Биыл Қазақстанда саяси маусым кезектен тыс президент сайлауынан басталмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында бірқатар әлеуметтік, саяси, экономикалық бастама көтеріп, кезектен тыс президент сайлауына қатысуға дайын екенін жеткізді. Бұл жолдауды сарапшылар президенттің сайлауалды бағдарламасына теңеді. Власть саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовпен Қазақстанның қазіргі саяси жағдайы, Тоқаевтың екінші рет президенттік сайлауға түсудегі мақсаты, азаматтық қоғамның қателігі мен қазіргі әрекеті жайлы сұхбаттасты.
Шалқар, сұхбатымызды президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың екінші рет сайлауға түсу туралы мәлімдемесін талқылаудан бастасақ. Тоқаев қыркүйектегі екінші жолдауында президент мандатын 7 жылға ұзарту және бір мерзіммен шектеуді ұсынып, биыл күзде кезектен тыс өтетін президент сайлауына өзі де қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Тоқаевқа бұл не үшін қажет болды?
Ең алдымен Қасым-Жомарт Тоқаевтың автократ президент екеніне қатысты ешқандай иллюзия болмауы керек. Ол – Нұрсұлтан Назарбаев және әлемдегі басқа автократ президенттер секілді абсолют билікті қалайтын президент. Бұған үш жылдың ішінде толық көзіміз жетті. Қаңтар қырғыны кезінде Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын өз қолына алғаннан кейін ол барынша билікке мықтап отыру қадамына көшті. «Жаңа Қазақстан» секілді идеяларды ұсынуы – Назарбаевтан дара тәуелсіз президент ретінде өз билігін орнату үшін ойлап тапқан қалқасы, яғни автократ басшы ретінде өзінің саяси қадамдарын жұртқа тартымды етіп көрсету үшін жасалған саяси технологиясы болды. Мысалы, наурызда Тоқаев жолдауын жариялағаннан кейін «Тоқаевқа қолдау» деп Алматыда жастарға арнап концерт өтті, Amanat партиясы митинг өткізді, «Тоқаев тигр» деген сөз біздің қоғамдық саяси дискурста өте қатты талқыланды. Санкт-Петербургте Тоқаевтың Путиннің жанында Украинадағы соғысқа қатысты айтқан мәлімдемесін көпшіліктің көз алдында «Тоқаев өз алдына тәуелсіз президент, Путиннен де қорықпайды» деген ержүрек батыр президент образын жасау үшін қолданды.
Қысқаша айтқанда, өкінішке қарай, бір автократтың орнына екінші автократ келіп жатыр және оның қанша уақыт отыратыны белгісіз. Мұны Тоқаевтың ізбасарын Назарбаевтың жолымен емес, басқаша жолмен таңдауды ойластыру үшін уақыт ұтуы деп қабылдауға болатын шығар. Себебі, қаңтардан кейін Тоқаев саяси мұрасы үшін өте қатты алаңдайтын болады. Тоқаевтың саяси мұрасының болашағы тікелей өзінен кейін келген президентке байланысты болмақ. Билікке өзі секілді басшы келетін болса, Назарбаевтың саяси мұрасынан қалай бас тарту болып жатыр, дәл солай болашақта да қаңтар қырғынының шындығы ашылғанда, Тоқаев тарихта мүлде басқа атпен қалуы мүмкін екенін жақсы түсінеді. Оны ол естен шығармайды деп ойлаймын. Біріншіден, мына қадамдарды билікте қалу үшін істеп отыр. Екінші мақсаты – өзінің саяси болашақтағы мұрасы үшін күрес деп бағалауға болады.
Тоқаев Назарбаев төңірегіндегілердің қайта оралу мүмкіндігін қарастырды ма?
Назарбаев әулетін біртекті деп қабылдамауымыз керек. Кезінде саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы біздің саяси жүйені «үштаған» деп атаған, яғни үш топтан тұрады: бірінші – Назарбаев әулеті, екінші – оның айналасы, яғни әкім, министрлер, үкіметтің кабинет күштілері, үшінші топ – олигархтар, Назарбаевтың қолдауымен байыған долларлы байлар. Осы үш топ Назарбаевтың кезіндегі ойын ережесін жақсы біледі. Ол ойын ережесі бізде өзгерген жоқ, яғни иерархияның басында кім тұрады, соған тәу ету. Қазір Назарбаевтың дәуірі өтіп, оның орнына Тоқаев дәуірі қалыптасып жатыр, сол себепті ол олигарх топтар қаңтардан кейін саяси билік Тоқаевтың ыңғайына қарай ығысқанын біледі. Назарбаевтың айналасы Тоқаевтың айналасы болуға талпынып жатыр. Тоқаев оппоненттеріне қарсы күресте керек болатын қорғаныс министрі, ішкі істер министрі, бас прокурор, сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі, орталық сайлау комиссиясының төрағасы сияқты тұлғалардың бәрін қаңтардан кейін ауыстырып тастады. Осы арқылы Тоқаев өзіне адал адамдарға билік берді.
Бүгінгі күнге дейін бірде-бір жаңа партия тіркелмегенін ескерсек, алдағы президент сайлауынан не күте аламыз? 2019 жылы президент сайлауына қатысқан Әміржан Қосанов балама кандидат болмаса, сайлауға қайта түсетінін айтты. Ал бұған дейін белсенділік танытып жүрген «Қазақстан халық партиясы» кандидат ұсынбайтынын мәлімдеп үлгерді.
Ақпанның басында мәжілісте отырған үш саяси партияның депутаттарынан тұратын «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы құрылды. Сол кезде «бұл депутаттық топ болашақта бір саяси альянс ретінде Тоқаевты алдағы президент сайлауында қолдау үшін қолданылуы мүмкін» деген ойды айтқанмын. Олар биліктің атынан ортақ бір кандидат ретінде Тоқаевты ұсынуы мүмкін, өздерін конструктивті оппозиция санайтын «Ақ жол» партиясы да бұрынғы коммунист, қазіргі «Қазақстан халық партиясының» жолымен «біз де кандидат ұсынбаймыз, қазіргі Қазақстандағы, әлемдегі қиын жағдай кезінде саяси тартыстан гөрі Тоқаевтың кандидатурасы бәрімізге оң, сол үшін оны қолдайық» деген мәлімдемені айтатын да шығар. Оны көре жатармыз.
Одан бөлек жақында Respublica атты партия құрамыз деген белсенділер мен кәсіпкерлер тобы шықты ғой. Олар да мәлімдемесінде популистерге қарсы күресетінін, Тоқаевтың реформасы үшін құрылғанын мәлімдеді. Осылай ашықтан-ашық президентшіл партия екенін мәлімдеді. Осы партияны құрамыз деп жүргендердің бірі – Сырымбек Тау деген кәсіпкер Алматыдағы «Тоқаев тигр» деген концерттің демеушісі болған. Бұл да ескеретін жайт деп ойлаймын. Сол себепті болашақта осы секілді, президент әкімшілігінің қолдауымен құрылғалы жатқан партиялар «Тоқаевтың айналасына топтасайық» деп үкіметтік емес ұйым ретінде қолдау білдіруі мүмкін. Сайлау өткеннен кейін олар тез арада тіркеуден өтіп, парламентте де депутаттық мандатты өзара бөлісіп алатын сияқты көрінеді.
Ал оппозициядан не күтеміз?
Бізде қазір оппозициялық күштерден бәрін біріктіретін және қазіргі біздегі қатаң талаптарға сай келетін үміткерлер өте аз. Мысалы, Мұхтар Тайжан, Болат Әбілов секілді азаматтар кандидат ретінде өздері тіркелгісі келсе де, олардың мемлекеттік қызметте бес жылдық еңбек өтілі жоқ. Осындай техникалық кедергілер арқылы олар өте алмайды. Олар бірігіп не істеуге болатынын талқылап жатыр. 2005 жылы кезінде Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Заманбек Нұрқаділовтер оппозицияда жүргенде «Әділетті Қазақстан» деген саяси оппозицияның альянсы пайда болып, олар ортақ кандидат ретінде Жармахан Тұяқбайды ұсынған болатын. Сол кезде ғана бізде осы оппозициялық күштердің бірігуге мүмкіндігі болды. Ал сол секілді оппозициялық күштердің бірігуі дәл қазіргі жағдайда өте қиын деп айтуға болады, өйткені саяси алаңды Назарбаев тазалап тастады, одан кейін тазалауды Тоқаев жалғастырды. Үш жылдың ішінде бірде-бір партия тіркелмегенін ескерсек, Тоқаев сол Назарбаев салып берген жолмен келе жатыр және бұл жолдан бас тартатын адамға мүлде ұқсамайды. Сол себепті бізде баламасыз сайлау болуы мүмкін. Облыс әкімдерін тырнақша ішіндегі екі кандидат арасында сайлап жатыр, дәл сол секілді Тоқаев және ел-жұрт аз білетін бір кандидаттың өтуі мүмкін шығар.
Сондай-ақ, президент келесі жылы парламент сайлауы өтетінін атап өтті. Қазір бірнеше ұйым партиясын тіркеу барысында жүр. Қалай ойлайсыз, парламент сайлауына дейін қандай партиялар тіркеуден өтуі мүмкін және не себепті олай ойлайсыз?
Президент әкімшілігімен келісімге бармаған саяси партиялардың Қазақстанда тіркелуі мүлдем мүмкін емес жағдай деуге болады. Өйткені, қазіргі талаптар, әкімшілік кедергілер бар, одан бөлек президент әкімшілігінен «саяси бата» алмағаннан кейін, әділет министрлігі ол партияларды тіркемейді. Сол себепті тек президент әкімшілігінің рұқсатын алған Respublica сияқты жаңа бір партиялардың пайда болуы мүмкін. Уақыт көрсетеді қанша партия пайда болатынын, десе де ол партиялардың тіркелуі олар сайлауға қатысады және ол сайлаудың нәтижесінде жеңіске жетеді дегенді білдірмейді. Мысалы, оппозициялық бір-екі партия тіркелетін шығар, бірақ олар тіркеуден өткен күннің өзінде депутаттық мандатты жеңіп алуға бізде ойын ережесі дайын емес. Орталық сайлау комиссиясы президент әкімшілігіне тәуелді болғаннан кейін солардың айтқанын істейді. Оппозициялық партиялар қанша дауыс жинағанын да білмейді. Ашық сайлау жүйесі болмағаннан кейін, өкінішке қарай, саяси партиялар тіркелген күннің өзінде олардың билікке келу ықтималдығы өте төмен.
Президенттің жолдауын қорытындылап өтсек, қандай саяси баға бересіз, көптеген сарапшы мұны сайлауалды бағдарламасын ұсынғандай көрінді деп бағалап жатыр…
Иә, мұны сайлауалды бағдарламасы ретінде қабылдауға болады, өйткені Тоқаевтың жолдауда көтерген бастамаларын алдағы президент сайлауына дейінгі бір айлық сайлау кампаниясы кезінде де көреміз деп ойлаймын. Осы бастамаларды пропаганда өкілдері кандидат Тоқаевтың бастамалары ретінде көрсетуге тырысады. Сайлаудан кейін де Тоқаев осы тезистеріне оралады деп ойлаймын. Тоқаев айтуы керек үлкен масштабты бастамаларын айтып тастады, мысалы, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын балалар 18 жасқа толғанға дейін жеке шоттарына салып отырамыз деді. Бұл да негізі сайлау кампаниясы кезінде айтуға болатын дүние еді, бірақ ол көпшіліктің құлағына қазірден жете берсін, осыны біле жүрсін деген оймен бір пропагандаға сүйене отырып айтты деп ойлаймын. Әрине, кез келген автократиялық билік 100% барлығына сенімді болмайды, десе де тәуекелді барынша азайтуға тырысады. Жұрттың ойынан шығатын оппонент пайда болғанның өзінде, оның айтуы мүмкін идеяларын оған дейін Тоқаев айтып тастауы мүмкін. Кез келген саясаткер көпшілікке ұнауы үшін көбіне осындай бір әлеуметтік бастамаларды көтереді. Бұл қазақстандықтар үшін жаңа нәрсе емес, Назарбаевтың кезінде де Кувейт елдеріндегі секілді азаматтар мұнайдың табысын көретіні жайлы айтылды. Бұл көпшіліктің ойында жүрген нәрсе, соны Тоқаев іске асырушы ретінде тарихта қалғысы келеді және оны 2024 жылдан бастайтынын айтты, оның деталі әлі белгісіз болып тұр. Бір сөзбен айтқанда, Тоқаевқа миллиондаған адамның өміріне әсер ететін бір нәрсе ұсыну керек болды. Сол себепті бұл Тоқаевтың сайлауалды кампаниясы үшін жасалған жолдау деп үлкен сеніммен айтуға болады.
Ал азаматтық қоғам қазір қандай жағдайда тұр? Билікті сынаған белсенді топтардың мүшелері, лидерлері қамауда не түрлі қысым көргенін хабарлап жатыр, ал бақылаушыларға қатысты жаңа заң жобасы қарастырылып жатыр. Дегенмен, әлі де белсенді топтар бар.
Азаматтық қоғамның адами, қаржылық, әкімшілік ресурстары қазіргі авторитарлық режимнің мүмкіндіктерімен салыстыруға мүлдем келмейді. Бірақ авторитарлық ортада да азаматтық қоғам ауызбіршілік танытса және стратегиялық мәселелерге келгенде бір команда ретінде жұмыла жұмыс істей алатын болса, ойын ережесін өзгертуге, алға қадам жасауға болады. 2019 жылдан 2022-ге дейін президент сайлауы өткеніне үш жыл уақыт өтті. Осы аралықта азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар, саясаткерлер, өздерін оппозиция деп санайтын күштер осы сайлауға дайындалуы керек еді. Сайлау туралы заңда кандидат саяси партияның, Республикалық-қоғамдық бірлестік атынан шығуы керек және мемлекеттік қызметте 5 жылдық еңбек тәжірибесі болуы керек деген талаптар бар. Бұл тек Назарбаев, Тоқаев жүйесінен шыққан адамдар ғана кандидат бола алады дегенді білдіреді, сондықтан кем дегенде соңғы үш жылда азаматтық қоғам осы кедергілерді жоюға жұмыс істеу керек еді. Ал бізде, өкінішке қарай, оны мүлдем күн тәртібіне шығара алған жоқ. Мұны азаматтық қоғамның жеңілісі деп айтуға болады.
Сонда азаматтық қоғамның қазіргі әрекеті қандай болуы керек?
Азаматтық қоғам стратегияның дұрыс болмауына байланысты қазір кандидатты іздеумен әлі айналысып отыр. Қайтадан сол фундаментал нәрсеге келіп жатқан жоқ. Екінші мәселе – осы сайлауды ұйымдастыратын, дауыс жинайтын Орталық сайлау комиссиясын президенттен тәуелсіз ұйым ретінде құру жолдарын талқылап жатқан жоқ. Аймақтардағы сайлау комиссиясын әкімдерден тәуелсіз ететін жолдар талқыланып жатқан жоқ және бұл бүгін емес, бұған дейін Тоқаев референдумды ұсынған кезде талқылану керек еді. 2019–2022 жылдар аралығында билік транзитін бейбіт жолмен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік саяси институттарды қалыптастыру жолдары талқылануы керек еді. Бізде көп талқыланған мәселелер – партияларды тіркеу туралы болды. 2021 жылы партияны тіркеуге қатысты 22-ге жуық өтініш болған, оның ешқайсы қабылданбады деген дерек бар. Бірақ партия тіркеліп кетсе, бізде ашық, әділ сайлау болып кетпейді, яғни біз мәселеге басқа жағынан келуіміз керек еді. Назарбаев секілді бірінші экономика, одан кейін саясат деп мәселелерге басымдық бермей, жүйелі түрде қатар жасалуы керек. Мұны, өкінішке қарай, Тоқаев режимінің жеңісі деп айтуға болады. Өйткені олар күн тәртібіне басқа мәселені шығарды да, азаматтық қоғам мүшелеріне осындай өте маңызды мәселелер аясында бірігуге мүмкіндік берген жоқ.
Қазір бір-екі айдың көлемінде өтетін сайлауға дейін азаматтық қоғамның қолынан келетіні шамалы болып тұр. Жаңа Конституция қабылдау деген идеяны қайта көтеру керек. Тоқаев қалаған уақытында президент сайлауын өткізе алатын Назарбаев секілді президент, екінші елбасы болып отыр. Алдағы уақытта президент қаншалықты мықты болса да, қалаған уақытында парламент, президент сайлауын өткізетіндей мүмкіндігі болмауы керек. Заңда қалай жазылса, солай уақытында өтуге тиіс. Сондай-ақ, парламенттің президент қалауымен конституцияны өзгертіп беретіндей өкілетін шектеу керек. Тоқаев қазір қолында абсолют билігі бар президент ретінде демократиялық реформаларды бір бұйрығымен жүзеге асыра алатын деңгейде, бірақ ол өз билігін керісінше күшейту үшін отыр. Өйткені қазір елде жағдай қиын, халық күннен-күнге кедейленіп барады, қаңтардағы әлеуметтік протесттік көңіл-күй ешқайда кетіп қалған жоқ. Тоқаевқа деген сенім күннен-күнге азаймаса, күшейметіні анық, сол себепті Тоқаев жолдаудағыдай популистік идеяларды ұсыну арқылы қайтадан өзіне деген сенімді күшейтіп, тағы да 5 жылдық мерзімге сайланып алуға тырысып отыр.
238 адам қаза тапқан қаңтар оқиғасынан бері 9 ай өтті. Бірақ толыққанды тергеу нәтижесі әлі ұсынылмады. Жақында қаза тапқандардың тізімі жарияланды, бірақ ол жерде де толық ақпарат болмады. Енді президент жолдауында Қаңтар оқиғасына қатысып, бірақ ауыр қылмыс жасамағандарға бір реттік рақымшылық жариялады. Бірақ мұнда да рақымшылық кімдерге және қанша адамға қатысты екені белгісіз күйі қалып отыр. Тоқаевтың бұл мәлімдемесін қалай бағалауға болады?
Қаңтар қырғыны – Тоқаевтың Ахиллес өкшесі. Тоқаев тікелей осы қаңтар трагедиясына жауапты ең жоғарғы саяси қызметте отырған саясаткер және қаңтарда Тоқаев күштік құрылымға ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Одан кейін елде жаппай толқулар кезінде 238 адам оққа ұшты, ол азаматтардың қандай жағдайда, кімнің қолынан оққа ұшқаны әлі күнге дейін жұмбақ. Ашық, әділ зерттеу болған жоқ. Ол азаматтардың басым көпшілігі біздің әскерилердің қолынан немесе азаптаудан қаза тапқаны белгілі болса, ыңғайсыз сұрақтардың барлығы бірінші кезекте Тоқаевқа қойылатын болады. Тоқаевтың жазып, кейін өшіріп тастаған 20 мың террорист туралы твиті, шетелдік террорист деп көрсетуге тырысқан қырғыз музыкантының кейсі бар. Сол себепті мұндай сұрақтар қойылмағанын қалайды, сұрақтар қойылатын болса, ақылға қонатын жауаптары жоқ болғаннан кейін олар осы мәселені барынша ұмыттыруға тырысады. Ол сұрақтар Тоқаев билігінің лигитимділігіне қатысты сұрақтарды көбейтеді.
Тіпті кеше жолдаудан, оның алдындағы жаңалықтардан байқағанымыздай, Тоқаев және оның әкімшілігі Кәрім Мәсімовтың ісі арқылы осы мәселеге нүкте қоюға тырысатындай көрінеді. Бірақ бұл трагедия Мәсімовтың және тағы басқа азаматтардың сотталуымен шектелмейді, өйткені елімізде шын мәнінде адам және оның өмірі басты құндылық дейтін болсақ, онда 240-қа жуық адамның өліміне қатысты сұрақтарға ашық жауап берілуі керек, әділ, халықаралық зерттеу болуы керек, саяси-құқықтық баға берілуі керек. Керек болса, жауапты адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылуға тиіс. Мұндай зерттеулер тек тәуелсіз парламент болған кезде ғана мүмкін болады, сол себепті қазір Тоқаев президент болып тұрған кезде және оның айналасындағы адамдар билікте отырған кезде, өкінішке қарай, Жаңаөзен, Желтоқсан секілді қаңтар трагедиясының да шындығы белгісіз уақытқа дейін ашылмайтын болады.
Сұхбатымызды қазіргі саяси жағдайдың оптимистік көңіл-күй сыйлай алатын тұстары бар ма деген сұрақпен қорытындыласақ…
Менің ойымша, осы жолдаудан кейін Тоқаевтың автократ президент екеніне осы уақытқа дейін оған үміт артып келген азаматтардың көбі толықтай көз жеткізді. Тоқаевтың Назарбаевтан ешқандай артықшылығы, айырмашылығы жоқ екеніне, автократ саясаткердің ойы – мейлінше ұзағырақ абсолют билікті қолында ұстап тұру екеніне көз жеткізді деп ойлаймын. Бұл, менің ойымша, саяси бір иллюзиядан арылуға жақсы бір кейс, себеп болды, өйткені үш жыл бойы көптеген ел алдында жүрген азамат Тоқаевқа үміт артып келді. Назарбаевқа қарағанда ол өте білімді, интеллектуал, мәдениеті жоғары, диктатураға бара қоймайды деген ойды айтып келді көп адам. Бұл көптеген адамның “қызғылт көзілдірігін” шешуге себеп болады деп үміттенемін. Қазіргі саяси жағдайға объективті көзқараспен қарай алатын адамдардың қатары артты деген оптимистік ойға келуге итермелейді.
Екіншіден, қазіргі миллениалдар мен Z-ұрпақ оған дейінгі аға ұрпаққа қарағанда барынша еркіндікті бағалайды. 2019 жылғы президент сайлауын алып қарайтын болсақ, ол елдегі саяси шешімге араласуға, өз үнін жеткізуге тырысатын азаматтардың қатары артып келе жатқанын көрсетті. Фридрих Эберт қоры жүргізген әлеуметтік зерттеуден көп болмаса да саясатқа қызығатын жастардың бұрынғы жылдармен салыстырғанда артып келе жатқан динамикасын байқаймыз.
Үшіншіден, қаңтар қырғыны біздің көптеген азаматтың санасында дүмпу жасады деп үміттенемін, себебі бірінші әлеуметтік мәселемен басталып, арты саяси проблемаларды көтерген жаппай толқуға айналған оқиға елде бірінші рет болды. Осы митингіге қатысқан, куәгер болған, бақылаған азаматтарымыз қанша дегенмен елде саяси өзгеріс болмай ешқандай салада айтарлықтай өзгеріс болмайтынына көз жеткеннен кейін шықты деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін авторитар режим маргиналдар деп есептеп, олармен санаспаған, әсіресе қазақтілді, көбіне әлеуметтік жағдайы төмен категориядағы азаматтардың да саясатқа қатысуға ниетті екенін көрсеткен оқиға болды. Олардың пікірін ескермейтін болса, елде алға жүру, тұрақты даму болмайтынына көз жетті. Біз ең бастысы 240-қа жуық азаматтың барша қазақстандықтың еркіндігі мен бостандығы үшін, жарқын болашағы үшін құрбан болғанын үнемі есте сақтауымыз керек. Азаматтар үшін үлкен тарихи жауапкершілік тұр – қаңтар құрбандарының аруағының алдында адал болу және олар көрмей кеткен, қол жеткізе алмай кеткен дамыған азаматтық, демократиялық қоғамды, конституцияның алғашқы баптарында көрсетілгендей, зайырлы, құқықтық, әділетті мемлекетті құруға күн сайын атсалысуымыз керек.
Поддержите журналистику, которой доверяют.