4048
22 декабря 2022
Ирина Гумыркина, суретті Мария Гордеева түсірген

Түзетулер министрлігі

Мемлекеттік органдардың мінсіз ақпарат беруге ұмтылысы қалай жалған ақпарат тудырады?

Түзетулер министрлігі

Дүйсенбі күні әділет министрі Қанат Мусин үкіметте журналистерге Respublica атты жаңа партия тіркелгенін хабарлады. Алайда бірнеше сағаттан соң министрдің баспасөз қызметі «баспасөз хабарламасы жеткілікті өңделмей», соның салдарынан ақпарат сәл бұрмаланғаны үшін кешірім сұрап, бұл жаңалықты жоққа шығарды.

Министрлік мұндай жағдай ендігәрі қайталанбайтынын айтты. Әйтсе де, кей нәрселер түсініксіз күйі қала берді: баспасөз қызметі министрді сынға алды ма? Министр журналистермен әңгімелесті, бұған баспасөз хабарламасының қажеті қанша еді?

Мұндайды нақтылықтан ада, құры сөзге жатқызуға болады. Өйткені мемлекеттік қызметкерлердің жазаланбауы, оған қоса, беделіне бола уайымдауы олардың түсініксіз тілде сөйлеуіне алып келеді. Олар барды бардай айта алмайды, сын қабылдамайды.

Баспасөз хатшысының бұл мәлімдемесі мемлекеттік органдардың қолында маңызды ақпарат жоқ екенін, өз құзіретіндегі істердің шынайы жай-күйінен хабары жоқтығын анық көрсетеді және осылайша қоғамға жалған ақпарат таратып, заңның үстемдігіне нұқсан келтіреді.

Әділет министрлігі “кемшілікті” мойындағанмен, нақты министр Мусиннің қателігін мойындамады. Себебі мұны ашық мойындау – өзінің кәсіби тұрғыда біліксіз екенін мойындаумен пара-пар. Сондықтан шенеуніктер «бұрмаланған ақпарат» үшін жауапкершілікті үкімет пен парламенттегі баспасөз қызметіне, журналистерге немесе аудармашыларға аудара салуды әдетке айналдырған: “олар қате түсінді”, “қате аударды” дей салады. Бұл алдын ала дайындалған, қағаз бетіне түскен мәтінді оқымай, қоғам сұранысына лайықты жауап беріп, мәселенің мәнін өз бетінше түсінуге тырысудан әлдақайда оңай.

Әділет министрі тап болған жағдай алғашқы да, соңғы да емес. Коронавирус пандемиясы кезінде үкімет мүшелерінің шындықты ашық айта алмайтыны, қатесін мойындамайтыны анық көрінді. Журналистер де, азаматтық қоғам өкілдері де шенеуніктердің кез келген мәлімдемені теріске шығара салатынына бой үйретті. Арасында біреуінің кенеттен өзгеріп, шын жүректен өкінетінін ешкім күтпейді. Алайда шындықты айта алмаудың (әлде айтуға құлқы болмауының) салдары журналистерге тиеді – Қазақстанда жалған ақпарат тарату қылмыстық заңмен жазаланады. Бұл бап бойынша әлі күнге дейін бірде-бір шенеунік жазаланған емес.

Баспасөз хатшысының қатемен жұмыс істеу талпынысы БАҚ беттерінде жарияланған басшысының сөзін жөндеуді қайта-қайта сұрауға айналады. Кейде, тіпті, “шындыққа жанаспайтын” ақпаратты өшіруді талап етеді. Шынайы жағдайды түзету туралы әңгіме жоқ. Журналистер де, халық та үкіметтен мұндайды күтпейді. Министрлік басшыларының, әкімдердің түзетілген сөзі ешқандай мәселені шешпейді, керісінше, кері әсер етеді. Бірінші кезекте коммуникацияны құртады.

Қателік әрдайым болады, ал оны мойындай білу сенім тудыру бағытындағы қадамның алғашқы баспалдағы болмақ. Жоғарыдағы жағдайда шынымен ашық мемлекет құруға септігін тигізері анық. Бірақ министрліктің баспасөз қызметі министрдің өзінен гөрі құзыретті болатын үкіметке қалай сенім артуға болады? Үкімет мүшелері айтқан сөзіне жауап бере алмайтын болса, журналистермен дұрыс қарым-қатынас құра алмаса, мұндай үкіметке сенім бар ма?

Джордж Оруэлл ойлап шығарған барлық ақпаратты бақылайтын шындық министрлігі шынайы өмірде түзетулер министрлігіне айналды. Оның сенімділік жолындағы күресі кері нәтиже беріп, үкіметке де, журналистикаға жаппай сенімсіздік танытуға алып келді. Мұның салдары әлеуметтік алаңдауға әкелмек.