2295
21 июля 2023
Назерке Құрманғазинова, сурет энергетика министрлігі сайтынан

Талдыкөл бойынша сот шешімі, ЖЭО жөндеу жұмысының кешігуі

Апта жаңалықтарына шолу

Талдыкөл бойынша сот шешімі, ЖЭО жөндеу жұмысының кешігуі

Осы аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы мен Шымкент және Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жемқорлық бойынша күдікпен ұсталғанын хабарлады. Сонымен қатар, агенттік 19 шілдеде Алматы қаласының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджановты ұстады. Бұл қызметті бес жылдай атқарған Ахмеджанов 2020–2023 жылдары жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымын асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. 20 шілде күні Ұлттық қауіпсіздік қызметі сыбайлық жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен Шымкент әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ұсталғанын мәлімдеді.

Талдықорған соты 20 шілдеде қаңтардан кейін азаптаудан қаза тапқан Алмас Мұқашев ісі бойынша ҰҚК-ның екі қызметкерін кінәлі деп тапты. Әнет Байтұрсыновты “азаптау мен кісі өліміне” кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырды, ал екінші қызметкер Андрей Сорокинді “ақпаратты жеткізбеді” деп айыптап, бостандығын төрт жылға шектеді. Ол пробациялық бақылауда болады. 42 жастағы Алмас Мұқашев 2022 жылы 8 қаңтарда күшпен ұсталып, кейін туыстары оның денесін мәйітханадан тапқан.

Қаңтар оқиғасынан кейінгі азаптау кезінде қызметін асыра пайдаланды деген айыппен 10 жылға сотталған Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың жазасына тағы үш ай қосылды. 18 шілде күні Кеген аудандық соты “елден заңсыз шыққаны” үшін тағы алты айға оның бас бостандығын шектеді. Қамауда отырған мерзімін ескергенде, Күдебаевтың жаза мерзімі 10 жыл 3 ай болды.

Жоғарғы сот Кіші Талдыкөлге “қорғалатын аумақ” мәртебесін беріп, су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу ісі бойынша шағымды қанағаттандырмады. Бұған дейін бірінші сот жеті учаскеден үш бөлігін қалдыру туралы шешім қабылдады, ал екінші инстанция тек бір учаскені сақтап қалу туралы шешім қабылдаған болатын. SOS Taldykol белсенділері көлдегі құрылыс жұмыстарын толығымен тоқтатып, қайта қалпына келтіруін және қорғауға алу керек екенін талап еткен еді.

Энергетика министрлігі кейінгі кезде жиі бұзыла бастаған электр станциялары мен кен орындарындағы жоспарлы жөндеу жұ­мыстары нәтижесінде мұнай өндіру көлемі төмендеп жатқанын хабарлады. Ал бұл, министрліктің мәлімдеуінше, Қазақстанға ОПЕК+ келісімі аясындағы міндеттемелерді сақтауға көмектеспек. 3 шілдедегі ірі электр станциясындағы апат елдің батысындағы бірнеше мұнай кенішіндегі жұмысты баяулатып, Қазақстанның күнделікті мұнай өндіру көлемінің 21%-ға төмендеуіне әкелді. Үкімет апаттан кейін жұмысын тоқтатқан МАЭК электр станциясын жөндеуге 4,9 млрд теңге бөлгенін хабарлады.

13 шілдеде Жезқазған жылу электр орталығы толығымен істен шықты, энергетика министрлігі бұған ауа райы қолайсыздығы себеп болғанын айтты. Сондай-ақ, энергетика министрлігі Шахтинсктегі 75%-ы тозған ЖЭО жөндеу жұмыстары кестеден айтарлықтай кешігіп жатқанын хабарлады. Мұнда 10 жылдан бері күрделі жөндеу жүрмеген. Артынша Қарағанды облысының әкімі Шахтинскімен қатар Теміртаудағы ЖЭО-да жөндеу жұмысы кешігіп жатқанын мәлімдеді.

Жөндеу жұмысы кешігуі кезінде ШҚО әкімдігі былтыр қарашада апат болған Риддердегі ЖЭО-дағы жөндеу туралы бейнеролик түсіруге 14 миллион 880 мың теңге жұмсағаны белгілі болды. Бұған дейін облыс әкімдігі негізгі жөндеу жұмыстарына шамамен 10 млрд теңге бөлінгенін хабарлаған еді.

Halyk Finance сарапшылары соңғы 5 жылда Қазақстаннан 20 млрд долларға жуық шетелдік инвестицияның кетуіне назар аударды. Сарапшылар қайта инвестициялауды есепке алмай, инвестицияның жалпы ағынын үнемі көрсететін Ұлттық банк деректерін сынға алды.