«Келісімге келе алмай жатыр дегенде... ұсыныстарыңызды тағы да қарастырып айтатын шығар, өйткені енді бұлай тұрғыза беруге болмайды ғой, бұл – ақылға қонымсыз нәрсе»… 11 сәуірде ереуіл басталғанына бір тәулікке жуық уақыт өткенде әріптестері Мақсат Толықбай, Ермұрат Бапимен бірге жаңаөзендіктердің алдына келген мәжіліс депутаты Ринат Зайытов осылай деді. Зайытовтың кей сөзі рас болып шықты, жұмысшыларды министрліктің алдында ұзақ тұрғызбады. Бір сағаттан соң оларды қара бетперде киген күш құрылымының өкілдері күштеп басып алып кетті.
Одан бұрын Есіл аудандық әкімдігінде ішкі саясат басқармасының сарапшысы болып істейтін Серік Ордабаев рупормен митингтің заңсыз екені туралы әдеттегі ескертуін айтып, тарауды сұраған. Алайда Маңғыстаудан келгенін айтқан жұмысшылар қайда тараймыз деп, кете қоймады. Терең дем алған Ордабаев жаттап алған ескертуін орыс тілінде де қайталап, «үйлеріне тарауды» сұрады. Үйінен 2700 шақырым қашықта тұрған жаңаөзендіктер бұған наразы болып, сұрақтарына жауап беруді сұрады. Ордабаев бұрылды да, көлігіне қарай кетіп қалды.
Осы бір көрініс пен одан кейінгі қамау мемлекеттің халыққа құлақ аспайтынын, оның орнына күш қолданатынын тағы да көрсетті. Дәл сол күні ант берген энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев қызметін жұмысшылармен кездесіп, өзі басшылыққа келген саладағы ең маңызды мәселені шешуден бастауына болар еді, бірақ министр бұл мүмкіндікті қолданған жоқ.
Жұмысшылармен өткен келіссөзде ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясының өкілдері басты рөлде болды, олар бұл жағдайды өздеріне қатысы жоқ екі компанияның дауы ретінде қарастырудан танбады. Мұнайшылардың талабы жүйелі сипатқа ие екенін елемеген ұлттық компания еншілес және сервистік компаниялары мен ірі бизнестің мүддесін қорғады. Мұны түсінген жұмысшылар үкіметтің араласуын талап етті.
Маңғыстау облысының тұрғындары мен жұмысшылардың экология, өңірлік даму мен жұмыссыздыққа байланысты мәселесін шешудің орнына, мемлекет тек келесі жылы екі жылға ұзарту мүмкіндігімен тендерді үш жылға ойнатуға уәде беріп, ереуілшілерге басқа компаниялардан уақытша әрі тұрақсыз жұмыс орындарын ұсынумен шектелді. Ашық диалогтың орнына ҚМГ жұмысшылардың талабы «жаңаөзендіктердің мүддесіне қайшы келеді» деп мәлімдеп, жұмысшыларға жығылған үстіне жұдырық сілтеді.
Бұл жұмысшылар бір жыл бұрын да келген, әкімдіктің алдында айлар бойы тұрған, бұған дейін әртүрлі мемлекеттік органдарға хат жіберген және Астанаға келетіні туралы да ескерткен. Алайда мемлекет «конструктив»ұсыныстың орнына автозак дайындап қойды. Келіссөзге мемлекет атынан шыққан еңбек министрлігі мен энергетика министрлігінің өкілдері барлық отырысқа бірдей қатысқан жоқ. Ақорда мен Үкімет үйінің жанында құм жоқ, бірақ «халық үніне құлақ аспайтын мемлекет» жылы кабинет я жалтарма жауап түрінде болсын, басын тыға қоятын жерді үнемі табады.
Поддержите журналистику, которой доверяют.