4158
1 сентября 2023
Назерке Құрманғазинова, Бейімбет Молдағали, Ақбота Узбекбай, суреттер akorda.kz сайтынан алынды

Тоқаевтың кезекті жолдауы. Маңызды тұсы

Нақты бағдарламасы жоқ экономикалық саясат, жаңа министрліктер, АЭС бойынша референдум

Тоқаевтың кезекті жолдауы. Маңызды тұсы

1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа кезекті жолдауын жасады. Алдын ала бұл жолғы жолдау Қазақстанның жаңартылған экономикалық саясатына арналатыны айтылған болатын. Экономика және әлеуметтік мәселелер дәстүрлі түрде президенттің әр жолдауындағы негізгі мәселе болып келеді.

Власть жолдаудың негізгі тұстарына тоқталмақ.

Экономикалық саясат

Тоқаев сөзін әдеттегідей бұған дейін жасалған жұмыстарды тізбектеп шығудан бастап, ел экономикасының құрылымына қатысты болашақ өзгерістерге көшті. Ол жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс екенін, ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыруған нақты мерзім бекітілетінін жеткізді.

Президент дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшкенін атап өтіп, мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғау керегін айтты. Оның сөзінше, дүниежүзілік сауда ұйымы елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен деп бағалап, 128 тарифтік емес шараға тең екенін көрсеткен. «Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек», – деді Қ.Тоқаев.

Тоқаев мемлекеттің экономикаға ықпалын азайту керек деп санайды. Оның сөзіне қарағанда, жекеменшікке заңсыз өткен және шетелге шығарылған активтің бәрін ашық әрі мемлекет үшін тиімді жолмен нарыққа шығару керек. Оған қоса, жекешелендіру және халықтық IPO жұмыстары тездетуді қажет етеді.

«Самұрық-Қазына» қорының бейінді емес активтерінің бәрі жеке меншікке және халықтық ІРО-ға өтуі керек. Үкімет бұл жұмысты 2024 жылдан бастап қолға алады. Келесі жылы «Air Astana» компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады. «QazaqGaz» кәсіпорны да осы жұмысқа дайындалуы керек. Ірі компаниялардағы мемлекет активтерін саудаға шығару қажет», – деді ол.

Қолданыстағы мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі жұмыстың мерзімі ұзақтығы, ашық еместігі сияқты түйткілді мәселелерін шешу үшін былтыр президент жаңа жүйені енгізуді тапсырғанын және сол бойынша үкімет жаңа заң жобасын әзірлегенін мәлімдеді. Соның нәтижесінде алдағы үш жылдың ішінде реттелетін сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесі кемінде 60 пайызға жетуге тиіс. Ал отандық өнім өндірушілермен жасалатын офтейк келісімшарттардың үлесін кемінде 10 пайызға жеткізу керек. Бұл – жыл сайын 2 триллион теңге болмақ.

Жолдаудың басынан-ақ президент өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажеттігін атап өтіп, «Өңдеу өнеркәсібін қолдау үшін шетелдің және еліміздің инвесторларын бастапқы үш жылда салықтан және басқа да міндетті төлемдерден босатқан жөн. Бұл – өңдеу индустриясына айтарлықтай серпін беруге арналған өте маңызды шара», – деп тапсырды.

Тоқаев ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейгенін және жұмысшылардың өндірісте қазаға ұшырауы көбейгенін айтып, ірі өндіріс кәсіпорындарының 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауын тапсырды. Бұл инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қатысты.

Тағы бір маңызды мәселе ретінде президент қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайтуды тапсырды. Ол әскерді заманауи қарумен қамтамасыз ету мен оның импортқа тәуелділік деңгейін төмендетудің маңызын айта келе, арнаулы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылатынын мәлімдеді. «Заманауи технология трансфертін жасау және жаңа өндіріс ашу жұмысын жалғастырған жөн. Арнаулы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры арқылы өз кәсіпорындарымызға тікелей қаржылай қолдау көрсетіледі», – деді Тоқаев.

Тоқаев агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек деп, Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығын агротехнология хабына айналдыруды ұсынды. «Алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек», – деді президент және ол үшін салық саясатын қайта қарау керек екенін айтты. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Оған қоса Тоқаев егін шаруашылығы саласында реформа жасауды ұсынды. Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отырғанын атап өтті.

Жаңа министрліктер

Келесі бөлікте президент су тапшылығы мәселесіне тоқталды. 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12–15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.

Суға қатысты қордаланған мәселелерді шешу үшін президент Су ресурстары және ирригация министрлігін құруды тапсырды. Сондай-ақ, министрлік аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады.

«Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» сияқты негізгі компаниялардағы өзгеріспен қатар, жалпы су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалмақ. Суды тиімді пайдалануға байланысты президент 20 жаңа бөген салуды, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізіп, 3500 шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды. «Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу».

Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану екенін айтып, артынша Көлік министрлігін қайта құруды тапсырды. Бұл министрлік 2004 жылы құрылып, 2014 жылы оның қызметі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілген еді. Президенттің сөзінше, енді бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен айналысады.

Сонымен қатар, Тоқаев Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек екенін айтып, «Қазақстан темір жолын» көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтауды тапсырды.

Жолдауда айтылған екі министрліктен бөлек, кешке жаңа министрліктер қатары тағы үшеуге артқаны және кейбірі қайта құрылғаны белгілі болды:

Мәдениет және спорт министрлігі Туризм және спорт министрлігі болып қайта құрылды, ал мәдениет саласындағы функциясы мен өкілеттігін Мәдениет және ақпарат министрлігі қарастырады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен көлік саласындағы міндеттер жаңа министрлікке өткендіктен, енді ол Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі болып құрылды.

Өңірлер дербестігі

Президент табыс салығынан және басқа да төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге беру оң нәтиже көрсеткенін тілге тиек етіп, былтыр аймақтар табысының өсімі 30 пайыздан асқанын атап өтті. Ол енді дәл осы әдісті құн салығына қатысты қолдану қажетін айтады. Тоқаевтың сөзіне қарағанда, сондағы міндет – бюджеттің екінші деңгейіне кем дегенде екі триллион теңге қосымша қаражат беру.

Ол фискалды орталықсыздандыру процесіне де тоқталып, жергілікті бюджет кірісінің құрылымындағы республикалық бюджеттен бөлінетін трансферт үлесі 25 пайызға дейін төмендеуге тиіс екенін айтты. Қазір бұл көрсеткіш – 50 пайыз.

Өңірлердің дербестігін арттыру мақсатында аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығы берілмекші. Президенттің сөзінше, бұл басымдық сол жердегі мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.

Президент реформалардың іске асырылуына негізінен атқарушы билік жауап беретінін, ал оның өзіне реформа қажетін атап өтті. Біріншіден, салаларға қатысты шешім әзірлеу және оны орындау, түпкі нәтиже үшін жауапкершілік министрлерге жүктелді. Екіншіден, экономикалық саясаттың іске асырылуына толығымен үкімет жауап береді. Ол сондай-ақ мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жұмыс жалғасын табатынын атап өтті.

Аймақтардағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың қатысуын арттыру да маңызды деп санайды Тоқаев. Ол ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін екі жылдан бері халық өзі сайлап келе жатқанын айтып, содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланғанына тоқталды. Тоқаев енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін де сайлап көретінімізді айтты.

Энергетика қауіпсіздігі

Президент Тоқаев өткен қыста елдегі жылу электр станцияларындағы апаттарды есіне алып, инфрақұрылымның әбден тозуы индустрияландыруды тежеп, «жаңа экономикалық үлгіге» көшуге жол бермейтінін айтты. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылатынын мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, биыл Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің бірінші блогын қайта құру жұмысы аяқталады және станция алғаш рет толық қуатын пайдаланып жұмыс істейді. Екінші ГРЭС-ті кеңейту жобасы жүзеге асырып, үшінші ГРЭС-тің құрылысы енді басталмақ.

«Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі», – деді Тоқаев.

Тоқаев тариф саясатын қайта қарап, тариф белгілеудің жаңа әдістемесін енгізу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру қажет дейді. Оған қоса, азаматтарға тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламалар туралы ақпарат беретін цифрлық бақылау тәсілдері енгізіледі.

Президент энергияны тиімді пайдалану мен үнемдеу маңызды деп, 2029 жылға қарай энергияны тұтыну және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштерді кемінде 15 пайызға азайтуды мақсат етті. Кейінгі бес жылда жаңартылатын энергетиканың үлесі 5 пайызға жуық өсті. Оның сөзінше, 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көзі іске қосылады.


АЭС салуға қатысты референдум

Президент АЭС мәселесі бойынша жалыпұлттық референдум өткізуді ұсынды. Бұған дейін маусымда энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов АЭС бойынша референдум өтпейтінін мәлімдеген. Президенттің сөзіне қарағанда, атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық әрі саяси мәселеге айналды және оны салу-салмау бойынша түрлі пікір бар.

«Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше, өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Көптеген азамат пен бірқатар сарапшы ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды.Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады», – деді президент.

Президент АЭС-ті салу мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар мен егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылау жалғасын табуы керек деп есептейді. Маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы шешу 2019 жылы сайлау алдында берген уәдесі екенін атап өтті. Референдумның өту мерзімі кейін анықталады.


Салық

Жолдауда қосымша құн салығын қайтару рәсімінің күрделі екенін айтып жүрген кәсіпкерлердің шағымы орынды екені айтылып, президент салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеуді ұсынды. Ол салық жеңілдігін кем дегенде 20 пайызға қысқарту керегін айтты.

Фискалды органдар мен салық төлеушілердің қарым-қатынасын қызмет көрсету үлгісіне көшіруді де атап өтті. Салық саласындағы тағы бір маңызды өзгеріс – салықтық бақылау ісін толық цифрландырып, есептілік формасын 30 пайызға қысқарту. Салық және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер санын кемінде 20 пайызға азайту керегін де қоса айтты. Ол бөлшек салықты енгізудің қажетті бастама болғанын айтып өтіп, үкіметтің оның қолдану аясын екі есе кеңейтетінін хабарлады.

Әлеуметтік саясат

2024 жылдан бастап ең төмен жалақы мөлшері 85 мың теңге болады. Президенттің сөзіне қарағанда, бұл 1,8 миллион азаматтың, соның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың қызметкердің әл-ауқатын көтеруге септігін тигізеді. Ол үш жыл ішінде еңбекақының ең төменгі мөлшерін екі есе көбейткенін атап өтті. Үкімет еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспар бекітуі керегін де атап өтті.

Тоқаев балаларға арналған «Келешек» ерікті жинақ жүйесін енгізуді тапсырды. Бұл бағдарлама бес жастан асқан балаларды қамтиды. Президенттің сөзінше, бағдарлама мемлекеттен берілетін бастапқы білім беру капиталын, жыл сайынғы мемлекет сыйақысын, инвестициялық табысты қамтиды. Ол бұл жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы төңірегінде жиналған қаражат балалардың сапалы білім алуына жол ашатынына сенеді.

Әлеуметтік төлем қатары ұлғаяды. Енді зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем төленеді. Мемлекет басшысы үкіметтің ұзақ мерзім бойы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қолдау тетігін әзірлегенін, бұл мәселенің көптен бері талқыланып, шешімі табылғанын айтты. Ол үкіметке бұл мәселені тез арада қарастыруды тапсырды.

Орта кәсіпкерлікті дамыту. Банк саласындағы өзгерістер

Тоқаев орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кететініне тоқталды. Ол Үкіметке шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіруді тапсырды. Ол шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын бағдарламаға айналуы тиіс.

Кәсіпкерлікті қолдау туралы сөзін жалғастыра келіп, президент экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажеттігін айтты. Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу қажет. Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек.

Тоқаев корпоративтік салаға берілетін несиенің жеткіліксіз екенін айта келіп, мәселені шешуге шақырды. Былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтады. Ал осы жылдың алғашқы жартысында бір триллион теңгеден асып кеткен. Президент бұл «банктер тиімді жұмыс істегеннің арқасында емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға кенелді» деп мәлімдеді.

Ол банктердің «қозғалыссыз жатқан» 2,3 триллион теңге көлеміндегі активін экономикалық айналымға қосу үшін нақты шаралар қабылдауды және ашық цифрлық платформа құруды тапсырды. Нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20 пайыз және одан да жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету керек.

Сонымен қатар, Тоқаев KASE және «Астана» халықаралық қаржы орталығы қор биржаларының әлеуетін біріктіруді сөз етті. Оның сөзінше, екі қор көп жағдайда бірін-бірі қайталайды, кейде бәсекелеседі. Ал еліміздің қаржы жүйесі мұны көтере алмайды. Ол ішкі нарықтың екі қор биржасының әлеуетін бір басқаруға біріктіруді сыйымдылығы мен тартымдылығын арттыру мақсатында ұсынды.