4672
20 сентября 2022
Дмитрий Мазоренко, фото Жанар Каримованыкі

Шегі жоқ транзит

Қазақстан парламенті саяси монополияны нығайта жүріп, одан арылу мәселесін көтереді

Шегі жоқ транзит

Қазақстан депутаттары Конституциядағы түзетулерді, атап айтқанда, президенттің жеті жылға және бір мерзімге ғана сайлануын демократия нышаны дейді. Алайда бұл заңдарды қабылдарда қоғам пікірімен санасқан ешкім жоқ. Қоғамға бар болғаны бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев кезінен бері келе жатқан билік транзитін бақылау ұсынылды. Ал азаматтардың саясатқа қатысуы партияларды тіркеу ережесін қайта қарау мәселесімен ғана шектелді.

Қыркүйектің 16-сы күні екі палатаның депутаттары жиналып, Конституцияға Қазақстан президентінің жеті жылға және бір мерзімге ғана сайлану мәселесін қарастырды. Бұл түзетулердің қажет екенін президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күнгі халыққа жолдауында айтқан.

Парламент депутаттары алдағы президент сайлауына үлгеру үшін бұл істі тездетуді ұсынды. Президент түзетулер енгізілген құжатқа қол қойып, құжат заңды күшіне енді.

Әйтсе де, президенттен тапсырма түскенде қысқа мерзімде маңызды шешім қабылдай салу ел парламенті үшін үйреншікті нәрсе. Дәл осындай жағдай 2017 жылы Конституцияға түзету енгізгенде де болған.

Тоқаевтың сөзіне қарағанда, қазіргі түзетулер келесі президенттердің саяси билікті монополиялау қаупін сейілтуі керек. Алайда осы түзетулерді қабылдау дәл сол монополиялаудың жалғасы емес пе? Қазіргі жағдайды саяси партиялар туралы заңды өзгерту үдерісімен салыстырып көрейік.

Тоқаев алғаш рет партияларды тіркеу ережесін жеңілдету туралы 2019 жылы жаңа саяси қозғалыстар бастаған көтеріліске ұласқан президент сайлауынан кейін айтты. Партияны тіркеу үшін қажет қол саны екі есе, яғни 20 мыңға қысқарды, алайда ешкім партиясын тіркей алмады. 2022 жылы наурыз айында, қаңтар оқиғасынан кейінгі жолдауында Тоқаев қол саны 5000-ға түсетінін хабарлады.

Әлеуетті партияның көпшілігі ресми саяси күшке айналу үшін осы түзетулерді күтті. Бірақ оларды әзірлеу және парламентте талқылау алты айға созылды. Ал президенттің өкілет мерзімі туралы түзету екі апта ішінде әзірленіп, қабылданды. Оған қоса, өзгерістен күдерін үзген саяси қозғалыстар әлі күнге дейін тіркеле алмай жүр.

Бұл мәселеден не түйеміз? Уәде етілген саяси кеңістікті демонополиялау – парламент бақылауындағы қазіргі элитаның билік транзитін жалғастыру жолындағы айла-шарғысы.

Нағыз демонополизацияның орнына қазақстандықтарды тағы да билік транзитімен келісімге келуге мәжбүрлеп жатыр, бұл бұрыннан қалыптасқан тәртіпті қайта бекіту екені анық. Ал қаңтар оқиғасы кезінде азаматтар осыған қарсы шыққан еді.