3047
1 июля 2023
Бейімбет Молдағали, суретті Владислав Сон түсірген

Коммуналдық қызметтер бағасының қайта өсуі және сенат мақұлдаған заң жобалары

Аптаның басты жаңалықтарына шолу

Коммуналдық қызметтер бағасының қайта өсуі және сенат мақұлдаған заң жобалары

Алматыда 1 шілдеден бастап су мен канализация тарифтері 15 пайызға көтеріледі. Заңды тұлғалар үшін сумен қамту бағасы 69,2 пайызға, ал канализация бағасы 89,4 пайызға өседі. Сонымен қатар, Алматыда 1 шілдеде жылу тарифтері жеке тұлғалар үшін 20 пайызға, ал заңды тұлғалар үшін 30 пайызға қымбаттады. “Алматы жылу жүйесі” ЖШС бұл шара жылу жүйесін жөндеуге жұмсалады деп хабарлады. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Астанада да су мен электр қуаты бағасын 15-20 пайызға өсіруді жоспарлап отыр. Сарапшылар коммуналды қызмет бағасының көтерілуі қазақстандықтардың табысы мен өмір сүру деңгейін нашарлатады дейді. Баға үнемі көтерілгенмен, жемқорлық, басқару сапасының төмендігі мен ашықтықтың болмауының кесірінен инфраструктура жөнделуінің деңгейі төмен деңгейде қала бермек.

23 маусымнан 24 маусымға қараған түні Ресейде “Вагнер” жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин әскери бүлік ұйымдастыруға әрекеттенді. Президент Тоқаев Ресей президенті Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, болған оқиға Ресейдің ішкі мәселесі екенін айтып өтті. Ол осыған байланысты Қауіпсіздік Кеңесін жинап, елдің “қаржы-экономикалық тұрақтылығын және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет екенін” мәлімдеді. Күш құрылымдарына “ықтимал қатерлерге қарсы әрекет етуге дайын болуды” тапсырды.

Қостанай облыстық прокуратурасы әлеуметтік желінің кейбір қолданушылары облыстың жергілікті халқын Украинадағы соғыста Ресей жағында соғысуға үгіттегенін хабарлады. Кей хабарламада сепаратистік үндеулер де табылған. Прокуратура өкілдері “шет мемлекет аумағындағы әскери іс-қимылдарға қасақана заңсыз” қатысқандарға қылмыстық жаза қолданылатынын айтты.

Президент Тоқаев тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша статистикаға көңілі толмайтынын айтып, оны алдын алу шараларына назар аударуға шақырды. Бірнеше күн бұрын Алматы қалалық соты әлеуметтік желі шығарған шу арқасында бұрынғы әйелі, заңгер Айман Асанованы 18 рет пышақтап өлтірген Талғат Нұртаевты бір жарым жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімін жойды. Басқа судья тағайындалып, іс қайта қаралмақ.

30 маусым күні парламенттің бірлескен отырысы өтіп, бірнеше заң жобасы мақұлданды. Сенат Назарбаевты оның атындағы мектеп, университет пен қордың қамқоршылық кеңесінің басшысы мәртебесінен айырды. Осыған дейін Власть басылымы, Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) мен қырғызстандық Kloop.kg басылымы бірлесіп, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің атындағы қорлар арқылы активтерін бақылап отырғанын анықтаған.

суретті Жанара Каримова түсірген

Сонымен қатар, сенат заңсыз алынған активтерді елге қайтару туралы заң жобасын мақұлдады. Депутаттар жаңа нормалар активтерді анықтау және қайтару үшін қажетті негізді құрап, мемлекеттік органдардың активтерді қайтару саласындағы жұмысын реттейді. Осыған дейін Elge Qaitaru қоғамдық қорының өкілдері заңның шикі тұстары көп деген. Қор құрылтайшысының бірі Оразалы Ержановтың сөзінше, заң тек жоғары деңгейдегі шенеуніктерге қатысты болып, олигархтарға әсер етпейді.

Сенат онлайн платформа және онлайн жарнама туралы заң жобасы мен сәйкес түзетулерді мақұлдады. Онлайн платформалардың иелері мен заңды өкілдері шындыққа жанаспайтын ақпаратты өшіруге міндетті. Оған қоса, заң онлайн платформа пайдаланушылары платформада жарияланған онлайн жарнамаларды сәйкестендіру мен таңбалау бойынша міндеттемелерді белгілейді. Сонымен қатар, заң онлайн платформаларды модерация мен интерфейстің мемлекеттік тілде қолжетімді болуын міндеттейді.

26 маусым күні Алматы гарнизонының әскери соты Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанда өз көлігінде атылған Нұрболат Сейітқұлов пен Нұрай Оразханның өліміне қылмыстық кодекстің 451 бабының 2-бөлімі бойынша (қару қолданып билікті асыра пайдалану – В.) кінәлі болып танылған Данияр Егембаевты жеті жылға бас бостандығынан айырды. Сол көлікте бір мезетте өлген Нұрболат Сейітқұловтың әйелі Алтынай Етаеваның ісі бөлек сотта қаралады.

Алматының апелляциялық соты тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамайға қатысты шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы оның жұбайы Инга Иманбай хабарлады. Сәуірде Жанболат Мамай жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, билік өкілін қорлау мен жалған ақпарат тарату айыптары бойынша алты жыл шартты жазаға кесілген. Сот оған осы уақыт аралығында қоғамдық-саяси және публицистикалық жұмыстармен айналысуға тыйым салған. Белсенді өзіне тағылған айыптарды мойындамайды, істің саяси астары бар деп санайды.

суретті Данияр Мусиров түсірген

Шемонаиха қаласында газ баллондарының жарылысынан кейін ауруханаға түскен екі ер адам қайтыс болды. Денесінің 100 пайызын күйік шалған. Жарылыс кезінде жарақат алып орташа халде хирургия бөліміне түскен тағы бір ер адам мен әйелдің жағдайы жақсарды.