2925
28 декабря 2022
Суретті Andrius Švitra/Siena түсірген

Орталық Азияның орман державалары

Еуропа одағы Беларусь пен Ресейден ағаш импорттауға тыйым салды, ал олар енді ағашты Қазақстан және Қырғызстан компанияларының таңбасымен шығарып жатыр

Орталық Азияның орман державалары

Шарунас Черняускас (Siena/OCCRP), Ольга Ратмирова, Ксения Вязниковцева және Александр Ярошевич (БРЦ), Юлия Даукша (Frontstory.pl)

Ресейдің Украинаға басып кіруіне жауап ретінде ағаш импорттайтын ең негізгі жеткізуші Ресей мен Беларусьтен ағаш импорттауға тыйым салғанда Еуропа одағы оларды миллиардтаған еуро кірістен айыруды көздеген болатын. Беларусь зерттеу орталығы, литвалық Siena басылымы және OCCRP серіктестерінің желісі, соның ішінде Власть жүргізген зерттеу ағаш жеткізушілердің бұл шектеуді айналып өтіп жатқанын көрсетті. Олар жүк Қазақстан немесе Қырғызстаннан келді деген құжаттарды қолданады екен.

Еуроодақ санкциясынан кейін ағаштан жасалған өнімдердің бағасы шарықтап кеткендіктен, тілшілер Еуропадағы тұтынушыға ағашты заңсыз әкелу үшін Ресей және Беларуське жасанды құжат дайындауды ұсынатын көптеген компанияны тапты.

Құжаттарға сәйкес, Еуроодақ Орталық Азияның екі республикасынан алатын шикізат импорты 2020 және 2021 жылдары шамамен 445 мың еуро болса, 2022 жылдың он айында 30 миллион еуроға дейін арттырған. Сонымен қатар, негізгі өсім биылғы маусым-қазан айына сәйкес келеді. Алайда Қазақстан мен Қырғызстанда орман аз, аумақтың 6 пайызында ғана ағаш өседі. Сол себепті екі мемлекет те ағаш экспортын ресми түрде шектейді.

Еуростат дерегінше, шартты түрде Орталық Азия ағашының басым бөлігі Литва, Польша, Германия, Дания мен Латвияға жеткізіледі. Маусым айынан қазан айына дейін осы бес елге Қазақстан мен Қырғызстаннан әкелген ағаштың 93 пайызы жеткізілген.

Еуроодақ елдеріне «қырғыз» және «қазақ» тауарының транзит ағыны өтетін Литвада кеденшілер күмәнді ағаштың күрт көбеюіне төтеп беруге тырысып жатыр.

«Өзгеше белгілері бар екені даусыз», − дейді OCCRP-ге Литва кеден директорының орынбасары Вигантас Пайгозинас. Орталық Азиядан жіберілді делінетін ағаш келгенде «қаптамада таңбасы болуына назар аударып, тауардың тікелей Ресейден немесе Беларусьтен келгенін көрсететін қосымша құжаттарды табамыз».

Литва кедені қараша айының ортасында компаниялардың санкцияларды айналып өтуіне тосқауыл қою үшін Қазақстан мен Қырғызстаннан келіп жатыр деген ағаш импортына бақылауды күшейтетінін хабарлады. Алайда Пайгозинас санкцияны айналып өту қиындай түскен сайын, жеткізушілердің де айла-тәсілді жетілдіріп отыратынын айтады.

Латвияның кеден қызметі Еуроодақ санкция салғаннан кейін Ресей шекарасын асып келген Қазақстан және Қырғызстаннан делінген, құжаттары күдікті ағаш бұйымдарының үш жөнелтілімін тоқтатқан. Кеденшілер проблеманың үдеп бара жатқанын, сондай-ақ жүктің қай елден келгенін анықтау қиын екенін айтады.

«Санкцияның заңдық негізі Ресей мен Беларусьтен келетін ағаш импортына ғана шектеу қояды. Алайда осылайша өзге елден келетін тауарларға шек қойылмайды. Сондықтан мұндай жағдайда Қазақстан мен Қырғызстаннан қандай тауар келіп жатқанын жасырып, басқа кеден коды бойынша декларациялауға негіз жоқ», − дейді Латвия кедені.

Баламасы жоқ жеткізушілер

Саулюс Гирчис Литва астанасы маңындағы қойма сыртында ағаш түйіршіктері салынған қар басқан брезентті алып тастады. Оның көбінде Agro KG деген қырғыз компаниясының таңбасы бар.

«Көрдіңіз бе? Қырғызстан», − дейді Гирчис екі тілшіге тауарды нұсқап. «Олар мұны Беларусьтен әкеледі, алайда оған тыйым салынғандықтан, қырғыз құжатын дайындайды. <...> Алайда Қырғызстан мұндай түйіршіктер өндірмейтінін бәріміз білеміз. <...> Түйіршіктердің қайда жасалғаны жазылмаған. Сіз тауарды менен, Литва саудагерінен сатып аласыз. Қаласаңыз, «[Литва] ағаш түйіршіктері» деп жазып бере аламын.

Литва социал-демократиялық партиясының мүшесі Гирчис бұған дейін ресейлік ағаштан жасалған түйіршіктерді өзінің Vivalsa компаниясы арқылы сататын. Еуропалық Одақ санкция салғаннан кейін Vivalsa басқа елдерден түйіршік жеткізуге мәжбүр болды. Алайда компания сайтына қарасақ, Қырғызстаннан жеткізбейтін көрінеді.

«Ресейден ештеңе жоқ, бәрі Беларусьтен. Өйткені Ресей тым алшақ, жеткізуге де қиын», − деп түсіндірді Гирчис өзін әлеуетті сатып алушы ретінде таныстырған екі тілшіге.

Еуропа одағы санкция салғанға дейін Беларусь ең ірі жеткізушінің бірі болған еді: ол 2021 жылы одақ елдеріне 1,37 миллиард еуроға ағаш өнімдерін сатқан. Биыл жыл ортасына дейін 630 миллион еуроға ағаш жеткізген. Алайда маусым айында санкция салынғаннан кейін ресми импорт тоқтаған.

Ресей ағашының импорты бұдан да көп еді. Еуропа одағы 2021 жылы Ресейден 3,12 миллиард еуроға ағаш импорттаған. 2022 жылдың бірінші жартысында ағаш импорты бірқалыпты болып, 1,4 миллиард еуроға сатып алған. Алайда маусым айындағы санкция мұны тоқтатты.

Тілшілер кейін Гирчиске хабарласып, пікірін сұрамақ болғанда, ол өзгере кетіп, журналистерге көрсеткен түйіршіктердің шынында да Орталық Азиядан келгенін, алайда нақты қай елден екенін білмейтінін айтқан. Ол өз компаниясының санкцияны бұзбайтынын айтып ақталды.

Қазақстан мен Қырғызстанда жасалған

Власть порталына Қазақстан кеден қызметінің жұмысын тәуір білетін азаматтың айтуынша, Қазақстан өзінде жоқ және жуық арада болмайтын ағашты сатады: «Олар экспорт декларациясын тапсырып, сол өнімді Қазақстанда өндіргені туралы сертификатты тіркейді, кейін Кеден одағы аясындағы кез келген қоймадан жөнелтеді».

Оның сөзіне қарағанда, экспортпен айналысатын қазақстандық компаниялар өнімді Беларусьтен сатып алады. Меншік құқығы тікелей Беларусь өндірушісінің қоймасында өтеді. Кейін Беларуське Қазақстаннан экспорт құжаттары әкелініп, Беларусь қоймасында тауар көлікке тиеліп, мөр басылып, шекараға шығады.

«Шекарада тауар, қайда өндірілгені туралы құжат және Қазақстанның экспорт декларациясы болады. Көліктің мөрленгені жүктің Қазақстан шекарасынан асқаннан кейін ашылмағанын көрсетеді. Бұдан кейін бәрі Еуропаға жөнелтіледі», − дейді ол.

Еуропа одағына ағаш сататын компаниялар Ресейге санкция салынғаннан кейін ғана тіркеле бастаған. Шикізат қазан және қараша айында көп жөнелтілді дейді сұхбаттасымыз.

OCCRP тілшілері бизнесмен Гирчистің ағаш түйіршіктерінде көрсетілген қырғыздың Agro KG компаниясымен байланысып көрді. Тілшілер өзін Беларусьтегі әлеуетті сатушы компания ретінде таныстырды. Agro KG – журналистерге санкцияны айналып өтіп, Беларусь ағашын Еуропа одағына сатуға мүмкіндік беретін жалған құжат дайындап беруді ұсынған төртінші компания.

OCCRP Agro KG компаниясына хабарласып, ресми пікір сұрағанда, компания өкілі импорт операцияларына қатысы жоғын айтып ақталды.

Баға және маршрут

Қазақстан ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда, республика 2022 жылдың 9 айында Батыс және басқа елдерге ағаш, орман материалдары мен целлюлоза-қағаз өнімдерінің экспортын 14,8 миллион долларға арттырған. Жеткізудің ең үлкен көлемі (8,6 млн доллар) Еуропа одағына тиесілі.

Еуроодақтың сауда статистикасы бойынша, Қазақстан мен Қырғызстаннан келеді деп саналатын ағаштың көп бөлігі негізінен Литва, Польша мен Германияға жеткізіледі. Латвия мен Данияға да жеткізіледі.

Негізі Литва мен Польша Қазақстаннан шере (фанера) импорттайды. Сонымен қатар, Литва Қазақстан мен Қырғызстаннан түйіршіктер мен брикет сияқты отынның айтарлықтай көлемін импорттайды.

Германияға келер болсақ, ол Қазақстаннан көбіне ағаш паллет, ал Қырғызстаннан «ағаштан жасалатын өзге бұйымдар» алдырады. Ал Данияға көбіне терезе, терезе жақтаушасы мен есік импортталады.

Swedbank Lithuania бас экономисі Нериюс Мачюлис Қазақстан мен Қырғызстан негізгі ағаш өндіруші емес, сондықтан ЕО сатып алатын өнімнің жалғыз жеткізушісі бола алмайды деп есептейді. Оған қоса, олардың ЕО Ресей мен Беларуське санкция салғанға дейін бірнеше ай бұрын ағаш экспорттауға тыйым салғанын қосыңыз.

«Ресейдің санкцияларды айналып өтуіне жол, қаражат және маршрут табуға елдер мен делдалдардың көмектесіп жатқаны айдан анық», − дейді Мачюлис OCCRP-ге берген сұхбатында.

Литва орталық банкі төрағасының орынбасары Раймондас Куодис Батыс елдері Ресей мен Беларуське саудаға көмектескен мемлекеттерді жазаламайынша, компаниялар санкцияларды айналып өте беретініне сенімді.

Материалды әзірлеуге Мигле Канчевичюте (Siena), Инес Лиепина (Re:Baltica), Александра Ли (OCCRP), Мариуш Сепиольо (Frontstory.pl), Конрад Шыгель (Frontstory.pl) және Дмитрий Мазоренко (Власть) да қатысты.

OCCRP жариялаған зерттеудің ағылшын тіліндегі нұсқасы