2985
14 июля 2023
Ақбота Узбекбай, Власть

Апта жаңалықтарына шолу. Қаңтар жаңғырығы

Қаңтар бойынша сот істері, қандастар және экономика

Апта жаңалықтарына шолу. Қаңтар жаңғырығы

Қаңтар оқиғасы бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Төрт жасар Айкөркемнің ісі қайта қарала бастады. Әйтсе де, сот жабық әрі әкесі мен әпкесінің, ақпарат құралдарының қатысуынсыз өтеді. Сотқа жәбірленуші тараптың қорғаушысы мен Айкөркемнің әскери рұқсаты бар ағасы ғана қатыса алады. Процесс не үшін жабық өтеді деген сұраққа сот қызметкері Рүстем Мұхтаров бұл іс бойынша «әлдебір мемлекеттік құпия» қаралатынын айтты. Қорғаушы Жанғазы Күнсеркин соттың ашық өтуі жөнінде өтініш жазғанымен, сот мұны қанағаттандырмады. Бүлдіршіннің әкесі Айдос Мелдехан мұның саяси астары бар екенін айтады: «Туған әкесін сотқа кіргізбеу деген – сорақылық. Бұл биліктің тапсырысы екені сөзсіз. Қызымды атып тастап, енді қылмыстарын жасыру үшін сотты жабық өткізіп отыр».

Бұл іс бойынша «билігін асыра пайдаланды» деп жауынгер Арман Жұман айыпталып отыр. Келесі сот отырысы 26 шілде күні өтеді. Бұған дейін Айкөркем Мелдеханның ісі қылмыс құрамының жоқ болуына байланысты қысқартылған еді.

Алматыда «әуежайды басып алу» ісі бойынша сот шешімі шықты. Журналист Әйгерім Тілеужан 4 жылға, Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шілібаев пен Жанайдар Карменов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылардың туыстары, достары мен жақтастары сот шешімін мойындамай, «халық – террорист емес», «бостандық» деп ұрандатты. Бұл іс наурыз айынан бері қаралып келді. Айыпталушының бәріне «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айып тағылған. Тергеудің нұсқасы бойынша, Нұрпейісов пен Тілеужан «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып», басқаларымен бірге ғимаратқа шабуыл жасап, басып алмақ болған. Ал айыпталушылар 5 қаңтар күні Қазақстанның ҰҚШҰ-дан көмек сұрағанын естіп, Алматы әуежайын бетке алған. Бұл уақытта әуежай ғимаратында полиция болмаған. Ресей әскері қалаға ұшып келмейтінін білген соң, олар әуежайдан қайтып кеткен. Власть тілшісі Алмас Қайсар осы аптадағы бағанда бұл сот ісі қазақ қоғамын шындық пен әділдіктен алыстата түскенін жазды.

Отырысқа жүзден аса адам жиналып, сот шешіміне наразылық білдірді. Сот шешімімен келіспейтінін айтып, сөз сөйлегендердің қатарында «Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бесжан Төлеубекұлы болған. Оның 14-іне қараған түні ұсталғаны хабарланды. Ол «әуежайды басып алу» ісі бойынша сот шешімінен кейін митинг ұйымдастырды, «бейбіт митинг өткізу тәртібін бұзды» деп айыпталды. Төлеубекұлы 15 тәулікке қамалды.

Бұған дейін Қызылорда соты Ғабит Піржанов пен марқұм Фархат Омаровты «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды», «әскери адамға оқ атты» және «күшпен қаруды тартып алды» деген бап бойынша кінәлі деп таныды. Піржанов 16 жылға сотталса, Омаров қаза болуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сотталушылардың туыстары сот шешімімен келіспейді. Бұған дейін дәл осы айыптармен қызылордалық Қазыбек Құдайбергенов 17 жылға сотталған еді.

Қазақ Ұлттық университеті ректорының ұлы Елнар Қансейіттің қазасына әскери қызметтегі Серікбол Мұратхан кінәлі деп танылды. Ол 6,5 жылға сотталды. Оған да «қызметін асыра пайдаланды» деген айып тағылған. Сот шешімінен кейін жиналғандар наразылық білдірді. Марқұмның әкесі Серікбол Мұратхан да келіспейтінін, апелляциялық арыз жазатынын айтқан. Прокурор бұған дейін 7 жыл сұраған еді.

Баланың жаназасы. Сурет “Азаттық” радиосы

Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылында бес жасар қыз қаза болды. Ауыл халқы күдіктіні халықтың қолына беруді талап етіп, наразылыққа шықты. Азаттық радиосының хабарлауына қарағанда, ауылға кіреберісті, бүлдіршін мен күдіктінің үйін полиция күзетіп тұр. Бүлдіршіннің анасы баланың 13-і күні шығып кетіп, үйге оралмағанын айтады. Әкесі күдіктінің үйіне екі рет барып, қызын таппаған. Кейін бір топ көршісі тағы барып, баланың киімін көріп қалған. Әкесі қызының сау-тамтығы қалмағанын, жеті-сегіз жерінен пышақталғанын айтады. Полиция тергеу нәтижесін хабарлауға уәде берді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне қарағанда, 1991 жылдан бастап Қазақстанға 1,11 миллион этникалық қазақ оралған. Ал жыл басынан бері 10,5 мың адам қандас мәртебесін алған. Оның жартысынан көбі, яғни 56 пайызы Өзбекстаннан, 19,3 пайызы Қытайдан, 9,7 пайызы Ресейден, 7,8 пайызы Моңғолиядан, 4,6 пайызы Түркіменстаннан, 2,6 пайызы басқа елдерден келген. Қандастардың көбі жұмыс күшті тапшы Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстанға қоныстанған.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров еліміздің экономикасы 5 пайызға өскенін хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, өсім, әсіресе, сауда және құрылыс саласында байқалады.

«Қазмұнайгаз» басшысы мен энергетика вице-министріне сөгіс жарияланды. Үкімет ҚМГ басшысы Мағзұм Мырзағалиевті “мұнай өңдеу зауытының қауіпсіздігі мен тұрақты жұмысын қамтамасыз ете алмады” десе, энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовті “батыс энергия торабының қауіпсіздігіне тиісті деңгейде бақылау жасамады” деп айыптады. Бұған дейін Маңғыстау облысындағы МАЭК-те энергия блогы істен шығып, Атырауда және бірнеше елді мекенде жарық өшіп, ауыз су болмады. Кейін бір мұнарада өрт болған. Министрлік бұған құрал-жабдықтардың тозығы жеткені, кәсіпорында қаржыландыру дұрыс жүрмегені себеп болғанын мойындаған еді.