4043
30 июня 2023
Ақбота Узбекбай, суреттерді Erkin adamdar қауымдастығы ұсынды

Таңғы шай

Erkin adamdar қазақ эксперттерді насихаттау, бос уақыт мәдениеті және баршаға жайлы қала туралы

Таңғы шай

Әр сенбі сайын таңғы сағат сегізде Алматы, Астана және Шымкент қаласының тұрғындары таңғы шайға жиналады. Олар ғылым, өнер, адам құқығы секілді тақырыпта лекция тыңдап, соның төңірегінде әңгіме өрбітеді. Таңғы шайды былтырдан бері Еркін адамдар қауымдастығы ерікті түрде ұйымдастырып келеді. Власть ұйымдастырушылардың бірі Бэлла Орынбетовамен жобаның мақсаты, интеллектуал еңбектің құны және қазақ тілінде сөйлейтін сарапшыларды насихаттаудың маңызы туралы әңгімелесті.

«Әдеттегі күні ұйқымнан амалсыз тұрамын, бірақ сенбінің таңы ерекше қуанышты атады», – дейді Бэлла Орынбетова. Еркін адамдардың таңғы шайы, аты атап тұрғандай, таңғы ас үстіндегі әңгіме-дүкеннен тұрады. Арнайы шақырылған қонақ білгенін бөліседі, артынша жиналғандар сол тақырыпты талқыға салады. Қауымдастықтың бірінші жиыны былтыр 29 қаңтар күні жеті достың арасында өткен. Ал қазір олардың қатары өсіп келе жатқанына бір жылдан астам уақыт өтті.

Ұйымдастырушылар – журналист Ақерке Ораз, медиасарапшы Баубек Сағындық, зерттеуші Ғалымжан Оразымбет, медиасыншы Оразай Қыдырбаев, заңгер Айгерім Құсайынқызы, журналист Аян Қалмұрат, режиссер Әннас Бағдат пен суретші Алмас Нұрғожаев.

«Достарым әртүрлі мамандық иесі, бірі – зерттеуші, бірі – журналист. Бірге театрға барып, оны кейін өз арамызда талқылайтынбыз. Жай кездесу, хал сұраудан гөрі осындай талқының маңызды әрі қызық екенін түсіндік. Солай жүре берер едік, бірақ қаңтар (оқиғасы - В.) болды, театрға бара алмай қалдық. Не істейміз деп жүргенімізде, мұны түсіну үшін арамызға бір сарапшыны шақыруды жөн көрдік», – дейді Орынбетова бәрінің неден басталғанын есіне алып.

Уақыт өте эксперттер қатары арта берген. Бэлла Орынбетова адам өзі қанша ізденгенімен, ол істің майталман маманындай деңгейге жету қиын екенін айтады. Ал шақырылған қонақ қоғам білуге тиіс дейтін мәселені қорытып айтып береді. Жеті дос форматтың өте сәтті екенін аңғарып, онда айтылатын әңгімені өзгелер де естігені абзал болар деп Instagram желісінде «Еркін адамдар» парақшасын ашқан.

Таңғы шайдың құндылығы

Ұйымдастырушылар Аристотельдің «Никомах этикасы» еңбегіндегі еркін адамдар концепциясы бұл жобаның негізгі идеясына өзек болғанын айтады. Бэлланың айтуынша, адамдардың сенбі күні таңғы 8-де осындай жиынға келе алуы – адамның шын мәнінде еркін екенінің көрсеткіші.

«Еркін адам деген – құлдықтан азат болу, жұмыс істеу, дәулетті болу емес, жалдамалы жұмыс істесең де, уақытыңды өзіңді дамытуға, білім алуға жұмсау. Еңбекте гректердің бос уақыт мәдениеті туралы айтылады, олар, мәселен, пікірталастарға барып, өнердің түр-түрімен айналысқан, олардың театрының өзі – еркіндіктің бір белгісі. Бізге мынадай ой келді: түсте не кешке жиналу бәріне ыңғайлы ғой, ол уақытқа қойсақ, бәріміз ұйқымызды қандырып келеміз, ал түске дейін ұйықтау – еркін адамдардың ісі емес».

Таңғы шайға тіркелу құны – 3000-4000 теңге. Бэлла бұл соманың 2500 теңгесі кофеханада ішетін таңғы асқа жұмсалатынын, ал қалған 500 теңгесі экспертке төленетінін айтады. Ол интеллектуал еңбектің ақысы төленуі шарт деп санайды: «Адамдар тегін семинар, кітап, концертке үйреніп кеткендей көрінеді. Бірақ интеллектуал еңбектің ақысы міндетті түрде төленуі қажет. Сол мәдениетті қалыптастыруымыз керек деп ойлаймын».

Бұл жоба Алматыда бастау алып, кейін Астана мен Шымкент қалаларын да қамтыды. Ұйымдастырушылар ерікті түрде жұмыс істейтінін айтады. Олар алдын ала қонақтар тізімін жасап, уақытынан бұрын көпшілігімен келісіп қоюға тырысады. Дүйсенбіден бастап, эксперттерді нақтылауға көшеді, сейсенбіге дейін әлеуметтік желілерде таңғы шай қонағы туралы ақпаратты жариялайды. Ал бейсенбі, жұмаға дейін кофехана тауып, тіркелген адамдарға шақырту жібереді.

Еркін адамдар сарапшы таңдағанда ең әуелі оның қандай құндылықты дәріптейтініне назар аударады.

«Эксперттердің тізімін жасаған кезде олардың гомофоб еместігіне, нәсілдік не ұлттық дискриминацияға жол бермейтініне көз жеткіземіз. Кей кезде өз саласында мықты маман, бірақ кей кезде сексистік көзқарас идеясын айтып қалатындар болады. Бұл жағы сәл қиындау. Комьюнити құру кезінде құндылығы сәйкес келетін адамдарды табудың өзі маңызды», – дейді Бэлла Орынбетова.

Эксперт таңдаудағы тағы бір маңызды нәрсе – оның қазақ тілінде сөйлей алуы. Ұйымдастырушылар осылайша қазақ тілін насихаттауға болатынына сенеді.

«Санамыз отарланған ғой: Ресей келді, оқу-ағартуды үйретті, көзімізді ашты дейді. Таңғы шайға келетін адамдарды интеллектуал, жауапкершілігі жоғары, қоғамның қаймағы десек те болады. Енді ондай адамдарды жинап алып, орысша бір экспертті шақырып, тағы сол идеяны таңғымыз келмейді. Мақсатымыз – қазақ тілінде сөйлейтін эксперттерді таныту, насихаттау. Тілді білсең, отарсыздану тақырыбын да тереңірек түсінесің», – дейді ол.

Орынбетова экспертті дұрыс таңдағанын таңғы шайға келген қонақтардың ілтипатынан-ақ көруге болатынын айтады: «Кей экспертті тыңдаған кезде мұндай адамдардың енді көбейетініне үміт болады. Сондай идеялас адамдардың арасын жалғау маңызды. Прогрессив идеялар айтып, адамдарға мотивация беретін адамдармен байланыстыру ерекше қажет екен. Қоғамды жақсы жаққа өзгертетін адамдар оқиғасын айтқан кезде, оны бәрі естісе екен деймін».

Орталыққа ғана бағытталған игілік

Бір жыл бұрын «Еркін адамдар» ұйымдастырушылары TekSeruen жобасын бастады. Олар Алматы көшелерін кезіп, барлық ауданды сүзіп өту арқылы қаланың инфрақұрылым бойынша картасын жасауға ұмтылған. Кейін аудандағы проблемалар бойынша әкімдікке хат жолдап отырған. TekSeruen негізінен көшеде шамдардың, гүлзардың, саябақтар, үйірмелер, білім орталықтарының болуын және аялдамалардың жағдайын қадағалаған.

«Сарапшыларымыздың бірі Шолпан Әйтенова балалар кедейлігі туралы айтқанда, оның тек әлеуметтік жағдайға ғана емес, инфрақұрылым мәселесіне де қатысы бар екенін айтты. Орталықта балаларға арналған спорт алаңы, үйірме көп. Қызымды сурет үйірмесіне апарып жүргенмін, үйден қатты алыс емес. Бір апай үнемі баласын күтіп отыратын. “Балаңыз үлкен ғой, автобуспен жібермейсіз бе?” десем, Қалқаман жақтан келеді екен. Сіздер жақта үйірмелер жоқ па десем, сапалысы аз деді. Шынында да, қарасақ, игіліктің барлығы Алматының орталығында екен», – дейді Бэлла Орынбетова.

Ол кез келген қала баршаға жайлы болуы керегін айтады.

«Былтыр ғана бастадық. Бір ғана Наурызбай ауданын қарап шықтық. Проблемалардың бәрін тіркеп отырамыз да, бірден әкімдікке жазамыз. Қала сыртында тұратын ата-ана баласын күнде орталыққа апара алмайды. Салықты барлығымыз бірдей төлейміз, бірақ игілік тек орталықта ғана. Шеткері аудандар орталыққа қыруар қаражат береді, бірақ өздерінде түк жоқ. Сосын оларды маргинал деп атайды. Бірақ, қарасақ, оларда тіпті балалар демалатын қарапайым саябақ пен алаң да жоқ», – деп күрсінеді Орынбетова.

Еркін адамдар бұл арқылы қала халқын қала мәселесіне араласуға тартуды көздеген. Серуен барысында урбанистиканың қарапайым ережелерін түсіндіріп, стандарт бойынша жол қандай болуы керек, аялдаманың негізгі функционалы деген секілді тақырыптар көтерілгенін айтады.

«Тіпті самокаттардың өзі кейде қаланың ішінде жүреді, қаланың сыртына бармайды. Мұның өзі шектеу. Жарнамалар да қызық, қала ішінде қымбат мүліктің жарнамасы тұрады. Ал қала сыртындағы билбордтар мүлде бөлек әлем, “Қазақстан-2030” секілді мемлекеттік билбордтар. Бұл бизнестің өзі ол жақтағы адамдарға әлеуетті клиент ретінде қарамайтынын көрсетеді, – дейді ол. – Орталықта аялдамалар шыныдан жасалған, тұрғанда өте функционалды, адамдар оның ішінде тұрып-ақ автобустың келе жатқанын көре алады. Желден, жаңбырдан қорғана алады. Қаладан сәл ғана асып, Саиннан Момышұлына қарай жүрсеңіз, ол жақтағы аялдамалардың түрі де бір ұсқынсыздау, қоп-қоңыр, темірден жасалған, тесік-тесік екенін байқайсыз, одан жаңбыр да өтеді, желге де қамсау болмайды».

Орынбетова, әйтсе де, серуен кезінде инфрақұрылымы жақсы аудандарды да кезіктіргенін айтады: «Тексеруеннен ләззат алып, қуанып келген кездеріміз де болды. Жандосовтан әрі салынған аудандарда жолдың ашықтығы, гүлзарлар мен алаңдардың күшті болуы қуантты. Әкімдікке хат жазып, оны әлеуметтік желіде белгілеп, жақсы ойласқан жұмыс екенін айттық».

Еркін адамдардың қоғамдық қоры

Сәуір айында Еркін адамдар қауымдастығы қоғамдық қор болып тіркелді. Орынбетова осылайша қауымдастықтың бірінші қоғамдық лекциясын өткізу тәжірибесі туралы айтады. Лекция сәуір айының соңында өтті.

«Таңғы шайда әрі кетсе он бес-жиырма адам қабылдаймыз. Бірақ кез келген саланы алып қарасақ, негізгі проблемалардың түп төркіні адам құқығы мәселесіне келіп тіреледі. Бұл туралы экспертіміз Ғалым Жүсіпбек бір таңғы шайда да айтқан. Оны тағы да таңғы шайға шақырамыз ба деп жүргенде, неге бұны аз адам естуі керек, неге қоғамдық лекция өткізбеске деген ой келді».

Лекция сәуір айының соңында өтті: Эксперттеріміз эксперттік ортада ғана танымал. Қоғамда әншілер, бишілер, шоу-бизнес өкілдері танымал болғанша, осындай адамдарға мүмкіндік беріп көру керек. Егер жұрт оларды көрсе, не деген мықты адам деп айтады».

Орынбетова таңғы шайдың аумағын кеңейту жоспарда бар екенін айтады.

«Қазір үш қаладан басқа қалалар да таңғы шай өткізейін деп сұраныс жасап жатыр. Таңғы шай ірі қалаларда ғана емес, шеткері аймақтарда да, әсіресе Солтүстік, Батыс, Шығыста да болса деп армандаймыз. Сол жақта да осындай мәдениет, яғни бос уақытты сапалы өткізу, адамдарды бір-біріне жақын ете түсетін идеялар қалыптасса дейміз».