6496
1 декабря 2022
Риза Хасанов, суреттерді Владислав Сон түсірген

Атом электр станциясын күту

Атом бақыты бұйырған Алматы облысына қарасты Үлкен ауылындағы өмір

Атом электр станциясын күту

Шетсіз-шексіз жайылған құрғақ дала. Кедір-бұдыр жол. Автобус жолдың шұңқырына түскен сайын теңселіп, сілкініп, сықырлаған дыбыс шығады. Ойқы-шойқы жердің кесірінен баяу жүріп келеді. Ұшы-қиырсыз әрі құрғақ дала.

Табиғат көрінісі бес сағаттан кейін ғана түрлене бастады. Үлкен ауылына жақындадық. Көкжиекте, ауыл төңірегінде сұр түсті бес қабатты үйлер көзге шалынады. Оң жақ тұста көкпеңбек көл, дәл алдымызда Балқаш көлінің толқыны мен электр жеткізу желісінің бағаны бейнеленген Үлкен ауылының елтаңбасы көрінеді.

Екі символдың да кейінгі қырық жыл бойы бұл жерге тікелей қатысы бар. Оның мәні мынада: Үлкен ауылы кеңес өкіметі кезінде энергетикалық ресурстарды өндіру жоспарына байланысты құрылған; ал қазір қала өмірі үшін көлге қарыздар: өйткені жергілікті тұрғындар Балқаштан балық аулап, оны азық қылады; кептіріп, жол бойында сатады немесе жергілікті қабылдау орнына өткізеді. Ал көл жағалауындағы балық зауыты жүздеген адамға нәпақа табатын жер болып отыр.

Үлкен ауылы бізді посткеңестік көріністің ыдырауы шағында күтіп алды: шаң басқан әрі қираған жол. Ең әуелі қазір адам тұрмайтын пәтерлер көзге түседі. Бос терезелерден бірнеше шақырымға созылған адырлы дала, көкжиекте Балқаштың көгілдір белдеуі, жартылай адам қоныстанған көрші тоғыз қабатты панель үйлер көрінеді.

Ауылды түсіріп жүрген бізді кезіктіргендер «қоқыс пен қараусыз үйлерді» түсірмеуімізді сұрайды. Жергілікті тұрғындар жиі келетін журналистер мен блогерлердің ауылды «тек жаман жағынан» көрсетіп, бұл мекенді «тастанды елес қала» деп атайтынына ренішті. Тұрғындар әңгіме арасында қаланың «өлі» емес екеніне сендіріп, жақсы өмір сүріп жатқанын, мұнда өмір сүруге қажетті су, жарық, жылу бар екенін айтты. Мұнда осы мекенді жақсы көретін адамдар өмір сүреді дейді, тыныш, керемет әрі маңғаз табиғатын айтады.

Бұл жерді тани түсіп, тұрғындар өміріне еніп, оларға АЭС құрылысының қажеті бар-жоғын білу үшін Үлкен ауылында бірнеше күн тұрақтадық. Ауыл тұрғындары екі оттың ортасында қалғандай: ауыл өмірін жандандыратын, алайда Балқашқа кесірі тигізуі мүмкін АЭС немесе көлді сақтап қалу.

Шын мәнінде, жергілікті тұрғындардың алдында айтарлықтай таңдау да жоқ. Билік Үлкенде АЭС саламыз десе, мұнысынан бас тартпайды.

Атом бақыты

Үлкен қаласы 1984 жылы КСРО басшылығының осы өңірде сол күйі салынып бітпеген Оңтүстік Қазақстан су электр станциясын салу туралы шешімінен кейін құрылды. 1970 жылдардың соңы мен 1980 жылдардың басында бұл құрылысқа елдің түкпір-түкпірінен жастар ағылды: олар ең алғашқы тұрғын үйлер мен су электр станциясының инфрақұрылымын салды.

Үлкен ауылының 72 жастағы тұрғыны Тамара Роженко шөл даладағы тізілген вагондардың бірінде күйеуімен тұрғанын, ауыл төңірегіндегі үлкен құрылыс, мұнаралы кран тізгінін ұстаған кезі әлі есінде екенін айтады. Үлкендегі әрбір тақтаны сол кран көтерген екен.

Үлкен ауылының орталығындағы аллеяда отырмыз. Түс ауа көл жақтан самал жел соқты. Айналада тірі жан жоқ.

– Құрылыс үшін күйеуіммен Қырғызстаннан, нақтырақ айтқанда, Ыстықкөлден келдік. Жап-жас едік. Күйеуім экскаватормен үйдің іргетасын құятын жер қазатын. Ал мен кранда жұмыс істедім, құрылыс материалдарын түсіретінмін. Үлкендегі әрбір үйдің тақтайшасы менің қолымнан өткен шығар. Үйлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейді. Кейін Балқаштың жағасындағы су электр станциясының астына бөгет құйыла бастады, яғни стансаның орны дайындалды. Жұмыс та, адам да көп еді, кіл жастар. Жалақы жақсы болды, молшылықта өмір сүрдік. Құрылыс басталған кезде болашақ қалаға «Бақытты» деген ат қоямыз деді. Жастар мәз болып, «Бақытты қалаға бақытымды іздеп барамыз» десетін. Иә, мұнда бақытын тапқандар да бар… Кейін кенеттен қалаға «Үлкен» деген ат берді. Негізі жоспар бойынша осы қала салынуы керек еді. Аумағы Балқашқа дейін созылады деп жоспарланды. Кран жолының көп болғаны есімде. Кейін құрылыс басталып, Кеңес одағы құлады. Бәрі талан-таражға түсіп, түк қалмады. Адамдар да кете бастады. Өкінішті, – дейді Тамара Роженко.

КСРО құлағаннан кейін Оңтүстік Қазақстан су электр станциясы жобасы тоқтатылды. Станция жұмысы үшін құрылған Үлкен де құлдырай бастады: жұмысынан айырылған жастар үйін тастап, Қазақстан, Ресей мен Германия асып, ірі қалаларға жөнеле бастады. Тамара Роженко күйеуі қатты ауырып, Үлкенде қалды. Осылайша, ауылдың қирауына куә болды.

– Бәрі көшіп кетті. Көбі пәтерін тастап кетті, кейбірі ғана үйін сата алды. Мен жалғыз қалдым. Күйеуім қатты ауырды. Ол сауығып, аяғына тұрады, өміріміз қалпына келеді деп үміттендім. Бірақ 1996 жылы күйеуім қайтыс болды. Тоқсаныншы жылдардың соңы мен екі мыңыншы жылдардың басында өмір сүру қиындады: су мен жарықсыз қалдық. Көрмегеніміз жоқ. Құдайға шүкір, қазір су да, жарық та бар. 1999 жылы қолыма еңбек кітапшамды табыстап, бәрін есептеп, Үлкенде су электр станциясы салынбайтынын айтты. Кейін біраз уақыт канализация-сорғы стансасында лаборант болып жұмыс істедім. Қысқартуға іліндім. Сосын қармақ, ау сатып алып, балық аулауға кірістім. Көлімізге рақмет. Ол болмағанда, аштан қататын едік, – дейді Тамара Роженко.

Балқаш – жомарт асыраушы. Ауылдағы әйел-еркек түгел көлден балық аулайтын. Балқаш балықтарының арқасында үлкендіктер аштан өлген жоқ: қирау мен кедейлік тұсында ауылды балық асырады.

– Басында балықты өзім аулайтынмын. Кейін балықшылардан сатып алатын болдым. Өзім өңдеп, қақтап, жол бойында сататынмын. Балық жақсы өтетін. Ал қазір қиын, балық қымбаттады, оған қоса көлде балық азайды, – дейді Тамара Роженко.

Тәуелсіз Қазақстанда кеңестік Оңтүстік Қазақстан су электр станциясы жобасы тоқтағанымен, Үлкенде су электр станциясын салады деген қауесет тоқтамады. Ал 1997 жылы Қазақстан ядро қоғамдастығының ұсынысы бойынша дайын тұрған алаңды АЭС құрылысына пайдалану туралы шешім қабылданды. Бұған Қазақстан тұрғындары мен экологтары наразылық білдіріп, билік жоспарын қайта қарауға мәжбүр болды.

2008 жылы Балқаш жылу электр станциясын салу туралы шешім қабылданды. Араға төрт жыл салып, 2012 жылы «Балқаш жылу электр станциясы» АҚ және Samsung Engineering Company корей компаниясы Үлкен ауылында бірінші электр станцияның модулін салу туралы келісімге қол қойды. Құрылысқа дайындық 2013 жылы басталды. 2016 жылы дайын тұрған алаңға құрылыс материалдары әкелініп, алайда біраз уақыттан кейін жұмысы тоқтатылды.

– Жылу электр станциясының құрылысы жүріп жатқанда зейнетте болдым. Алайда зейнетақы жетпейтін еді. Сол кездері Үлкенге корейлер келген. Жақын жерде үйшіктерде тұрды. Ол ауданда бәрі басқаша еді. Кейін еден жуушы болып, соларға жұмысқа тұрдым. Ол кезде де үлкен жоба, үлкен жоспар бар еді. Алайда кейін корейлер кетіп қалды. Үнемі солай еді: мамырда құрылыс басталады, қазанда тоқтайды. Неге? Біз бұған да үйреніп кеттік… Қазір атом электр станциясы құрылысы туралы айтып жатыр. Құдай қаласа, салынса екен, – дейді Тамара Роженко.

2019 жылы Қазақстанда атом электр станциясы салынуы мүмкін деген әңгіме тарады. Ол шамамен Үлкен ауылында салынады десті. 2022 жылы энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстан атом электр станциясын Үлкен ауылында салатынын айтты.

Власть сөйлескен жергілікті тұрғындардың басым бөлігі атом электр станциясының құрылысын қолдайды, алайда «АЭС-тің Балқашқа кесірі тимеуі керек» дейді. Олар заманауи атом энергиясын қауіпсіз санайды, ал станцияның салынуымен ауылға «өркениет келеді» деп үміттенеді. Үлкенде өмір жақсарады деп сенеді: жаңа жұмыс орындары, емхана, перзентхана ашылып, қаңырап тұрған пәтер адамға толады деп күтеді.

– Ауылда АЭС салынса, көшіп кеткендер қайта оралатын шығар. Жаңа зауыт не фабрика салынса, жұмыс орындары ашылады. Бәлкім, өзіміздің емхана ашылар. Сонда анализ тапсыру үшін Ұзынағаш, Балқаш не Алматыға салпақтамас едік. Қазір бәрі ақылды, заманауи технологиялар бар. Апат болмас. АЭС көп елде салынып жатыр, оларға ештеңе болған жоқ. Кейін немерелеріміз білім алып, сонда жұмыс істейді. Солай ойлаймын. Олар жақсы өмір сүреді. Немерелеріміз бізден де жақсы өмір сүретін болады. Соған сенемін, – дейді Тамара Роженко.

Алаң

АЭС салатын алаң Үлкен ауылынан бірнеше шақырым жерде орналасқан. Сол үшін ол жаққа жаяу барамыз.

Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Айнала жылу беріп тұрған күн сәулесімен су басқан адырлы далаға ұласады. 15 минуттан кейін АЭС алаңындағы жолды бөгейтін шлагбаумға таядық.

Күзетші киімін киген жасы келіп қалған ер адам камера ұстаған бізді көріп, вагоннан шықты. Шлагбаумға сүйеніп тұрған азаматпен әңгімеміз басталды.

– Үлкенге 1988 жылы келдім. Ол кезде құрылысшы болып жұмыс істедім. Кейін Кеңес одағы құлап, құрылыс тоқтады. Сондықтан жергілікті тұрғындар балық аулап өткізеді немесе қосалқы электр станциясында жұмыс істейді, – дейді ол.

Бұл алаң қоршалмаған, жылқылар еркін жайылып жүрген кең дала. Құрылыс белгісі байқалмайды.

– Алаңда жұмыс жүріп жатқан жоқ. Бұрынғы құрылыстан қалған материалдар жатыр. Соны күзетеміз. Негізі бұл алаңда сол материалдан басқа ештеңе жоқ. Бұл аумаққа сіздерді кіргізбеймін. Кіргізе алмаймын. Алаңды суретке түсіруге де тыйым салынған. Кешіріңіздер, – дейді ол.

– Үлкенде атом электр станциясын салуға қалай қарайсыз? – деп сұрадым.

– Атом энергиясына жақсы қараймын. Бүкіл елде бар нәрсе. Алайда дәл осы жерде, Қазақстанның қақ ортасында АЭС салынбаса екен деймін. Бұл – еліміздегі ең маңызды өңір. Ал жанымызда Балқаш бар.

Көл

Өнеркәсіп алаңының оң жағында, бірнеше жүз метр қашықта, шексіз белдеуде көгілдір түсті көл созылып жатыр. Бізге және көл маңайында жайылып жүрген сиырларға сергітетін самал жел соғып тұр.

Майда толқындар жағалауға дейін ақ көпіршікке айналады. Алда күн нұрына көмкерілген көл көрінісі бар. Алысқа көз жүгіртсек, көлдің көгілдір көкжиегі көкшіл аспанға ұласады. Балқаштың таңғажайып сұлулығы жүректі тебірентеді.

Бір кезде жағалауда сиырларын суатқа айдаған екі малшы көрінді. Олардың біреуін сөзге тарттық.

– Көл саязданып барады. Бұған Қытайдың Іледен Балқашқа жіберілетін су мөлшерін азайтқаны себеп. Су шетіндегі тастарды көрдіңіз бе? Бұрын бұл жерде де су бар еді, – дейді малшы жігіт. Аты Ерлан екен.

Кейінгі жылдары Балқашты бақылап жүрген экологтар көлдің саязданып, ластанғанын айтады. Мамандардың сөзіне қарағанда, су қоймасының тозуының басты себебі – Қытайдың Балқашқа келетін ағынның 80 пайызын құрайтын трансшекаралық Іле өзенінен алатын су көлемін арттыруы.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазанның 20-сы күні Балқаш жағалауын көгалдандыру керегін айтты. Ел басшысының сөзіне қарағанда, бұл топырақ эрозиясын азайтып, жердің шөлейттенуіне жол бермейді. Сондай-ақ Тоқаев экология министрлігі Іле өзенінің сумен қамтамасыз етілуін бақылау үшін Қытаймен келіссөзді жалғастыру қажет екенін айтты.

Ерлан Үлкен ауылының оңтүстігінде, 12 шақырым қашықта орналасқан Шағанақ ауылынан. Ол жергілікті тұрғындардың көбі балық аулап күнелтетінін айтады. Сөзіне қарағанда, барлығы жақсы өмір сүреді: көшеде қол жайып отырған ешкім жоқ, жұмыссыздар балық аулайды, ал кейбірі өзі секілді азын-аулақ мал бағады.

Ерлан Үлкенде АЭС салынатыны жайында біледі. Атом станциясы салынып, жаңа жұмыс орындары ашылады деп ойлайтындықтан, көзқарасы дұрыс. Алайда АЭС көлдің түбіне жете ме деп алаңдайды.

– АЭС Балқаштың түбіне жетеді. Жағдай нашарлайды, өйткені жұмыссыздардың басым бөлігі көлдің арқасында нәпақасын тауып отыр. Бұған жол бермеу керек, – дейді Ерлан.

Жергілікті тұрғындар

Үлкенде күн жылы. Ауылды аралап, жергілікті тұрғындармен сөйлесіп жүрміз.

Үлкен – Балқаш көлінің бай табиғатына сай келетін тыныш әрі ыңғайлы ауыл. Қараусыз қалған үйлерден бөлек, мұнда ашық аспан мен ақжарқын халқы бар.

Тоғызқабатты үйден бұрылып, адам көп жүретін көшеге түстік. Шағын арба жанында тұрған аласа бойлы әйелді кезіктірдік. Оның жанында киімге толы үлкен сөмкені, әйелдер мен балалардың киім-кешегі жайылған жиналмалы төсекті көреміз.

Көшеде киім сатып тұрған әйелдің есімі – Нелля. Ол Үлкен ауылына 1987 жылы көшіп келген. Ауылдағы үздік мұғалімдердің бірі болған анасы осында жаңа ашылған мектепке жұмыс істеуге жіберілген екен. Мемлекет отбасына пәтер берген. Ол пәтерде Нелля мен 81 жастағы анасы қазірге дейін тұрып жатыр.

– Су-электр станциясының құрылысы тоқтағаннан кейін көбі көшіп кетті. Көшуді қалтасы көтермегендер әлі күнге дейін ауылда өмір сүріп жатыр. Аудан жырақ орналасқан, ал Үлкенде жұмыс жоқтың қасы. Әйелдердің көбі мұздатқышта жұмыс істейді. Бұл өте қиын жұмыс. Өте суық, қыздар денсаулығын құртып жатыр. Олар шынымен қарқынды жұмыс істейді: күніне 200–300 келі балық тазалайды. Басқа баратын жері жоқ. Әйтеуір өмір сүру керек қой. Жылу бағасы қымбат. Жылу үшін алдын ала төлем сұрайды: төлей алса, жылуды қосады, ал ақшасы жоқтар жаурап отыра береді. Проблема көп. Мұнда медицина да дамымаған, жедел көмек көрсететін ешкім жоқ, – дейді Нелля.

Үлкен тұрғындарының сөзіне сүйенсек, ең үлкен проблема – ауылда аурухана жоқ. Тұрғындар анализ тапсыру, тіс жұлдыру, бала туу үшін Үлкеннен 400 шақырым қашықта орналасқан аудан орталығына барады. Такси бағасы қымбат. Үлкенде бір ғана дәрігер бар, ал медицина құралдары жоқ.

Нелляның сөзінше, ауылда АЭС салынса, тұрғындардың біраз проблемасы шешілетін еді: «өркениет» келіп, жаңа жұмыс орындары ашылады, медицина дамиды. Алайда әзірге электр станцияның құрылысы басталған жоқ, ауылға жеткілікті назар да жоқ. Оның сөзінше, ауылдың туристік мүмкіндігі зор: жыл сайын жергілікті жағажайлар туристерге, ал көл маңы балықшыларға лық толады.

– Қазір ауылдың ешкімге қажеті жоқ. Біреу қызықса, дами алар едік… Үш жағымыздан көл қоршаған. Ауыл тып-тыныш әрі мамыражай. Курорттық ауданға айналдыруға болады. АЭС салынса, ауылда адам көбейеді, өркениет келіп, қандай болса да жұмыс пайда болады. АЭС өмірімізді толықтай өзгертуі екіталай: кей проблема сол күйі қалады. Алайда адамдарда үміт пайда болады. Ең маңыздысы да осы, – дейді Нелля.

***

Ауылға жан кірді: адамдар тіршілігін жасап, балалар мен иттер жүгіріп жүр. Таза ауа, күздің иісі шығады. Бес қабатты панель ғимараттар мен шағын құрылыс дүкендерінің жанынан өтіп бара жатырмыз. Бір үйдің кіреберісінде сәкіде отырған әйелді байқап қалдым.

Есімі Татьяна екен. Үлкен ауылында 13 жасынан бері тұрады. Кейінгі жиырма жыл бойы «тоңазытқышта» жұмыс істейді. Тоңазытқыш – балық жинайтын шағын кәсіпорын. Үлкенде мұндай үш өнеркәсіп орны бар. Оның ең ірісі – «Әбілқайыр». Балық зауытының күзетшісі «Власть» журналистерін аумаққа кіргізбеді, айтуынша, бөгде адамдарға бұл жерді суретке түсірге тыйым салынған. Балық зауытының пирсіне беттегенімізде, күзетші әрі қарай жүретін болсақ, алабайды босатып жіберетінін айтып, бұл аумақтан кетуімізді сұрады.

– Қарапайым ауыл өмірі ғой. Балалар оқиды. Мен балық зауытында филе цехында жұмыс істеймін. Бұл қиын жұмыс, алайда жиырма жыл бойы жұмыс істеп, етіміз үйреніп кетті: өте суық болады, өйткені өнім тоңазытқышта 17–20 градуста сақталуы керек. Балық зауытының жұмысы мынадай: бастығымыз балық сатып алады, біз оны филеге бөлшектейміз. Дайын тауарды шетелге жібереді. Үлкендіктердің басты жұмыс орны – тоңазытқыштар. Біздікілер вахтада, дүкенде де жұмыс істейді, кейбірі балық аулайды, – дейді Татьяна.

Татьянаға Үлкендегі өмір салты ұнайды: ауыл тыныш, қаладағыдай әбігер жоқ, ауасы таза, ал жанында Балқаш көлі бар. Үлкенде қылмыс жасалмайды, мұндағылардың бәрі бірін-бірі таниды, әрқайсы тірлігін жасап жүр. Алайда Татьяна 90-жылдары өмірдің ойран болғанын еске алады.

– Ол кезде жылу жоқ еді. Пәтерлердің жартысынан көбі салқын болды. Көбі үйін пеш жағып жылытты: ауладағы ағаштарды кесіп, бұтақтарын жақты. Кейін тұрмыс жақсара бастады. Ауыл көгалданып, адамдар өміріне риза бола бастады. Әрине, қазір де проблема бар. Мәселен, ауылда аурухана жоқ. Балалар ауырса, түнде үйге дәрігер шақыру қиын. Приозерскідегі ауруханаға 15 мың теңгеге көлік жалдап баруға тура келеді, – дейді Татьяна.

– АЭС салынса, ауылдағы проблемалар шешіле ме? – деп сұрадым.

– Шешілетін шығар. Алайда бәрінің өмірі жақсарып кетпейді. Табиғатқа жаным ашиды. АЭС салынса, Балқаштың жағдайы тынады, табиғат күйрейді. АЭС қанша жерден заманауи не экологиялық болғанымен, оның жұмысы табиғатты құртады: ауылдағы көл мен ауа ластанып, жануарлар мен балық құриды. Табиғаттың құны жоқ. Ақша деген… қолдың кірі. Ал табиғатты қайтару мүмкін емес, – дейді Татьяна.

Үлкенді аралап жүрміз. Қараусыз қалған бес қабатты үйлердің бірінен қисайған балық аулайтын қайықтарды байқаймыз. Жан баласы жоқ. Жүгіріп жүрген, күліп жатқан, айғайлап жатқан ешкім жоқ.

Алайда көрші көше жанға толы. Шулап жүрген балаларды көреміз: камераның алдына шығып, суретке түсіруді сұрайды.

Лық толы көше бойын аралап, бетін әжім басқан ер адамды кезіктірдік. Есімі – Рақымбай. Ол 1990 жылдары Үлкен электр станциясына күзетші болып жұмысқа тұрыпты ауылда 24 жыл бойы өмір сүріп келеді.

– Мұнда тұрудың еш артықшылығы жоқ. Бәрі бірқалыпты. Бірсарынды өмір өтіп жатыр. Көбі тұрақсыз, уақытша жұмыс істеп жүр. Бәрі бекер. Басқа не дейін? Жұмыссыздық шегіне жетті. Бізге балық көмектеседі. Мұнда жылу да, жарық та қымбат. Ауылдың ең үлкен кемшілігі – аурухана жоқ. Дәрігер жолдама жазып береді. Жұрт жүздеген шақырып асып, Алматы, Балқаш пен Қарағандыға барады. Үлкенде перзентхана болмағасын, екіқабат әйелдер жолда да өлген. Біз Алматыдан өте жырақ орналасқанбыз: мұнда да УЗИ мен томография орнатуға болады ғой? Халқымыз осылай өмір сүруге үйреніп қалған, – дейді Рақымбай.

Рақымбайдың АЭС құрылысына қатысты нақты ойы жоқ. Ол Қазақстанға АЭС керек-ақ дегенмен, қауіпсіздік үшін алаңдайды. Кейінгі 30 жылда басталған басқа құрылыстар секілді белгісіз бір себеппен тоқтап қала ма деп ойлайды.

Үлкендіктердің көбі әңгіме барысында 2010 жылы жылу энергия станциясының салтанатты түрде ашылғанын еске алады. Ол кезде өндіріс алаңына қажет техника әкелініп, тікелей эфирде жылу орталығын бастауға тапсырма берген бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысумен Үлкен мен Астана арасында телекөпір салынды. Біраз уақыттан кейін құрылыс тоқтап, құрылыс материалдары дәл сол алаңда қала берді. Бұл оқиғаны Рақымбай да еске алды:

– Жылу-электр станциясы қайда қазір? Қанша қаражат жаратты емес пе? Бәрі үнсіз. Қазір де үлкен құрылыс туралы айтып жатыр: енді АЭС салғысы келеді. Алайда оның салынатынына сенбеймін: әлемдегі жағдай тым күрделі. Егер АЭС-ті ұқыпты әрі сенімді етіп салса, пайдасы тиер еді. Апат болады деп қорқамын. Оның кесірінен Балқаш құриды, ал Балқаштың төңірегіндегі өмірді қалпына келтіре алмаймыз. Қазақстандағы АЭС қауіпсіз болады деген сенім жоқ. Елімізде оқ-дәрі сақталатын ірі қойма жарылды, ал мында АЭС салмақшы, – дейді Рақымбай.

Ауыл орталығына қарай беттедік. Бір әйел жергілікті тұрғындарға ұқсамайтын, қолында камерасы бар бізді көріп, Үлкен ауылына жиі бас сұғатын журналистер шығар деп ой түйді.

– Мұнда журналистер жиі келеді. Олар ауылды түсіреді, ал біз сол репортажды теледидардан тамашалаймыз. Бәрінің айтатыны сол: елес қала, өмір сүру қиын. Кейін отырып алып, ойланамын: Құдайым-ау, мен қайда өмір сүріп жатырмын? Жан-жағымның бәрі адам тұрмайтын үйлер, шаң-тозаң мен алқаштар. Көңілім құлазып кетеді. Иә, қираған үй көп. Алайда біз үйреніп кеттік, бұл қирандыларды байқамаймыз. Ауылда иесіз ит көп, балаларға арналған үйірмелер жоқ. Алайда ең қажет заттарды ала аламыз, дүкендерде зат толып тұр. Ауыл тыныш әрі мамыражай. Табиғаты да әсем. Кемшілігі де бар, әрине. Халық өз ақшасына өмір сүреді, үйлерін өз ақшасына жөндейді. Үлкенде аурухана да, перзентхана да жоқ. Ал бала туу көрсеткіші қалыпты. Өмір жалғасып жатыр, – дейді ол.

Бейтаныс әйелден АЭС құрылысы туралы сұрағанымызға, Үлкенде станция салынатынына сенбейтінін айтты.

– Бұл станцияны салынады деп қырық жыл күттік. Уәде үстіне уәде береді. Алайда АЭС салынатынына енді сенбейміз. Құрылысты бастағандар көп болды. Бәрін көрдік: жылу-электр станциясына алаң дайындап қойды, техника жұмылдырды, кейін бәрін тастап, заттарын жинап, кетіп қалды. Бұл жолы да дәл солай болар. Мәселен, Оңтүстік Корея АЭС салатын болып, ақша бөлінді дейік. Ақшаның бір бөлігі алаңды салуға жұмсалады. Кейін жұмыстың белгілі бір кезеңіне жеткенде, не теңге құлдырайды, не саяси шу басталады. Корейлер үйіне қайтады, ал біз бос алаңда қаламыз, – дейді ол.

***

Келесі күні Үлкенге күз келгені сезілді: кенеттен күн суып кетті. Кеше аралап үлгермеген аулаларға келдік: Үлкен көшелерінде жарық жоқ, күн бата ауылды қараңғылық басады.

Үй маңына қаңтарылған шетелдік ескі көліктің капотына үңілген ерлерді, сәкіде демалып отырған қарттарды, жүгіріп жүрген балаларды көреміз.

Ауыл тұрғындарынан бөлек, мұнда бірнеше азық-түлік дүкені, шаруашылық дүкені, мектеп, әкімдік, пәтер түріндегі бірнеше қонақүй, балаларға арналған жаңа алаңдар, кондитерлік дүкен, кәуап пісіретін бірнеше орын мен кафе бар. Сол жердің өзінде көзіміз қаңыраған үйлерге, кеңестік моноқаланың қалдығына айналған көшелерге түседі.

Қазір Үлкенде халық еліміздің ең шалғай жеріне тән қарапайым, тыныш өмір жүріп жатыр. Ауыл екеніне қарамастан, мұнда жеке үйлер жоқ. Жастардың жоқ екені де көзге бірден түседі: мектеп бітірген Үлкен жастары оқу үшін Қазақстан не Ресей оқу орындарына кетеді немесе қалаға жұмысқа кетеді.

Үлкеннің жас тұрғындарымен сөйлесу үшін мектепке жол тарттық.

Мектеп

Үлкендегі жалғыз мектеп ауылдан шеткері, алайда орталық көшеде орналасқан, маңында барлық көрнекі жер бар: аллея, салынып бітпеген банк және қаңырап тұрған «Чайка» кафесі.

Мектеп аумағы биік дуалмен қоршалған. Жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдері сенбілікке шығып, дүбірлеп жүр. От пен жанған жапырақтың иісі шығады.

Мектеп үшқабатты, ғимаратына жөндеу жасалған. Кіреберісі, кітапхана мен сыныптардың іші жарық, «Үлкен» деген жазуы бар үлкен спорт залы да бар.

Мектеп жақсы әсер қалдырады. Алматының кез келген орта мектебінен кем емес.

Дәлізде сабақтан бос жүрген жоғары сынып оқушысын кезіктірмедік. Алайда математика пәнінің жас мұғалімі Лана Олегқызы сөйлесуге келісті. Сырттай қарағанда, тыпыршып, бір орында отыра алмайды екен.

Лена Үлкенде өскен. Томск қаласындағы университетті тәмамдап, мұғалім болып жұмыс істеу үшін ауылға қайтқан. Ол үшін қайта даярлау курсынан өткен. Оның мектепте мұғалім болып жүргеніне екі жыл болды, тәжірибе жинау кезеңінде. Үлкен ауылы дамыса, оның да мақсаты орындалады.

– Ауылымыз кішкентай. Болашағы зор. Сол үшін балаларға ауылдың сыртында үлкен өмір бар екенін, олар да білім алып, ауылды дамыту үшін Үлкенге қайтып келуге болатынын айту керек. Мақсатым осы. Ал салынғалы жатқан АЭС ауылымызға пайда әкелері сөзсіз, – дейді ол.

Алтын

Мектептен шығар тұста жоғары сынып оқушыларын байқадық. Олар 11-сыныпта оқиды, ҰБТ тапсыруға және университетке түсуге дайындалып жүр.

Оқушылар жазда шомылуға баратын Балқаш жағалауында серуендеуге шақырды. Тағы да шаңды жолмен көл көкжиегіне барамыз. Бұл жолы тұрғындар Алтын деп атайтын жағалауға келдік. Оның атауы жазда күн шуағында алтын түске боялатын тұтқыр әрі борпылдақ құмға байланысты қойылған.

– Ауылда өмір жақсы. Бәрі бір-бірін таниды, араласады. Құдды бір үлкен отбасы ма деп қаласың. Үлкеннен жырақ кетсем, үйге қайтқым келіп тұрады, – дейді он бірінші сынып оқушысы Анар.

Ол Үлкен жастарының белсенді екенін айтады: оқушылар жазда кафеде жұмыс істеп, металл өткізеді, Балқаштан балық аулап сатады. Олар Алтын жағалауында ата-анасымен сенбілік өткізеді: аптасына бір рет қоқыс толған жағалауды тазалайды.

Бүгін Балқаш жағалауы тап-таза, жан баласы көрінбейді. Аспан сол күйі мөп-мөлдір, ап-алыс. Алда көлдің көгілдір қабырғасы жылт-жылт етіп, көкжиекте ақ аспан жолағына ұласады. Балқаш тұстан шағаланың дауысы естіледі. Ал көлдің өзі – тыныш әрі мамыражай.

– Негізі жастардың көбі жағалауда уақыт өткізеді. Басқа баратын жер жоқтың қасы. Ауылда көңіл көтеретін жер жоқ, сол үшін жастар аз: көбі Алматыға не Ресейге кетеді. Мен де Алматыға оқуға түссем бе деймін, – дейді бойжеткен.

Анар үлкендіктердің кейбірі мұнда АЭС құрылысы басталса, ұзаққа созылатынын айтады дейді.

Ол ауылда АЭС салынса, «қуаныш көбейіп», жұмыс та көбейетініне үлкендер сенетінін айтады. Бәрі ойдағыдай болса, әрине, жақсы. Ал АЭС Балқаш экологиясына кері әсерін тигізсе, дұрыс емес деп санайды.

– Тұрғындардың көбі Үлкенде АЭС салынса, бәрі қуанатынын айтады. Өйткені жұмыс болады, қуанышқа себеп көбейеді. Біздің тұрғындарды алғашында құрылысқа тартып, ал АЭС-тің өзінде мамандар жұмыс істейді деп ойлаймын. АЭС-ке бейтарап қараймын: Үлкенге пайдасы тисе, жақсы. Ал Балқашқа кесірі тисе, мұны қабылдай алмаймыз, – дейді Анар.

Әкім

Үлкеннің әкімі Кенжемұрат Қасеновпен бірнеше күн бұрын хабарластық, ол кездесуге қарсы емес екенін айтты.

Үлкен әкімдігі ауыл орталығындағы жартылай қираған ғимаратта орналасқан. Ішінде тар дәліз, жұмыс талқыланып жатқан бірнеше жарық кабинет бар.

Ауыл басшысы әкімдіктің бұл ғимаратты жалға алғанын, сол үшін ештеңе өзгерте алмайтынын, кабинеттерде жөндеу жұмысын жасай алмайтынын айтты. Қасеновтың сөзіне қарағанда, бұрын әкімдік кеңсесі қарапайым пәтерде орналасқан. Алайда қарт адамдар төртінші қабатқа көтеріле алмайтындықтан, әкімдік осында көшкен.

Қасеновтың Үлкен әкімі болғанына бір жылдан асты. Ол 2021 жылы жергілікті сайлауда жеңіске жеткен. Ал бұған дейін Алматы облысының Жамбыл ауданындағы ауылдардың бірінде әкім болған.

Ол Үлкеннің аудан орталығынан 380 шақырым қашық орналасқанын айтады. Соңғы есеп бойынша, мұнда 1464 адам тұрады. Ал жұмысқа жарамды тұрғындардың 99%-ы жұмыс істейді.

– Халықтың көбі балық зауыттарында, вахтада, барит зауытында және шахтада жұмыс істейді. Еңбекке жарамдылардың 99%-ы жұмыс істейді деуге болады. Соңғы есеп бойынша, ауылда 1464 адам тұрадыі, алайда тұрғындардың саны шын мәнінде бұдан көп, 2 мыңнан асады. Үлкен тұрғындарының 51%-ы орыстар, 47-48%-ы – қазақтар. Мұнда түріктер, украиндар мен корейлер де тұрады. Негізі Үлкен 20 мың адамға есептеліп салынған. Алайда тоқыраудан кейін жұрт жаппай көше бастады. Сондықтан бүгінде үйлердің 30-40%-ына ғана адам қоныстанған. Барлық бос пәтер мен қаңыраған ғимарат жекеге өтті, олардың қазір иесі бар.

Қасеновтың сөзіне қарағанда, Үлкендегі қараусыз ғимараттар жекенің қолына өтпегенде, оларды арзан бағада қалпына келтіріп, инфрақұрылым нысаны жасауға болар еді. Үлкенге жетіспейтін аурухана, пошта мен балабақша пайда болар еді. Әкімнің сөзінше, сонда ғана жастар ауылдан кетпейді, ауылға жаңа тұрғындар да келеді.

Ауыл басшысы Үлкенде электр энергиясының киловаты 15 теңге тұратынын айтады. Бұл соманың жартысынан көбін (8,63 теңге) мемлекет төлеп береді. Ал редакциямызға тұрғындар айтқан жылуға алдын ала төлем мәселесі әкімдіктің ісі емес дейді. Ол жылуға қарыз болмауды әрі аз ақша төлеуді қалайтын сол үй иелерінің бастамасы дейді.

– Мемлекет оны субсидиямен қолдайды: ауылда жарыққа төлеу мәселесі оңай бола бастады. Алайда белгілі бір нәтижені айтып, мақтана алмаймын, өйткені әлі ештеңе істемедік. Жоспарымыз көп. Көшелерге жарық орнатып, ауыл ішіне жол төсеп, балабақша, футбол алаңы мен шағын мәдениет үйін салғымыз келеді. Сондай-ақ қаңырап тұрған балабақша ғимаратын қайта жабдықтап, онда халыққа ыңғайлы болуы үшін аурухана, полиция мен пошта, әкімдік ашсақ па дейміз. Ауданның экономика бөліміне бұл жөнінде бюджет өтінімін жібердік. Бұл – бірнеше кезеңнен тұратын ұзақ процесс. Облыс ақша берсе, бәрін саламыз.

Қасенов АЭС құрылысы туралы сұраққа жауап бере келе, станцияның Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі үшін аса маңызды екенін айтты. Ол электр энергиясының өндірісіне тәуелді қала ретінде салынған Үлкен үшін де маңызды екенін алға тартты. Әкімнің сөзінше, АЭС салынса, ауылда жаңа инфрақұрылым мен жұмыс орындары ашылады, тұрғындардың өмір сапасы артады. Сондықтан атом электр станциясы ел мен Үлкен болашағына орасан зор пайда әкеледі.

Қасенов АЭС Алматы тұрғындары мен экологиясына кесірін тигізеді деп алаңдамайды. Өйткені Үлкен аумағында АЭС салу мәселесін тұтастай мамандар институты бағалаған. Ал үлкен жобаның басы-қасында ғылыми қызметкерлер жүр.

– Адамдар әуелі жағдайды бағаламай, айналаны зерттемей, кез келген жерде атом электр станциясын алып, сала салмайды ғой. Мұндай нысандар бір адамның шешімімен емес, тұтас мекемелердің нақты есептеуі нәтижесінде пайда болады.

***

2020 жылы қазан айында Қазақстандағы атом электр станциясын халықаралық компаниялар консорциумы салатыны белгілі болды. АЭС құрылысы қайда орналасатыны, қуаты, сондай-ақ қаржы талаптары 2023 жылы белгілі болады. Ол шамамен он жыл ішінде салынып бітеді деген болжам бар. Ал бір энергетикалық блоктың бағасы орта есеппен 5 миллиард долларға шығады.