4540
31 мая 2023
Тамара Вааль, Власть

Жеңіс Қасымбек, елорда әкімі: «Астанада көп мәселе қала мен халықтың осылай қарқынды өсуін күтпегеннен туып отыр»

Су, мектеп, балабақша жетіспеуі, митингілер мен Талдыкөл туралы

Жеңіс Қасымбек, елорда әкімі: «Астанада көп мәселе қала мен халықтың осылай қарқынды өсуін күтпегеннен туып отыр»

Бес айға жуық уақыт бұрын Жеңіс Қасымбек Астана әкімі болып тағайындалды. Елордаға Қарағанды облысынан ауысып келіп, проблемаға толы қаланың мұрагері болды. Құжыната салған бейберекет құрылыс, нашар жол, бұрынғы билік «өлтірген» Талдыкөл: бұлардың бәрі соның бір бөлігі ғана. Жеңіс Махмұдұлы жұмысының алғашқы күндерінде, қаланың түйткілді мәселесімен танысқан бойда сұхбат беріп, оларды шешуге қатысты көзқарасын білдіретінін айтып, Власть редакциясына уәде берген. Бұл сұхбатта қаладағы су тапшылығы, митингілер мен Талдыкөл туралы әңгімелестік.

«Қаланың суға деген сұранысын жазда толығымен жабамыз»

Жеңіс Махмұдұлы, Қарағанды ​​облысынан соң еліміздің бас қаласына әкім болып келдіңіз. Облыспен салыстырғанда мұнда қиын ба, әлде айырмашылық жоқ па?

Олай деуге болмайды, әр аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Қарағанды ​​– өзіндік проблемалары, жағымды да жағымсыз жақтары бар ірі де күрделі индустриялық аймақ. Қарағандының ерекшелігі – мұнда 50-70 жыл бұрын салынған моноқалалар мәселесі кезең-кезеңімен туындап тұрады, ол жақта инфрақұрылым қатты тозып жатыр. Биылғы қыс жылумен қамту сияқты көптеген мәселенің бетін ашты. Ал Астанада басқа қиындықтар бар. Қала белсенді түрде өсіп, халқы жыл сайын артып келеді – тек кейінгі үш жылда қосымша 200 мың адам келген, оған үлкен табиғи өсімді, жоғары туу көрсеткішін қосыңыз. Астана ең жас қалалардың бірі, тұрғындардың орташа жасы – 30 жас. Осыны негізге алар болсақ, жұмыс орындарына қажеттілік өте жоғары. Қала өсіп келеді, халық саны өсіп келеді, сәйкесінше тұрғын үй көптеп салынып жатыр, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу қажет. Сонымен қатар, бізге осы инфрақұрылымды кәсіби түрде басқара алатын адамдар көптеп қажет.

Бес айға жуық уақыт өтті. Осы уақыт аралығында қандай негізгі қиындықтарды байқадыңыз?

Негізгі қиындықтар көші-қонды реттеумен байланысты. Өткен аптада президент кеңейтілген отырыс өткізді, онда бірінші кезекте тұрақты, сапалы, жалақысы жоғары жұмыс орындарын қамтамасыз етумен айналысуымыз керек екені айтылды. Қала жыл сайын 60-70 мың адамға өссе, олардың ішінде туу көрсеткіші шамамен 30-40 мың болса, балаларды есепке алсақ, біз жыл сайын қалған 20-30 мың тұрғынды жұмыспен қамтуымыз керек. Бірінші мәселе – халықты жұмыспен қамту. Біздегі жұмыссыздық деңгейі ресми түрде еліміздегі ең төмен көрсеткіштің бірі – 4,5%, бірақ қалада 1 миллион 350 мың адам ресми тұрғанымен, мұнда күніне 1,5 миллионға дейін адам болатынын біліп отырмыз. Басқа облыстан келгендер көп. Біз барлығын лайық жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек.

Бірақ әкімдік жұмыс бере алмайды ғой...

[Жұмыспен қамту] тікелей мағынада емес. Біз бизнестің дамуына, кәсіпорындардың ашылуына, медициналық мекемелердің салынуына жағдай жасауымыз керек. Бұл ең маңызды мәселенің бірі. Халықтың табысын арттырады. Әрі қарай адамдарға әлеуметтік жағдай немесе инфрақұрылым беруіміз керек. Мұнда 30-40 жас аралығындағы адамдар көбірек келіп, жұмыс істейді, олардың балалары бар – біз оларды мектеп, балабақша, емхана, аурухана, басқа да қажеттілікпен қамтамасыз етуіміз керек. Бүгін таңертең ғана (сұхбат 24 сәуірде жазылған – В.) тағы бір маңызды мәселені қарастырдық: екі перинаталдық орталықтың құрылысын бастау жоспарланып жатыр, өйткені қазірдің өзінде үлгере алмайтын болып барамыз: жылына 30 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі. Тенденция қала үшін мұндай қарқынды болмауы керек еді, бірақ біз жас қаламыз, сондықтан осылай. Үшінші мәселе – инженерлік инфрақұрылым. Халық саны артқан сайын жылу, су, кәріз қызметтерін тұтыну да артып жатқанын көріп отырмыз. Бұл инфрақұрылымдарды алдын ала тезірек дайындауымыз керек. Міне, осындай мәселелер, бірақ негізінен бұлар бүкіл қалаға, бүкіл аймаққа тән.

Шынында да инженерлік инфрақұрылымға қатысты өте үлкен мәселелер бар. Неліктен қала үлгермей қалды, неге әлі де үлгере алмай жатыр?

Ешкім мұндай өсу қарқынын жоспарлаған жоқ. Бұрынғы бас жоспар бойынша, біз қазір 900 мың – 1 миллион шамасында болуымыз керек еді, ал қазір іс жүзінде 1,5 миллион адам тұрып жатыр.

Су айдау және сүзгілеу станциясы мәселені шешеді ғой?

Иә, станция бұл мәселені жабады.

Ол неге бұрынырақ салынбады? Неліктен қалада суға қатысты күрделі жағдай туғанға дейін салынбады?

Оны кеше немесе ақпан айында ғана емес, бірнеше жыл бұрын-ақ сала бастады. Астана су қоймасынан келетін желілер арқылы тиісті инфрақұрылымды салып жатырмыз. Бұл жарты жыл немесе бір жылда жасалмайды. Бұл процесс: жобалау, құрылыс жұмыстары – шартты түрде үш жыл бұрын басталмаған болса, біз бүгін шынымен қиын жағдайда болар едік. Осыдан үш жыл бұрын әкімдік өте дұрыс шешім шығарған, өйткені 3-4 жыл бұрын халықтың өсу жылдамдығы соншалықты қарқын алған еді. Қайталап айтайын, үш жылда Астана халқының саны 200 мың адамға өсті. Тенденция болғаны анық, бірақ мұндай мөлшерде емес. Сонымен, біз бұл жобаны аяқтап жатырмыз, қаланың суға деген қажеттілігін жазда толығымен жабамыз.

Фото Жанар Каримованыкі

Сосын бірден төртінші станцияны жобалауға кірісесіз бе?

Иә, биыл жобалау басталады. Сонымен қатар, үкімет сумен қамтамасыз етудің бірнеше нұсқасын қарастырып отыр. Біріншісі – Сабынды жерасты су кен орнының суы. Бұл ең қарапайымы, бірақ капиталды көп қажет етеді. Оны 1,5 жылда тез жасауға болады. Мұндай жағдайда біз тәулігіне 40-50 мың текше метр суды қосымша беріп, сол жағалаудың мәселесін жауып, оң жағалаудың жүгін жеңілдетеміз. Сорғы-сүзгі стансасын іске қосу аяқтала салысымен, жаздың аяғына дейін су қысымының тапшылығын толығымен жоямыз. Бұл ретте бізде шамамен 80-85 мың текше метр профицит болады деп күтіп отырмыз – бұл барлық жобаны шамамен 3-4 жыл уақытта жүзеге асырғанша тапшылықты сезінбес үшін жеткілікті. Жылу мәселесі бойынша да осындай. Биыл міндетті түрде соңғы қыстағы тапшылықтан 2,5-3 есе артық жылу беруіміз керек.

Тапшылық болды ма?

Тұрғындар жылу тапшылығын сезінген жоқ, белгілі бір шаралар қабылданып, мысалы, тұрғын емес үй-жайларда – автотұрақтарда, кейбір ғимаратта жылу шектелді. Олар жергілікті қазандықтарға ауыстырылды. Нормативтік стандарт бойынша, біздің пәтерлердегі температура 20-22 градус болса, Еуропада бұл 4-5 градусқа төмен. Автотұрақтарды 21-22 градус температурада ұстаудың қажеті қанша? Ол жерлерде температураны төмен ұстадық, бұл қалыпты нәрсе. Оған қоса, жыл сайын көп тұрғын үй салынады, өткен жылы 3 миллион шаршы метрге жуық үй салынды, әрбірі орташа 70-75 шаршы метр болса, есептей беріңіз, бұл дегеніңіз шамамен 35 мың пәтер. Биыл да үлкен көлем сақталып отыр. Біз ЖЭО-3-тің бірінші кезегі, оған қоса екі газ-жылу қондырғысын іске қосу арқылы беретін жылу 1000 гигакалориядан асады деп күтіп отырмыз. Бұл өте ұзақ кезеңге арналған қауіпсіздік қоры. Оған қоса, біз келесі жылы қосымша 300-400 гигакалория беретін үшінші газ жылу электр орталығының құрылысын аяқтаймыз.

Қаланың экологиясы жақсара ма?

Жоғарыдағы төрт жылу көзі де газбен жұмыс істейді, сондықтан жағдай нашарламайды. Бірінші және екінші ЖЭО да соңғы жылдары газға көшірілді, көмірден гөрі газды орталық жылу жүйесіне отын ретінде пайдаланғаннан жағдай жақсара түседі. Газға келер болсақ, 12 мың тұтынушыға инфрақұрылым тартылды, 8 мыңға жуығы қосылған. Газды үйге қосу бағасына қатысты мәселелер бар, бірақ бағаны нарық өзі қалыптастырып отыр. Мұнда 60-70 кәсіпорын жұмыс істейді, біз оларды 800 мың теңгеден 500 мыңға дейін түсіруге мәжбүрлей алмаймыз. Бірақ әкімдік көмектесуге тырысып жатыр. Мысалы, газға қосылу үшін халықтың әлеуметтік осал топтарына шамамен 400 мың теңге субсидия береміз. Сонымен қатар, азаматтардың газға қосылуы үшін арнайы пайызсыз несие беру туралы Халық банкпен келісімге қол қойылды. Жыл сайынғы инфляцияны ескерсек, өте арзанға үйге газ жүргізе аласыз.

Елорда қашан толығымен газдандырылып, жеке сектор қашан көмірден бас тартады деп ойлайсыз?

Бұл біздің газды қаншалықты жылдам жеткізетінімізге байланысты. Шын мәнінде, қаланың шеткі аудандарының көп бөлігіне газ тартылған. Үркер ауылына да магистральды құбыр келіп жетті. Шұбарда да қазір жоба сараптамадан өтті, қоғам өкілдері бұл мәселені өте белсенді көтеріп жатыр, біз көшелердің газбен қамтамасыз етілуін қаржыландыруды бастау үшін РБК-ға (Республикалық бюджет комиссиясы – В.) шығамыз. Қаланың барлық дерлік ірі тұрғын аудандарында жағдай осындай, ары қарайғы іс тұрғындардың еншісінде.

«Төрт айдан бері қала орталығында тұрғын үй салуға техникалық шарт пен рұқсат бермей отырмыз»

Құрылыс қарқыны туралы көп айтасыз. Бұл да қала тұрғындарын алаңдататын мәселе. Құжыната салған құрылыс. Қашан саябақ пен гүлзарлар болады?..

Бұл бүкіл ірі қаланың мәселесі. Осы мәселелерді көтеріп жүрген қайраткерлердің, жанашыр азаматтардың жұмысына сүйенер болсақ, бізде 18-20-ға жуық осындай нысан бар. Олардың 70-80 пайызы бойынша не шешім қабылданып қойған немесе әлі шешім қабылдау сатысында. Тұрғындардың да, құрылысшылардың да көңілінен шыққан ымыраласу жағдайлары да бар. Негізінен бұл мектептер, спорт нысандары, емханалар немесе алаңқайлар сияқты әлеуметтік нысандарды салу қажеттігінен туындап отыр. Бүгінде сот процесі жүріп жатқан 4-5 нысан бар, соңғы шешімді шығару үшін сот үкімін күтіп отырмыз.

Бірақ сызықтық саябақ міндетті түрде болады ғой?

Саябақ болады деп анық айта аламын. Бір кездері екі учаскеде тұрғын үй салу жоспарланған болатын. Бұл жерлер жекеменшікте болды, қазір құрылыс салушы шешім қабылдап, учаскені қалаға қайтарды.

Тегін бе? Әлде қала сатып ала ма?

Жоқ, қала сатып алмайды. Абу-Даби Плазадан Ботаника бағына дейін созылатын, тұтастай рекреациялық аймақ болатын сызықтық саябақ аймағынан емес, басқа аймақтан ұқсас учаске бөлу арқылы шешеміз.

Жеңіс Махмұдұлы, шынымды айтсам, жеріміз сонша кең, бірақ неге орталыққа зәулім үйлерді құжынатып салып жатқанын түк түсіне алмаймын…

Біріншіден, орталықта дайын инфрақұрылым бар.

Бұған қоса жүктеме артып жатыр, оның салдарын қаланың бүкіл тұрғыны көріп отыр....

Демек, ол бұл жүктемені көтере алады. Қолданыстағы желілерге (жаңа үйлерді – В.) «отырғызу» оңай. Оның үстіне бұл тұрғын үйлер тартымды. Шартты түрде алсақ, баспана Сарыарқа, Керуеннің маңында орналасса, оның бағасы қала шетіндегіден қымбатырақ болады. Құны да, тартымдылығы да, шығыны да екі бөлек. Инфрақұрылымды тосып отыру да оңай емес, ол қашан жасалады, қала бұл инфрақұрылымды қашан салады (егер шетте салатын болса – В.). Көптеген фактор бар. Бірақ оқырмандарыңызға айтарым, біз төрт айдан бері қала орталығындағы тұрғын үй құрылысына ешқандай техникалық шарт пен рұқсатты бермей отырмыз. Осылайша, желіге түсетін жүктемені азайтуға тырысамыз. Екіншіден, биыл ЖЭО, жылу станцияларының жобасын түпкілікті нәтижеге жеткізіп, су айдау және сүзгілеу станциясын іске қосқымыз келеді. Бұл нысандар салынып біткен соң, әрі демалыс, әрі жұмыс күндері су қажет мөлшерде тәулік бойы берілген соң, жылыту маусымына қатысты қандай да бір күмәніміз қалмаған соң ғана құрылыс мәселесін қарастырамыз. Бірақ оның өзін қабылданған бас жоспардың аясында ғана қарастырамыз. Алаң, саябақ, демалыс аймағына арналған бірде-бір алаңды тұрғын үй құрылысына бермейміз. Түрлі жағдаятқа байланысты мәселелер туындады. Бұл қалыпты жағдай – қала өсті, баспана қажет болды. Құрылыс компаниялары бұл учаскелерді екі мыңыншы жылдары сатып алған екен. Не болмаса бұл учаскелер нарықта бұрыннан бар, ал компания 5-7 жыл бұрын бекітілген эскизбен келген кезде, құрылысқа рұқсат бермеуге құқығым жоқ. Бұл жеке меншік. Бірақ біз тұрғындардың, азаматтардың пікірін ескеріп, олармен белсенді жұмыс істеп, келіссөз жүргізіп, көндіруге тырысамыз. Ал көп жағдайда құрылысшылар өздерінің де осы қалада тұратынын түсініп, келісімге келіп жатады.

Фото Жанара Каримованыкі

«Қазір көші-қонның шарықтау шегіне жеттік-ау»

Тағы бір мәселе – мектеп пен балабақшаның жетіспеуі. Бұл проблема қашан шешіледі?

Оның себебі біреу – туу көрсеткішінің жоғары болуы. Өткен жылы қалада 25-26 мың оқушы бірінші сыныпқа барса, 7 мың оқушы мектеп бітірді. Қалада жылына 11-12 жаңа мектеп салынады, кейінгі төрт жылда 35-40 мектеп салынды. Биыл жергілікті бюджет есебінен 11 мектеп салынады. Одан бөлек, 5 жеке мектеп тұрғызылып жатыр. Бірақ бұлар жаңадан келіп жатқан оқушылар мәселесін тек бір жылға шешеді. Жалпы алғанда, қалада толып кеткен 18 мектеп бар. Алдағы екі жылда «Жайлы мектеп» жобасы аясында Астанада 24 оқу ордасы салынады. Сонымен қатар, біз жергілікті бюджет есебінен құрылысты жалғастырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша жеке инвесторларды белсенді тартып жатырмыз. Осыған қарап, екі жыл көлемінде жалпы саны 40 мектептің құрылысы жүрсе, жылдық қажеттілікті өтейді деп ойлаймыз. Бұл тұста келесі мәселе туындайды – кадр мәселесі. Қазір оқу-ағарту министрлігі әкімдіктермен бірігіп, мұғалімдер дайындап жатыр.

Бұл сұранысты реттеп әрі жауып үлгеруге бола ма, әлде тапшылық үнемі жалғаса бере ме?

Қазір көші-қон шарықтау шегіне жетті деп есептейміз. Көші-қон өмір-бақи бұлай бола алмайды. Кез келген қаладағыдай, ол міндетті түрде шарықтау шыңына жетіп, содан соң жағдай жүйеленеді әрі басқарылатын болады. Енді шешім шығарып, екі жылда 40 мектеп салу керек. Осы уақытқа қарай көші-қон жағдайы басқа бағытқа өзгеруі керек. Ал Бас жоспарға сәйкес, 2045 жылға қарай халық саны 2,3 миллион адам болады. Бұл экономикалық жағдайға байланысты.

Өңірлерде проблема көп, мұндай жағдайда жұрт жақсы өмір іздеп, елордаға қаша беретіні түсінікті...

Бұл барлық ірі қалада бар мәселе: Алматыға, Астанаға, облыс орталықтарына көші-қон қарқыны өте жоғары. Бұл осындай процесс. Урбанизация – бүкіл әлемдегі тренд. Оның әлемдегі орташа деңгейі 60-70%-ға дейін. Біз де бір күні осыған жетеміз.

Жақсы, ал балабақшалар ше?

Қазір 50 мыңға жуық бала кезекте тұр. Біз екі жылдың ішінде, негізінен МЖӘ (мемлекет-жекеменшік әріптестік – В.) қағидаты бойынша 30 балабақша салғымыз келеді. Бұл тұстағы мемлекет міндеті – жан басына шаққандағы қаржыландыруды қамтамасыз ету, бүгінде бұл бір балаға 45-46 мың теңге көлемінде, инвестордың міндеті – білім ошақтары, балабақшалар, т.б. салып, жұмысты жалғастыру. Әйтпесе осының бәріне мемлекет бюджетінен ақша табу мүмкін емес. Бүкіл әлемде мектептерді жеке сектор мен мемлекеттің бірлесіп салуы қалыпты жағдай, бірақ біздің жағдайда мемлекеттік мектептердің үлесі – 90%.

Тіпті осындай әдіспен де балабақша тапшылығын жаба алмаймыз ба?

Тапшылықты екі жылда жабамыз деп нақты айта алмаймыз. Бұл процесс үнемі болады. Ең алдымен мектеп мәселесін шешіп алу керек. Балабақша мәселесін реттеуге де күш саламыз. Екі жылда 30 балабақша салу – өте ауқымды міндет.

Фото Бейімбет Молдағалидыкі

Талдыкөл – біздің қасіретіміз...

Иә, кіші Талдыкөл көлдер тобына қатысты мәселелер бар. Бүгін қолда бар нәрсені барынша сақтау міндетін алға қойып отырмыз. Шынын айту керек, бұрындары Талдыкөлге су негізінен қаладан төгілетін су арқылы келетін. Үлкен Талдыкөлге кәріз құйылғандықтан, бір кездері бұл жақтан жағымсыз иіс шыққан. Бүгінде мұндай төгінді жоқ. Ол жерде кәріз суын тазарту құрылысын салып, бұрыннан бар құрылыстарға қайта жаңғырту жүргізіп, соның арқасында бүгінде су 3-4 деңгейге дейін тазартылып, Есіл өзеніне құйылып жатыр. Қазір экология министрлігімен бірге қалайша сапалы су мөлшерін жеткілікті деңгейге жеткізуге болатынын талқылап жатырмыз, осылайша тазартылған суды ағызу арқылы үлкен Талдыкөлді сақтап қалуға болады. Біз шағын көлдер тобы бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Экологтармен, жаңадан құрылған экологиялық партия өкілдерімен екі рет кездестім. Қолда барды сақтауға тырысамыз. Талдыкөл құрғамайды. Онда мәселе бар екені рас, бірақ соңғы үш жыл құрғақ болғанын да ескеруіміз керек, оны өзіңіз де көріп отырсыз. Тіпті Вячеслав су қоймасының қазіргі деңгейі суы мол жылдардағыдай емес. Талдыкөлге құйып жатқан сулардың жоқтығын ескере отырып, оны сақтап қалу, ал Үлкен Талдыкөлдің су көлемін ескі деңгейге дейін арттыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Бірақ онда құрылыс жүріп жатыр ғой!

Басталып қойған құрылыс қана жалғасып жатыр. Гүлзар салуды жоспарлаған жердегі негізгі мәселе нысанды топырақпен толтыру және қалпына келтіруге қатысты. Ол жақты қалпына келтіру қиын, сондықтан саябақ немесе көл болады деп шешім қабылданды. Бірақ бұл жақта ешқандай құрылыс болмайды. Бұған шешім шығарылды деп те айтуға болады. Бүгінде ол құрылыс жоқ. Біз енді ол жерге демалыс немесе рекреация аймағын қай форматта жасағанымыз жөн екенін түсінгіміз келеді: саябақ па, ойын алаңы немесе басқа нәрсе ме? Екі айдың көлемінде шешім қабылданады деп ойлаймын.

Фото Бейімбет Молдағалидыкі

Астананың әрбір әкімі қармен сыналады, бірақ сіз жолы болған бірінші әкімсіз: биыл қыста көп қар болмады, бірақ сәуір айында қиындыққа тап болдыңыз...

Биылғы қыста екі ерекше жағдай болды. Жаңа жылдан соң қалың қар борап, артынша жаңбыр жауып, одан кейін ауа температурасы минус 30 градустан төмен түсті. Әрине, қабыршақ, көктайғақ болып, тұрғындардан арыз-шағым түсті. Астаналық азамат Республика даңғылының бойымен коньки тепкен оқиға болды. Бұл видео әлеуметтік желіде тарап кетті. Сын болды, бірақ мен коммуналдық қызмет лайық деңгейде жұмыс істеді деп есептеймін. Бұл өте ауыр және ерекше жұмыс, оны құрметтеу керек. Сәуір айына келер болсақ, үш күнде шамамен 37 миллиметр жауды – бұл екі айға жуық норма. Оған қоса, оның алдында күн жылынғандықтан, көлік жүргізушілері жазғы дөңгелекке көшкен. Бірақ тағы да айтып өткім келеді, коммуналдық қызмет жүз пайыз жұмыс істеді деп есептеймін. Тағы бір мәселе – жабдықтар мен құрылғылардың жетіспеуі. Сондықтан биыл және келесі жылы ірі көлемде техника сатып алуды шештік. Негізінен индустрияны дамыту қоры арқылы шығарылатын қазақстандық техниканы алмақпыз. Бұл жаздыгүні суарумен қамтамасыз етер тиісті жүйесі жоқ «Зеленстройға» да қатысты.

Аулалар мен ойын алаңдарының жағдайы қандай?

Кейінгі жылдары 900 аула жөнделді. Биыл да қомақты қаржы бөлінді. Айтайын дегенім, қаншама ғимарат салынып, аулалары да кеңейіп келеді.

Тоқтай тұрыңыз, жаңа ауланың аты – жаңа аула, бұл тұста ескі қала туралы айтып отырмын...

Бұл жерде ерекшеліктер бар. Мысалы, сәуір айында бюджетті түзетіп жатқанымызда, Алматы ауданы аулаларды көркейту үшін үлкен гүлзарларды қосымша көгалдандыру бойынша кейбір жобадан бас тартты. Бұл тұрғылықты аудан және тұрғындардан аулаларға қатысты шағым көп түседі. Сондықтан негізгі қаржы осы істерге жұмсалады. Байқоңыр ауданында тұрғын үйлер көп, бірақ тротуармен көбірек қамтамасыз ету қажет. Ауданның ерекшелігіне сүйене отырып, мүмкіндігінше сұранысты қанағаттандыруға тырысамыз. Бірақ тағы да айта кетейін, бюджеттен барлық мәселені шешуге ақша бөлу мүмкін емес. Биыл бірінші кезекте су, жылу, мектеп санын қамтамасыз ету және т.б. мәселелерді шешуіміз керек. Бұл ретте аулаларды да ұмытпай, белсенді жұмыс істейміз. Соңғы жылдары бір жері дұрыс атқарылмаған аулалар қазір көп. Кейбір тұрғын бір сәтте бәрін талап етеді.

Қаладағы жолдар қашан жөнделеді? Өзіңіз де асфальттың қармен бірге кеткені туралы жазба жариялапсыз.

Бұл жағдай белгілі бір көшелерге қатысты болатын. Әсіресе, Өндіріс тұрғын үй массиві бағытындағы көшелер. Ол жақта жол жабынының сапасы төмен. Биыл 50-70 шақырымдай жолға жөндеу жұмыстарын жүргізіп өтуіміз керек. Биыл көпір құрылысын аяқтап, сосын бұл жол әуежайға дейін жалғасады. Қалада жол салу және жөндеу жұмыстары көптеп жүріп жатыр, бірақ тағы да қаланың, ауданның, тұрғын үй массивтерінің, халық санының өсу қарқыны байқалады. Ал біз оның бәріне үлгере бермейміз. Сізде бюджет бар ма, жоқ па – бұл осыған байланысты. Қайталап айтамын, биыл су және жылу энергетикасына көбірек көңіл бөлінетін болады. Біз осы мәселені жауып, алдағы 4-5 жылда жол желісін дамытуға көбірек уақыт пен бюджет бөлеміз деп үміттенемін.

Кез келген қаланың басты байлығы – оның халқы. Ал билікке әрдайым ыңғайлы адамдар ұнайды. Бізде халық үнсіз қалуды қойып, митингілер мен шерулер өткізе бастады. Бұл туралы не ойлайсыз?

Мен мұны толығымен қалыпты нәрсе деп санаймын. Өйткені халық мәселені сәл басқа қырынан көрсетеді. Бұл бізге көмектеседі. Ал бастамашыл топтармен кездесуден ешқашан бас тартпаймын. Кейде, әрине, уақыт сәйкес келмейді. Ал қазір мұндай топтар өте көп: біреулер тығыз салынған үйлер туралы шешім қабылдауды талап етеді, біреулер ART-спорт мәселесін шешуді, біреулер қаңғыбас иттер мәселесін шешуді талап етеді. Сонымен қатар, өңірдің мәселесі шешілмегендіктен, адамдар осында келеді. Бізде белсенді адамдар өте көп, біз барлығымен араласуға тырысамыз. Кейде талап-шағымдар негізсіз болғанымен, көп жағдайда шенеуніктердің қате шешім қабылдауы, түсінбеуі немесе тар ойлайтыны байқалады. Сондықтан кез келген тақырып бойынша бастамашыл топтардың пікірін барынша тыңдауға тырысамын. Мысалы, тығыз салынған үйлерге қатысты мәселелердің көпшілігі шешіліп жатыр дей аламыз. Арыз-шағымы бар тұрғын үй массивтерінің барлық өкілімен кездесіп, көптеген мәселенің шешімін таптық. Бізде жұма күндері көпбалалы отбасыларды қабылдау болады. Мәселелерді мүмкіндігінше тезірек шешуге тырысамыз. Бірақ қайтадан барлығы бюджетке келіп тіреледі. Кейде бір бастамашыл топтың мәселесі басқа бастамашыл топтың пікірімен сәйкес келмейді, бұл да қалыпты жағдай. Бастамашыл топтар кейбір мәселеге көзімізді ашып, басқа қырынан қарауға мүмкіндік беріп, бізге көмектеседі.

Азаматтардың бейбіт жиынға өтініш білдіріп жатқанын жиі естиміз, бірақ олар қабылданбайды. Қанша хабарлама жіберілгені және бас тарту пайызы бойынша статистика бар ма?

Түрлі тақырып бойынша көптеген өтініш келіп түседі. Олардың барлығын қанағаттандыру мүмкін емес, бірақ бұл тәртіп бұзуға байланысты деструктив нәрселер болмаса, біз бас тартпауға тырысамыз. Заң бойынша рұқсат етілген нәрселер болса, біз бұған ешқандай шектеу байқап тұрған жоқпыз. Мұны жасауға болатын белгілі орындар бар, сонда апта сайын бір нәрсе болып жатады.

Сіз халықтың митингіге шығып, пікір білдіруін жақтайсыз?

Неге жақтамауым керек? Ол зорлық-зомбылықсыз әрі деструктив үндеусіз болса, тіпті бұл пайдалы.

LRT құрылысын аяқтауға екі жыл бар

Өткен жылы LRT құрылысын аяқтау туралы шешім қабылданды. Ол шынымен аяқтала ма?

Қазір құрылыс жұмысын жандандырып жатырмыз. Әрине, бұл оңай емес. Бірақ бәрібір үлкен қаланың болашағы, әсіресе халқы келешекте екі миллионға жетсе, жерүсті немесе жерасты көлігінің дамуымен байланысты екеніне сенімдімін. Ірі астаналардың барлығын зерттеп көріңіз, барлық жерде метро немесе жерүсті көлігі бар.

Фото Жанара Каримованыкі

Бірақ LRT тиімсіз болатыны қазірдің өзінде белгілі. Өз шығынын өзі ақтау ықтималдығы бар ма?

Алғаш пайдалана бастаған кезде кез келген көлік түрі жоспарланған параметрлерге әрқашан жете бермейді. Басқа бір мәселе, біз бұл жоспарланған параметрге жететін кезеңді барынша азайтуымыз керек, ол үшін қала соған бейімделіп, барынша тиімді пайдалануы керек. Ал бұл үшін маршрут өте тартымды болуы керек. Әзірге Қабанбай батыр даңғылының бойымен жаңа вокзалға қарай жүру – сұранысқа ие бағыт. Оны аяқтауға екі жыл уақыт кетеді деп болжап отырмыз.

Нақты 2025 жылы біз LRT-мен жүреміз бе?

Желтоқсан айында ма, әлде қаңтарда ма, бұл жағын ашық айта алмаймын, бірақ оны аяқтау үшін екі жыл қажет. Биыл эстакада жұмыстарын жүргізгіміз келеді, бұған 50 миллиард теңге бөлінді.

Сұрамасқа амалым жоқ, соңғы жиында президент әкімдерді көп сынап, көбірек жаяу жүру керек деген еді. Астанада жиі серуендейсіз бе?

Мысалы, Үркер ауылына барамыз, сол жерде жергілікті халықпен бірге жүріп, мәселелерді шешеміз. Әріптестерімізбен екі автобусқа отырып, барамыз, әрі қарай жаяу жүреміз. Сосын келесі бір нысанға өтеміз. Менің ойымша, бұл адамдармен кеңседе емес, құрылыс алаңдарында өз аяғымен барып кездесу керек дегенді білдірді. Біз осылай істеп жатырмыз. Өзім және менің орынбасарларым үнемі барлық проблемалық құрылыс нысандарында боламыз.

Күніне қанша қадам жасайсыз? Оны есептейтін сағат немесе қолданбаңыз бар ма?

Жоқ (әкімнің қолында сағат жоқ – В.). Бірақ жалпы алғанда норма 10 мың. Кейде көп, кейде аз.

Елорданың жаһандық мәселелерін шешуге қанша уақыт қажет деп ойлайсыз?

Осы сұхбатта көтерілген барлық мәселе бойынша, я шешімнің негізі қаланып қойды, я шешім соңғы кезеңде немесе жобалау кезеңінде, я болмаса, бастапқы құрылыс жұмыстарының сатысында. Олар ақпан айында ойлап табыла салған жоқ. Олар үшін мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы және басқа да бөлімшелер тынымсыз көп жұмыс атқарды. Тағы бір мәселе, бюджет мүмкіндіктері оларды әрқашан жедел шешуге мүмкіндік бермейді. Бірақ барлық мәселе шешіледі. Ол үшін бізде басты ресурс – адам капиталы бар, Астанада шешім қабылдай алатын, құрылыс жүргізе алатын, мектепте сабақ бере алатын, ауруханада емдей алатын білікті адамдар бар. Ал екі жылда, бес жылда бәрін жасауға болады.

Жеңіс Махмұдұлы, қорытындылай келе сұрайын, сіз министр, премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқардыңыз, соңғы үш жарым жылда әкім болдыңыз. Қай жерде қызығырақ?

Барлық жер қызық. Жұмысты толық атқарар болсаңыз, барлық жер қызық. Жалықтыратын жұмыс жоқ.