3301
4 октября 2023
Назерке Құрманғазинова, негізгі сурет Warner Bros. видеоролигінен кадр

Барби не себепті қазақша сөйлемеді?

Биыл кинотеатрда қазақша дыбысталған фильмдер бола ма?

Барби не себепті қазақша сөйлемеді?

Биыл ең көп табыс тапқан «Барби» мен «Оппенхаймер» фильмдері прокатқа шыққаннан кейін, халық бұл фильмдердің неге қазақ тілінде дыбысталмағанына назар аударды. Азаматтардың наразылығын басуға тырысқан сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жыл сайын прокатқа қазақша дыбысталған 15 фильм шығады деп уәде берді. Бұған 443 млн теңге жұмсамақ.

2022 жылдың қазанынан бастап министрлік Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы (ҰКҚМО) ұйымдастырған тендерлер арқылы фильмдерді дубляждауға тапсырыс бере бастады. Бірақ бірде-бір тендер өткен жоқ. 2023 жылы ҰКҚМО үш байқауға қатысуға үш рет өтінім қабылдауды жариялап, тек үшіншісінде ғана 5 киножобаға өтінім түскен, ал негізі 15 фильмнің дубляжына ақша бөлінуі керек еді.

Власть қазақша дубляж мәселесінің неге шешілмей келе жатқаны және биыл голливуд блокбастерін қазақ тілінде көруге мүмкіндік бар-жоғы жөнінде баяндамақ.

Жеке бизнес қолдаған дубляж

Кинотеатрға арнап қазақ тілінде дубляж жасалған алғашқы голливуд фильмі 2011 жылы шықты. Ол «Көліктер-2» мультфильмі еді. Фильм дубляжына «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Меломан» компаниясы жүзеге асырған «Өзіңнен баста» жобасы қаржы бөлді. «Меломан» компаниясы – Sony Pictures, Disney, MARVEL, Warner Bros. Entertainment, 20th Century Fox Home Entertainment, Paramount Pictures сияқты студиялардың Қазақстандағы дистрибьюторы.

«Өзіңнен баста» жобасы 10 жыл аралығында жұмыс істеді, бұл уақытта қазақ тіліне 38 фильм дыбысталды.

Жобаның бастамашысы «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенкомен бірге «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі, сол кездегі президент әкімшілігі басшысының орынбасары Бауыржан Байбек болды. Ал оған «Алтын Қыран» қоры, BI Group холдингі, Еуразиялық топ (ERG), «Самұрық-Қазына» қоры, Bank RBK және басқалар демеушілік жасады.

Жыл сайын жоба Голливудтың Disney, Pixar, Sony Pictures және басқа студияларымен бірлесіп, 4–6 фильмді дубляждады. Орташа есеппен бір фильмді дубляждауға шамамен 100 мың АҚШ доллары жұмсалған. «Болашақ» қорындағылардың пікірінше, егер бұл процесс бір ретке келсе, дубляж бірнеше есе арзан болуы мүмкін.

«Өзіңнен баста» жобасы 2021 жылы аяқталды. «Болашақ» қоры Власть басылымына берген пікірінде «бұл жоба мемлекеттің қолдауынсыз ұзаққа бармайтын еді, сондықтан бірнеше жыл ішінде мемлекетті фильмдерді дубляждау бастамасын жауапкершілігіне алуға көндіруге тырысып келдік», – деді.

2017 жылдан бері қор фильмдердің дубляжына қатысты заң жобаларын талқылайтын бірнеше жұмыс тобының мүшесі болған. Бірақ кинематография туралы заң қабылданып, мемлекет қаржысы бөлінгенімен, атап айтарлықтай өзгеріс болмады.

«Өкінішке қарай, артық бюрократия салдарынан қазақ аудиториясы әлі күнге дейін қазақша контентке қол жеткізе алмай отыр», – дейді қор басшылары.

Сурет "Болашақ" қорының әлеуметтік желідегі парақшасынан

Кинематография туралы заң

Мемлекет қазақша дубляждың қажет екенін тек 2012 жылдан бастап заңнамада бекіте бастады. «Мәдениет туралы» заңға енген өзгерістер бойынша, барлық фильм қазақ тілінде дубляждалуы керек еді.

Бірақ бұл заңның сақталуын уәкілетті мемлекеттік органдар бақылаған жоқ, ал кинопрокаттағылар мен дистрибьюторлар талапты іс жүзінде орындамады.

2016 жылы мәжіліс дубляж тақырыбын қайта қозғады: енді олар қазақша дубляжы жоқ фильмдерде субтитр немесе кадр сыртындағы аударма болуы жөнінде ұсыныс айтты. Осылайша, 2019 жылы бұл ұсыныстар жаңадан қабылданған «Кинематография туралы» заңда көрініс тапты.

Сол кездегі Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанға жылына 300-ден астам фильм әкелінетінін және олар қазақ тіліндегі нұсқасыз көрсетілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұның себептерінің бірі — дубляж жасау шығыны.

«Кәсіби дубляж жасауға жұмсалған қаржы еліміздегі көрсетілімнен түскен пайдадан асып кетуі мүмкін», — деді ол.

Жаңа заңның қабылдануымен қазақша дубляж саны өсе қоймады. Прокаттаушы компаниялар тек субтитр берумен құтылды, ал оны не өзі, не дистрибьютерлер жасады. Субтитр сапасына да көрермен жиі шағым айтып жүрді.

Алғаш рет фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға тендер 2022 жылы жарияланды. Қазанда Мәдениет министрлігі «Интервидео» ЖШС («Меломан») компаниясымен бір көзден алу шарты бойынша келісім жасап, үш фильмнің дубляжына 88 млн теңге бөлді.

Нәтижесінде «Аватар» ( 2009 жылғы фильмді қайта шығару) фильмінің бірінші бөлімі, «Қара қабылан: Ваканда жасасын» және «Аватар: Су жолы» фильмдері прокатқа шықты.

Олардан кейін қазақ тіліне дыбысталған шетелдік фильмдер шыққан жоқ. 2022 жылдың аяғында «Кинематография туралы» заңға енгізілген өзгерістерден кейін ҰКҚМО балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды қаржыландыратын бірыңғай оператор болды. Енді барлық конкурсты ҰКҚМО өткізеді.

Былтыр фильмдерді дубляждау бойынша тендер өтпей қалды. Мәдениет министрлігі Власть басылымының бұл байқаудың өтпеу себептеріне талдау жасалды ма деген сауалына жауап бермеді.

2023 жылы ҰКҚМО үш рет фильмді дубляждауға байқау жариялады, оның екеуі өтпей қалды. Біріншісіне өтінімдер түспесе, екіншісіне өтінім бергендерде фильмді дыбыстауға құқық иеленуші рұқсаты болмаған.

«Мемлекеттік сатып алу рәсімінде бір келісім Қазақстан аумағында прокатқа контентке құқық иеленушілерден, ал екінші шарт дубляж құқығы туралы болуға тиіс. [Байқауға қатысушылардың] бірінде TPN қауіпсіздік сертификаты болмады, не иелену құқығы болмады», – деп түсіндіреді жағдайды ҰКҚМО басқарма төрағасының өндіріс бойынша орынбасары Бауыржан Шөкенов.

Голливуд киноөндірушілерінің фильмдерін дубляждауды халықаралық стандарттар бойынша сертификатталған студиялар ғана жасай алады. Қазақстанда ондай студия үшеу ғана: «Aray Media Group» (компанияның құрылтайшысы Бауыржан Байбектің әпкесі), «Cinema Tone Production» және «Movie Dalen».

Мәдениет министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда фильмдерді кәсіби дубляждаумен оншақты студия айналысады. Бұл ретте конкурстық іріктеуге қатысатын студияларда фильмнің авторлық құқық иеленушісінен оны дубляждауға рұқсаты болуын растайтын құжаттары болуы керек. Министрлік те, ҰКҚМО да шетелдік кинокомпаниялармен келіссөз жасауға қатыспайтынын айтты.

Жуырда ҰКҚМО үшінші рет жариялаған байқау аяқталып, оған 5 киножоба ұсынылғанын хабарлады. 2023 жылы наурызда Мәдениет министрлігі байқауға іріктеу ережесін бекіткен кезде көрермен қай фильмнің қазақ тіліне дыбысталатынын таңдай алатыны хабарланған еді. 14 қыркүйекте ҰКҚМО сайтында онлайн дауыс беру жарияланды.

Іс жүзінде байқауға қатысқан студиялар қай компанияның фильмін дыбыстауға қажетті құқығы бар болса, сол фильмдерді ғана ұсынды. Одан кейін ҰКҚМО өз тарапынан іріктеу жасап, көрерменге таңдау жасауға 20 күн берілді. Ұсынылған фильмдердің арасында рейтингі жоғары фильмдер болмауы әбден мүмкін, өйткені студиялардың дубляжға тиісті сертификаты болмауы мүмкін.

Биылғы жылдың ең кассалық фильмдері – «Барби» мен «Оппенхаймер» неге қазақ тілінде прокатқа шықпады деген сұраққа Мәдениет министрлігі: «Осы жылы өткізілген іріктеу байқауына «Барби» мен «Оппенхаймер» фильмдерін қазақ тіліне дубляждауға өтінім түскен жоқ», – деп жауап берді.

Бірақ қалған фильмдер де қазақша дубляжсыз қалуы мүмкін. Заңда көрсетілгендей, ҰКҚМО күнтізбелік жылдың 1 қыркүйегіне дейін фильмдерді іріктеуі керек еді. Бірақ бүгінгі күнге дейін тіпті дауыс беру кезеңі де аяқталмаған.

Бауыржан Шөкенов жыл соңына дейін 1-2 фильмге ғана дубляж жасап үлгереміз деп отыр. Бұған дейін бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жылына кем дегенде 15 фильм қазақ тіліне дыбысталуы керек деп айтқан еді. 15 фильмнің дубляжына 443 млн теңге, яғни әр фильмге орта есеппен 29,5 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржының қаншаға жететіні де үлкен мәселе. «Болашақ» қоры орта есеппен әр фильм дубляжына 100 мың АҚШ долларын жаратқан (шамамен 48 млн теңге).

Шөкенов дубляж бір күнде жасалмайтынын, өйткені ол мәтінді аударуды, бейімдеуді және үйлестіруді, сондай-ақ техникалық мәселелерді шешуді талап ететінін айтты. Фильм желтоқсанда немесе қаңтарда прокатқа шығуы үшін оның жұмысы қыркүйекте басталуы керек еді.

«Біз 15 фильмді дыбыстауымыз керек еді, бірақ үлгермей жатырмыз. Үлгерсек, 1-2 фильмді жасаймыз. Оған да күмәнім бар, бірақ соған талпынып жатырмыз. Мүмкін екі жылға созылатын келісімге келеміз, яғни келесі жылы шығатын фильмді биыл қаржыландыру сияқты», – деді Шөкенов Власть басылымына.

Оның айтуынша, министрлікке ережені өзгерту және бұл процедураны жеңілдету туралы ұсыныс айтылған. «Заң талабы бойынша [дубляж операторы] қызметі бізге берілді. Мен негізі [шетел фильмдерінің қазақ тілінде дыбысталуына] қарсы болдым, бірақ бұл партияның [Nur Otan] жол картасында болды», – дейді Шукенов.

Иллюстратив сурет Алмас Қайсардыкі

«Бізге А санатындағы фильмдер керек»

Шөкенов шетел фильмдерін қазақ тілінде дубляж жасауға асықпау керек дейді: дистрибьюторлар мен кинопрокаттаушы компаниялар қазақ тіліндегі фильмдер прокатта жеткілікті қаржы жинай алмай қалады деп қорқады. Оның пікірінше, бұл мәселе тек ақша құюмен шешілмейді:

«Алдымен бізге кинотеатрларда [отандық] киноны қазақ тілінде көрсетіп, көрермен аудиториясын қалыптастыру қажет. [Осыдан кейін] біз шетел киносын қазақ тіліне дыбыстай аламыз».

Актер, қазақ тіліндегі дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев ұзақ жыл бойы телевизия мен кинотеатрларға арнап фильмдерді дыбыстап келеді. Дубляж актері рөлінде 80-нен астам жобаға қатысқан, ал режиссер ретінде 46 фильмге атсалысқан.

Шетелдік фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға және оны прокатқа шығаруға күмәнмен қарайтындарға ол «Аватар: Су жолы» фильмінің жетістігін мысалға келтірді. Былтыр фильмнің қазақша дыбысталған нұсқасы касса бойынша рекорд орнатты. Сол кезде қазақ тіліндегі сеанстарға 42 мыңнан астам көрермен келіп, туынды 69 млн теңгеден аса қаржы түсірген. Ал картинаның дубляжы 26,3 млн теңге болған.

Алайда, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы көрерменге беймәлім фильмдерді іріктейтін болса, кинопрокатшылардың касса жиналмай қалады деген күмәні артуы мүмкін. Мысалы, қазір көрермен мына фильмдердің біріне дауыс бере алады: «Кішкентай пингвин Пороро: музыкалық шытырман» («Пингвиненок Пороро: музыкальное приключение»), «Көбелек ертегісі» («Butterfly Tale»), «Теңбілшер» («Jaguar my love»), «Мысық пен ит» («Cat & dog») және «Жабайы жүрек» («Ponyherz») фильмдері.

«Бәрі де танымал емес жобалар. <...> Мен мұның біреуін де білмеймін», — дейді Ордабаев. Оның пікірінше, «Аватар» атақты фильм болғандықтан сәтті нәтиже көрсетті. Ал белгісіз туындылар көрсетілсе, халық оған бармай қалуы мүмкін.

«Мысалы, “Менің қызыл етігім” деп фильм шығара салып, сосын оған ешкім келмеді деп ренжуіңіз де қателік. Өйткені ол туралы кім біледі, не біледі? Не танымал әртісің жоқ, не оның бір жыл бұрын жарнамасы болған жоқ. Ұсынылған бес фильмнің орнына бір “Оппенхаймерді” жасағанымыз дұрыс па деп ойлаймын», — деп есептейді режиссер.

Шах-Мұрат Ордабаев ҰКҚМО байқауына ұсынылған жобалар қатарында тек «B» және «C» санатындағы фильмдер бар екенін, бірақ биылғы касса көп жинаған «Барби» және «Оппенхаймер» сияқты «А» санатындағы фильмдер қазақ тілінде әлі де жоқ екенін айтады.

«Қазақшаға келгенде неге оның санаты төмендеу болуы керек? Қазақшаға келгенде неге ең үздік компаниялардың жобасын дыбыстамауымыз керек?» — деп таңдасын білдірді режиссер.

Сонымен қатар, «А» санатындағы фильмдерді, мысалы, Marvel компаниясы шығаратын туындыларды дыбыстайтын болса, онда оның бүкіл туындысын дыбыстау қажет, себебі оның бәрі бір-бірімен байланысты. Мысалы, «Галактика сақшыларының» алғашқы екі бөлімі қазақша дыбысталып, жыл басында шыққан үшінші бөліміне дубляж жасалмай қалған.

Ордабаев бұл байқауда кім жеңсе де, бастысы дубляж сапасы төмендемеуіне баса назар аудару керек дейді.

«Сапаны емес, табысты ғана ойлайтын азаматтар да бар. Егер ақыр аяғында фильм нашар аударылған болып шықса, көрерменге кері әсер етуі мүмкін. Онда осы еңбектің барлығының зая кеткені деп білемін».

Ордабаевтың пікірінше, дубляжға қатысы бар уәкілетті органдар, яғни Мәдениет министрлігі, ҰКҚМО, прокаттаушы компаниялар, кино өндіруші шетел компаниялары бір үстел басына жиналып, ортақ мәмілеге келсе, бұл мәселе шешімін табуы мүмкін.

«Фильмдерді дубляждау сияқты шешім әжептеуір талқылануы керек, ашық түрде дөңгелек үстел өткізіп, келісім жасалуы керек сияқты. Бәрін түгелдей анық-қанығын білемін деп айта алмаймын, десе де осындай келісімдер болу керек сияқты», – дейді Шах-Мұрат Ордабаев.

Сонымен қатар, Власть голливуд студияларының Қазақстандағы ресми дистрибьюторы саналатын Meloman және Sulpak Cinema компанияларынан олардың бұрын қазақша дубляжды қалай ұйымдастырғанын және қазір қандай шешімдер көріп отырғанын білу үшін пікір алмақшы болған еді. Бірақ екеуі де сауалға жауап бермеді.