл «ұят» саналды. Сөйтіп Арай 2006 жылы киімдерін жинап, ұлымен бірге Алматыға көшіп кетті.

«Ақша табуға болатын жұмыстың бәрін істедім. Бір жерде вахтада отырдым, бір жердің еденін жудым, қарияларға көмектестім. Бірақ ресми түрде ешкім жұмысқа алмады», – дейді ол.

2013 жылы Арай басқа бір жігітті кездестіріп, екінші баласын дүниеге әкелді. «Оның отбасы мені менсінбеді. Оларға кедей жерден шыққаным ұнамаған», – осылайша бақытсыз аяқталған тағы бір «махаббат хикаясы» туралы Арай қысқа қайырды.

Арай екінші баласын қолына алып, үйіне оралды. Бұл жағдай оның өмірінде бірінші рет емес еді. Сондағы ең бірінші ойына келгені: «Әрі қарай өмір сүруім қажет».

«Қазақстанда “жалғызбасты ана” деген заңды мәртебе жоқ»

«Балаларды қорғау және отбасына қолдау көрсету орталығы» үкіметтік емес ұйымының директоры Зульфия Байсақованың айтуынша, Қазақстанда жалғызбасты ананың не әкенің заңды мәртебесі жоқ. Яғни баласын өзі ғана бағып отырған ата-ана үшін қандай да бір жеңілдіктер қарастырылмаған. «Олар аз қамтылған отбасы болса ғана кейбір жәрдемақыға өтініш бере алады», – дейді Байсақова.

Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында жалғызбасты аналарға арнайы жәрдемақы қарастырылмаған. Тек бір жасқа дейінгі баланың күтімі үшін анаға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Мұның ішінде баласын жалғыз өзі асырап отырған аналар да бар.

Жалғызбасты ана атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуы үшін өтініш беруіне болады. Бірақ бұл көмек отбасының табысы ең төменгі жалақының 50%-нан аз болғанда ғана беріледі, яғни 28 284 теңгеден аз болуы тиіс.

Өскеменде Арай мүгедек екенін дәлелдейтін анықтама алу үшін бір жыл бойы жүгірген еді. Бұл жұмыс Алматыға көшкенде тағы тоқтап қалды. «Карантин кезінде Facebook желісінде пост жаздым. Қатты қиналдым, шыдай алмадым. Мүгедектігімді растағым келді. Осыдан кейін емхана меңгерушісі хабарласып, бұл мәселені өз мойнына алатынын айтты», – дейді ол.

Арай мемлекеттен ешқандай көмек алмағанын айтты. АӘК алуға өтініш берген, бірақ жұмыс орнынан анықтамасы болмағандықтан өтініші қабылданбапты.

«Кейде аула сыпырамын, кейде ыдыс жуушы болып істеймін. Бірақ заң жүзінде еш жерде істемедім. Тіпті келіп-кетіп жүремін. Сондықтан жұмыс берушілер де ресми қызметке алғысы келмейді. Осының салдарынан анықтаманы да ала алмадым», – дейді жалғызбасты ана.

Арай үйім болса деп армандайды: «Қазір қолдан келгенше ақшаны үнемдеймін. Балалардың онлайн оқуы бар. Оған да интернет қосу керек. Үй алуға кезекке тұрмадым. Оған 3 жыл бойы тұрғылықты мекенжайын бойынша тіркеуің болуы керек екен. Ал мен бұған дейін уақытша тіркеуде болдым».

«Аналарға қолдау көрсету орталығының» негізін қалаушы Жұмагүл Тәжібекова да мемлекет жалғызбасты аналарға айтарлықтай көмек көрсетпейтінін айтты. Мұқтаж жандардың бәріне бірдей уақытша АӘК алу, баспана, тұрғын үй кезегіне тұру сияқты мүмкіндіктер ғана қарастырылған.

«Жалғызбасты аналар “толық емес” отбасы категориясы бойынша тұрғын үй алуға кезекке тұра алады. Бірақ қазірдің өзінде Алматыда үй алу үшін кезекке 16 мың отбасы тіркелген. Оның өзінде бәрі бірдей өтініш бере алмайды, міндетті түрде 3 жыл тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуі және 5 жыл көлемінде үйі болмауы керек», – дейді Тәжібекова.

«Мені үйде үнемі ұрып-соғатын»

Эльмира Огобаева 42 жаста. Тұрмысқа шыққаннан бері күйеуінен таяқ жеп келген. Ақыры қорлыққа шыдай алмай, бір күні балаларын алып, «Асар» орталығына қашып кеткен. «Асар» – қиын жағдайға тап болған жалғызбасты аналарға көмек көрсететін орталық.

«Мұнда келіп, есімді жидым. Орталықта мен сияқты 6 әйел болды. Емін-еркін жұмысымызға бардық, әртүрлі тренингтерге қатысып, психологтың көмегін алдық», – деп еске алады Эльмира.

Орталықта жүргенде Эльмира қарыздарынан құтылып, балаларына уақыт бөле бастады. «Бос уақытым көп болды. Балаларыммен де көбірек сөйлесе алдым. Дәл осы орталыққа түскеніме қуаныштымын», – дейді ол.

«Асар» орталығының жоба жетекшісі Бану Шалбаеваның сөзінше, аналарға көмек көрсетіп қана қоймай, тегін баспана мен отбасына есептеліп дайындалған азық-түлік себетін де береді. «Әйелдер бөлек шығып, өз бетінше өмір сүруге дайын болғанға дейін бәрін ойластырамыз. Бөлек шыққаннан кейін де жарты жыл қадағалаймыз», – дейді жоба жетекшісі.

«Балаларым менен жақсы өмір сүргенін қалаймын»

Захида Набиева бес баланы бір өзі асырап отыр. Қазір алтыншысына аяғы ауыр. Балалардың бесеуі де мектепке барады. Захида Талдықорғандағы көпсалалы ауруханада санитар болып жұмыс істейді. Жұмысқа кеткенде, балаларға анасы қарайды.

«Тұрмысқа 18 жасымда шықтым. Жұбайым ертеңін ойламайтын ішімдікке жақын адам еді. Пәтерден пәтерге көшіп, әбден қиналдық. Ажырасуға себеп болған да осы. Қазір ол алимент төлемейді, басқа отбасы бар», – дейді Захида.

Күйеуімен ажырасқаннан кейін Захида «Бақытты отбасы» бағдарламасымен (ең төменгі жарнада 2%-ға ипотека алуға болатын мемлекеттік бағдарлама) ипотекаға үй алып, қазір ол үшін айына 25 мың теңге төлеп отыр. Басында көпқабатты үйден үш бөлмелі пәтер алуға мүмкіндігі болған. Бірақ балаларына өзі ғана қарайтындықтан, “көпқабатты үй қауіпті болар” деп жер үй сатып алды. Захиданың ендігі уайымы – қыста көмірсіз қалу.

«Қазір көмірді мөшекпен алып жүрмін. Декреттік демалысқа шыққанда не істейтінімді білмеймін. Ол кезде айлығым тоқтайды, қалатыны – балалардың жәрдемақысы ғана. Қазіргі айлығым тек тамаққа жетеді. Оның өзін үнемдеу үшін бәрін үйден дайындаймын. Бірақ 50 келі мөшек ұн бір айға да жетпейді», – дейді ол.

Әкімшілік Захиданың атаулы әлеуметтік көмек алуға берген өтінішін қабылдамаған. Қазір тек көпбалалы анаға берілетін 53 127 теңге жәрдемақы алады.

«Балаларымның болашағына қатты алаңдаймын. Үйде бәріне ортақ 2 телефон бар. Қосымша үйірмеге де бере алмаймын. Ол үшін ай сайын ақша төлеу керек. Балаларым менен жақсы өмір сүрсе екен деймін», – дейді Захида.

«Қазақстанның әлеуметтік саясатын түбегейлі өзгерту керек»

Құқық қорғаушы Зульфия Байсақова қарапайым отбасына қолдау көрсету механизмінен бастап, Қазақстанның әлеуметтік саясатын түбегейлі өзгерту керек деп есептейді. «Саясат тұтастай балаға бағытталуы қажет. Яғни Қазақстандағы кез келген бала тегін орта білім мен медициналық көмек алып, кейін жұмысқа орналасуы керек. Ал мұның бәрін мемлекет ата-ананың жағдайына қарамастан, бәріне бірдей жағдай жасауға міндетті», – дейді сарапшы.

Байсақова жеңілдіктерге қарсы екенін айтады: «Жеңілдік болған жерде оны алудың механизмі пайда болады. Жұрт оны қолданып, жеңілдік жасалатын топқа қосылғысы келеді. Осылай әлеуметтік теңсіздік туады. Біз ешқандай көрсеткішке қарамай, Қазақстандағы балалардың бәріне бірдей көмектесуіміз керек».

Сарапшының ойынша, мемлекет азаматтарға алған білімін іс жүзінде қолданып жұмыс істеуді үйретуі керек. Сонда ғана әйелдер өз күнін өзі көре алатын жаңа деңгейге, экономикалық тәуелсіздікке жетеді. «Қазір тұрмыстағы әйелдердің көбі күйеулеріне экономикалық тұрғыдан тәуелді екенін көріп отырмыз. Олар тіпті қалаған затын сатып ала алмайды», – дейді Байсақова.

Қазақстанда көп жылдан бері жалғызбасты аналар мен әкелердің статистикасы жаңармады. Соңғы рет ресми дерек бес жыл бұрын айтылған: елде баласын бір өзі асырап отырған 400 мың жалғызбасты ана және 40 мың жалғызбасты әке бар. Ал қазіргі ажырасу санының өсіміне қарағанда (Қазақстанда әр үшінші неке бұзылады), жалғызбасты ата-аналардың саны бірнеше есе көбейген болуы мүмкін.

Соның өзінде мемлекет оларға ешқандай әлеуметтік кепілдік те, айтарлықтай көмек те берген жоқ. Арай, Эльмира, Захида сияқты басқа да мыңдаған әйел тек өзіне ғана сене алады.

Материал «‎Медиасеть» қолдауымен дайындалды