5568
16 декабря 2022
Желтоқсаншы Құрманғазы Айтмырза, Фото Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыстық жазба мұрағатынан

«Желтоқсанға әлі де саяси және заңды баға берілген жоқ»

Желтоқсаншы Құрманғазы Айтмырзаның Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы, Қаңтар оқиғасы, тәуелсіздік жылдарында қапы кеткен тұстар туралы бағаны

«Желтоқсанға әлі де саяси және заңды баға берілген жоқ»

Желтоқсан – халықтың жаппай батырлық танытқан кезі. Кеңес үкіметінің тоталитар, диктатор жүйесі бір ұлттан екінші бір ұлтты жоғары қойып, басқа ұлттың тілін, дәстүрін, дінін жою арқылы іштей іріткі туғызды. 1986 жылғы көтеріліске түрткі болған Колбиннің бірінші хатшы болып тағайындалуы ғана емес еді, ол онсыз да жылдар бойы жүйеге, империяның идеологиясына қарсы әбден пісіп-жетілген ұлттық болмыстың, рухтың жарылысы болды. Сол рухтың бұлқынысымен халық жаппай көшеге шықты. Егемендік алғанымызға отыз жылдан аса уақыт өтсе де, мемлекеттік деңгейде бұл көтерілістің саяси және заңды бағасын бере алмай келе жатырмыз.

Құрманғазы Айтмырза – 1986 жылы Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушылардың бірі, сол әрекеті үшін Мордовия колониясында үш жыл отырып, кейін ақталып шыққан.

16 желтоқсан күні «Әр ұлтқа өз көсемі», «Біз зорлықпен емес, еркін ерікті түрде жақындасу мен бірігуді қолдаймыз» («Мы за свободное добровольное сближение и слияние, а не за насильственное»), «Лениннің ұлт саясаты жасасын!» деген ұрандарды көтеріп, 150–200-дей студентті сапқа тұрғызып, алаңға бардық. Басқа да жоғары оқу орындарының студенттерімен, жұмысшыларымен бірге биліктен пленум қабылдаған шешімнің жойылуын, халықпен ақылдасып шешім қабылдауды талап еттік. Талабымыз шешілмейінше тарамаймыз деп, көшеге шеруге шықтық. Тарамайтынымызға көз жеткізген билік күш көрсетіп, шетімізден ұстай бастады. Қас қарайған шақта машинамен су шашты, арандатушылар да болды. Екіжақты қақтығыс басталып, түні бойы жалғасты.

Ертесі күні алаңға қайта шығуға тырысқанымызбен, бізді қамап ұстап, сыртқа шығармады. Одан кейін күнде тергеуге шақыра бастады, студенттер арасында қорқыныш пайда болды. Сейтімбет Үсіпхан, Иманғожаев Бақтыбек және мен алғашқылардың бірі болып қамалдық. Ұрып-соқпағанымен, психологиялық қысым жасалды. Не үшін отырғанымды, не жазығым бар екенін түсінбедім, бірақ сотталатынымыз айдан анық болды.

Бұл – тәуелсіздік жолында болған алтын әріппен ойып тұрып жазатын көтеріліс. Өйткені тәуелсіздікке ұмтылу осы Желтоқсаннан басталды. Қазір тәуелсіздік алып, әлем мойындап жатқанымен, ішкі саясатта әлі де толыққанды тәуелсіздікке жеттік деп айта алмаймыз. Өйткені билікте отырғандар – тоталитарлық жүйден шыққан, соның тәрбиесін көрген, қанына идеологиясы сінген ұрпақ. Осылар биліктің тізгінін ұстап қалды. Әлі күнге дейін ұлттық санамыз құлдық санадан арыла алмай келеді. Билікте отырғандарда әлі күнге дейін жалтақтық, қорқақтық, Ресей жаққа елеңдеу бар. Осы жағдай жаныма батады. Егеменді ел болып, тағдырымызды өзіміз шешетіндей, тарихымызға өзіміз баға беретіндей деңгейге әлі толық кірісе алмай жүрміз.

Егемендік алғаннан кейін ұлттық идеология қалыптастыра алмадық, яғни сананы отарсыздануды қолға алу керек еді. Ұлт ретінде, мемлекет ретінде мұндай жолдан өтпедік. Қорқыныштан ба, білімсіздіктен бе, билік бұл қадамға бармады. Тәуелсіз ел ретінде азаматтық қоғам қалыптастыра алмадық. Әлі күнге дейін пікірімізді ашық айта алмаймыз. Кеңес үкіметінің идеологиясы секілді сәл бірдеңе деген адамды билікке қарсы шықты деп апарып қамайды, қудалайды.

Елімізде Қаңтар, Жаңаөзен оқиғалары болды. Қаңтар көтерілісі әлеуметтік мәселеден туғанымен, кейін Алматыда, басқа жерлерде саяси мәселе де көтерілді. Халық ақыры шыққаннан кейін көкейде жүрген талаптарын барынша айтып қалуға тырысты.

Қаңтар оқиғасы мен Желтоқсанның ұқсас тұстары бар. Мәселен, желтоқсанда халыққа нашақорлар, алқаштар, ұлтшылдар деп кінә артты. Қаңтарда террористер, мародерлар деді. Желтоқсанда жаппай қудалау, қамау болса, қаңтарда да сол қайталанды. Қаңтар оқиғасы да толыққанды және заңды түрде зерттелуі керек. Зерттеушілерді, халықаралық байқаушыларды қатыстырып, мемлекеттік деңгейде дұрыс баға беруіміз керек. Бірақ бұл ұзаққа созыла ма деп ойлаймын.

Бұл оқиғалар қайталанбас үшін түбегейлі саяси реформа керек. Бір министрді алып, орнына басқасын қою деген реформа емес. Сайлау заңы әділетті болуы керек. Сот жүйесі тәуелсіз болуы қажет. Қазіргідей құр сөз, уәде қайталана берсе, Желтоқсан да, Қаңтар да қайталанатыны сөзсіз. Бұдан қашып құтыла алмаймыз.