11290
5 апреля 2021
Сұхбат: Аяулым Белгібаева, химик, Иллюстрация авторы: Айдар Ерғали

Гүлжан Хамитова, химик: «Шай мен кофені тамақпен бірге ішуге болмайды»

Жастар химияның мүмкіндігі көп екенін білсе деймін

Гүлжан Хамитова, химик: «Шай мен кофені тамақпен бірге ішуге болмайды»

Көпшілігіміз кофені ұйқыны ашатын кофеинге бай деп білеміз. Алайда оның біз білмейтін басқа да қасиеттері көп болуы мүмкін. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, Италияның Камерино университетінің түлегі, химик Гүлжан Хамитова – кофе саласының маманы. «Кофені де адамдар зерттейді екен ғой» деп ойлаған ол докторантурасының аясында кофені қуырудан бастап, қалдықтарын қайта өңдеуге дейінгі түрлі жобаға қатысып, кофенің құрамын зерттеп, эспрессоның Q-грейдерлер деректеріне сай сапасын зертханалық жолмен анықтаудың әдісін жасап шығарған.

Гүлжанмен кофені зерттеу бағыттары, еліміздегі тамақ химиясы мен аграрлық саланың болашағы және ауыл оқушыларына тәлімгер болудың маңызы жайлы әңгімелестік.

Химияны таңдаған себебім...

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы Абай ауылының тумасымын. Әкем – агроном. Анам – мұғалім, бірақ өзі химиялық инженерия жағына жақындау еді, КСРО кезінде Теміртауда инженер болып жұмыс істеген. Тұрмысқа шығып, инженерлер санын қысқартқан соң, ауылға келіп, мектепте бастауыш сыныпқа сабақ беріп жүрді. Химияны таңдауыма ата-анамның әсері болған шығар. Оның үстіне, химия пәнінен беретін мұғаліміміз, ҚазҰУ бітірген Салтанат Жаппарқұлова деген апай өте мықты болды. Ол кісі бізді химияны тереңдетіп оқытатын топқа қосты. Сыныптағы 25 баланың бесеуі химия бағытын таңдады. Қазір бәрі жан-жақта жүр.

Сегізінші сыныпта ағылшын тіліне қатты қызығып, аударма ісіне барғым келген еді. Бірақ мектеп бітіретін жылы ағылшын тілінен беретін Күләш Момынова деген апайымыз бала күтіміне байланысты демалысқа кетіп, ҰБТ-ға дайындалатын мүмкіндігім болмай қалды. Кішкентай ғана ауылда репетитор жалдайтын жағдай болмады. Химия пәнін жақсы меңгергендіктен, сол бағытқа бардым да, ҚазҰУ-нің химия факультетіне түстім. Бірақ өмірде ағылшын тілі үнемі қасымда болды. Бакалаврдан кейін «Болашақ» бағдарламасымен Химиялық инженерия саласында жобалау бойынша Манчестер университетіне магистратураға түстім. Мектепте ағылшын тілін жақсы оқығанымның септігі тиді.

Магистратурадан кейін «Теңізшевройл» компаниясына жұмысқа шақырды. Бірақ анам инженер болуыма, «вахтамен» жұмыс істеуіме үзілді-кесілді қарсы болды. «Оданда профессор, академик бол» – деді. Осылайша Назарбаев университетіне (НУ) оқытушының көмекшісі болып жұмысқа орналастым. Түрлі ғылыми жоба жасап, Италияға Білім министрлігі мен жеке компания қаржыландыратын PhD-ға түстім. Осында үш жарым жылдай Камерино университетінің Химия, фармацевтика және биотехнология факультетінің Тамақ химиясы бөлімінде оқып, кофені зерттедім.

Кофені зерттеуге қалай келдім?

Елімізде соңғы бес-алты жылда түрлі кофеханалар ашылды. Оған дейін көпшілігіміз еритін кофе ішетінбіз. Алайда еритін кофенің 20%-ы табиғи кофе дәндерінің бірінші экстракциядан кейінгі екінші айналымға түсіп, қайта қуырылған қалдықтарынан жасалады. Табиғи кофемен салыстырғанда, оның құрылымы мен хош иісі азаяды. Англияға магистратураға барғаннан кейін, әсіресе емтиханға дайындық кезінде табиғи кофені көп іше бастадым. Елге оралған соң да ол әдетім қалмады. НУ-дағы лабораторияда да өзіміздің шағын плиткамыз бен кофе ұнтақтағышымыз бар болатын, сол жерде арасында кофе дайындап ішіп жүретінбіз. Жобамыздағы итальяндық зерттеуші үнемі қантсыз эспрессо ішетін. Ал біз 25 мл кофеге екі-үш қасық құмшекер, сүт қосқанда, ол таңғалатын. Біздің аузымыздағы дәм сезу рецепторлары қышқылдық пен ащылыққа бейімделмегендіктен, біз кофені сүтпен ішуді ұнатады екенбіз. Сөйтіп жүргенде, ResearchGate ғылыми-әлеуметтік желісінен докторантура мүмкіндіктерін іздеу барысында кофе туралы бір жоба көріп қалдым. «Кофені де адамдар зерттейді екен ғой» деп қызығып, сол жобаға өтініш тапсырдым. Өтініш дайындап жатқанда кофе туралы көп мақала оқыдым. Кофенің бәрін зерттеп тастаған сияқты, ішінде зерттейтін ештеңе қалмады деп ойладым. Жалпы қандай зерттеу жұмысын бастасаң да, басында солай көрінеді ғой. Мотивациялық хатқа кофе туралы ештеңе білмейтінімді, бірақ әртүрлі мемлекет өкілдерінің оның дәмін түрліше сезетіні қызықтыратынын жаздым. Құжаттарымды тапсырып, сұхбаттасып, бір жылдан кейін жауабы шықты. Жетекшілерім: «Бізге кофе туралы аз мәлімет білетін адамдар керек, олар жаңа әдістерді тезірек ойлап табады», – деді. Әр сарапшы өзінің үйренген, ойындағы әдісінен ары шыға алмай жатады. Ал кофе парақтарын енді аша бастаған жас мамандардың тың идеясы көп болады екен. Осылайша кофе саласына кіріп кеттім.

Ғылыми зерттеу нысаны ретіндегі кофе

Кофе үлкен бизнес қатарына кіретіндіктен, бұл саладағы жобаларға қаржы көп бөлінеді. Мысалы, Nestle, Starbucks-тың аграрлық салада өз қоры бар. Сол бойынша да докторантурада оқуға болады. Олар Бразилияға, Колумбияға көп қаржы бөледі. Өздерінің плантациялары, агрономдары бар, сол жерге зерттеушілер барып, талдау жасайды.

Кофені зерттеудің көптеген бағыты бар. Кофе дәндерін өңдеудің өзін үш сатыға бөліп, зерттеуге болады. Біріншісі – кофе дәндерін қуыру. Қуыру әдістерінің кофе сапасына әсерін талдауға болады. Кофе дәндерінің сыртында қабықша болады, қуырғанда ол бөлініп шығады. Шайдікіне ұқсас құрамдас бөліктер кездескендіктен, одан кейбіреулері шай жасады. Португалияда ол қабықшаны пластик орнына биоыдырамалы қаптамалар жасауда қолданады. Екінші қадам – экстракция. Экстракция жасайтын судың температурасы мен қысымының кофе сапасына әсерін зерттеуге болады. Үшіншісі – кофенің қалдығын қайта өңдеу. Камерино университетінде кофе қалдығын әжімге қарсы косметика, түрлі скраб жасауға қолдандық. Қоластымызда магистрант студенттер болды да, біз оларға әр бағытқа қарай жетекші болдық. Соңына қарай олардың жинаған деректерімен жұмыс істедік. Менде бітіргенше үш түрлі кофе бағытына қарай үш магистрант болды. Жиналған тәжірибе нәтижелері бойынша мақалалар шығардық. Дегенмен, кофені әлі де зерттей беруге болады.

Менімен бірге басқа докторант та болды, ол кофе құрамындағы эстрогендер, гормондық құрам бөліктер бойынша жұмыс істеді. Енді бір әріптесім ішектегі биотұздар мен кофенің құрам бөліктері қосылғанда, холестеринге қалай қалай әсер ететінін зерттеді. Ас қорыту жүйесінің асқазаннан кейінгі маңызды бөлігі – ішек. Сол ішекте жиналатын холестериндерді азайту қазір өзекті мәселенің бірі. Ал кофенің құрамынан экстракция кезінде хлорогендердің әсерінен түзілетін қышқылдар өте көп бөлінеді. Сол қышқылдар холестеринді азайтуға көмектесуі мүмкін деген болжам бар, зерттеу жұмысы әлі аяқталған жоқ. Жалпы кофенің тамаққа дейін және тамақтан кейін ішкенде қалай әсер ететінін зерттейтін үлкен сала бар. Бірақ менің зерттеулерім көбіне инженерия, оңтайландыру бағытына жақын болды. Докторантурамның соңғы алты айында Португалияға барып, Авейру қаласындағы университетте кофе құрамындағы көмірсуларды зерттедім. Қазір сол деректер бойынша мақала жазып жатырмын. Кофенің химиялық құрамы өте күрделі әрі қызық, әлі көп зерттеуді қажет етеді.

Кофе қалдықтарының қоршаған ортаға әсері

Кофе тұтыну деңгейі бүкіл дүниежүзінде жылдан-жылға еселеп артып келеді. Ондай сұранысты қанағаттандыру жолында кофе индустриясының өкілдері өз өнімдерінің қоршаған ортаға зиянды әсерін мейлінше азайтуы керек. Осы орайда үлкен компаниялар тұрақты дамуға көп көңіл бөліп, қалдықтарды мейлінше азайту, оларды қайта өңдеу жолдарын зерттеуге бағытталған жобаларды қаржыландырады.

Кофенің бірінші экстракциясынан бөлінетін қалдықтардың 50%-ын полифенолдар мен хлороген қышқылдар құрайды. Оны өңдемей, топыраққа көметін болсақ, ол жоғары қышқылдығы әсерінен топырақтағы микроағзалар мен өсімдіктерді өлтіріп жіберуі мүмкін. Кей компаниялар бұл қалдықтарды арнайы сатып алып, экстракциялап, косметикаға қосады, биобелсенді тағам қоспаларын жасайды. Жалпы полифенолдардың адам ағзасына пайдалы қасиеті көп. Үлкен компаниялардың қалдықтарды өңдеп, іске жарататын шағын компаниялары болады. Ал шағын кофе компаниялары қалдықтарын аграрлық салаға жіберіп жатады. Кофе қалдықтарының топырақты құнарландыру қасиетін зерттейтін арнайы сала да бар. Бірақ ол зерттеулерде үлкен жер көлеміне қалдықтардың аз ғана мөлшері шашылады. Ал қалдықтардың басым бөлігі өңделмей қалады.

Кофе қалдықтарын азайту жолы

Менің докторантурадағы жұмысым кофе қалдықтарын азайтуға бағытталған. Simonelli компаниясы эспрессо кофесін дайындайтын машиналар шығарады. Сол машиналармен эспрессо кофесінің экстракциясын оңтайландыру бойынша талдау жасадық. Кофе құрамындағы химиялық қоспаларды зерттей келе, эспрессо кофесінің ұнтағын азырақ қолданып, кәдімгі кофенің сапасына жеткізуге тырыстық. Кофенің сапасын әдетте Q-грейдер деп аталатын арнайы кофе дегустациясын жасайтын адамдар анықтайды. Біз алдымен солардың деректерімен салыстыра отырып, кофелеріміздің сапасын анықтаудың жаңа, зертханалық, аналитикалық әдістерін жасап шығардық. Q-грейдерлер кофе дәмінің анықтамасын берді, ал біз талдауларымыз арқылы кофенің қышқылдығы мен ащылығы сияқты сипаттамаларына әсер ететін қосылыстарды анықтап, салыстырмалы талдау жасадық. Келесі қадам оңтайландырудың өзі болды. Машинаның кейбір бөліктерін ауыстырып, экстракцияда қолданылатын сүзгілердің арақашықтығын өзгертіп, оның кофе сапасына әсерін тексердік. Бұл жерде химиялық инженерия мен химия тығыз сабақтасып жатыр. Түрлі оптимизация нәтижесінде сапасын сақтай отырып, эспрессо кофесін дайындауға жұмсалатын кофе дәндерінің, сәйкесінше шығатын қалдықтардың мөлшерін азайта алдық.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу

Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдейтін компаниялар жоқ. Халықтың шамамен 5%-ы ғана кофені тұрақты ішеді. Еуропамен салыстырғанда, бізде кофеден көп қалдық шығып жатқан жоқ. Десе де, көп мөлшерде бөлінетін басқа тамақ қалдықтары да қайта өңделмейді. Өсімдіктердің қалдықтары, банан мен алманың қабығынан спирттер, сірке суы сияқты өте көп пайдалы зат алуға болатын еді.

Біздегі тағы бір үлкен мәселе – пластиктің қайта өңделмеуі. Мысалы, Starbucks кофелерінің стақандары мен қақпақтары қоршаған ортада оңай ыдырамайды, ал оған көп көңіл бөлініп жатқан жоқ. Пластик пен қағазды екіге бөліп, қайта өңдесе, дұрыс болатын еді. Бізде қалдықтарды бөлу жоқ, жанатындарын газдандырып, энергия алатын аппараттар да жоқ. Сол үшін НУ-да пилоттық газдандыру құбырын жасауды қолға алып жатырмыз.

Кофе химиясы мен көмір химиясына не ортақ?

Елімізде қоры көп, бағасы арзан және шетелге экспортқа көп шығарылмайтындықтан, көмір – негізгі энергия көзі. Дегенмен, көмір жағу нәтижесінде бөлінетін газ текті қосылыстардың қоршаған орта мен адам ағзасына зиянды әсері зор. Осы мәселені шешу үшін, Назарбаев университетінде жұмыс істеп жүргенімде, көмірді газдандыру мәселесін зерттедік. Көмірді газдандыру дегеніміз – бөлінетін заттарды ауаға жібермей, жанғыш газдарға айналдырып, қайта қолдану, яғни қоршаған ортаға бөлінетін зиянды қосылыстардың мөлшерін азайту. Оның үстіне, газдандырылған көмірді жаққанда бөлінетін эгергия көмірді тікелей жаққаннан көбірек болады.

Біздің Қазақстанда қазба нәтижесінде алынатын көмірдің түрі мен құрамы әртүрлі болып келеді. Жерге жақыны, жер астындағы, қоңыр көмір, тас көмір деген сияқты түрі көп. Соған сәйкес әр көмір түрінен бөлінетін заттардың құрамы да өзгеше болады. Мен термогравиметриялық анализ көмегімен әр көмір түрінен көмірқышқыл газынан бөлек, қай температурада қандай газ бөлінетінін зерттедім. Кейін ол көмірлерді газдандыру мүмкіндігін сынадық. Көмірді 600–800°С температурада газдандыру арқылы метан, пропан сияқты газдарға айналдыру керек, ал бұл кезде көмірдің өзі жанып кетпеуі керек. Осындай процестерді жүзеге асыруға болатын қондырғының моделін жасадық. Кейін инженерлер ол қондырғының пилоттық жобасын дайындады.

Көмірмен байланысты басқа да бірнеше жобамыз болды. Мысалы, кейбір зерттеушілер көмірді жаққан соң қалатын күлді асфальтқа қолдану мүмкіндігін зерттеді. Одан бөлек, біз көмір бөлшектері өлшемдерінің энергия шығымына әсерін зерттедік. Яғни көмірден мейлінше көп энергия алу үшін оны қаншалықты ұсақтау керектігін бағаладық. Кейін кофені зерттегенде де, оны қаншалықты езсе, тиімділігі артатынын зерттедік. Бөлшектердің мөлшерін анықтайтын құрал екі жобада да бірдей еді. Бірақ біреуі энергия бағытында болса, екіншісі тамақ өнеркәсібі бағытында болды.

Қазақстандағы химияның болашағы

Біздің ауданда, ауылда маған химиядан сабақ берген мұғалім әлі де жұмыс істейді екен. Ол кісі соңғы кезде химия саласына баратын оқушылар саны азайып бара жатқанын айтты, оларды қызықтырудың жаңа әдістерін іздеу керек. Соған жақында ауыл оқушыларына, бітіруші сыныптарға арнап, химиямен байланысты мамандықтар, мүмкіндіктер туралы арнайы видеолар жасап, ютуб желісіне жүктегелі жүрмін. Химиямен түсуге болатын гранттар, шетелдік университеттер тізімін көрсетіп, слайдтар дайындап жатырмын. Мысалы, ауылда жүргенде біз химиямен тек мұғалім, не болмаса фармацевт болуға болады деп ойладық. Ал химияда мүмкіндік өте көп екенін көбі біле бермейді. Италияға келіп қарасам, итальяндықтардың барлығы химик сияқты, үйлерінде жасап жатқан тірліктерінің бәрі химия. Онда халық өз үйінде тамақ майларынан қалған өнімді дистильдеп, сабын жасайды. Табиғи шөптерден біреулері бояулар жасаса, біреулер шай дайындайды. Химия өмірлеріне әбден сіңісіп кеткен. Біздің де ауылдың оқушыларына химияның мүмкіндігі кең екенін көрсеткім келеді.

Тамақ химиясы

Елімізде қазір баламалы энергия, нанотехнологиялар, робототехника сынды салалар өте беделді саналады. Сол үшін «біреу сұраса, не дейміз?» деп, үйдегілер басында менің кофені зерттеуіме қарсы болды. Бірақ былай қарасам, менің өзіме тамақ химиясы жақынырақ екен. Бізде тамақ химиясын Алматы Технологиялық университеті болмаса, басқа жерде көп оқытпайды. Ал Италияда әр университеттің тек тамақ химиясына арналған өзінің кафедрасы бар. Біздің лабораториямызда біреу ірімшіктерді өзгертсе, біреу балықтарды, ал енді біреу зәйтүн майын зерттейді. Болашақта елімізде тамақ химиясының дамуына үлесімді қосқым келеді. Бірақ ол үшін алдымен көп тәжірибе жинау керек.

Еуропада бүкіл Еуропадағы тамақтың қауіпсіздігін қадағалайтын арнайы үлкен ұйым бар. Ол тағамдағы пестицидтердің құрамын, рұқсат етілген мөлшерін белгілеп, тағам сапасына арнайы талаптар қояды. Талаптар орындалмаса, тағам дүкендерге жіберілмейді. Ал біздің елде йогурт сияқты сүт өнімдері болмаса, басқа тағам түрлері, әсіресе жеміс-жидектер мен көкөністер дұрыс қадағаланбайтын көрінеді. Мысалы, асқазан қорыта алмайтын нитраттарды шектен тыс пайдаланып өсірілген қарбыз емін-еркін сатыла береді. Сол сияқты алманың құрамында қанша пестицид бар, пияз-картоптар қандай топырақта өсірілді, қандай тыңайтқыштар қолданылды, соның барлығы қадағалануы керек. Еуропалық ұйымдардан үйреніп, болашақта елімізде де сондай ұйым ашқым келеді.

Шай мен кофені тамақпен бірге ішуге болмайды

Бізге шай басқа мемлекеттермен салыстырғанда кейінірек, Жібек жолы арқылы келген. Ал оған дейін бізде отырып шай ішу дәстүрі болмаған. Шай болсын, кофе болсын, тамақпен бірге ішуге болмайды. Себебі олардың құрамында ас қорытуға әсер ететін молекулалар бар. Қара шайда кофеиннен бөлек, теанин де бар. Олар ағзаны аздап босаңсытады. Ал кофе, керісінше, аденозинге әсер етіп, адамды оятады. Бірақ тамақпен бірге ішсе, олардың құрам бөліктері ас қорытуға бірден әсер етеді де, тамақ құрамындағы микроэлементтер ағзаға дұрыс сіңбейді. Біздегі қазіргі үлкен мәселенің бірі – күнделікті өмірде тамақ саласындағы ғалымдардың аздығы. Көп ауру тамақтан болады. Тарихқа қарасақ, ата-бабаларымыз тамақты көбіне қымызбен ішкен, ашытылған тағамдарды қолданған. Ата-бабаларымыздың өте мықты болып, көп жасағаны да содан шығар деп ойлаймын. Бірақ оны әлі зерттеу керек.

Итальяндықтар кофе көп ішкенімен, тек тамақтан кейін, 25 миллилитр эспрессо ішеді. Олардың орташа өмір сүру уақыты сол үшін де ұзақ шығар деп ойлаймын. Күнделікті өмірде қолданылатын тамақ ішу мәдениеті мен әдеттер ұзақ өмір сүруге қатты әсер етеді. «Ас – адамның арқауы» деп бекер айтылмаған.

Қазақстанда аграрлық саланы дамыту

Менің зерттеу жұмыстарым аналитикалық химияға жақынырақ болғанымен, зерттеу барысында зертханаларымызға агрономдар да көп келетін. Олар бізден өздерінің негізгі мәселелері – топырақтың құнарсыздануының алдын алу жолдарын сұрайтын. Жалпы, ауыл шаруашылығын дамытуда жаңаша, ғылыми тәсілдерді қолдануға болатын сияқты. Карантин кезінде үйде авокадоның екі дәнін отырғыздым, қазір бір метрлік екі ағашым бар. Жылы жерді сүйетіндіктен, сәл салқында әлсіреп қалады екен. Бірде Өзбекстаннан өріктің дәндерін алып, өсірген едік. Авокадомен салыстырғанда ол өте баяу өседі екен. Осындай ерекшеліктердің барлығын алдымен зертханада зерттеп көруге болады. Авейруда оқу жылы басында студенттерге өсіріп-баптау үшін алты айға ағаш береді. Мен емен ағашын алып, оны 10 сантиметрдей өсірдім, кейін арнайы дайындап қойған жерлеріне апарып ектік. Біздің елімізде де солай істеуге болады: әрі студентке мотивация, әрі түскен жапырақтары жерді құнарландырады.

Кеңес өкіметі ыдырамай тұрып, ауылдың қасында гектар-гектар алма өсірілетін. Жергілікті халықты сол алманы жинауға жіберетін. Әкем бас агроном болғандықтан, әдемі жеміс шығу үшін қажетті тыңайтқыштардың мөлшері, топырақты құнарландыру жолдары туралы көп айтатын. Кейін жекешелендіруге ауысқанда, ол ағаштардың барлығы кесілді. Қазір бірді-екілі ағаш болмаса, бұрынғыдай гектар-гектар көшет жоқ. Енді келешекте соны қолға алайық деп әкеме ұсыныс жасап жүрмін. Таза, органикалық, артық химикат қолданбай жеміс-жидек өсіріп, одан түрлі өнім жасасақ деп жүрміз. Бірақ, әрине, оған ұзақ уақыт керек, алма ағашы жеміс бере бастағанша төрт-бес жыл күту керек.

Қазақстанда кофе өспесе де, басқа өсімдіктер өседі. Мүмкіндік болса, болашақта ауыл шаруашылығының дамуына үлесімізді қосармыз.

Ауылдарды дамытып, ауыл балаларына тәлімгер болу

Біз мектеп бітіргенде интернет болған жоқ, ақпаратқа қол жеткізу қиын еді. Қазіргі жастарда мүмкіндік өте көп, біздегідей көп шектеу жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, бұл тек қалада өскен балаларға қатысты. Менің жақында ауылға барып көргенім: ауылда даму әлі аз, консерватив ой басым. Ауылда тұратын жастар қаладағыдай емес, көп кітап оқымайды, білімнің аздығынан діни ағымдарға тез кіріп кетеді. Ауылдық жерлердегі отбасыларда қате көзқарас әлі көп, қыздардың көпшілігі мектеп бітірген соң бірден тұрмысқа шығу керек деп ойлайды. Барлығы жетістікке тек таныс арқылы, блат арқылы ғана жетуге болады деп ойлайды. Мен әлі айтарлықтай жетістікке жете қоймасам да, оларға басқа да адал жолдың бар екенін өз мысалыммен көрсеткім келеді. «Мен жасай алдым ғой, сендер менен де көп жасай аласыңдар!» деп айтқым келеді. Ағылшын тілін оқығанда «The Capital of Great Britain is London» деп үйренген едік қой. Кейін «Болашақпен» Англияға, Биг Бен алдына барып, жылап, армандардардың орындалатынына көзім жетті. Армандар арман күйінде қалмауы керек, оларды мақсатқа айналдыру керек, ал мақсаттарыңа жеткенде, ұмытылмас көңіл-күй кешесің. Соны ауылдың мектеп оқушыларына жеткізіп, оларға тәлімгер болғым келеді. Ауылдардың дамуына қолғабыс жасағым келеді.

«Ғылымда біз жасайтын дүние әлі көп»

КазҰУ-да үшінші курста аналитика кафедрасының басқарушысы болған Наурызбаев Михаил Касымұлы бізге лабораторияда қосымша жұмыс істеуге рұқсат беретін. Профессордың көмекшісі ретінде түрлі жоба жасап, судың құрамын зерттейтінбіз. Ол кісі бізге «мүмкіндік көп, химия әлі зерттелмеген» деп айтатын. Ал біз кітаптан оқып, көргенімізге сүйеніп, «бәрі зерттеліп қойған, зерттейтін ештеңе жоқ» деп ойлайтынбыз. Ол кісі бізге түрлі сұрақ қоятын. Мысалы, «судың тазалығын қалай анықтайсың, қандай суды таза деп санайсың, оны қандай процестермен тазарта аласың?» дейтін. Кітаптан оқып келгеніңді айтсаң, «басқа, оны жеңілдететін әдістер бар ма?» деп сұрап, қызықтыратын. Сұрақ қою арқылы көбірек ойлануды үйретті, ғылымның біреу зерттеп ашқан әдіспен шектеліп қалмайтынын түсіндірді. «Одан да жақсы жасай аласың, әлі ашылмағаны көп!» – деп, бізге бағыт беріп отыратын. Сол кісі қатты әсер етті. Кейін НУ-ға келіп, өзіміз қатарлы жастарды, олардың неше түрлі жоба жасап жүргенін көріп, қатты қызығатынмын. Мен ауылдан келген соң, менде ондай мүмкіндік болған жоқ еді. Неше түрлі идея айтылып, талқыланатын. Олардың оқитын кітаптары, зерттеп жатқан жұмыстары қызық болатын. Осылайша өзім де түрлі ғылыми жобаға қатыса бастадым. Ғылымның бір жақсысы – өзіңнің ойыңдағы идеяның жүзеге асатынына сенесің. Түбінде бір жұмыс істейтінін білесің. Бұрын туған жерімде «қиялисың, фантазерсың, ондай болмайды, армандама!» дегенді жиі еститінмін. Жүре келе, өсе келе, көре келе, барлығының мүмкін екеніне сене бастайсың. Бұрын аналитикалық химияны таңдасам, тек анализ жасап жүре берем деп ойлайтынмын. Анализ жасаудың өзінде де неше түрлі құрал бар. Бір шұрыпты ауыстырсаң, қондырғы басқаша жұмыс істейді, иненің ұшын сәл қайырсаң, ол басқа талдау жасап жібереді. Сол сияқты ұсақ-түйек заттардың өзі зерттеумен, оңтайландырумен келеді екен. Мысалы, итальяндықтар эспрессо кофесін дайындайтын машина ойлап тапқанымен, алғашқы кофені арабтар ашқан еді. Яғни ғылымның шегі жоқ, әрқашан жаңа бірдеңе ойлап табуға болады. 2020 жылы химиядан Нобель сыйлығын алған екі келіншектің (француз ғалымы Эммануэль Шарпантье мен америкалық Дженнифер Дудна) жасап шығарған «генетикалық қайшы» әдісі он жылдан кейін ең мықты болып танылды. Қарасаң, біз жасайтын дүние әлі көп екен.

Ғалым болам десеңіз...

Өзімді әлі ғалым деп есептемеймін, әлі студент сияқтымын. Білгенімнен білерім көп, әлі көп тәжірибе жинау керек. Докторантурадағы ғылыми жобам жетекшілерімнің дайын жобасы еді, ал енді өзімнің жобаларымды қолға алуым керек, өзім жетекші болуым керек. Олар жүзеге асып, алғашқы нәтижелерін алған соң ғана өзімді ғалым деп есептей аламын. Ғалым болу үшін үлкен ізденіс пен сабыр қажет. Бірақ қазір байқап жатқаным, әйел адам мен ер адамның ғалым болу жолында айырмашылық бар екен. Әйел адам тұрмыста қосымша жұмыс істейді, бала өсіреді, соның барлығы аяқтан шалады екен. Менің күйеуім де ғылым жолындағы адам. Ол бірден ғылымға кіріп, жұмысын жалғастырып жатыр, ал менде үй шаруасы бар, декреттік демалыс бар, мансап жолында кішкене артта қалып келемін. Әйел адамдарға баланс ұстау сәл қиынырақ екен. Бірақ болашақта әлі де ғылыми жұмыспен айналысып, әлемнің дамуына үлесімді қосқым келеді.

Қазақстанда және Италияда ғылыми жұмыс істеудің айырмашылығы

Италияның лабораториясы НУ-мен салыстырғанда өте ескі, бірақ аппараттардың барлығы жұмыс істейді. Ең бірінші айырмашылығы – реагенттер, тапсырыс берген соң, екі аптаның ішінде келіп қалады. Тапсырыс берер алдында семинарда талқылап, не үшін қолданайын деп жатқаныңды түсіндіресің, жетекшілер бар реагенттердің тізімін көрсетеді, жетпегенін қосымша тапсырыс беріп, тез алдыртуға болады. Қазақстанда реагенттердің келуі өте қиын еді. Тапсырыс беру үшін де айлап түрлі қағаз жинау керек болатын. Ал Италияда бұл үрдіс әлдеқайда жеңілдетілген. Екінші айырмашылық – біздің қондырғы жұмыс істемей қалса, оның баламасын табу оңай болатын. Мысалы, біз талдауларымызға қолданатын қондырғы бір жерде ғана емес, департаменттегі көрші лабораторияда да болатын. Алдын ала брондап, еркін қолдана беруге болады. Енді бір айырмашылық – итальяндықтар ағылшынша көп сөйлемейді, итальян тілін меңгермесең болмайды, ал НУ-да бәрі ағылшынша сөйлеп жүре береді ғой, шетелдіктер қазақ не орыс тілдерін үйренбей-ақ, еркін жұмыс істей алады.

Қазақстандық ғылым: науқас тірі ме, әлде өлі ме?

Менің ойымша, оны ағаштың тұқымы жерге еніп, енді шыға бастаған сабағының өсіміне теңеуге болады. Жолда кезіккен қиындықтарға қарамастан, ғылымды тастамай, әлі де ғылым деп жанып тұрған жандар өте көп. Сондықтан қазақстандық ғылымнан алда үлкен үміт күтуге болады. Жастардың көбі шетелге кетіп қалды деп жатады, өзім де қазір шетелде жүрмін. Соған қарамастан, болашақта жобалар жасасақ, міндетті түрде Қазақстанмен байланыстыруға тырысатынымыз анық.