3478
26 июня 2023
«Тәтті жүгері» фильмінен үзінді

Әркім өзін танитын кино: Тәтті жүгері

Режиссерлер мен продюсерлер күнделікті өмірде төңкеріс жасайтын қазақстандық жаңа деректі фильмдер туралы

Әркім өзін танитын кино: Тәтті жүгері

Қазақстанның кино индустриясында атақты шығармашыл элита, шенеуніктер мен монополистер арасындағы ресурсты қайта бөлісуге арналған митинг толастар емес. Мемлекеттің қаржысына тәуелділік, одан қалса кезектен тыс тексерулер мен мерзімнің үнемі кейінге қалдырылуы салдарынан саланың жұмысы әлсіреді. Кинорежиссерлер әріптес ретінде ымыраға келместен, бір-біріне қарсы мәлімдеме жасаумен әуре. Сыбайлас жемқорлықпен байланысты талас-тартыстан құтылудың жалғыз жолы сол киноиндустрия шығарып жатқан әрі қазақстандық көрермен үшін елеусіз фильмдерге назар аудару деп ойлаймыз.

Деректі фильмнің режиссер-продюсерлері Кристина Михайлова, Дана Сәбитова және Альмира Исмаилова мақалалар сериясында қазақстандық деректі фильмдерді көркемдік, продюсерлік, индустриялық және әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты зерттейді, сондай-ақ режиссерлермен бірге алдыңғы қатарлы фильмдердің жалпы мүмкіндігін талқылайды.

Кристина Михайлова: Біз "Деректі фильм түсіруші әйелдер" тобымыз, өзіміз деректі кино авторы болғандықтан, әріптестеріміздің жұмысын талқылап қана қоймай, оны көпшілік талқысына шығаруды жөн көрдік. Елімізде кино, соның ішінде деректі кино туралы жазатын мамандар қай кезде де аз. Көрерменнің қысқаша шолуын, осы кәсіптің айналасында жүргендердің жеке ой-толғамы мен әсерін оқимыз. Ал креатив индустриядағы қаржы ағынына қоса, фильмдердің өзін және олардың ішкі әлеуетін талдауға тырысатын авторлар саусақпен санарлық. Кейінгі екі-үш жылда деректі фильм түсірушілер бірлестігінің жұмысына араласып көру арқылы Қазақстанның қазіргі заманғы авторлық деректі киносының жағдайы ерекше екенін нақты түсіндік. Сериялық мақалалардың көздеген міндетінің бірі – осы бір күрделі саланы жоққа шығармай, оны толығымен түсінуге тырысу. Қазақстандық көрермен отандық деректі фильмді тауып, көру үшін неліктен біраз күш жұмсауына тура келеді? Неге біз оны кинотеатрдан көре алмаймыз?

Альмира Исмаилова: Бірнеше жыл бұрын, бүкіл әлемде деректі фильмдер өзекті бола бастаған кезде, креатив деректі фильмдер А деңгейіндегі фестивальдердің гран-приін жеңіп алған кезде ("Honeyland" Sundance, 2019 және "On The Adamant" Berlinale, 2022), деректі фильмдер ойынға еніп, Оскар алған кезде ("Nomadland" Chloé Zhao, 2020), қазақстандық кино дәстүрлі телевизиялық форматтағы үлгіні бұзуды жалғастырып жатты. Алайда, 2022 жылы отандық деректі кино саласында үлкен трансформация болып, жаңа мамандар пайда болды. Соңғы шыққан фильмдерді көргеннен кейін кейбір тенденцияларға назар аудару керектігін байқадық.

Кристина Михайлова: Төрт фильмді назарға алдық: Жәнібек Мұртазиннің "Жел пайда болған жер" фильмі, Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы қаржыландырған Ядыкар Ибраимовтың "Мұздықтың дауысы", сондай-ақ тәуелсіз авторлар Айжан Қасымбектің "Тәтті жүгерісі" мен Аида Әділбектің "Алақан" фильмі. Бұл фильмдер қазақстандық көрермен YouTube желісінен немесе теледидардан көре алатын, материалды ақпараттық стильмен беретін, өткір әлеуметтік мәселе көтеретін және "сөйлейтін баспен" сипатталатын деректі фильмдерден айтарлықтай ерекше. Ал әлемде деректі фильмдер деген – шынайы жағдайды түсінуге арналған ерекше құралдары бар халықаралық тіл. Неліктен көрерменнің деректі фильмдерге сенімі күннен-күнге артып келеді? Өйткені деректі фильмдер барған сайын көркемдік жағынан сыр ақтаратын ашық формаға өтіп келеді. Сонымен, Қазақстанның деректі сахнасында мемлекеттің ақшасын немесе мардымсыз грантты игеріп қана қоймай, өзіндік стилін дамытып, иерархияға өзгеріс енгізіп, күнделікті өмірде төңкеріс жасайтын радикал шеберлер пайда болды деп айтуға болады.

Альмира Исмаилова: Айжан Қасымбектің "Тәтті жүгері" фильмінен бастайық. Жанры бойынша – деректі әлеуметтік драма. Басты кейіпкер Қайрат – балалық шағында басынан жарақат алған, балалар үйінен шыққан жігіт. Ол Одиссей сияқты, Алматының халық тығыз тұратын аудандарын аралап, тәтті жүгері сатады. Үй алуды армандайды және адамдар өздерімен тең қабылдайды деп сенеді. Ойын кинода кейіпкердің сценарий авторы ойлап тапқан қақтығыстар кесірінен бас көтермейтініне әбден үйреніп қалғанбыз. Ал деректі фильмде протагонист режиссерге қақтығыстар жиынтығымен келеді. Режиссер қандай тақырыпқа назар аударатынына байланысты белгілі бір "жараның беті" ашылады. Айжан, Қайратты деректі фильмнің кейіпкері ретінде таңдауыңа не себеп болды?

Айжан Касымбек: Менің ойымша, деректі фильмдегі ең басты мәселе – фильмнің кейіпкерін табу. Қайрат екеуіміз өмір бойы көрші болдық. Әр жазда аулада "Тәтті жүгері аламыз!" деп айғайлап жүретін. Онымен таныспақ болдым. Қайратпен сөйлескенде, дүниеге келген күннен бастап бейнет көріп келе жатқан адамның шексіз мейірімі мен жылуын көрдім. Жағдайы өте қиын екен. Кедейлік тауқыметі өз алдына, бала кезінде ата-анасы тастап кеткен, мүгедектігі бар. Басынан жарақат алып, психиатрия ауруханасына түсіпті. Ол жерде сегіз жылдай жатқан. Өмірі осынша қиын адам дәл қазір жанымда тұрғанына сене алмадым. Ал ол болса айналасынан мейірім ғана көреді, үкілеген үміті мен арманы бар. Арманы тау қопарып, биік белеске қол жеткізу де емес. Ол бар болғаны кәсібін дамытқысы келеді, ал кәсібі – жүгері сату. Мен Қайрат туралы фильм түсіргім келетінін түсіндім, өйткені ол – ерекше адам.

Альмира Исмаилова: Айжанның жұмысы – кейіпкер оқиғасына негізделген деректі фильмнің жарқын үлгісі, ал Қайрат – еті тірі, белсенді, алғыр кейіпкер. Ол дәптеріне кірісі мен шығынын жазып жүреді, ақшасын қалай жұмсау керегін жоспарлайды. Оның жанынан үстем, күшті әйелді көреміз. Бұл – асырап алған анасы. Ол жүгері тазалайды, ерекше маңғазданып отырып темекі шегеді. Айжан оның паңдығын апофеозға дейін жеткізеді. Анасы Қайрат мемлекеттен пәтер алған кезде ғана оны жалғыз тұруға жіберетінін айтады. Айжан бұл тұста көрерменге бәріне түсінікті бола бермейтін әлемді көрсетеді. Отбасындағы қарым-қатынастың күрделі әрі шиеленісті екенін түсінеміз, ал пәтер алу ықтималдығы төмен. Айжан көрерменді осы ойдың жетегінде қалдырады, көп нәрсенің айтылмауы көрерменмен байланыстың бір түріне айналады. Ойдың айтылмауы оқиғаға эмоциялық жағынан жаңа дем береді.

Кристина Михайлова: Айжанның кейіпкері – әдеттегі әлеуметтік оқиғаның кейіпкері, бірақ автордың оған трагедияның қаһарманы ретінде көзқарасы басқаша екенін байқаймыз. Қазақстандық деректі кино да жалпы посткеңестік кеңістіктегі деректі кино сияқты, қайғылы оқиғаларға келгенде позициясы негатив болып келеді. Көрермен бақытсыз адамдарға жанашырлық танытады, өйткені бұл қалыпты нәрсе. Ешқандай балама көзқарас, көркемдік түсінік жоқ. Қатты айтты десеңіздер де, авторлар мұндай әрекетімен тарихты бұрмалап, азап шеккен трагедиялық кейіпкерді идеалға айналдырумен айналысады. Мұндай бұрмалауды эмоциялық жағынан қабылдау қиын. Өйткені көрермен ретінде экраннан деректі туынды көреміз деп күтеміз, ал шын мәнінде жалған деректілікті байқаймыз. Мұндай деректі фильмдердің көптігі, соның ішінде телевизия саласында көп екені сонша, бұл ойдан эмоциялық түрде бас тарту өте қиын.

Әйтсе де, Айжанның қолынан келді. Айжанның он жыл режиссерлік ете жүріп, екі толықметраж фильм түсірді. Ең ғажабы, олардың екеуінде де кейіпкерді көргенде, өзімді көргендей боламын. Екеуінің де бас кейіпкерлері қала сыртында тұратын, күнделікті өмірі күнкөріс үшін күреске арналған орта жастағы ер адамдар. “От” және “Тәтті жүгері” фильмдерін айтып отырмын. Иә, менің олардан айырмашылығым бар. Әрқайсымыздың жағдайымыз әртүрлі, алайда әр фильмнен кейін Айжан мен туралы, Алматы орталығында және қала сыртында тұратын көршілерім туралы, несиеге белшесінен батып жүретін әрі әлеуметтік кепілі жоқ әріптес кинематографистер туралы фильм түсіргендей сезінемін. Мақала тақырыбына "Әркім өзін танитын кино" деген тіркесті қосуымыздың себебі де сол. Айжан Қайратты идеал кейіпкер етіп суреттемейді. Фильмнің бір тұсында оны асырап алған анасы былай дейді: ”Айғайлап анау күні… аузыңды жап деп айғайлап сөйлеген кезінде, рас, қорқамын. Енді жасы келген адам, соғып жібере ме дейсің, еңгезердей жігіт, рас қой. Оған ештеңе болмайды, қолында қағазы бар”.

"Қара" деректі фильм түсірушілердің логикасына сүйенсек, бұл тұс фильмде болмауы керек еді. Бірақ Айжанның фильмінде бұл көрініс бар, ол маған кейіпкердің шексіз мейірімінің екінші жағын ашады. Қайрат өзін ұдайы зәбір көріп жүргендей сезінетін, енді оның ішінде бұл сезім өзгерді деуге болады.

Альмира Исмаилова: Иә, шынында да, он жыл бұрын мұндай кейіпкер болуы мүмкін емес еді. Қайратты Әділхан Ержановтың "Құрылысшылар" және "Қожайындар" фильмінің кейіпкерлерімен салыстыру жеткілікті. Олар капитализм, сыбайлас жемқорлық және бетімен кеткен әлемде қалай өмір сүруге болатынын білмейді, өмір сүрген кейіп танытады. Қайрат өзінің қорқынышына батыл қарайды және оның өмір сүруге деген құштарлығы керемет. Ол жазмышқа көзсіз сенбейді, мықты әрі алғыр екені сонша, жазмышты да өз пайдасына жарата алады. Қайрат күнін әрең көріп жүрген адам, алайда азғантай табысын кәсіпкердің табысы ретінде қабылдайды, жүгері сатуды кәсіп деп санайды. Бәлкім, бұл таңдауы үмітсіздіктен туған шығар, алайда Айжан Қайратты қол қусырып отырмайтын кәсіпкерлік қабілеті бар адам ретінде көрсетеді. Ол Қайрат бейнесінен заманымыздың батырын көреді.

Сондай-ақ, Айжан Қазақстан қоғамындағы мүгедектігі бар адамдарға деген қарым-қатынас мәселесін көтереді. Басшыларының бірі Қайратты алып кетуден бас тартуға тырысады. "Жынды болды дейді да", – дейді Қайратты асырап алған анасы оны психиатриялық ауруханаға жатқызатын кездің бірін есіне алып. Айжан Қайратқа отбасы мен еркіндіктің ауадай қажет екенін түсінеді. Фильмнің тағы бір тұсында, Көктөбеге көтеріліп бара жатқанда Қайраттың досы сотта өзінің әрекет қабілетін қайтару үшін қалай күрескенін айтып береді. Біз ықыласпен айтатын "ерекше" деген сөздің мұндай адамдарды қалай ренжітетінін көреміз.

Айжанның камерасы қазақ қоғамындағы матриархал бастаманың жарқын үлгісін көрсетеді. Қайраттың анасымен қарым-қатынасы қыл үстінде тұрғанын, Қайрат үшін оның орны қандай екенін түсінеміз. Фильмнің басынан аяғына дейін кейіпкерлер нәзіктік, қорқыныш, қажу секілді түрлі сезімді бастан кешеді. Фильм соңында екеуі той кезінде ауладағы орындықта темекі шегіп отырады. Екеуінің отырысына дейін бірдей. Жайбарақат әрі беймарал. Олар бір-бірімен теңесе бастайды.

Аяғына шәркей іле салған, гүлді-гүлді көйлек киген үш апаның барлауға шыққан сәті де қызық. Айжан оларды үйдің жанында, жолдан өтіп бара жатқанда, көкөніс сататын шатыр мен шағын дүкен маңында ірі планмен түсірген. Көрініс соңында апалар үйлер арасындағы аркаға кіріп кетеді. Бұл көріністі музыка күшейте түседі, мұнысы үшін Variety парақшасында Айжанды Джим Джармушпен салыстырады. Айжан фильмнің бұл тұсы арқылы кейде реңсіз әрі сұп-сұр, бірақ өзі үшін маңызды Алматыға махаббатын жеткізеді. Оның кейіпкерлері идеал емес, әйтсе де, сондай жылы әрі жайлы, өмірі бірсарынды өтіп жатқан әрі халқы тәтті жүгері жейтін ықшамаудан тұрғындары.

Дана Сәбитова: Автор туралы айтар болсақ, Айжан өзін ойын киноның режиссері ретінде танытқан болатын. Оның дебюттік жұмысы – толықметражды "От" көркем фильмінің премьерасы Оңтүстік Кореядағы Пусан халықаралық кинофестивалінде өтті. “От” фильмі қыңыр, бақытсыз, қол қусырып отырмайтын қазақ халқын бейнелейтін жомарт кедей Төлепберген туралы баяндайды. Бұл фильмді 2020 жылы “Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы” (әрі қарай ҰКҚМО) коммерциялық емес акционерлік қоғамы қаржыландырды, бюджеті – 34 миллион теңге. Түсірілімі 25 күнге жалғасқан толықметражды көркем фильм үшін бұл сома өте аз, өйткені түсірілім тобына тиісті деңгейде еңбекақы төлеу мүмкін емес.

Ұлттық қаржыландыру саласында бюрократия қатаң, мерзімге қатысты талап та қатал, өкінішке қарай, бұл тек кинематографистерге ғана қатысты. ҰКҚМО тарапынан кино қызметкерлеріне төленетін транш мерзімі үнемі бұзылады, мұны ешқандай орган қадағаламайды. Сондықтан болар, Айжан деректі фильм саласындағы дебютін қолға алғанда ұлттық қаржыландыру мүмкіндігін мүлдем қарастырмаған.

Айжан Касымбек: Түсірілімді 2018 жылы өте аз ақшамен бастадық. Қолдағы қаржы тек камера жалдауға жететін болды. Түсірілім екі жылға созылды. Екі жыл бойы азғантай ақша пайда бола сала, Қайратты түсіруге асығатынбыз. Мемлекеттен ешқандай көмек күткен жоқпын. Шынымды айтсам, идеямды кімге айтарымды да білмедім. 2008 жыл еді. Қазір де қайда жүгінуге болатынын біле бермеймін. ҰКҚМО-ға ұсынуға болады, бірақ ол көп уақытты алады, оқиғаның уақыты өтеді. Біз үшін кейіпкер өмірінің кейбір маңызды сәттерін түсіру өте маңызды болды.

Деректі фильмнің жүйесі қиын. Әуелі сценарий жазасың, өтініш толтырып, бюджет іздейсің, жергілікті және халықаралық қорлармен сөйлесіп, содан кейін ғана түсірілімге көшесің. Бұл өте-өте көп уақыт алады. Бұл аралықта бәрін жоғалтасың. Жағдай өзгереді, кейіпкер кетеді, оқиға өзекті болмайды. Шынымды айтсам, осының бәрін біле тұра, қалайша деректі фильм түсіруге болатынын әлі күнге дейін білмеймін.

Кристина Михайлова: Айжан кинодан кететіні туралы бірнеше рет айтты. Әйтсе де, мұнысы үмітсіздік пен өкініштен туатын жәй сөз екенін білгенде жеңілдеп қаламын. Әрине, деректі фильм авторларының үнін жеткізетін ешқандай мүмкіндігі жоқ жүйеде не үшін жұмыс істеп жатқанын түсіне алмайтын режиссерлер мен продюсерлерді қолдаймын. Бұл қисынды да, өйткені жақсы деректі фильм дегеніміз – біздің қоғамды халықаралық кинофестиваль мен ірі стриминг платформаларда кеңінен талқылау деген сөз. Айжан киносы арқылы Қазақстандағы әлеуметтік иерархияны сынға алып, ыңғайсыз сұрақ қойып, саясиландырылған көркемдік оқиғаны көрсетпек болса, ресми нарратив тудырушы әрі таратушы мемлекеттік құрылымдар Айжанның фильмінің түбіне жетеді.

Бірақ бұл кино әлі тірі. Біз ол туралы жазып, бұл жағдайды еңсерудің жолын іздеп жатырмыз. Мұндай әлеуметтік фильмге тән ерекшелік – ықтимал импакт-фактор. Халықаралық арнайы қорлар осындай фильмдер үшін қауіпсіз орта құрып, қаржы береді. Алайда ол жақтағы бәсекені елестетіп көріңіз. Мұндағы ең маңызды нәрсе – Айжанның оқиғасының жергілікті екені. Оны қазақстандық көрермен көруі керек, ол біздің қоғам үшін түсірілген. Әсіресе, “қара” киноға қатысты авторлардың пайдакүнем пиғылы туралы стереотиптер болғанын айтқым келеді. Автор біздің депрессив өміріміз туралы түсіреді екен де, халықаралық институттар мен фестивальдерде ерекше ілтипатқа ие болады екен. Бұл – миф! Мұндай фильмдер халықаралық нарықта өтімді тауар емес. Айжанның келесі фильмін қазақстандық көрермен бірігіп қаржыландырудың балама жолын жасап, қолдауы керек. Өйткені Айжан қоғамымыздың көлемі кинотеатр экранындай айна жасап жатыр.

Дана Сәбитова: Түсірілім тобымен тікелей жұмыс істейтін және өндірістік процесті басқаратын продюсер ретінде түсірілім тобы туралы айтпай өте алмаймын. Айжан фильмді еңбегі Канн кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына енген оператор Айгүл Нұрболатовамен түсірді. Режиссердің кейіпкерлерді фильм бойы жетектеп, ал оператордың олардың көлеңкесі болып, артынан еруі өте ерекше әрі жеке тәжірибе. Оператордың дәл сол үшінші көзі арқылы көрермен фильмді көреді. Айгүл фильмге ерекше дем берген, барахолканың атмосферасы мен Алматының ықшамаудандары бізді таныс әлемге жетелеп әкетеді. Бұл атмосфераны қазақстандық фильмдерден мүлдем көрмейміз, құдды бір барахолка біздің шынайы өмірімізде жоқ секілді.

Қаржыландыру мәселесіндегі шектеулерге қайта оралсақ, фильмнің жалпы бюджеті 2021 жылы Qara Film Fest деректі фильмдер фестивалі аясында AÝT Central Asia питчингінде Internews ұйымынан ұтқан 1000 доллар көлеміндегі ақшалай сыйлықты қоса алғанда, бір миллион теңгеден аспайды. Мұны утопиялық бюджет деп атауға болады. Режиссердің кейіпкеріне назары мен ниетінің арқасында ғана фильм дүниеге келді. Оператор мен режиссер тегін жұмыс істеді.

Деректі фильм түсіргенде ойын киносы немесе сериалдағыдай бір дегеннен толық соманы алу мүмкін емес. Деректі фильм өндірістің түрлі кезеңінде түскен ақшаға байланысты біртіндеп жасалады. Иә, бұл шынымен тым ұзақ, алдын ала түсірілім материалы мен болашақ фильмнің визуал құрамы болмаса, шетелдік қорлардан қаржы алу мүмкін емес. Еуропалық киноиндустрия саласында бұл проблема жобаның бастапқы дамуын ғана қаржыландыратын жеке қорлар көмегімен шешіледі. Олар бір-екі жыл толыққанды ақылы жұмыс істеуге мүмкіндік береді. ҰКҚМО авторлықты өндірудің қазақстандық схемасы көп жағдайда фильмнің толық өндірісіне үш жыл ұсынады. Бұл бір-екі жылдық дайындық кезеңін продюсер мен режиссер тегін өткізуі керек дегенді білдіреді . Теориялық тұрғыдан, фильмнің дайындық кезеңінде ұлттық қаржыландыруды алып бастауға болады. Алайда, біріншіден, бұған дейін ондай жағдай болмаған. Екіншіден, бұлай болса, фильмнің 100% авторлық құқығы Қазақстанның мәдениент және спорт министрлігіне беріледі. Фильм авторлары авторлықтан айырылса, шетелдік бірде-бір қорға қаржы алу үшін өтініш бере алмайды.

Бұл – тұйық шеңбер. Жүрегі мен жаны кино деп соғып тұрғанда, авторлар ыңғайсыз мерзімге келіседі немесе ешқандай бюджетсіз, тәуелсіз түсіреді. Айжан солай жасады. Екі жағдай да режиссерлер мен продюсерлердің тез күйреуіне әкеледі. Олар бұл фильмдерді көрерменге жеткізу жолдары, тарату, сату және кинофестиваль туралы ойлана алмайды. Айжан әуелгі материалдарды өз күшімен түсіріп, кейін шетелдік продюсер тауып, халықаралық питчингтерге қатыса алар еді. Бірақ автор бұл жолды таңдаса, кем дегенде бес жыл басын қатерге тігіп жұмыс істейді, алғашқы үш жылда тегін жұмыс істеуі керек болады.

Кристина Михайлова: Бұл фильм туралы көрерменмен сөйлескіміз келеді. Өйткені әлеуметтік өткір мәселені көтеріп, қиын жағдайда тіршілік кешіп жатқан адамдарды көрсеткенімен, ауыр шындықты айтарлықтай жеңілдікпен жеткізеді. Айжан Қасымбек кейіпкерлеріне сүйіспеншілікпен қарайды, біреудің қайғысын тәкаппарлықпен қабылдауға қарсы, адамның өзін-өзі бағалауына үлкен құрметпен қарайды. Тақырыпты саяси тұрғыда пайдаланудан көркемдік-саяси түсінікке қарай қадам жасау арқылы әрбір қазақстандық "Тәтті жүгеріден" өзін көреді.