3854
21 августа 2023
Ирина Гумыркина, суретті Жанара Каримова түсірген

Онлайн аударымның дәуірі бітті ме?

Қаржы министрлігінің бастамалары бизнесті тығырыққа тірейді

Онлайн аударымның дәуірі бітті ме?

Қазақстанда мобильді аударымдар пандемия кезінде кең етек алып, содан бері қолма-қол ақшаны қолдану айтарлықтай азайды. Қаржы министрлігінің 2025 жылға қарай саудадағы көлеңкелі айналымды “6,7 пайыздан 5 пайызға қысқарту” жөніндегі бастамасы керісінше нәтиже көрсетіп отыр.

Былтыр қаржы министрлігі ақшалай операциялардың өлшемін және мобильді аударымдарды бақылауды енгізу мерзімін әзірледі. Ол 2022 жылы мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жолдасын, биыл квазимемлекеттік сектордың барлық қызметкерін, 2024 жылдан бастап кәсіпкерлерді, 2025 жылдан бастап барша халықты қамтуы керек еді. Әйтсе де, биыл көктемде мемлекеттік кіріс комитетінің техникалық жағынан бұған әлі дайын емес екені белгілі болды.

Шілде айының аяғында мемлекеттік ақпарат құралдарында Қазақстанда мобильді аударымдарға тыйым салынғаны туралы ақпарат тарады. Ақпарат құралдары 2022 жылы қабылданған қаржы министрлігінің ақшалай операциялар туралы бұйрығына сілтеме жасаған. Оған қоса, мемлекеттік кіріс комитеті шілде айының аяғында касса аппараты, POS-терминалдар немесе мобильді қосымшадағы QR көмегінсіз сауда жасаған кәсіпкерлерге айыппұл салынатынын ескерткен. Алайда, қаржы министрлігі мұны бақылауында ұстай алмайды, халық өзі бақыласа дейді. Мекеме басшысы Ерұлан Жамаубаев, керісінше, 2025 жылға дейін, яғни жалпыға бірдей декларациялау процесі аяғына жетпейінше, ешкім кәсіпкерлердің қыр-соңына түспейтінін айтты.

Қазір жеке кәсіпкерлердің біразы төлемді мобильді аударым арқылы қабылдамайды, қолма-қол ақшаға өтіп жатыр. Алматы базарындағы бір сатушы маған өткен аптада «Kaspi-дің дәуірі бітті» деген еді, өйткені кәсіпкерлер салық органдарының қудалауына түсуден қорқады.

Кәсіпкерлер уайымдайтындай бар. Салық органдары мораторийге қарамастан «Қоғамдық бақылау – түбіртек талап ет» науқанын желеу етер болса, Қаржы министрлігінің өзінде іс-қимылды үйлестіру жоқ, ал мемлекеттік органдар цифрлық қауіптерді басқару жүйесінің дамуын тежейді, ақыр соңында маңызды бастамалар бизнеске кезекті мәрте қысым түсіреді. Ал ақпарат құралдарындағы мобильді аударымдарға тыйым туралы жазбалар кәсіпкерлерге сес көрсету секілді.

Қаржы министрлігінің ақшалай операциялар туралы бұйрығы күшіне енгеннен кейін де мобильді аударымды кәсіпкерлік қызметтің бір түрі көріп, көз жұма қарады. Ал ресми статистика онлайн операциялардың айтарлықтай өскенін көрсетеді: 2023 жылдың алғашқы жарты жылындағы оның көлемі – 63,1 триллион теңге (былтырғыға қарағанда 44 пайыз көп).

Көлеңкелі экономикамен күресудің маңызды екені, сөзсіз, рас. Алайда Қаржы министрлігінің әрекеті кәсіпкерлерді көлеңкеден шығарудан гөрі, бәріміздің қолма-қол ақшаға оралуымызға әкеле ме деген жорамал жасауға болады.