10195
1 ноября 2021
Юна Коростелева, Вячеслав Абрамов, суреттер Жанар Каримованікі, Vласть

Еркіндіктің ақырғы шегі

Қазақстанның балаларды қорғаймыз деген сылтаумен әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді шектеуге дайындығы

Еркіндіктің ақырғы шегі

Қазақстан жұртшылығы мемлекет пен шетел әлеуметтік желілері және мессенджерлер арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертетін заңнамаға өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін бұл құжатты мәжіліс бірінші оқылымда қарауға бірнеше күн қалғанда ғана білді.

Пандемияға байланысты журналистер мен қоғам өкілдері бір жарым жыл бойы парламентке кіре алған жоқ, оған қоса заңнамадағы өзгерістерді талқылауға толыққанды қатысу мүмкіндігінен де қағылды. Бұл жолы да бәрі жым-жырт өтті. “Нұр Отан” партиясының жаңа депутаттары Динара Закиева мен Айдос Сарым ұсынды деген өзгертулер Қазақстандағы әлеуметтік желілердің жағдайын, оған қоса халықтың ақпарат алу мүмкіндігін өзгертеді.

Құқық қорғаушылар мен саясаттанушылар өзгертулерді күтпеген жағдай деп санамайды, десе де дәл осы өзгертулер қазақстандықтардың ақпаратқа қол жеткізуіне қаншалық ықпал тигізеріне қоғам аса бас ауыртпайтынына тоқталды. Vласть болашақта енуі мүмкін өзгерістер туралы түрлі пікір жинақтады.

«Қазір әлеуметтік желіде бәрі бар, тек сөз бостандығы туралы ештеңе жоқ»

Қыркүйектің 15-і күні мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған өзгертулер Қазақстанда шетелдің барлық әлеуметтік желісі мен мессенджері тіркелуін, сондай-ақ өкілдіктердің басшысы ретінде тек ел азаматтарының тағайындалуын қарастырады. Тіркеуден бас тартқан жағдайда, ол әлеуметтік желі Қазақстан аумағында бұғатталады.

Одан бөлек, депутаттар интернет ресурстарды сот шешімімен ғана емес, уәкілетті органдардың да шешімімен бұғаттауға рұқсат беруді ұсынды.

Бұл түзетулер көрші елдерде, атап айтқанда, Ресейде қабылданған шетелдің интернет платформаларын қатаң бақылауға алатын және мемлекеттің оларды бұғаттай алу мүмкіндігін қарастыратын заңнаманы қайталайды.

Авторлардың бірі Динара Закиева бірінші оқылымда, түзетулерді талқылау кезінде бұл заңнама интернетте балаларды кемсітудің алдын алуға көмектесетінін атап өтті. Бұған дейін кибербуллиң туралы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан, бірақ оның ол кездегі сөзінде интернет платформаларды, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді бұғаттау туралы ұсыныс болмаған.

Айдос Сарым Exclusive.kz-ке берген сұхбатында депутаттардың ешқайсы әлеуметтік желілерді бұғаттауға себеп іздеп жатпағанын, ал жаңа түзетулер заңсыз және құқыққа қайшы контентке негізделген нормалар мен ережелерге қатысты екенін айтқан.

«Менің пікірім: бүгінде әлеуметтік желіде бәрі бар, тек сөз бостандығы туралы ештеңе жоқ. Бірақ бұл тек менің пікірім. Кибербуллиң, азаматтарымыздың құқығын қорғау бойынша шаралар аға-көкелерге немесе басқа да біреулерге қарамастан қабылдануы қажет. Қажет болса, он, жүз, мейлі мың кездесу өткізіп, адамдармен сөйлесу қажет. Жалпылама нәрсе туралы емес, әңгіме біздің балаларымызға қатысты екенін білсе, көп адам көзқарасын өзгертеді. Сынап жатқандар өзіне сұрақ қойып көрсін. Біреу-міреу олардың баласын мектепте не желіде келемеждесе, ал мемлекет, полиция мен сот оларды қорғай алмаса, мұндай мемлекет туралы не ойлайды? Бүкіл әлемде әркім интернетті өз ыңғайына қарай өзгертіп жатыр, әлеуметтік желілердің де сүйкімі кете бастады. Суицид пен психикалық дерт туралы айтудың өзі артық. Уақыт өте келе азаматтарымыз бір кездері еркіндік пен демократияның құтқарушысы саналған интернет пен әлеуметтік желілердің қазір тоталитар құрылым мен құралға айналып бара жатқанын түсінеді деп ойлаймын», – деді А.Сарым.

Закиева әріптесі екеуіне айтылып жатқан сын пікірлерден кейін Қазақстанда әзірге бұғатталмаған Facebook желісінде жазба жариялады. Депутат ол жазбада сыннан қорықпайтынын айтып, керісінше, заң жобасы сөз бостандығын шектейді дегендерге дүрсе қоя берді.

«Біздің бұнымызды әлі есімізге саламыз деп отырғандар алдымен жалған демократия принциптерін жамылып, балалар құқығына қарсы шыққандарды есінде сақтап алсын», – деп жазды депутат.

Закиеваның бұл сөзі Татьяна Чернобильдің: «Өзгерту авторлары бәрін әдейі балалар құқығын қорғау тұрғысынан айтады, себебі бұған ешкім қарсы шықпайды», – деген сөзін растайды.

«Негізі балалар мүддесіне басымдық берілуі керек еді, бірақ біз бұл түзетулердің сипаты одан гөрі ауқымды деп санаймыз және ол тек балалардың мүддесіне қатысты емес. Бізде балаға зиян тигізетін ақпарат қандай екеніне нақты сипат жоқ. Негізі интернетте бар ақпараттың бәрін баланы қорғаймыз деген сылтауға икемдеп алуға болады. Балалардың қамы деп, билікке кесірі тиетін кез келген ыңғайсыз нәрсеге тыйым салу оп-оңай», – дейді құқық қорғаушы.

«Үлкен компаниялардың өз саясаты бар және ол біздің министрліктің қалауынан басқа»

Сарым да, Закиева да шетелдік әлеуметтік желі мен мессенджер өкілдіктерінің басшысы етіп қазақстандықтарды тағайындайтын норма жөнінде тіс жармады. Құқық қорғаушылар мен саясаттанушылар мұның барлығы мемлекеттің өз қызметкерлерін осылайша қорғауға мәжбүр болатын компанияларға көбірек қысым жасау мүмкіндігі үшін жасалған іс екеніне сенімді.

«Сондай-ақ бұл заң қабылданған жағдайда, қандай корпорациялар бұған келісуі мүмкін, мәселе осында. Заңда компания өкілдігін Қазақстан азаматы басқаруы керек деген талап жайдан-жай жазылмаған. Бір нашар үрдіс бар, ол бойынша, алпауыт компаниялар авторитар режимнің айтқанына көніп, бірге жұмыс істейді, яғни олар ұлттық заңнама немесе сот пен уәкілетті органның шешіміне бағынады. Осылайша іске асуы мүмкін. Бұл заңның қабылдануына қарсы шығу үшін басқа, анағұрлым негізделген сын қажет», – дейді Vласть порталына берген сұхбатында Димаш Әлжанов.

«Билік Ресейдің тәжірибесін қайталағысы келеді, ол жақта да жағдай мәз емес, өйткені Ресей алпауыт корпорацияларды дегеніне көндіріп отыр. Бізде де дәл солай еткісі келеді. Түзетулердің өзі кибурбуллиңмен күреске негізделген болса да, оның балаларды қорғауға түк те қатысы жоқ. Оны қабылдап, заң күшіне енген сәттен-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әртүрлі контентті өшіруді талап етуі мүмкін. Тенденция көрсетіп отырғандай, біздің биліктің Google-дан қандай да бір контентті өшіру бойынша өтініштерінің 85%-дан астамы – билік пен ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері туралы сынды өшіру туралы. Ол жақта кибербуллиң туралы дәнеңе де жоқ», – деді құқық қорғаушы Арсен Әубәкіров Vласть порталына.

Оның айтуынша, түзетулер қабылданса, Қазақстанның түрлі рейтингтегі позициясына теріс әсерін беріп, халықаралық ұйымдар тарапынан түрлі сынға ұшырайды.

«Оған қоса цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтардың дерегін орналастыру үшін ірі компаниялармен келіссөз жүргізіп жатыр. Кейінгі жылдары мұндай талпыныс жиілеп кетті, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін Абаев басқарып тұрғанда ол компанияларға дәл осы мазмұндағы хат жөнелткен, десе де олар жауапсыз қалған. Бәлкім, алпауыт компаниялар дегенге көнер, ал шағын компаниялардың жайы белгісіз. Биліктегілер контент бір тәулік ішінде өшірілгенін қалайды. Бірақ нақты қандай контент және не себепті өшірілуі керек екенін нақтыламайды. Үлкен компаниялардың өз саясаты бар және ол біздің министрліктің қалауынан мүлдем бөлек», – дейді құқық қорғаушы.

Татьяна Чернобильдің ойынша, бұл түзетулер Қазақстандағы интернет еркіндігінің құлдырауына әкеледі.

«Қытайдағыдай болуы мүмкін деп қорқамын. Интернет және ондағы бар тірлігіміз бақылауда болады. Біздің елдегі әзірге жалғыз еркін аумақ – интернет. Ал билік осы еркін аумақты бақылауға алу үшін жанұшыра бәрін істеп жатыр. Ақпарат іздейтін Google-ға да қол жетпей қалуы ықтимал. Ақпарат келіп түседі, бірақ оның өзі қатаң тексеруден өтеді. Сүзгіден “майшабақ” ақпараттар ғана аман қалады. Интернеттің арқасында ғана тәуелсіз қызмет етіп жүрген белсенділерге, азаматтық қоғам мен сайттарға қауіп төнеді», – дейді Чернобиль.

«Кибербуллиң – күшті ойлап табылған сылтау»

Саясаттанушы Димаш Әлжанов “биліктің заң жобасын бұрыннан дайындап, ал оны талқылауды әдейі сайлаудан кейінгі уақытта бастағанына” күмәні жоқ.

«Оларға сот немесе уәкілетті органның шешімі бойынша, барлық әлеуметтік желіні бір уақытта бұғаттамай, билікке ыңғайсыз кез келген ақпаратты өшіруге мүмкіндік беретін ықпал ету тетігін құру қажет. Олар бұл заң арқылы өздеріне төнетін қауіпті азайтып, қандай да ақпаратты өшіруге не бұғаттауға мүмкіндік алады. Мұның Ресейде қалай жұмыс істейтінін ескерсек, Қазақстанның да көздегені сол – белсенді арналар, сайттар мен аккаунттардың көзін біртіндеп жою», – дейді Әлжанов.

Саясаттанушы биліктің қалай әрекет ететінін білгісі келеді, себебі көптеген авторитар ел интернет ресурстарды бұғаттағанда түрлі тәсіл қолданады. Әлеуметтік желілердің қоғамға ықпалы жоғарылаған сайын, мемлекет оны басып-жаншуға тырысады. Әлжанов түзетулер контентті өшіруге арналған кезекті құрал екеніне сенімді.

Сондай-ақ, Әлжанов жаңа түзетулерді қабылдаудың салдары қазір біз ойлағаннан да күрделі болатынына сенімді: «Кибербуллиң – күшті ойлап табылған сылтау, ол арқылы осы шектеулер жүзеге асады. Ұсақ-түйектен хабары жоқ адамдар сеніп қалады деп ойлайды. Алайда осы түзетулердің авторы Сарымның өзі кибербуллиң саласынан түк хабары жоқ екенін көрсетті. Сол арқылы менің сөзімді дәлелдеді».

«Авторитар мемлекет үшін ақпараттың таралуын, мобилизация арналарын бақылауда ұстау маңызды. Кейінгі жылдары осымен белсенді күресіп келеді, мәселен, Әблязовтың тікелей эфирлерін алайық. Салдары біз ойлағаннан да күрделі болады. Бұл саяси контентке ғана қатысты емес. Мәселен, әлеуметтік жанжал болды делік, ол саяси жанжалға ұласуы мүмкін не сот шешімі әділетсіз болуы мүмкін, ал мұндай ақпарат мемлекетке қауіп төндіреді, яғни ықпалды адамдардың да беделін құртады деген сөз. Ал олар ол ақпаратты жай ғана өшіріп тастай алады», -– деп қорытындылады Әлжанов.

Заң жобасы жақында мәжілістің екінші оқылымына өтуі керек, кейін сенат талқысына түсіп, содан кейін ғана президентке қол қоюға жіберіледі. Бұл құжаттың осы аралықта қандай да бір өзгеріске түсу-түспеуі үлкен мәселе, себебі депутаттардың мұндай түзетулерді президент әкімшілігімен келіспей ұсынуы екіталай. Ал бұл аталған түзетулердің заң нормасына айналу мүмкіндігі көп екенін көрсетеді.