12481
9 января 2023
Зерттеуші Камила Смагулова, арнайы Власть үшін

«Тарихтың ыңғайсыз беттеріне қатысты сұрақ қою мен жауап іздеуге талпыныс – отарсызданудың бір сатысы»

Отарсыздану үдерісін түсіну және оның Қазақстандығы көрінісі

«Тарихтың ыңғайсыз беттеріне қатысты сұрақ қою мен жауап іздеуге талпыныс – отарсызданудың бір сатысы»

Былтыр ел ішіндегі және әлемдік деңгейдегі саяси сілкіністерге байланысты отарсыздану (decolonization) ұғымы кең қолданысқа ие болды. Посткеңестік мемлекеттер үшін Украинадағы соғыс, Қазақстан үшін оған қоса Қаңтар оқиғасы отарсыздану катализаторына айналды. Саяси және халықаралық құқық тұрғысынан қарастырсақ, 2020 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2021-2030 кезеңін отаршылдықты жоюдың онжылдығы деп жариялады. Тарихқа үңілсек, ресми түрде отарсыздану 1960 жылы отар болған мемлекеттер мен халықтардың тәуелсіздік декларациясымен байланысты.

Зерттеуші Камила Смагулова өз бағанында отарсыздану үдерісін түсіну мен соңғы уақыттағы қазақстандықтардың отарсыздануға талпынысы жайлы баяндайды.

Отарсыздану өзекті саяси термин ретінде де (decolonization), теориялық ұғым ретінде де (decoloniality) Қазақстанда ресми түрде енгізілмеген. Геосаяси қиындықтардан бөлек, жалпы әлемдік ғылымда посткеңестік пен постколониалдық ұғымдарының арасында теңдік белгісі жоқ. Десе де, аймақта практика теориядан әлдеқайда алға жылжып бара жатқандай. Мәселен, 2023 жылды ресейлік этностық азшылықтар қауымы отарсыздану жылы деп жариялапты.

Ресми тарихи нарративте отарсызданудың осыған дейін кеңінен қолданылмауына қатысты біршама қиындық бар. БҰҰ-ның декларациялары саяси отарсыздану үдерісін меңзесе, посткеңестік қоғамдардағы азаматтық белсенділік пен отарсыздануға деген сұраныс төменнен жоғарыға бағытталатын ішкі саяси үрдістерді бейнелейді. Жылдар бойы жоғарыдан төменге бағытталған тарихи нарративтің болмауы қоғамға үйреншікті болмаса да, консенсус пен нақты нұсқаулықтың болмағаны азаматтардың өзіндік жеке рефлексиясын жүргізуге, сұрақтарға жауап іздеуіне жол ашады. Сөйтіп, Қазақстандағы кең құлаш жайып жатқан отарсыздану риторикасын және ұлттық бірегейлікті танып білуге деген сұраныс қоғамның тарапынан айқын байқалып отыр.

Отарсыздану үдерісін түсінуге бұрын отар болған елдер мен олардың метрополияларының қарым-қатынасын зерттейтін постколониалдық теория көмек болады. Мысалы, өткен ғасырда еңбектерін жазған Франц Фанон, Гаятри Спивак, Эдвард Саид және Хоми Бхабха сияқты ғалымдардың теориялары қазіргі таңда отарсыздануға дейінгі бұрын отар болған қоғамдарды түсінуге көмектеседі.

Отарсызданудың маңызын әлемдік ғылымда батыстық теориялардан алшақтаумен жиі түсіндіреді. Алайда, бұл теориялардан жаппай бас тартып емес, олардың сұлбасын жергілікті контекске икемдеп көру қажет.

Мәселен, Х.Бхабха бұрын отар болған қоғамдардың мимикрияға (белгілі бір әлеуметтік ортаға немесе топқа бейімделу) бейім екенін байқаған. Немесе Фанон «Black skin, white masks» («Терісі – қара, бетпердесі – ақ») кітабында отарлануға ұшыраған елдер мен олардың заманауи ұрпақтарының неліктен отаршылдық мәдениетке жақын болғанын айтады. Бұл теориялар қоғамда «m-word» деп табуға айналайын деп тұрған «мамбет» сөзінің қолданысын немесе ауыл мен қала тұрғындарының бір-біріне деген полярланған, сэлф-ориентализмге бейімделіп қалған көзқарастарын көрсетеді.

Теориялық және тарихи контексі жағынан профессор Мадина Тлостанованың еңбектерін қарастыруға болады. Профессор Кеңес үкіметінің құрамында болған мемлекеттердің контексінде отарсыздану үдерісін классикалық тұрғыдан түсіндіреді. Сонымен қатар, жазбаларында отарсыздануды (decoloniality/деколониальность) жеке таңдаумен байланыстырады. Бұдан табиғи үдеріс ретінде жүзеге асқан отарсыздану әркімнің жеке шешіміне байланысты екенін байқауға болады. Қазақстанның жағдайында бұны фамилиядағы -ова/ова, -ев/ева жалғауларынан арылып-арылмауды таңдауынан байқауға болады, яғни отарлық саясаттың салдары ретіндегі «мұрадан» құтылуды меңзейді.

Қазіргі таңда отарсыздану көріністерін тарихты саралайтын әдебиеттен, шежіре мен отбасылық тарихты зерттеуден, танымал әдебиет пен өнерден (кино, музыка) байқауға болады. Байырғы халық өзінің мәдени және рухани өткеніне шолу мен сараптама жасау арқылы бүгінгі күннің бірегейлігін қалыптастырады. Өткен жылдың шілде айында «Біз қарапайым халықпыз» көрмесін өткізген суретші Сәуле Сүлейменовадан отарсыздануды қалай түсінетінін сұрағанымда, анасы Саида Еламанованың: «Өте оңай! Бұл – өз абыройыңды қайтару», – деген сөзін келтірді.

Суретші Сәуле Сүлейменованың картинасы, One Steppe Forward, 2019

Отарсызданудың осы заманда анықтамалық құралына айналатын Айнаш (Керней) Мұстояпованың «Бұғауды бұзған қазақ даласы» кітабында қазақтардың отарсыздану аясында өткен жолы жайында ауқымды түсіндірме беріледі. Автор, әсіресе, жиырмасыншы ғасыр тарихының ашылмаған беттерінің отарсыздануының маңызын қарастырады. Өткен жылдың күзінде алғашында ағылшын тілінде басылып, кейін Фридрих Эберт қорының қолдауымен қазақшаға аударылған Тоғжан Қасенованың «Атом улаған дала» кітабы, автордың өзі растағандай, қазақ тарихындағы кеңестік отарлық дәуірдің ең ауыр салдары – ядролық қару жарақатын қарастырады. Осыған дейін кеңестік «мұра» ретінде қалған және айтылмаған тарихи оқиғаларды қайта қарастыру тарапынан бұл кітаптар жаңа заманның отарсыздануына деген негізге айналды. Ал әлеуметтік антрополог Эльмира Какабаеваның әйелдерге арналған «Отбасы этнографиясы. Жазбаның отарсыздануы» онлайн дәрістері осындай «мұраны» жеке тәжірибеден өткізудің мысалы бола алады.

Жиырмасыншы ғасырдың тарихына оралсақ, өткен жылдың желтоқсанында шыққан режиссер Айсұлтан Сейітовтың «Қаш» фильмі Ашаршылық жылдарына рефлексия ретінде қарастырылады. Тарихи жағынан әлсіз сияқты деген сынға қарамастан, бұл да алдында айтылмай, сараланбай қалған тарихи жараны ашуға септігін тигізетін мүмкіндігі бар. Отарсыздануды әлем бойынша нарратив етіп отырған әлемдік кинотеатрларда шыққан және кейін қазақ тіліндегі дубляжы шыққан «Қара қабылан: Ваканда жасасын» немесе «Аватар: Cу жолы» фильмдерінен де байқаймыз.

Қазіргі таңдағы отарсыздану үдерісіне тіл белсенділері мысал бола алады. Qazaq Grammar, QazaqLab, Калькасыз қазақ тілі және Kazak bubble сияқты топтардың мемлекеттік тілдің қолданысын азаматтық бастамалар арқылы кеңейтуі де отарсызданудың айқын көрінісі. Бұл отарсызданудың мәдени және рухани жағын ғана емес, қазақ тілінің негізінде әлеуметтік және экономикалық теңсіздік мәселелерін де көрсетеді.

Фото авторы Жанар Каримова

Отарсызданудың тағы бір көрінісі ретінде фамилиядағы -ов/ова, -ев/ева жалғауларына оралайық. Бұл қазақ қоғамына ғана тән құбылыс емес. Мәселен, Гүржістандағы әзербайжан белсенділері тектерінің «деокуппациясын» (деруссификациясын/орыссыздануын) талап етеді. Ресейдің империялық және кеңестік отарлау дәуіріне байланысты бұл бір емес, бірнеше халықтың бірегейлігін танып-білу немесе қалпына келтіру талпынысы. Отарсыздану тәжірибесі әлем бойынша, аймақтар арасында, мемлекеттер арасында, тіпті бір мемлекеттегі қалалар мен аудандар арасында алуан түрлі сипат алғанымен, оның кейбір көрінісі бір-бірімен селбеседі. Ата тегін қайтару, өз тілінде сөйлеу немесе байырғы халықтың әдебиеті мен мәдениетін жандандыру сияқты.


Алайда, алуантүрлілік туралы сөз қозғағанда бір мемлекеттің ішінде отарсызданудың тәжірибесі мен оған деген көзқарас біркелкі еместігін ескеру қажет. Тәуелсіздік жылдары ұлтаралық, нақтырақ айтсақ, этносаралық бейбітшілік ресми нарративте басым болып келеді. Кеңестік ұлт құру саясатының жаңғырығы әлі де жойылмаған, қазақстандық немесе қазақ атты дихотомия басым полярланған қоғам – бүгінгі күннің көрінісі.

Алдында атап өткен мысалдар отарсыздану призмасының көрінісін сипаттаса, жаңа жыл қарсаңында кейбір арналарда көрші елдің концерттерінің моделін калька етіп жасайтын шоу әлі де бар. Бұған тек қана баға беріп, ақ пен қара немесе дұрыс/бұрыс деп саралау поляризацияны одан әрі күшейтеді. Оның орнына, азаматтардың отарсызданудың қандай бейнесін көретінін, отарсыздануды қалай қабылдайтынын зерттеу қажет. Отарсыздануды таңдау деп ескергенде, олардың қандай таңдау жасайтынын не жасамайтынын айқын көрсек қана, Астана, Алматы сияқты ірі қалалардан бөлек отарсызданудың нақты бүкіл Қазақстан көлеміндегі бейнесін көре аламыз.

Әрине, жаманды жасырып, жақсыны асыратын байырғы әдет пен отарсыздануға деген сұраныс бір-біріне қарама-қайшы келеді. Төменгі сатыда, қоғам деңгейінде ғана бола қойса да, отарсыздану және қоятын сұрақтарға жауап таппау тығырыққа тіреуі әбден ықтимал. Тарихтың ыңғайсыз беттерін ашып, сұрақ қою мен жауап іздеуге талпыныс – отарсызданудың табиғи, болмай қоймайтын сатысы. Ашаршылықты, Сталиндік репрессияны, Желтоқсанды, жаңа ғасырда алдымен Жаңаөзен, кейін 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына қатысты сараптаманы да отарсызданудың, байырғылықтың көрінісі ретінде қарастыруға болады. Себебі ұрпақтың ертеңгі тарихи жадын, ұжымдық жадын қалыптастыратын осы оқиғалар болады. Ұлы Отан соғысы емес, Екінші дүниежүзілік соғыс, Киргизия деудің орнына Қырғыз елі деп атайтын риторика қалыптаса бастады. Егер осының барлығын өзіңнің кешегі күніңе деген сыни көзқарасты қалыптастыру мен қазіргі жағдаймен салыстыру арқылы саралау болса, оны да отарсыздануға деген ұмтылыс дер едік.