5494
2 декабря 2022
Айсұлу Тойшыбекова

Апта фильмі: «Қаш»

Қазақстан тарихындағы ең күңгірт кезеңдердің бірі туралы сапалы фильм

Апта фильмі: «Қаш»

Айсұлтан Сейітовтың «Қаш» атты тұңғыш фильмінің көрсетілімі басталды. Moldanazar тобы, рэп орындаушы Jah Khalib, әлемге әйгілі Kanye West және Offset сынды жұлдыздармен бірге жұмыс істеген еліміздегі болашағы зор режиссер 30-жылдардағы ашаршылық туралы фильм түсірді. Айсұлу Тойшыбекова биылғы көп күттірген фильмге барып, рецензия жазған еді.

Ұраны: «Сенің жауың кім?»

Жанры: этно-хоррор

Ұзақтығы: 113 минут

Елі: Қазақстан

Көрсетілім уақыты: 1 желтоқсан, 2022 жыл

Режиссері: Айсұлтан Сейітов

Актерлар: Еркебұлан Дайыров, Оңдасын Бесікбасов, Сұлтан Нұрмұха, Исбек Әбілмажинов, Толғанай Талғат, Сергей Уфимцев, Александр Паль, Варвара Шмыкова.

Өткен ғасырдың 30-жылдары. Ұжымдастыру зардабын тартқан ауылдарда тұратын қарапайым халық өліммен бетпе-бет келіп, қазақ даласын аштық жайлаған. Исатай есімді жас жігіт ауылда көр қазушы болып жұмыс істейді. Арбасына мәйіттерді тиеп, көпшілікке арналған, әлі көмілмеген үлкен шұңқырға апарады. Ол күн сайын бұл шұңқырға әйел-еркек, бала-шағаның мәйітін тастап, үстінен хлор себеді. Бір күні төменге кішкентай баланың мүрдесін тастап жатып, баласынан айырылған Айман есімді келіншекті байқайды. Арба үстіндегі Исатай күн сайын ауыл маңынан өте жүріп, аштықтан арып-ашқан халықтың есіне өлімді салады. Ауыл орталығында Кеңес әкімшілігі орналасқан шағын үй бар. Күндердің бір күні ауыл басшысы қарамағындағылармен астық қорының азайып бара жатқанын талқылайды. Мағай есімді жасы келіп қалған ер адам азық-түлік алуға жақын маңдағы Сарқан қаласына барып қайтуды ұсынады. Мұның артында бір гәп бар еді: Исатай жол біледі, ауылдың қандай мүшкіл халде екені туралы хатты жеткізе алады. Исатай бұған келіспейді, алайда мұны тек Мағай шал біледі. Ол бастықтың Исатайды қауіпті сапарға жіберуі үшін оның айтқанын орысшаға қате аударады.

Исатайдың қорқынышы тек дала маңын торуылдаған қарақшылар ғана емес еді. Киіз үйде сақтаған бір сыры бар. Онда таңертең құлыптап, түнде ғана ашатын сандығы бар. Исатай сандық ішінде сегіз жасар інісі Әлімді жасырып қойған. Ол інісін бір-біріне қасқырша атылған ауылда қалдырғысы келмейді. Мағай Әлімді Сарқанға алып кетіп, жылы-жұмсақ балалар үйіне қалдыруға көндіреді.

Исатай келесі күні Илья есімді орыс әскерін ертіп, жолға аттанады. Ал Әлімді қапшықтың астына жасырады. Түн ортасында Исатай мен серіктеріне қарулы жасақ шабуыл жасайды. Оларға қайдан шыға келгені белгісіз Тепе деген шал көмектеседі. Ал Исатай мен Әлімге ілескен Илья атпен қоса көзден ғайып болды. Ағайындылардың ұзақ әрі қиындыққа толы жолы басталды. Олардың жанында әпенділеу келген, көзін шел басқан Тепе шал бар.

Жанры этно-хоррор дегеннен-ақ Джордан Пил стиліндегі дүние күттім. Алайда фильм хоррор жанрынан сәл алшақтау екен. Сөзсіз, «Қаш» фильмі мистикаға толы. Өлім көп: көрде жатқан мәйіттерді көрсетуден бастап, түнектен сыңғырлап, әркез пәле-жаланы еске салып тұратын шаңқобыз дыбысына дейін. Тіпті Әлім деген ат та «өлім» сөзімен үндес. Ал Тепе шалдың бейнесі Өлім бейнесіне пара-пар.

Айсұлтан Сейітов алғашқы фильмінде бас кейіпкерінің ғажайып көріністерге толы саяхатын көрсетті. Өз ауылынан Сарқанға жол тартқан Исатай шетсіз-шексіз далаға тап болады. Кеңістік пен аштық деген екі сұрапыл оның санасын жаулап алуға тырысады. Көп ұзамай, Исатайдың шындық пен елесті ажыратуы қиындайды. Соңы не нәрсеге әкеліп соғатынын болжау да қиын. Бір жағынан, мұндай тәсіл сюжетті әрлеп, оған тереңдік берсе, екінші жағынан, фильмді босаңсытады. Өйткені бұл кей оқиғаның сюжеті мен сызбасын байланыстырып, сүйену үшін қажет балдаққа ұқсайды.

Бұл оқиғаны жазушылар тепе-теңдікті сақтауға тырысқан: фильм не толықтай тарихи емес, не хоррор жанры да соңына дейін жетпеген. Алайда бұл да фильмнің маңызы мен құндылығын төмендетпейді.

«Қаш» – Қазақстан тарихындағы ең күңгірт кезеңдердің бірі туралы сапалы түсірілген фильм. Фильмде қазақы бейне көп: ойран болған шаңырақ, Жезтырнақ бейнесіндегі Айман, даладағы бәдіздер (балбал деп қате атайды), асықтар және, әлбетте, шетсіз дала. Бұл фильм ашаршылық туралы саяси сөз қозғайды деп айта алмаймын. Бәлкім, сценарист Абылай Нұрмағанбетов те, режиссер Айсұлтан Сейітов те мұны мақсат етпеген болар. Әйтсе де, «Қаш» фильмі ашаршылық тақырыбын көтереді. Кеңес билігінің Қазақстандағы саясаты туралы болмаса да, өліммен бірге бәйгеге түскен, інісін жақсы көретін, тағдыр тәлкегіне түскен заманда жақсы адам болуға тырысатын бас кейіпкердің күресі туралы. 30-жылдардағы ашаршылықты халық мәдениетінде тағы бір ойға алып, одан қалған жараның біртіндеп жазыла бастауы үшін бұл фильмнің маңызы зор екені сөзсіз.