3491
30 мая 2023
Юна Коростелева, суреттерді Данияр Мусиров түсірген. Власть

Солтүстік Қазақстан. Кері көшті тоқтату

Солтүстік Қазақстан облысынан көшіп кететіндер азаймай, ауыл мен қала тозып барады

Солтүстік Қазақстан. Кері көшті тоқтату

Солтүстік Қазақстан облысында 534 мың адам тұрса, оның 260 мыңға жуығы 5 қалаға – облыстағы ең ірі қала Петропавлға, Мамлюткаға, Булаевоға, Сергеевка және Тайынша қалаларына қоныстанған. Облыс халқының қалған жартысы 13 ауыл-ауданда тұрады.

СҚО тұрғындары Қазақстанның басқа қалаларына және көршілес Ресейге жайлы өмір іздеп кетіп жатыр. Кейінгі 20 жылда Солтүстік Қазақстаннан 100 мыңнан астам тұрғын кетті. 2021 жылы ішкі көші-қон сальдосы -4755 адам болған.

Тұрғындармен әңгімелесіп, иммиграция ағынын жергілікті билік жылдар бойы қалай тоқтатуға тырысып жатқанын білу мақсатымен Власть тілшісі СҚО ауылдары мен Петропавлға барып қайтты.

«Өмір өтіп жатыр. Әйтіп-бүйтіп өтіп жатыр»

Николаевка – Николаев ауылдық округінің әкімшілік орталығы, Петропавлдан 126 шақырым жерде орналасқан. Осында және көрші Қаратал ауылында бір жарым мың адам тұрады. Қаламен арадағы жол екі сағаттық, қарлы боран күндері кемінде үш сағат жүресің. Петропавлдан біршама алыстаған соң, шұңқыр әрі көктайғақ жол басталады.

Николаевкадағы көп үй қараусыз қалған. Тұрғындар оқу мен жұмыс іздеп, ірі қалаларға кетіп жатыр. Ара-тұра көліктің жанынан балалар жүгіріп өткенімен, ауылда негізінен зейнеткерлер тұрады. Көрші екі көшеде адам қарасы көбірек байқалады – онда жерлеу рәсімі өтіп жатыр екен.

Зейнеткер Валентина Алпеева шағындау келген, сырты жасыл үйінің кіреберісінде күтіп алды. Есікке апаратын жолды қар басып қалған. Әдетте оны көрші балалар күреп, орнына уақытша интернет қосып беруін сұрайды, бірақ наурыздың боранында жолды бірнеше сағатта-ақ қар басып қалады.

«Аяқкиіміңді шешпей-ақ қой, қар таза ғой, былғанбайды. Тезірек жылынып алыңдар. Бүгін күн аса суық емес болған соң, жазғы үйге от жаққан жоқпын. Отты таңертең ғана жағамын», – дейді Валентина Михайловна.

Үй ішінде гүлдің түр-түрі толып тұр, ал шкафтар мен қонақ бөлмедегі үстелге қолдан тоқылған ойыншықтар тізіліпті. Оларды Валентина Михайловна өзі тоқиды.

«Ермек тауып, уақыт өткізу керек қой. Бір қуыршақты бір аптаға жуық тоқимын. Ауруханада жұмыс істедім, сонда тоқыған ойыншықтарымды жұрттың бәріне тарататынмын. Майлық, шарф тоқимын. Бірдеңе істесең, бірдеңеге қызықсаң, өмірің жақсарады. Көңіл-күйің көтеріледі. Көп адам мұның қадірін білмейді, сондықтан сатпаймын. Жіп қымбат тұрады, тоқуға уақыт кетеді. Туыстарыма туған күнінде сыйлаймын», – дейді зейнеткер.

Валентина Михайловна Спасовка ауылында дүниеге келіп, орта мектепті сонда бітірген. Медицина университетінде оқыған. Красноперовка ауылында бір жарым жыл жұмыс істеп, артынша Николаевкаға көшкен. Әкесі қайтыс болған соң анасы осында тұрған. Валентина Михайловна Николаевкада 42 жыл жұмыс істеген, оның 16 жылында патронаж медбикесі болып істеген. Қазір жалғыз тұрады.

«Мұнда үлкен стационар болған, кезекшілікте де тұратынбыз, емдеу бөлмесі де болды, физиотерапия кабинетінде де жұмыс істедім. Бұрын бала көп еді, екі медбике болатын, кейін мені басқа бөлімге ауыстырды. Осылайша санитариялық ағарту ісінің фельдшері болдым. Екпе салдым, объектілерді тексердім, дәрілеумен айналыстым. Жұмыстың аты жұмыс. Не айтса, соны істедім», – дейді кейіпкеріміз.

Кеңес Одағы ыдырай салысымен халық Николаевкадан кете бастады. Олардың басым бөлігі Ресейге, Петропавлға және Петропавлдан 20 минуттық жерде орналасқан Бескөл ауылына көшті. Осында қалған тұрғындар шаруа қожалықтарында жұмыс істеп, малмен айналысады, кейбіреуі қалаға жұмысқа барады.

Николаевкада аурухана бар, бірақ бала аз болған соң, мұндағы балалар стационары жабылған. 90 орындық мектеп-интернат та осындай себеппен шағын ғимаратқа көшірілген. Валентина Михайловнаның айтуынша, Николаевка мен Қараталдағы жалғыз мектепте бос орын көп.

Ауылдағы соңғы дәрігер бір жарым жыл бұрын зейнетке шыққан, содан бері тұрғындар тек фельдшерге жүгіне алады. Тексерілу үшін қаладағы және аудандағы медицина орталықтарына бару керек.

Ауылдың әр жерінде үш дүкен орналасқан – тұрғындардың айтуынша, онда қажет заттың бәрі бар, сөреде жоқ азық-түлік пен киім-кешекке еш қиындықсыз тапсырыс беруге болады. Көршілер жеке шаруашылығынан шыққан ет, сүт өнімдерін, жеміс-жидек, көкөністі бір-біріне сатады. Ауылдағы екі дәріханада ең қажет деген дәрі-дәрмек сатылады, болмаса тапсырыс беруге немесе көршілерден қарызға алуға болады.

Николаевкада орталық су құбыры бірнеше жыл бұрын іске қосылған. Газ жоқ, тіпті Петропавл маңындағы ауылдар үшін де газ арман болып тұр.

«Осы жерге үйренгенмін, – дейді Алпеева. – Әрине, жағдай жақсарса деймін. Адамдар кетіп, үйлер қирап жатыр. Бұрын мен жұмыс істеген кезде халық саны 3 мыңнан астам еді. Кейін бәрі бұзылды. Мал шаруашылығы, ет-сүйек комбинаты да жойылды. Республикалық маңызы бар кәсіпорын еді, өнімі Алматыға тасымалданатын. Қазір мұнда бала кезінен ауылда жұмыс істеуге дағдыланғандар ғана қалды».

Зейнеткердің жеке бақшасы бар. Қыста жеу үшін жертөлені консервінің түр-түріне толтырады. Бұрын торай ұстапты, бірақ күйеуі қайтыс болған соң тек тауық бағатын болыпты.

Валентина Михайловна бос уақытында ауыл мектебіндегі «Бірлік» этно-мәдени орталығына барады. Орталыққа келушілер ауылда іс-шаралар өткізіп, басқа қалаларды аралап, белгілі бір ұлттың өкілі ретінде ән шырқап, сахналық көріністер көрсетеді.

«Астанадағы EXPO көрмесіне бардық, Бурабайда, Петропавлда болдық. Әрі демалып, әрі өнер көрсетеміз. Бұл тұрғындарға, негізінен зейнеткерлерге арналған. Бірақ көбі қосылғысы келмейді. Екі-ақ ер адам келетін еді, олар да қайтыс болып кетті. Көбі қартайған, денсаулығы жоқ. Адамдар үйде отыруға үйреніп қалған. Мұнда зейнеткерлер көп, жастар аз. Дегенмен өмір өтіп жатыр. Әйтіп-бүйтіп өтіп жатыр».

«Еңбектенген адам аш қалмайды»

Николаевкадан Петропавлға барар жолдың пейзажы бір сәтте күрт өзгереді. Қар басқан күңгірт үйлердің көрінісі жарқыраған қасбеттер мен биік жел диірмендеріне ауысады. Бұл – бүкіл Қазақстанға танылған Новоникольск ауылы, петропавлдықтардың кейбірі оны өмір сүруге арналған «мінсіз» жер деп айтады. Мұнда 1560 адам тұрады.

1976 жылға дейін Новоникольскіде туберкулезбен ауыратын малға арналған су қоймасы болған. Сол жылы Геннадий Зенченко «Новоникольский» кеңшарының директоры болды. Тұрғындардың сөзімен айтсақ, Зенченконың арқасында Новоникольск дамуға серпін алды. Ол шаруашылық базаларының барлығын тазартып, ауылға сау мал әкелген, ал 1997 жылы «Зенченко и компания» коммандит серіктестігін құрған.

«Мал шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар басталғанда, оның көп көмегі тиді, мұнда алғаш рет Канададан сауын сиырлар әкелініп, заманауи сүт кешені салынды. Сосын Австриядан сүтті-етті сиырлар әкелді, олар азырақ сүт береді, бірақ бұзауы етті. Содан бері мал шаруашылығы базалары салынып жатыр. Жұмыс автоматтанған, бұл сапалы сүт өндіруге мүмкіндік береді, өйткені сауыншының қолының ұшы тимейді», – дейді Новоникольск қаласының әкімі Елена Захарова.

Новоникольскіден күніне 76 тонна сүт шығады, ол Солтүстік Қазақстан облысы мен Астанаға тасымалданады. Захарованың айтуынша, Зенченколар әулеті әлеуметтік жауапкершілікті ұмытпайды, бұл әкімге көп көмек.

«Ештеңе сұраудың қажеті жоқ. Абаттандырумен өздері айналысып, балаларға да, жастарға да, жұмысшыларға да, зейнеткерлерге де барлық жағдайды жасайды. Иван Емельянович (Геннадий Зенченконың әкесі – В.) жұмысшыларға үнемі жағдай жасап отырды. Олар ең әуелі әлеуметтік саланы қолға алатын, өйткені ауылдағы адамдарды басқаша әдіспен ұстап тұра алмайтынын түсінді. Балаларға жақсы жағдай жасаса, тәп-тәуір айлық, баспана болса, кетудің не қажеті бар?» – дейді әкім.

Ауыл шағын қалаға қатты ұқсайды – мектеп, балабақша, шіркеу, спорт сарайы мен мұз сарайы, ішінде мұражайы мен кітапханасы бар мәдениет үйі, бассейн, жаттығу залы, дүкендер мен супермаркет, наубайхана бар, ал әр үйдің жанындағы гараждардың барлығында дерлік көлік тұр.

Новоникольскідегі мектепте 366 бала оқиды, Трудовое және Новоалександровка ауылдарынан келген оқушыларды тегін жеткізу қызметі де бар. Сонымен қатар, мектеп оқушылары «Зенченко и компания» серіктестігі есебінен тегін тамақтанады. Жақында мектеп жанынан 100 орындық балабақша іске қосылды, оған да үш ауылдың балалары келе алады.

Новоникольскіде орталық жылыту қазандығы бар, 506 үйдің 146-сы жылу жүйесіне қосылған. Қалған үйлер әлі де пеш жағады, бірақ жаңа қазандық салу жоспарланып отыр.

«Біз әзірге газды тек армандаймыз. Қашан қосыла алатынымызды білмейміз, негізі бұл бүкіл Солтүстік Қазақстан облысының проблемасы. Үш ауылда да Зенченко салған қоғамдық монша бар. Жұмысшылар 150 теңгеге моншаға бара алады. Тұрғындарымыздың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға тырысамыз. Мысалы, бассейнге бір рет бару 250 теңге тұрады. Балаларға конькиді жалға алу тегін, ересектер үшін – күні бойына 500 теңге», – дейді Захарова.

Осыған қарамастан, облыстың басқа ауылдарындағы сияқты, Новоникольскіде де халықтың кетуін тоқтату мүмкін болмады, көші-қон сальдосы әлі де оң күйінде қалып отыр. Зауытта жұмыс істегісі келетіндер көп.

«Адам әрқашан жақсыға құмар. Жұрт бос сөзге әуес, мұнда келіп, өте әдемі екенін айтуын айтады, бірақ жұмыс істеу керек екенін түсінбейді. Маған телефон шалып, жұмыс сұрап жатады. Мен бірден мұқият ойлануын сұраймын. Біз уәде бермейміз, барымызды айтамыз. Еңбектенген адам аш қалмайды», – дейді әкім.

Новоникольскідегі дүкендерде азық-түлік өнімдері мен тұрмыстық химияның түр-түрі бар. Сырттан келгендерге – бөлек баға, ауыл тұрғындарына – бөлек, арзанырақ баға ұсынылған, ал Зенченко зауытының балғын сүт өнімдері арнайы дүкенде төмендетілген бағамен сатылады. Ауыл тұрғындары өз шаруашылығын жүргізіп, негізінен жеміс-жидек, көкөніс, құс өсіреді.

«Сиыр ұстау қиынырақ, өйткені оны таңертең жайылымға айдау керек, сиырға аса қажеттілік те жоқ – сүт өнімдерінің түр-түрі мол. Жем-шөпті сызып тастай аласыз. Күшіңізді бағамдауыңыз керек. Үйде жұмыс істеп, шаршап қалған қызметкердің өндірісте не қажеті бар? – Захарова сұрақ қойып алып, ары қарай жалғастырды. – Адам ұзақ жұмыс істей алмайды. Мұндағы ең төмен жалақы – 200 мың теңге. Тек күзетшілердің табысы азырақ, олардың жұмысы да аса ауыр емес. Базада жұмыс істейтіндер – 200-250 мың теңге, механизаторлар мен жүргізушілер одан да көбірек алады».

«Газды армандамайтын болдық»

Новоникольск – Солтүстік Қазақстандағы тұрғындары жақсы жалақысы бар жұмысты оңай таба алатын жалғыз ауыл шығар.

«Ауылда жұмыс жоқ. Үйдегі малын таңнан кешке дейін тиын-тебенге бағатындар көп. Қазір ел малын сата бастады, өйткені оны ұстау қиын әрі қымбат. Халыққа ақша керек». – Петропавлдан 10 шақырым жердегі Белое ауылында тұратын азамат осылай дейді.

Белое көшелері тым-тырыс. Қар қалың жауған соң, көшеде бейсауат жүрген ешкім жоқ. Тек газ құю бекеті мен дүкенде бірен-саран адам жүр. Үйлердің де кейбірі бос болды. Белое және көршілес Пеньково ауылдарында кәсіпорын аз – мұнда қой-ешкі өсіреді, сондықтан ауыл тұрғындары Петропавл мен Бескөлден жұмыс іздеуге мәжбүр.

«Су жоқ, құдықтан ішеміз. Ағам кейде колонкаға барып, 20 бөтелкемен су әкеледі, бұл аз уақытқа ғана жетеді. Бастауыш сыныпты бітіріп жатқанда аудан әкімі ауысқан, сол сәтте мұғалім: "Бізге су тартатын болды!" – деп қуанған еді. Сол күйі су тартқан жоқ. Ауданның әкімдері ауысып, суды жеткізу мерзімін ұзарта берді. Бізде газ да жоқ, оған үйреніп те қалдық. Тіпті ешкім армандамайды да. Электр жарығына келсек, кернеу төмен. Тауық етін пеште екі сағат пісіресің», – дейді ер адам.

Бұл мәселенің барлығы ауылдан 15 минут ұзап шығысымен-ақ жоғалып кететіндей. Солтүстік Қазақстан облысындағы бірден-бір ірі қала Петропавлда тіршілік қайнап жатыр.

«Кеңес дәуірінде Петропавл индустриясы дамыған қалалардың бірі еді. Осында КСРО-ның мемлекеттік жоспарына жұмыс істейтін 5 ірі оқшау зауыт болды. Қазір бұл кәсіпорындардың аты ғана қалған. Мыңдаған адамның орнында қазір бірнеше жүз адам ғана жұмыс істейді», – дейді «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының» директоры Сергей Худяков.

Худяковтың айтуынша, ауылдарды асырап отырған – тұрақты зейнетақы алып, шаруашылық жүргізетін зейнеткерлер. Жастардың бойына бала кезден ата-анасының жолын қумай, ауылдан кетуге деген ынта-жігерді сіңіреді. Ресейде оқуға қызықтырады, ал оқу бітірген соң олар Қазақстанға сирек оралады. Осыған байланысты өңірде егде жастағылар басым.

«Адам бір затты 15 жыл бойы естісе, ол зомбиге айналады. Әке жолын жалғастыру жоғалып жатыр. Жастар ауылда қалуы үшін бала кезінен ата-анасының көмекшісі болуы шарт. Жермен жұмыс істеу – ауыр еңбек, бірақ мұнда өзің қожайынсың. Ауылда өсіп, ауылда оқыған адам қалада кіммен жарысады? Әдетте оның білім деңгейі, әлеуметтік байланысы төмен. Бұлар алғашқы жұмысты табуда көп рөл ойнайды емес пе», – дейді Худяков.

Ауылда өмір сүруге қолайлы жағдай жасаса, халықтың көші азаятынына Худяков сенімді. Мысалы, қалаға жақын ауылдар қала тұрғындарына демалу қызметтерін ұсына алады. Ауылдар кішігірім қалаға айналып, ауыл тұрғындарын тартатын орталыққа айналуы үшін шалғайдағы елді мекендердің коммуналдық инфрақұрылымын жақсарту керек.

«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты» тұрғын үй реформасымен және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытумен айналысады. Ұйымның көмегіне ПИК (пәтер иелері кооперативтері) немесе ММИБ-пен (мүлік меншік иелерінің бірлестігі) жұмыс істеп үйренгісі келетін және үйінің күтімін жасағысы келетін көппәтерлі үй тұрғындары жүгініп жатады. Институт ПИК пен ММИБ қызметкерлеріне тренингтер де өткізеді.

«Тұрғын үй реформасы қазір өте өзекті. Сондықтан халық бізге жүгінеді. Кеңес заманынан қалған әдет бойынша, олар бар шаруасын тастай салып, мәселесімен айналыса жөнелетін тегін адвокат іздейді. Өз мәселемізді өзіміз шешуіміз қажет деп үйретеміз. Оларды заң нормаларымен таныстырамыз, үзінді көшірмелер, кезең-кезеңімен іс-шаралар жоспарын береміз. Біреу түсінеді, ал біреу адасып келгендей болады», – дейді Худяков.

Үйде пәтерден бөлек жүздеген ысырма, жүздеген шақырымға созылған құбыр, электр шамдары, жылыту құрылғылары бар – мұның бәрі ескіріп, бұзылып жатыр, оны жөндеу керек. Оның пайымдауынша, Петропавл тұрғындары мұны байқамайды. Жөндеу жұмыстарына ақша қажет, тұрғындардың ойынша, ол ПИК пен ММИБ төрағаларының «қалтасына түседі».

«Қала тұрғындарын аз ақшаға қалай жақсы өмір сүруге болады деген сұрақ көбірек қызықтыратын сияқты. Олардың ойынша, бұл жұмбақтың жауабын біреу біледі – дұрыс есікті тапсаң болғаны, бәрі бірден шешіліп кетеді, – деп сөзін жалғады. – Қазір дүкеннен азғантай азық-түлік алсаң 5-6 мың теңге төлейсің, ал ПИК жарнасы – 2 мың теңге. Сіз бұнымен қандай үлкен өзгеріс күтесіз? Жалақы мөлшері мен құрылыс материалдарының бағасы бірдей. Адамдар тамақ ішіп, киінуі керек. Үй де жақсы жағдайда сақталуы керек. Өйткені үй болмаса, одан да сорақысы болады».

Қалада азаматтық қоғамның даму деңгейі нашар, белсенділер көбіне ортақ бір күрделі мәселе төңірегіне бірігеді. Мәселен, облыста мүгедектігі бар балалардың аналары мен мүгедектігі бар адамдардың мықты ұйымдары бар.

«Бұл процесс өте ұзақ және баяу. Ең бастысы – халықпен жұмыс. Өйткені әркімнің өз мәселесі бар. Адамдарға Марста өмір бар-жоғы туралы айту аса қызық емес. Олар үкіметтік емес ұйымдардың қажетін түсінгенде, оларға көмектесе бастағанда, өзгеріс болды деп айта аламыз. Әзірге сапалы өзгеріске айнала қоймаған түрлі әрекет қана бар», – дейді Худяков.

«Петропавлдықтар көңілсіз десе, ауылдағылар не дейді?»

Наурыздың басы. Петропавл қаласын қар басып қалған. Қалаға кіреберісте ең бірінші көзге түсетіні – үлкен зират пен қарсы беттегі жеке сектор, мұндағы көптеген үйде жерлеу қызметтері жүзеге асырылады.

Жұмыс күндері қала көшелерінде кептеліс, ара-тұра іші лық толы автобустарды байқауға болады. Тротуарларды қалың мұз басқан, соның салдарынан жаяу жүргіншілер аяғына коньки киіп алғандай ыңғайсыз жүр. Екпіндете соққан суық жел олардың қозғалысын тездете түседі. Көпқабатты үйлердің қасбеті не ашық түстерге боялған, не тозығы жетіп қирай бастаған. Петропавл орталығындағы үйлер муралдармен және кеңестік мозаикамен безендірілген.

Ал демалыс күндері қала тып-тыныш. Тұрғындар аяздан қашып, кафелер мен сауда орталықтарын паналайды. Қазақстандағы ең ұзын жаяу жүргіншілерге арналған көше – Конституция көшесінің бойымен біраз адам жайбарақат жүр.

Конституция көшесінің маңында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті Дмитрий Павловпен кездесті. Ол Петропавлда дүниеге келген, мектеп бітірген соң Омбыға оқуға кетіп, бірақ жеке жағдайына байланысты туған жеріне қайтып оралған. Павлов Ресейге көшуді ешқашан ойламапты, бірақ ресейлік жоғары оқу орнына грантқа түсу қазақстандық университетке грантқа түсуге қарағанда оңайырақ болған.

Павлов Қазақстанның Жастар ақпарат қызметінің Петропавл және Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жоба үйлестірушісі. Жастармен жұмыс істеп, қаладағы саяси белсенділікті бақылай отырып, тұрғындардың қоғамдық-саяси шараларға іс жүзінде араласпайтынын байқайды.

«Мүлдем қызықпайды. Қаламыздағы ең ірі митингілердің бірі коронавирус шектеуіне және вакцинацияға қарсы болды. Тіпті Қаңтар оқиғасы кезінде де алаңда адам аз болды. Тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күрес туралы заңға қатысты петиция қозғалысы болды. Адамдар белсене қол жинап, көптеген дәмханада листовкалар жатты. Осы қозғалыстың діңгегі негізінен қаламыздың есебінен қалыптасты. Адамдар тақырыптың мәнін түсінбей жатып талқылап, өзін де, өзгені де жаңылыстырумен болды», – дейді Павлов.

Қаладағы мәселелер Петропавл тұрғындарының енжарлығы салдарынан баяу шешіледі. Жолдың тазалығына немесе қоғамдық көліктің сапасына көңілі толмаса, халықтың мемлекеттік органдарға жүгінуі екіталай.

«Бүкіл қала жым-жырт, осыған қарамастан бәрі жылыту маусымын қобалжи күтті. Былтыр апатты жағдай көп болды, іс жүзінде жылусыз қалдық. Сосын жылу-электр орталығындағы құбыр жарылды. Биылғы жылыту маусымы су құбырының жарылуынан басталып, қалада су болмады». – Жас жігіт қаладағы жағдайды осылай есіне алады.

Бірнеше жыл бұрын ғана Петропавлда автобус болмаған – тұрғындар ескі шағын автобустармен жүретін. Қоғамдық көлік бағыттары жолға қойылды, бірақ көліктер сирек жаңартылады, сондықтан сұраныс жоғары болатын уақытта адам лық толы автобустың өзін ұзақ күтуге тура келеді. Бұл ретте жол жүру құнын көтеру ұсынылып отыр. Әзірше қанша екені белгісіз, бірақ Павловтың айтуынша, жол жүру ақысы қазірдің өзінде 80 теңге тұратынын ескерсек, бұл халықтың қалтасына ауыр тиеді.

«Мұндағы табыс деңгейі орташа деңгейге мүлдем сәйкес келмейді. Орташа табысы бар адамдарды сирек байқаймын, ал көбірек табыс табатындар – Ресейден келген релоканттар, – деп атап өтті жігіт. – Оған қоса, Ресей ақпарат кеңістігінің ықпалы өте күшті болғандықтан, ресейлік үгіт-насихат та біздің өңірдің үлкен мәселесі деп есептеймін. Теледидар қарайтындардың барлығында дерлік ресейлік кабельдік телеарналар қосылған. Халық Қазақстанды Ресейден аса қатты ажырата бермейді. Ресейде болып жатқан оқиғаларды адамдар өз елінде болып жатқандай қабылдайды».

Мектеп бітірген жастардың Ресейге көшуінің тағы бір себебі – Ресейдің ақпарат кеңістігінде болуымыз. Сонымен қатар, көпшілігінің туыстары сол жақта тұрады, сондықтан Павловтың айналасындағы кейбіреу үшін Ресей университетіне түсу – этникалық түптамырына қатысты мәселенің шешімі.

Солтүстік Қазақстан облысында бір ғана университет бар, ол – М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті немесе жай ғана Петропавлда орналасқан СҚУ. Онда облыстың әр түкпірінен келген 6000-нан астам студент білім алып жатыр.

«Барлығы сапалы білім алып, жақсы жұмыс тапқысы келеді. Жақсы жағдайға қол жеткізгісі келеді. Көптеген ауылда қарапайым ғана судың өзі жоқ екенін білеміз. Адамдар құдықты өзі қазып жатыр. Кәріз туралы мүлдем айтпай-ақ қояйын, септик жоқ жерлер өте көп. Бос уақытты өткізу мәселесі еш шешілмеген. Петропавл тұрғындары мұнда қызықсыз, көңілсіз деп шағымданады, қалалықтар бұлай десе, ауылдар туралы не деуге болады?» – деп, Павлов сөзін қорытындылады.

«Кетуді тоқтатып, оңтүстіктен көшті арттыру керек»

Былтыр М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті 85 жылдығын атап өтті. 2022 жылдың соңына қарай жоғары оқу орнының атауы БАҚ пен әлеуметтік желіде жиі көрінді – жоғары оқу орнын Аризона университетінің сенімді басқаруына бергісі келді. Сол сәтте Петропавл қаласының бір топ тұрғыны облыс атынан сөз сөйлеп, Аризона университеті «жыныстық азшылық өкілдеріне қолайлылық жағынан АҚШ бойынша 4-орында және ЛГБТ-ны насихаттайды», ал «Қазақстан халқына батыстың жыныстық азғындығы және оған жол берілмеуге тиіс» деп мәлімдеді.

Осындай жағдайларға қарамастан, бағдарлама бәрібір іске қосылды. СҚУ ректоры Ерлан Шұланов жобаның басты мақсаты – технологиялар трансфері болғанын, соның арқасында университет жеке брендін танытып, білім нарығында еркін қанат жаятынын айтады.

«Бізге тек тәжірибеге мүмкіндік алу қажет еді, Қазақстан ғана емес, шетелден де оқытушылар тарту үшін біз университет брендін қолданатынымызды бірден айттық. Өткен жылы серіктестеріміздің арқасында Америка университеттерінде жұмыс істеген бірнеше қазақстандықты АҚШ-тан әкелдік. Қазір шиеленіскен жағдай басылды. Жобаға қатысқан 25 оқытушының 18-і – бір жыл бойы тренингтерге қарқынды қатысып, педагогикалық білігін арттырып, ағылшын тілін жетілдірген университетіміздің өз оқытушылары. Шетелден екі оқытушы, Құрама Штаттардан екі қазақстандық, АҚШ-тан тағы үш оқытушы келді», – дейді Шұланов.

СҚУ 2022 жылы Аризона университетінің бағдарламасы бойынша 155 студентті қабылдаған, биыл 500 студентке дейін қабылдау жоспарланып отыр. Олар Петропавлда үш жыл білім алады, ал 4-курсты АҚШ-та оқиды. Оқуды бітірген соң түлектер қазақстандық және америкалық дипломға ие болады.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті – медицинадан бастап, инженерияға дейін түрлі факультеті бар стандарт көпсалалы университет. Шұлановтың айтуынша, осыған қарамастан, СҚУ ресейлік жоғары оқу орындарымен бәсекелесе алар емес.

«Омбы бізден 100-ақ шақырым жерде. Ол жақ ірі ғылыми-техникалық конгломерат, онымен бәсекелесе алуымыз керек. Ол жаққа жастар көп кетті, онда білім жақсы дейді. Екі жыл бұрын біз алға мақсат қойдық: жастардың кетуін тоқтатып,

Қазақстанның оңтүстігінен көшіп келуді арттыру керек. Аризона университетімен бірлескен бағдарламаға студенттер елдің түкпір-түкпірінен келді. Олардың саны көп емес еді, бірақ біз ақпараттық науқанымыз арқылы Алматы, Шымкент сияқты әдетте бұрын студенттер келе бермейтін қалаларға да жеттік», – дейді ректор.

Шұланов өңірде жастарға арналған жұмыс орындары әлдеқайда көп деп есептейді. Ол электротехника және фанера зауыттарын, ауыл шаруашылығы саласын, тау-кен және ағаш өңдеу өнеркәсібін мысалға келтірді.

Қазақстан Жастар ақпараттық қызметі филиалының директоры Сергей Кламм СҚУ-дың бакалавр бағдарламасын аяқтаған, қазір магистр дәрежесін алғалы жатыр. Ол өңірде жұмыс орындары жеткілікті болғанымен, жұмыс берушілердің барлығы бәсекеге сай жалақы ұсына алмайды деп есептейді.

«Қалада жұмыс орындары жеткілікті, бірақ лайық жалақы жоқ. Мысалы, өндірістік практика кезінде бізге банктерден келіп, ыңғайлы кестеге сай жұмыс ұсынды. Мамандығым – қаржыгерлік, бұл бойынша мен еш қиындық көрген жоқпын. Бірақ бірінші кезекте тағы да жалақы мәселесі ортаға шығады. Университетке түскен кезімдегі басшылық дәстүршіл болды, олармен жұмыс істеу өте қиын еді. Қазір ректор ауысып, қызығырақ бола түсті, бірақ білім сапасы әлі тұралап тұр. СҚУ-ға ҰБТ-сыз түскен достарым бар – мұның өзі көп нәрсені аңғартады », – дейді Кламм.

Бакалаврда оқып жүрген кезінде Кламм студенттер кәсіподағын басқарған. Университеттегі жастармен жұмыс бірте-бірте қала жастарымен жұмысқа ұласты: «Петропавлдағы ҚЖАҚ жұмысының ерекшелігі – мұнда жастармен қарым-қатынас жасау қиынырақ, өйткені мұндағы құқықтық сауат деңгейі Алматы және Астанамен салыстырғанда төменірек. Ең қарапайым негіздерден бастау керек. Іс-шараларды байсалды форматта өткізу өте қиын, мұндай формат жастарға қиын. Оларды куиз сияқты ойын форматтары көбірек қызықтырады».

Кламмның туған жері – Новомихайловка ауылы, үш жасар кезінде отбасы Петропавлға көшіп келген. Жігіттің туған ауылында орталық су құбыры әлі күнге жоқ, жыл сайын салуға уәде беретін жол да жоқ. Оның айтуынша, ауқымы мұндай болмаса да, Петропавлдағы проблемалар да осыған ұқсас.

«Қалада құбырлар жиі жарылып, соның салдарынан жолда шұңқырлар пайда болады. Жөндеу жұмыстарын нашар жүргізеді, кейін асфальт үйінді болып жатады. Кейбір күндері жол мүлдем тазаланбай да қалады. Кейінгі жылдары ыстық судың жағдайы жақсарды. Бұрын суды ағызып қойып, жылығанша күту керек еді. Дегенмен су әлі де жиі өшіп тұрады», – дейді ол.

«Ал қазір бәрі басқаша»

Блогер Юлия Бородина Петропавлда туып-өскен. Күйеуімен, екі қызымен бірге осында тұрады. Декреттік демалысқа шықпас бұрын оның жеміс-жидек сататын шағын кәсібі болған. Бородина пандемия басталған сәтте карантин туралы видеолар түсіріп көрді, кейін оған жарнамаға ұсыныстар келе бастады. Қазір ол қаладағы түрлі дүкеннің өнімдеріне видеошолу жасап, жас аналарға арналған контент дайындайды. Бородина әлеуметтік желідегі аккаунттарын монетизациялап, табысы көп болса, басқа елге көшуді жоспарлап отыр.

«Үлкен қыз жұмыс істейді әрі білім алуды жоспарлап отыр. Кетсек, ол да бізбен бірге кетер, бірақ әзірге жұмысына көңілі толады әрі өзі де кетуді жоспарлап отырған жоқ. Кіші қыз да риза: ойынға арналған орындар мен алаңдар көбейіп жатыр, тіпті біз барлық жерді әлі аралап үлгерген жоқпыз. Бұрын жаздыгүні орталық саябақта ғана баламен серуендеуге болатын. Сондықтан әуелі Петропавлдың барлық жерін көріп, бүкіл жерге барып, кетпей тұрып барлығын видеоға түсіріп алу керек».

Бородинаның үлкен қызы да Астанаға көшуді ойлаған. Петропавлдағы шағын пәтерлердің бағасы елордамен бірдей – Петропавлдың шеткі ауданындағы әрленбеген бір бөлмелі пәтерлер кем дегенде 21 миллион теңгеге сатылып жатыр. Жөнделмегеніне біраз болған ескірек үйлер – 15 млн теңгеден.

Петропавлда қымбаттаған нәрсе – жылжымайтын мүлік қана емес. Әсіресе Ресейде жасалған азық-түлік пен киім-кешек, ойыншықтардың бағасы қазір Алматыдағыдай қымбат. Арзанға сауда жасауға болатын дүкендерді іздеу қажет – Бородинаның жазылушылары осындай ақпаратты жиі іздейді.

Осыған қарамастан Петропавл дамып, өсіп келеді: «Жүріп бара жатып көптеген жаңа ғимаратты көзім шалады – барлығы жаңа, өз қаламда емес, басқа қалада жүргендей боламын. Ескі үйлер боялған әрі оны әдемі жасаған. Біздің үйіміз сексенінші жылғы, оны да сырлады. Әкімдік аулаға асфальт төсейтін болды. Жол жиегіне шыршалар отырғызылған. Үйді жарықтандырды. Жай ғана медицинаны алып қарайық: мен 2002 және 2021 жылдары перзентханада болдым – пациентпен қарым-қатынас тұрғысынан екеуінің айырмашылығы жер мен көктей, дегенмен ғимаратты көркейту бойынша әлі де біраз жұмыс атқару қажет. Душ, жөндеу бойынша да осы – қолайлы жағдай жасау керек. Бірақ екі адамдық палаталар бар, осының өзі керемет. Бұрынғыдай бес адам бір палатада жатпайсың. Қарым-қатынас та басқаша: психолог көмек керек пе деп сұрап жүреді. Дәрігерлерден көбірек ақпарат алуға болады. Бір кездері тіпті денсаулығым туралы сұрағыма жауап бергісі келмей, дөрекілік танытатын. Ал қазір бәрі басқаша».

Бұл материал Власть порталының «Қазақстан аймақтары» атты ауқымды жобасы аясында жазылған. Бұл жобада біз Қазақстан аймақтары мен ірі қалалары арасындағы теңсіздік көрінісі туралы баяндаймыз, аймақтық дамудың қазіргі парадигмасын сыни тұрғыдан талдап, бәрін жақсы жаққа өзгертуге ұмтылып жүрген тұрғындар жайлы баяндаймыз.