3130
5 октября 2023
Паоло Сорбелло, суретті Жанара Каримова түсірген

Ақшаны ал да қаш

Банктерді құтқару Қазақстан азаматтарына тым қымбатқа түсті

Ақшаны ал да қаш

15 жыл бұрын дүниежүзілік қаржы дағдарысынан кейін АҚШ Қазынашылық басшылығы банктерді қалыпқа келтіруді бастады. Олар «банкротқа ұшырауы үлкен шығын әкелетін» несие берушілердің жарғылық капиталындағы үлестерді сатып алу арқылы салық төлеушілер айтарлықтай шығынға батпай қаржылық инфрақұрылымды сақтайды деп болжады.

АҚШ Қазынашылық басқармасы әлсіз банк секторына салған «инвестициясын» кем дегенде қағаз жүзінде қайтара алды: Troubled Asset Relief бағдарламасы аясында 245,1 млрд доллар инвестициялап, бұрын сатып алынған акциялар пакетін сатқаннан кейін ведомство 275,6 млрд доллар қайтарып алды.

Алайда, Қазақстанда банктерді сауықтыруға бөлінген ақша ғайып болып кеткен сияқты.

Өткен аптада жарияланған Дүниежүзілік банктің есебінде Қазақстанның банк секторына көмек көрсетуге бағытталған 8,2 трлн теңгенің тек 1,9 трлн теңгесі (23%) мемлекеттік қазынаға қайтарылғаны айтылады.

Қазіргі курс бойынша 8,2 трлн теңге дегеніміз – 17 млрд АҚШ доллары. Бірақ үкімет банктерге ақша құя бастаған кезде валюта бағамы айтарлықтай өзгеше болғанын да айта кеткен жөн. Банктерді сауықтыру бағдарламасын дәлірек бағалағанда, оның құны 30 млрд АҚШ доллары болып шығады.

Мемлекеттің банктерді сауықтыруға бөлген қаржысының басым бөлігі Қазкоммерцбанкке кетті, кейін оны елдегі ең ірі қаржы институты – Халық банк сатып алды. Қазақстан тап болған үмітсіз несие дағдарысы мемлекеттің зиян активтердің (ағыл. toxic assets) ауыртпалығын мойнына алуы арқасында шешілді.

«Салық төлеушілерде қаржылық көмек көрсетілген банктердің болашақ пайдасына талап қою құқығы болуы керек», – делінген Дүниежүзілік банк баяндамасында. Олар қараусыз іске асқан Қазақстанның банктерді сауықтыру тәжірибесін азаматтарға қатысты «әділетсіз» болды деп есептейді.

Банктерді сауықтыру операциясы қызып тұрған кезде, 2017 жылы қыркүйекте Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет оларды құтқаруды тоқтатуы керек деді: «Банктердің барлығы да жекеменшік. Жұмыс істегенімен, жетекке алуға тура келетіндей жағдайға түсті. Енді мемлекет тағы қаржыландырып отыр. Мұны тоқтату керек, ең дұрысы бұл банктерді жойып, оларға төлегенше өзімізге алған жөн».

Алайда, банктерді құтқару мұнымен тоқтаған жоқ.

2021 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында: «Біз мемлекет банкирлерге көмектеспеуге тиіс деген шешім қабылдадық», – деп қайта айтты.

Соған қарамастан мемлекет ірі несие берушілерге көмектесуді жалғастырып келеді, ал бұл оларға құтқарылған банктерді сатып алуға мүмкіндік берді. Теңге уақыт өте келе құнсызданғандықтан, құтқаруға бөлінген ақшаны қайтару жергілікті қаржы институттары үшін тиімді мәмілеге келуге айналды.

Әлемдік қаржы дағдарысы неолиберал капитализм үшін сын сығаты болды. Оның жақтаушылары мемлекеттің экономикаға араласпауын қолдайды, бірақ сөйте тұра қатарда қалу үшін оның көмегіне жүгінеді. Нашар шешімдер қабылдаған және зиянды активтерді жинақтаған банктерді құтқара отырып, мемлекеттер халықтың есебінен, нарыққа негізделген іспетті инфрақұрылымды қолдады.

Кей үкімет оларға берілген ынталандыруды қайтарып алдық деуі мүмкін. Бірақ Қазақстан жағдайында «құтқару шаралары» іс жүзінде банкротқа ұшыраған секторға тиімсіз инвестиция салу тәжірибесіне айналған сияқты.