3265
10 июля 2023
Назерке Құрманғазинова, фотоларды Данияр Мүсіров түсірген, Власть

Қала маңындағы ауылдардан Алматыға барып-қайтудың әлегі

«Саяхат», «Алтын Орда» және Төле би–Момышұлы қилысынан репортаж

Қала маңындағы ауылдардан Алматыға барып-қайтудың әлегі

Бірлік ауылының тұрғыны Еламан Әлікен күнделікті Алматыға қатынап жұмыс істейді. Ол таңғы сегіздегі жұмысына үлгеру үшін үйден алтыда шығып кетуі керек. Автобус үнемі толы болатындықтан, таксимен қатынайды. Еламан сияқты күнделікті Алматыға келетіндер саны бес жүз мыңға жуық.

Власть журналистері «Саяхат» автовокзалының маңы мен «Алтын Орда» базарына барып, тұрғындармен Алматыға кіріп-шығуда қандай қиындыққа тап болатыны туралы сөйлесіп қайтты.

«Саяхат»

Кешкі 18.00-де «Саяхат» автовокзалының маңайындағы Сүйінбай және Райымбек көшелерінде көлік күткен адам көп. Осы жерден халық қала маңындағы Талғар, Есік, Бесағаш, Байсерке, Шелек және басқа да елді мекендерге барады. Автобус аялдамаға келген бойда жолаушыларға лезде толады, сыймай қалғаны келесі келгенін күтеді.

«Міне, қазір №225 автобусты күтіп тұрғанбыз, толып кетті. Отыра алмай қалдық, – дейді қаладағы оқу орындарының бірінде оқитын Перизат Ізтілеу. Ол құрбысымен бірге үйіне, Есікке қайтуы керек. – Такси қымбат шығады – бір жағы 500 теңге. Өзіміз жатақханада тұрамыз, қиналып қаламыз, сондықтан автобуспен жүреміз. Халық көбіне таксимен емес, автобуспен жүреді, бірақ автобуста адам көп болады, түрегеп тұрасың. Мен, мысалы, Есіктен Халық Аренаға дейін 1,5 сағаттың ішінде жетемін. Осынша уақыт бойы түрегеп тұруға тура келеді».

Мұнда көлік жүретін жолда такси тоқтатып тұрған жолаушылар да аз емес. Көпшіліктен алыста Еламан Әлікен тезірек такси ұстауға тырысып тұр. Оның айтуынша, Талғар маңындағы Бірлік ауылына автобус та, такси де бармайды, ал жолаушыларды Талғар трассасының бойында қалдырып кетеді, ары қарай жұрт үйіне жаяу жетеді. «Ауылда жұмыс жоқ болғаннан кейін, көбі қалада істейді. Өзің жұмыстан шаршап қайтқан кезде автобуста түрегеп тұру, қысылып қайту қиын. Таксиге ары-бері 600 теңге кетеді. Кептеліс азайса, кеңірек автобустар беріп, жиі-жиі жүріп тұрса дұрыс болар еді», – дейді ол.

Еламан Әлікен

«Саяхат» күнделікті адамдар тезірек шығып кетуге тырысатын көлік торабы ғана емес, кейбіреулер үшін табыс көзі де: көше бойын жағалай саудагерлер түрлі тіскебасардан бастап киім-кешекке дейін сатып тұр. Көлікке адам жинап жүрген таксистер зып жүгіреді. Сондай жүргізушінің бірі Нұрмұханның сөзінше, бұл жерде көбіне өзі Алматыға жұмысқа келерде жолай адамдарды әкеліп, қайтарда қайта алып кететіндер жүр.

«Тек таңертең және кешке адам тасимыз. Қала мен ауыл арасында бұлай такси болу тиімді емес. Сондықтан бұл тек қосымша табыс көзі ғана, мұнда жүргеннің көбі солай істейді. Біреу құрылыста істейді, құрылыс тоқтап қалғанда не вахта уақыты аяқталғанда осында келіп, ары-бері адам тасиды. Таксистер арасында өз кезегіміз бар, мысалы, бірінші маған адамдар жинайды, одан кейін келесісіне. Бұл бір-бірімізге деген сыйластық», – дейді Есікке қарай кетіп бара жатқан Нұрмұхан.

Көлікке адам толғанша жинайды. Осы кезде қолында кішкентай нәрестесі бар әйел мен зейнет жасындағы анасы келді. Олар Есіктегі үйіне қайтып барады екен.

«Бала болғаннан кейін амалсыздан таксиге келіп отырмыз. Жүгіміз де көп. Әйтпесе №225 автобуспен жүреміз, бірақ адам көп. Жұмыс күні баламен мүлдем міне алмайсың», – дейді зейнеткер Сәния апа.

Әңгімеге қызы Мәдина да араласты: «Автобус аз, ал такси тым қымбаттап кетті. Студент ұлым қалада оқиды, күнде 700 теңге төлеп, таксимен жүреді. Автобустың жүру интервалы қысқарса жақсы болар еді. Үнемі таңертең, кешке толып кетеді. Автобустар қосылғалы 1-2 жыл болды. Оған дейін шағын автобустармен (маршрутка) жүретінбіз, бірақ оның бағасы таксимен шамалас».

Сәния мен Мәдина

Райымбек даңғылымен салыстырғанда, Сүйінбай көшесінде аялдамада автобус күтіп тұрғандар аз. Бірақ жол бойын жағалай такси ұстап тұрғандар көп-ақ.

Жетіген ауылына бара жатқан жолаушының айтуынша, мұнда көп көлік тоқтамайды, себебі полиция қызметкерлері жиі қадағалап жүреді және артынша айыппұл салады: «Бұл жерде тоқтауға рұқсат жоқ. Мен сияқты осылай жаяу өткелде тұрған адамдар апаттық жағдай тудырады. Полиция келіп қуғанда халық төменге қарай түседі. Олар кеткенше, шамамен 1-1,5 сағат кетеді. Кейде одан да тез болады».

Қонаев пен Алматы арасында жүретін және жолай Жетігенде тоқтайтын электр пойызы бар, жас жігіттен сол пойыз туралы сұрадық. Пойыз туралы жалпы естігенімен, қазір жүре ме, жүрмей ме, хабары жоқ екен.

«Айына 20 жұмыс күні болса, шамамен қалаға барып-қайтуға 28 мың теңгедей ақша кетеді. Бізге қарай №220 автобус жүреді, бірақ оған үш-төрт ауылдың тұрғындары отырады, сондықтан мүлдем орын болмайды. Алғашқы аялдаманың өзінде толып кетеді. Екі сағат бойы лық толы автобуспен келу, оның үстіне түрегеп тұру үшін шыдам қажет. Одан гөрі таксиге шығындала салған дұрыс. Біздің ауылдан қалаға көп адам қатынайды. Себебі түсінікті ғой, облыста жұмыс жоқ, жұмыстың бәрі қалада», – деп пікірін жеткізді ол.

Байсеркеге кетіп бара жатқан жолаушы әйел пандемиядан кейін таксистер саны азайып қалғанын айтады, ол мұны көбі қазір түрлі такси сервисінде жұмыс істейтінімен байланыстырады.

«Қазір жолай көлік ұстау қиындап кетті. Сағаттап тұрамыз. Автобустар жүреді, бірақ Байсеркенің ішіне дейін бармайды. Мысалы, №220 автобус бар, бірақ ол тек Жетігенге дейін барады және үнемі адам толы болады. Одан бөлек №221 автобус бар, ол Кіші Байсеркеге дейін барады. Бұрын «Саяхаттан» жүретін №42 автобус болатын, оның бәрі қысқарды. ГРЭС-ке дейін баратын автобустар бар, бірақ оған жеткеннен кейін қайтадан басқасына отыруың керек. Сондықтан автобуспен қатынау қиындау. Қызым қалада оқиды, өзім мектепте мұғаліммін, таңертең мен жұмысқа, қызым оқуға үлгеру үшін көбіне үйге дейін такси шақырамыз».

Он минуттан кейін қызы екеуі такси тауып, мініп кетті.

Төле би–Момышұлы

Дәл осылай Төле би мен Момышұлы көшелерінің қиылысында халық көлік күтіп тұр. Көбіне Қарғалы, Ұзынағаш кентіне бара жатқандар. Көше қиылысында көлік тоқтауға тыйым болғандықтан, жүргізушілер көлігін жақын маңға қойып, жолаушы іздеп жүр. Бұл жерден тек қала маңындағы ауылдарға ғана емес, сондай-ақ, Алматының шығаберісіндегі аудандарға да барады. Ол жақта да қоғамдық көлік мәселесі көңіл көншітпейді.

«Әйгерім» ықшамауданында тұратын Мақпал есімді тұрғынның пікірінше, шығаберіс аудандарға да көп адамды таси алатын автобустар қажет, себебі Алматы кеңейіп жатыр, ал қоғамдық көлік халық санына ілесе алмай келеді.

«Даладағы кептелісті қоя берші, автобустың ішінде де адамдар кептеліп тұрады. Мен қалада жұмыс істеймін. Менің ауданымнан ол жаққа жеткенше үш рет автобус ауыстыруға тура келеді, себебі автобуста адам көп, қысылып қаласың. Оданша жолай түсіп, басқа автобусқа ауысқан жақсы. Оған қоса барлық жүргізуші кондиционер қоса бермейді. Біз жаққа қарай №25 автобус жүреді, бірақ ол стандарт автобус, мұндай автобустар үлкен мегаполиске жарамайды. Халық саны азаймайды ғой, сондықтан автобусты көбейту керек, не үлкен автобустарды іске қосу керек», – дейді ол.

Шамалғанға жақын Елтай ауылына бара жатқан Динара ол жаққа қарай автобустар көбіне тек барахолка базарынан жүретінін айтады.

«Дәл Елтайға дейін баратын автобус жоқ. Төле би–Момышұлынан такси 400–500 теңге алады, онымен күнделікті жүргенге қалтамыз көтере бермейді. Тіпті Шамалғанға дейін де автобустар тек барахолкадан жүреді. Оған қоса (теміржол) өткелі жақта үнемі жол апаты болып тұрады», – деп түсіндірді Мақпал.

«Алтын Орда»

Райымбек даңғылының батыс жағында «Алтын Орда» базары орналасқан. Бұл жерден халық Қаскелең, Шамалған, Ұзынағаш және басқа да елді мекендерге қатынайды. Шағын автобустар «Сайран» автовокзалынан бастап жүреді.

Жолдың екі жағында да сауда орындары, азық-түлік нүктелері орналасқан, екеуінің арасын үлкен көпір жалғап тұр. Ол жерде де саудагерлер тауарын жайып қойған. Жұмыс күні аяқталарда халық жанталасып сауда жасап қалуға тырысып жүр, ал сатушылардың алдында таңдау тұр: не сауданы жалғастыру, не кептеліс басталғанға дейін үйге жетіп үлгеру. Ауыл-аймаққа қатынайтын автобустардан бөлек, мұнда Тараз, Шымкент, Түркістанға баратын автобустар да бар.

«Саяхат» жақпен салыстырғанда бұл жердегі аялдама екіге бөлінген: бірі қоғамдық көлікке арналған, екіншісі жеңіл көліктерге. Бұл жүргізушілерге ыңғайлы болғанымен, жолаушыларға қауіпті, олар жол жиегінде не көлік жүретін жерде такси тоқтатуға мәжбүр. Жолаушылар бір-бірінен алыста тұруға тырысады, осылайша олардың бірінші болып көлікке отырып кетуге мүмкіндігі көбейеді.

Студент Жеңіс Жетесов Шамалғаннан Алматыға күнде келеді. Оның сөзінше, Шамалғанға көбіне шағын автобус (маршрутка) жүреді, ал өзі таксимен қатынайды: «Мен жолға көп ақша құртамын деп ойлаймын. Шағын автобустар үнемі толып тұрады, оның үстіне ұзақ жүреді. Ал таксимен Алматыға бір сағатта жетемін. Әрине, Шамалғанға дейін автобус болса және олардың санын көбейтсе жақсы болар еді».

Көбі мұндай өмірге үйреніп кеткенін және ең негізгі мәселе кептеліс екенін айтып, бізбен сөйлескісі де келмеді. Қала сыртына кетуге көлік күтіп тұрғандардың бірі Мақпал ауылдарға автобус қосқалы қалаға жету ыңғайлы бола бастағанын айтады. «Автобусқа үлгерсең – мінесің, үлгермесең, таксимен қайтасың. Көбінесе таңертең автобуспен келемін».

Такси жүргізушілері «Шамалған! Шамалған!» деп айғайлап, адам жинап жүр. Сайора Аманова жүргізуші адам жинағанын күтіп жүр: «Мен Ұлан ауылына бара жатырмын. Ол жаққа автобус та, маршрутка да бармайды, негізі ауыл үлкен. Тым болмаса кішкентай автобус жүрсе. Кешке такси бағасы 800 теңгеге дейін барады. Балаларымызға асығамыз, мініп кете береміз. Біз сияқты жүретіндер көп».

Әңгімеге тағы бір әйел қосылды: «Сағат 17:00-ден кейін таксиге міну мүмкін емес. Жарайды, біздің ақшамыз бар, мінерміз, бірақ бәрі күніне тек бір жағына 400-500 теңге құрта алмайды ғой. Барахолкадан теміржол өткеліне дейін жүретін автобус бар. Бізге Шамалған станциясынан «Сайранға» дейін жүретін автобус керек».

Осы кезде көлік жанына бір ер адам келіп: «Бұл такси Шамалғанға дейін бара ма?» – деп сұрады, көлік ішіндегілер қуана бас изеді де, жүргізушіге салон толғанын айтты.

Сайора Аманова

«Бәрі субсидияға тіреледі»

Көлік саласы бойынша сарапшы Елена Ерзакович магистраль көшелерде автобус жолағы қосылуы керек деп есептейді. Оның айтуынша, бұл қала маңындағы елді мекендерден келетін тұрғындарды тезірек алып-шығуға мүмкіндік береді.

«Мысалы, Талғар тас жолының жоғарғы жағындағы ауылдарда тұратындарды таси талатын магистраль автобус маршруттары керек екенін бұрын да айтқанбыз. Талғарға дейін жеңіл рельсті транспорт (ЖРТ) салғаннан гөрі, мұны іске асыру анағұрлым тез әрі оңай. (Шілдеде түрік компаниясы Алматы облысында ЖРТ салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді бастайды – В.) Қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ жасау әлдеқайда дұрыс және ол кейбір мәселені шеше алатын еді, мысалы, автобустар тез айналып келеді, азырақ автобус қажет болады, бұл экономикаға да әсер етеді», – деп топшылайды Ерзакович.

Сарапшы магистраль көшелердегі кептелісті азайтудың тағы бір амалы ретінде қала шекарасында көлікті қалдыруға мүмкіндік болатын көлік тораптары қажет деп есептейді.

«Қалаға ақылы кіру әңгімесі әлі ұзақ талқыланады, бірақ қайтсек те көліктерді қала шекарасында қалдыруға мүмкіндік жасауымыз керек. Ол жерде адамдар көлігін күні бойына тастап, ары қарай қалаға кететіндей жағдай жасалуы керек, яғни көлік тұрақтары, оларды жөндеу қызметтері деген сияқты», – дейді ол.

Ерзакович тұрғындар жоғарыда айтып өткен іске қосылған бағыттардың қолайсыздығын маршрут желісімен байланыстырады. «Маршрут желісі инфрақұрылым мүмкіндігі мен сұранысты талдау негізінде есептеледі. Шамалғанға басқа жерден баруға сұраныс болса, ол да есепке алынуы керек. Тағы бір мәселе — бізде автобус та, жүргізушілер де тапшы. Ыңғайлы маршрут желісі — қоғамдық көліктің негізі, тірегі. Ол әртүрлі жолаушының мүддесін ескере отырып, экономикалық тұрғыдан негізделген болуы керек».

Тұрақты маршрут ұйымдастыру мүмкін болмаған жағдайда, шақырту бойынша тасымалдауды жүзеге асыруға болады, яғни жолаушылар алдын ала белгілі бір орындарды брондап қояды және олардың өтініші бойынша автобус жіберіледі.

Елена Ерзаковичтің сөзінше, жаңа бағыттарды қосу субсидияға келіп тіреледі. «Бір сұрақтың айналасында шыркөбелек айналып жүрміз – қаржы да, маршрут та жоқ, жақсы жағдайда адамдарды тасымалдауға мүдделі тасымалдаушы да жоқ. Қала маңына тасымалдайтын автобустар сонау 2015 жылдан бері айтылып келеді. Талқылау да болды, маршрут желісі де құрылды. Магистральдарда үлкен автобустар жүріп, ал орташа габаритті автобустар елді мекендерге апаруы керек еді. Бірақ мәселе ақшаға, субсидияға келіп тіреледі. Жолдың жағдайы жақсы бола бермейтіндіктен, жеке тасымалдаушылардың көбі техникасын ондай жолға жібергісі келмейді», – дейді ол.

Ерзакович үш жыл бұрын Алматы агломерациясының көлік жүйесін дамыту тұжырымдамасын жасаған кезде күрделі мәселелерді шешу үшін көлікті басқарудың бірыңғай жүйесін құру ұсынылғанын атап өтті. «Соның ішінде субсидиялар тек қаланың ғана емес, облыстың да жауапкершілігінде болуы керек деген мәселе қойылды. Әрине, қала бюджеті мұндай үлкен аумақты қамти алмайды».

Ол қоғамдық көліктің тарифі де әр бағытқа қарай икемді болуы керек деп санайды: «Бұл мәселеге министрлік те назар аударса жақсы болар еді. Басқа елдерде, әсіресе ауылдық жерге тасымалдауды тек қаланың мойнына артып қоймай, республикалық бюджеттен қаржыландырылады».

Алматы мен Алматы облысындағы қала маңы маршруттардың өзара байланысы мәселесін былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті. «Қосымша 50 елді мекенді қамтитын жаңа автобус бағыттарын іске қосу қажет», – деп тапсырды президент. Кейін Алматы облысының жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы қала маңындағы бағыттары бойынша 26 автобус қатынасы ұйымдастырылғанын хабарлады. «Бұл облыстың 50-ге жуық елді мекенін Алматы қаласымен байланыстыруға мүмкіндік береді», – делінді. Сонымен қатар, Алматы мен Алматы облысы арасында қала маңындағы бағыттарды бірлесе субсидиялау туралы келіссөз жүргені айтылды.

Алайда қанша автобус бағыты облыстың субсидиясы арқасында жүзеге асырылып жатыр деген сұраққа Алматы облысы жолаушылар тасымалы басқармасындағылар: “Алматы қаласы мен облыс арасындағы қала маңындағы бағыттарды бірлесе субсидиялау бюджетаралық қатынасы 2024 жылы күшіне енеді”, – деп жауап берді. (2023 жылдың 1 қаңтарында агломерацияларды дамыту туралы заң қабылданды – В.)

Алматы қалалық мобильдік басқармасы Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле аудандары бағытындағы қала маңы маршруттарына қалалық бюджеттен субсидия бөлінгенін және оларға 2022 жылы 8,1 млрд теңге жұмсалғанын хабарлады.

Басқарманың дерегі бойынша, қазір Алматы облысының елді мекендеріне 24 бағытта 300 автобус қатынайды. Тағы 10 бағытта автобус қосуды және қамту аймағына Алматы қаласынан 50 км радиуста орналасқан аймақтарға арнап жаңа маршрут схемасын әзірлеуді жоспарлап отыр. Оның ішінде Шамалған, Дәулет, Туғанбай, Батыр, Қайнар, Жомарт, Қараой, Мыңбаев, Исаев, Мерей елді мекендері бар. Бұл бағыттар жаңа автобус сатып алынғанда қосылмақ, бірақ бұл қашан жүзеге асатынын басқарма нақтыламады.

Әкімдік биыл Абай даңғылы (Момышұлы көшесінен Әшімовке дейін) мен Саин көшесінде (Мөңке би көшесінен қала шекарасына дейін) автобус жолағы пайда болатынына уәде берді. Сондай-ақ, Үлкен Алматы айналма жолының (Абай, Солтүстік айналма, Тілендиев) шығаберісімен қала шекарасына дейінгі жолдарды тесу және Төле би (Яссауи көшесінен қала шетіне дейін), Рысқұлов (Оңғарсынова көшесінен бастап) көшелерін тесу жобасында қоғамдық көліктер үшін арнайы жолақтар қарастырылғанын айтты. Бұл ретте әкімшілік жаңа метро стансаларының салынуы да осы мәселелерді шешуге ықпал етеді деп сендірді.

Қала билігі 2030 жылға дейін тоқтайтын тұрақтары мен жеткізу жолдары бар екі көлік торабын іске қосуды жоспарлап отыр: «Батыс» торабы («Барлық» базары); Шығыс қақпасы (Құлжа тас жолы) торабы. Тек барахолкадан емес, Райымбек даңғылының бойынан автобустарды қосуға қатысты басқарма былай деп жауап берді: «Райымбек даңғылының көлік кептелісіне және бағыттардың қайталануына байланысты бағыттарды ұзартуды немесе жаңадан ұйымдастыруды орынсыз деп санаймыз».

«Қаланың көлік жүйесі Алматы қаласы мен қала маңындағы ауданның барлық тұрғынын тікелей жол жүрумен қамтамасыз ету міндетін қарастырмайды, жаңа бағыттарды ұйымдастыру немесе қолданыстағы маршруттарды ұзарту оның қайталануына және қала автожолының кептелісіне әкеледі», – деді Власть сауалына жауабында.