5522
6 января 2023
Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы, суретті Алмас Қайсар түсірген

​Қаңтар бүгініміз бен болашағымызға қалай әсер етеді?

Қаңтар шындығына қол жетпейінше, тығырықтан шыға алмаймыз

​Қаңтар бүгініміз бен болашағымызға қалай әсер етеді?

Қанды қаңтардан бері бір жыл өтсе де, Қазақстан қоғамы қаңтардың сол сұрапыл күндерінде не болып, не қойғанын әлі нақты түсінбеді. Оқиға орнынан тараған фото мен видеода есеп болмады, наразылыққа қатысқандардың оқиғасы белгілі. Соған қарамастан, түпкілікті түсінік болмауын парадокс дерсің. Мәселен, бір сауалнаманың нәтижесіне қарағанда, қаңтар оқиғасынан кейін алты ай өткенде еліміздің әрбір бесінші азаматы қаңтар анықтамасына сай келетін жауапты таңдаудан қиналған. Ал қалғандарының пікірі “мемлекеттік төңкеріс жасау талпынысы” төңірегіндегі жауаптарға ойысты.

Қаңтар тақырыбы қолдан тұмшаланып жатқаны айдан анық. Ресми өкілдерден келіп түсетін ақпараттың бәрі қатаң цензурадан өтеді, ал Тоқаев халықаралық тергеу ұйымдастырудан үзілді-кесілді бас тартты. Арада 12 ай өтсе де, күдіктілердің не үшін айыпталып отырғаны әлі түсініксіз. Зерттеуге тікелей қатысы бар құрылымдар шындықты ашуға құлықсыз деген ой келеді.

Ресми органдар ақпаратқа сараң, ал “бәрі бесенеден белгілі ғой” деп бастайтын блогерлер мен сарапшылар белсенді. Қоғамға бұрынғы президенттің туыстары билікті басып алмақ болды деген нұсқаны таңғысы келеді. Олар арандату мен жаппай тәртіпсіздікті алдын ала жоспарлап, Тоқаевты тақтан тайдырмақ болыпты-мыс.

Бұл нұсқа бойынша, қаңтар оқиғасы – ел бойынша жүз мыңдаған адамды қамтыған жаппай наразылық акциясы емес, бар болғаны элиталар тартысы. Ал митингке қатысушылар – қайда айдасаң, сонда жүретін тобыр, мұны әлдебір ұйымдастырушылар арам пиғылына пайдаланып кетіпті-міс.

Бұл материалдарда қайсыбір ұйымдастырушы, мародер мен бүлікшілердің қылмыс жасау пиғылы белсенді көтеріліп, ал мемлекеттің халықты өлтіргені, азаптағаны туралы жақ ашпайтынын байқау үшін пропаганданы анықтайтын эксперт болудың қажеті жоқ.

Тоқаевтың митинг қатысушыларынан батыр жасаудың қажеті жоқ деген үндеуінің өзі бұған мысал бола алады. Олардың ойынша, батыр – халық емес, батыр “батыл әрекет етіп”, елді аласапыран мен берекесіздіктен сақтап қалған Тоқаев екен.

Трагедияны еске алу күні жақындаған сайын оқиғаның билікке ұнамды нұсқасы белсенді таратыла бастайды. Сондай телесюжеттер мен авторлық мақалалардың санына назар аударсақ, пропаганданың көз ілмей жұмыс істеп жатқанын байқаймыз. Өйткені назарда саяси режимді заңдастыру мәселесі ғана емес, сондай-ақ кемі 238 адамның қазасына, бұдан да көп адамның азабына кінәлі адамдардың заң және ар-ұят алдындағы жауапкершілігі мәселесі тұр.

Әйтсе де, биліктің қаңтар оқиғасы туралы мұқият ойластырылған нарративі өміршең емес. Өйткені бұл әңгімеде “жоғарыдан” бағытталған ақтаңдақ пен сәйкессіздік көп.

Алайда авторитар режимдер көбіне пропагандасының күшін асыра бағалауға бейім келеді. Ең үздік пиар мамандарын жалдасақ, халықты оп-оңай алдауға болады деп ойлайды. Мәселен, Назарбаев өзінен пір жасап, елді 30 жыл биледі. Ал Путин құшақ жая қарсы алады деген оймен Украинаға соғыс ашты.

Қаңтар тақырыбы да осы төңіректе. Билік ақпарат кеңістігін қажетінше бұрмалап, жұрттың миына 2022 жылдың қаңтарында билікте төңкеріс бола жаздады, бәрімізді Тоқаев құтқарып қалды дегенді сіңіргісі келеді. Ашыла салысымен-ақ бір күн өтер-өтпес уақытта опырыла бастаған Алматыдағы “Тағзым” мемориалы секілді бірінші тәуелсіз тергеуден кейін бұл нұсқаның да күлі көкке ұшады.

Алайда мәселе қаңтар оқиғасы туралы бұл ой тапсырыспен жасалған сюжеттер мен мәтіндерде ғана емес, мемлекетті басқаратын адамдардың да дәл солай ойлауында. Пропаганда – тапсырыс берушілер сүретін өмірдің бейнесі. Митингіге қатысушыларды аңғал әрі басқаруға көнетін тобыр ретінде көрсетіп отырған мемлекетіміз халықты дәл солай қабылдайды. Сол себепті қандай да бір наразылық болса немесе қоғам оппозицияға бет бұрса, билік дереу мұның артында кім тұрғанын іздейді.

Мұны тексеріп көру үшін шенеунікке немесе билікке жақын сарапшыларға қаңтар наразылығын қоғамның ұйымдасуы нәтижесінде басталды, халықтың басым көпшілігі саяси өзгерістерге қол жеткіземіз деген шынайы ниетпен шықты деп айтып көріңізші. Сізге сенбеуі не күлкіге айналдыруы мүмкін. Алайда дәл сол адамдар қаңтарда содырлар мен исламшылдар билікті басып алып, монархия құрғысы келді деген нұсқаны (бір сарапшы қаңтар күндері осы нұсқаны белсенді түрде таратты) қос қолдап қолдайды.

Дәл осындай интерпретациялар кесірінен мемлекет пен халық зардап шегеді. Мәселен, наразылыққа қатысушылардың әрекетін лаңкестік ретінде қарастыру қару қолдану мен ұсталғандарды азаптауды заңдастырады. Митинг қатысушылары үшінші тараптың құрбаны болса, интернетті өшіру дұрыс әрі оңтайлы шешім деп саналады. Элиталар қақтығысы болды десек, ендеше билікке тәртіп орнатып, жарқын болашаққа жетелейтін “дұрыс” адам келсін.

Демек, қаңтар оқиғасын қалай көрсетуіміз – тарихты қайта жазу ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың бұдан қандай сабақ алғаны. Кейінгі кездері журналистерді ұстау, белсенділерді қудалау, демократиялық реформалар ойыны биліктің дұрыс сабақ алмағанын көрсетеді. Қаңтардан сабақ алмасақ, дәл сондай оқиғалар қайталана береді.

2022 жылдың қаңтарынан кейін болашақ туралы кез келген ой үрейге жетелейді. Қаңтар шындығына қол жетпейінше, тығырықтан шыға алмаймыз. Бұл шындық билік мінберінен айтылатын сөздерден тым алыс. Алайда азаматтық қоғам бұл шындыққа жетеді деген сенім бар.