5962
26 июня 2023
Адина Алтай, суретті Бейімбет Молдағали түсірген

Талдыкөл Астананы құтқарады. Жоғарғы Сот Талдыкөлді құтқара ала ма?

Экологиялық дағдарыс кезінде көл үшін күрес

Талдыкөл Астананы құтқарады. Жоғарғы Сот Талдыкөлді құтқара ала ма?

19 маусымда Астана іргесінде өрт басталды. Астананы түтін басты. Төтенше жағдай министрлігінің тікұшақтары өрт сөндіретін суды жақын маңдағы Талдыкөлден, яғни билік үш жылдан бері жоюға әрекет етіп жатқан көлден алды. Кіші Талдыкөл мен Үлкен Талдыкөл – жылдар бойы қаладағы температура мен ылғалды реттеуге ықпал еткен және көптеген құстың, соның ішінде Қызық кітапқа енген құс түрлерінің тіршілік ету ортасы болған көлдердің біртұтас экожүйесі.

Талдыкөл қаланы апаттан бірінші рет құтқарып отырған жоқ. Біздің тарихымыздағы ең қайғылы кезең – ашаршылық жылдары жергілікті тұрғындар Талдыкөлдің арқасында аман қалды, олар көлде тіршілік ететін балық пен жабайы құстардың жұмыртқасын қорек етті. Талдыкөлде Башан, Омар және Талдыкөл деген үш зират бар, онда аты-жөні көрсетілген ондаған қабірмен бірге атаусыз жүздеген қабір бар. Бастамашылар тобына кірген, бұрын осы жерде тұрған тұрғындар Астанадағы жаңа Нұра ауданына Талдыкөл атауын беруді талап етіп жүр. Бұл қазақтар мен дала көлінің тағдыры тығыз байланысты екенін еске салады.

15 маусым күні, өрттен төрт күн бұрын Жоғарғы Сотта Кіші Талдыкөл көлдерінің айналасында су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнату туралы талап бойынша кассациялық шағым бойынша бірінші отырыс өтті. Бұл көлдердің құрғатылуын тоқтатып, көл тағдырын шешетін отырыс болуы керек еді. Отырысқа үш жыл бойы Кіші Талдыкөлді бақылаған 40-қа жуық азамат қатысты. Жоғарғы Соттың күзетшілері мен қызметкерлері біраз абыржып қалса керек. Қызметкерлердің бірі процеске осыншама жұрттың жиналғанын бірінші рет көргенін айтты.

15 маусымда азаматтардың Кіші Талдыкөл мәселесі біржола шешіледі деген үміті ақталмады. Сол күні үш судья талапкер мен жауап берушілердің бір бөлігін ғана тыңдай алды, ал іс бойынша екінші отырыс 21 маусымға белгіленді. Алайда 19 маусымда өрт басталып, түтін бүкіл қалаға тараған күні Жоғарғы Сот екінші отырысты белгісіз мерзімге ауыстырғанын жариялады.

Бұл процесс экологиялық дағдарыс, су тапшылығы мен елдегі өрт өршіген жағдайда қоғамдық шиеленістің төмендеуін күту үшін әдейі кешіктіріліп жатқан сияқты. Талдыкөл жаңалықтарда соншалықты өзекті болмай қалған сәтте сотқа көл жүйесін сақтау мен қалпына келтіруге ешқандай әсер етпейтін, көпшілікке ұнамай қалатын шешім қабылдау оңайырақ болады.

Жоғарғы Соттың соңғы шешімі әлі жоқ кезде Кіші Талдыкөлге құм төгіп, тірлігін жалғастыра беретін құрылыс компанияларын ешкім де тоқтата алмайды. Көл жүйесі екінші шешуші сот отырысына дейін жетпеу қалуы да мүмкін.

Біз бүгін өрт, климаттың өзгеруі және су дағдарысы жағдайында көлдерді жоюға мүмкіндік береміз бе? Келесі жолы дала өртке оранғанда суды қайдан аламыз?

Адина Алтай, SOS Taldykol қозғалысының еріктісі