2670
10 октября 2023
​Дмитрий Мазоренко, фото: eec.eaeunion.org

Теңге неліктен әлсірей бермек?

Рубльдің артынша теңгенің де ақырындап девальвацияға ұшырауына Қазақстан үкіметі неге балама таба алмай отыр?

Теңге неліктен әлсірей бермек?

Ресей Украинаға басып кіргелі шарықтап кеткен инфляцияның салдарын қазақстандықтар әлі де көріп келеді. Алайда, үкіметтің және Ұлттық банктің оны төмендетуге деген талпынысы теңгенің девальвациясына әкелуі мүмкін.

Рубльдің құлауы ресейлік өнімдердің бағасын жергілікті өнімдерге қарағанда арзан қыла түсті. Қаржы-өнеркәсіптік топтар осы ахуалды өз мүддесіне пайдаланып, табысын арттыру үшін үкіметті теңгені рубль соңынан әлсіретуге шақырып жатыр.

Власть сарапшылармен теңгенің жақын арадағы тағдыры және Қазақстан экономикасы мен валютасының Ресеймен байланысы туралы сөйлесті.

Рубль-теңге курсының сергелдеңі

Үнемі ауытқып отырғанына қарамастан, 2022 жылғы шілдеден бастап теңге көбінесе тұрақталып отырды. Бірақ кейінгі бір жарым айдан бері ұлттық валюта құны төмендеп, былтырғы шілде айының деңгейіне жетіп, долларға шаққанда 470–475 шамасына жақындады.

Теңге курсы тамызда Ресей экономикасына салынған санкциялар кесірінен арзандай түскен рубльдің соңынан төмендей бастады.

Қазақстан өндірісінің құрылымы мен азаматтардың тұтыну себетінде импорт үлесінің көп болуына байланысты теңгенің құнсыздануы бағаның өсуін жеделдетеді. Бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы жыл жарым уақыттан бері талай рет инфляциямен күресу керек деп берген тапсырмасына қарама-қайшы келеді.

Үкімет ЕАЭО аясында протекционистік шаралар қабылдап, ресейлік өнімдерді кіргізуді шектегенде, бұған ұрынбас еді. Алайда Қазақстан билігі саудаға кедергі қоймау жөнінде саяси шешім қабылдады, бұл теңге девальвациясына баруға мәжбүрлейді.

Ұлттық банк Власть сауалына жауап ретінде, әдеттегідей, теңге курсының қалыптасуына араласпаймыз деп хабарлады. Алайда, сарапшылар араласпауына да, оның тәуелсіздігіне де күмәнмен қарайды. Реттеушінің саясаты үкімет бағытына тікелей тәуелді, ал үкіметтің халықтан гөрі, ірі бизнесті қолдау ниеті басымырақ.

Сарапшылардың болжауынша, теңге кем дегенде жылдың соңына дейін әлсірейді. Елдің экспорттық табысының 70 пайызына дейін құрайтын мұнай бағасы факторы оның динамикасына әсер етпейді. Өйткені баға белгілеу жоғары күйінде қалып отыр және ол әлі де өсуі мүмкін.

фото: azattyq.org

Теңге үшін рубль және Ресей экономикасының ахуалы басты қатер болып қала бермек. Қазақстан экономикасында құрылымдық өзгерістердің болмауынан, 1998 жылдан бастап 2022 жылдың басына дейін сақталып келген ұлттық валютаның 1 рубльге 5 теңге дәрежесін толық еңсеруге әзірге мүмкіндігі жоқ.

Бұл жердегі басты проблема — екі ел арасындағы тығыз сауда байланысын сақтау, соның кесірінен Қазақстан валютасымен бірге Ресей экономикасының ахуалына тәуелді болып отыр.

Егер рубль құлдырауын жалғастырса, Ресейде өндірілетін тауар арзандай түспек, оның салдарынан қазақстандық өнімге өз нарығында сұраныс түседі. Қазақстанның өңдеуші секторындағы өндірушілерде, әсіресе азық-түлік шығаратындарда өзінің бәсекеге қабілетін арттыру үшін теңгенің девальвациясын талап етуден басқа шарасы қалмайды.

Шекарасыз сауда

Украинада соғыс басталғаннан кейін бірнеше айдан соң қазақстандық сарапшылар Қазақстанның Ресеймен сауда, экономикалық қарым-қатынасы әлсіреуі мүмкін деп айта бастады.

Бұған рубльдің ерекше күшеюі себеп болып еді — 2022 жылғы маусымға қарай екі валюта арасындағы деңгей 1 рубльге 9 теңге болды. Теңге ол кезде рубльге сәйкес арзандаған жоқ, бұл теңге рубльдің ықпалынан шықты деген әңгімеге себеп болды.

Ресейге былтырдан бері салынған Еуроодақ пен АҚШ-тың санкциялары салмақты фактор болды. Сарапшылар санкциялар импорттық компоненттерді жеткізуге қатты соққы болып тиеді, нәтижесінде ресейлік өнеркәсіп өндіріс көлемін күрт азайтады деді. Бұл олардың Қазақстанға экспортын да азайтуға себеп болар еді.

Сонымен қатар, санкциялар Ресейде шоғырланған батыс компанияларының өнім өндіру және посткеңестік елдерге тасымалдау хабтарын басқа мемлекеттерге көшіруге мәжбүрледі. Әйтсе де, кейбір компаниялар іс-қызметін тоқтатып тастамай, олардың дайын өнімі Ресей нарығына түспейтіндей қылып логистика құруға тырысты.

Екі жағдайда да Ресейді Қазақстанмен байланыстыратын бұрынғы маршруттар бұзылды. Ресейде өндірілген өнімдер белгілі бір уақыт бойы Қазақстан сөрелеріне келмей қалды. Сосын Ресей Қазақстан, Қырғызстан және басқа да елдер арқылы параллель импорт жүйесін құрып, соның арқасында ол бұрынғы экспорт өнімдерінің біраз бөлігін қалпына келтіріп алды.

Компоненттерді әкелуге қатысты проблемаға, шетелдік компаниялардың Ресей нарығынан кеткеніне қарамастан, Ресейдің Қазақстанмен тауар айналымы қатты өзгере қойған жоқ. Қазақстан саудасының құрылымында оның үлесі әлі де жоғары — 19%, соңғы 5 жылдағы көрсеткіші 20–25% аралығында болып келген еді.

2022 жылғы шілде мен 2023 жылғы шілде аралығындағы тауар айналымының жалпы көлемі 5,5 пайызға өсіп, $15,1 миллиардқа барды. Бұл Қазақстаннан Ресейге экспорттың артуынан болып отыр — 33,5 пайызға артып, яғни $5,8 миллиардқа жеткен. Ал Ресейден импорт 6,6 пайызға азайып, $15,1 миллиард деңгейіне түсіп кетті.

фото: uralskweek.kz

Алайда, экономист Қасымхан Қаппаров ресейлік тауарға тола бастаған супермаркет сөрелеріне назар аударды: «Соңғы жыл жарым ішінде оларды қазақстандық, болмаса қытайлық немесе түрік өнімдеріне жаппай алмастырғанын көріп тұрған жоқпыз. Қазақстанның тұтыну секторында Ресейге тәуелді болу дәрежесі жоғары болып қалды».

Ол, сондай-ақ, Ресейдің Қазақстанмен сауда қарқыны жақсы деңгейде екенін атап өтті. Көрші ел санкция бұғауында отырғаны, банктері батыстың төлем жүйелерінен өшірілгендіктен, төлем өткізу жағынан қиындық көріп отырғаны бұған кедергі болмады. Демек, екі экономиканың байланысы бұрынғыдай жоғары деңгейде қалды.

Бұл туралы саясаттанушы Досым Сәтпаев та айтады: «Біз бұрыннан 40–50 пайызға Ресей импортына тәуелді болдық. Тауарлардың кей түрлері бойынша тіпті 70–80 пайызға барады. Бұл әлі де солай».

Екі экономиканың етене жақындығы

Сәтпаевтың айтуынша, Украинада соғыс басталғанда Қазақстанның бәрін өзгертуге мүмкіндігі болды. Бірақ Ақорда елдің ЕАЭО-ға мүшелігін үзуді немесе шарттарын өзгертуді құп көрмеді.

Осы ықпалдастық жобасына қатысуы - Қазақстанды өз экономикасын теңгенің күрт құбылуынан қорғай алатын протекционистік саясат жүргізуге әу бастан шектейді дейді саясаттанушы. Әйтсе де, Ресейдің өзі ЕАЭО жарғысының бас принципін бұзып отыр.

«Жарғының кейбір баптарында ұйым оның барлық мүшесінің мүддесіне жұмыс істеуі керек деп жазылған. Бірақ, Ресей соғыс бастайтынын ешкіммен талқыламастан бәрін сан соқтырып кетті», – дейді Сәтбаев.

Қаппаров та Қазақстан протекционистік шаралар қабылдаса болар еді, бірақ саяси мақсаттармен бұндайға бара алмайды дейді: «ЕАЭО аясында да Қазақстанның ықпал ететін күші бар, бұған жақында Қырғызстан шекарасында болған жағдай дәлел. Бірақ оны Ресейге қарсы қолданғысы келмейді».

Екі сарапшы да Қазақстанның Ресейге экономикалық тәуелдігі арта түседі, осылайша, теңгенің тұрақтылығына әсер етеді деген пікірмен келіседі.

«Қазақстан Ресей үшін Еуразиялық одақтағы ірі нарық болып саналады. Басқа шетелдік нарықтар жабылғаннан кейін оның мәні бұдан да артып, ЕАЭО аясынан шығып отыр», – дейді Қаппаров.

Сәтпаев ресейлік компаниялардың Азияның ірі нарықтарына шығу үшін қазақстандық нарыққа экспансия жасайтынын айтты.

«Ресей бизнесі жаңа жобаларын Қазақстанның тау-кен және уран өнеркәсібінде белсенді іске асырып жатыр. Бұл біздің тәуелдігімізді арттыра түседі. Бұның бәрі ресейлік компаниялардың келуін президент деңгейінде қолдағандықтан болып отыр», – деп түсіндірді саясаттанушы.

Теңгенің тағдыры не болады?

Қаппаров әлемдік экономикадағы ахуал Қазақстан үшін және оның ұлттық валютасы үшін жалпы алғанда қолайлы деп сенеді. Мұнай бағасы қымбат болып тұр, Қазақстан оны сатудан рекорд көрсеткіштерге жетті, осы басты фактор тұрғысынан девальвацияға алғышарттар байқалмайды.

фото: vecher.kz

Halyk Finance аналитигі Мәдина Қапжәлелованың айтуынша, теңгеге басқа да нәрселер қысым көрсетеді. Біріншісі жақында Ұлттық банктің жаңа төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеген базалық мөлшерлемені біртіндеп түсіру жоспарымен байланысты. Бірақ ақша-кредит шарттарын жұмсарту инфляцияға байланысты болады — бағаның өсуі сақталып қалған жағдайда Ұлттық банк бұл әрекетке бармайды.

Екінші жайт 2023 жылғы тамыздың соңынан 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жалғасатын квазимемлекеттік сектордың валюта түсімінің 30 пайызын сату бойынша міндетті алып тастаумен байланысты. 2020 жылдан бастап бұл шара ұлттық банктің тұрақтылығын жанама түрде қолдап, Ұлттық банкке интервенцияны сирек жасауға мүмкіндік берді.

Теңгеге мөлшерлемені арттырғаннан кейін бір жылдан соң саясатын қатайтуға ниетті АҚШ Федералдық резерв жүйесінің әрекеті де ықпал етуі мүмкін. Доллар барлық шетелдік валютаға, соның ішінде теңгеге қарағанда бекуі мүмкін.

«Біздің болжамымыз бойынша, біздің базалық мөлшерлеме төмендейді, теңге активтерінің тартымдылығы төмендейді деп есептесек, жыл соңына қарай доллар бағамы 475 теңге деңгейінде болады», — дейді Қапжәлелова.

Бұл тұрғыда ұлттық валютаның тұрақтылығына Ресей экономикасы мен рублінің ахуалы көбірек қатер тудырады. Алайда, бұл фактордың әсер ету дәрежесін тура бағалау қазір қиын.

Қапжәлелова Украинада соғыс басталғаннан кейін теңгенің рубльмен байланысы біраз әлсірегенін атап өтті. Десек те, Ресей импорты Қазақстан экономикасы мен валютасына әлі де ықпал ете береді. «Бірақ ықпалы бұрынғыдай болмайды, өйткені рубльге санкция әсер етеді. Бұл ел валютасын бақылауда ұстау үшін резервін сарқып бітуде», – деді аналитик.

Қаппаров Ресей рублі мен экономикасының ахуалынан болатын ықпал азаяды дегенге күмәндана қарайды. «Экономикада құрылымдық өзгеріс жоқ. Сондықтан теңгенің рубльден алшақтайтынына мүмкіндік беретін нақты бір себептер бар деп қазір айта алмаймыз».

Сәтпаевтың айтуынша, Ресей рублі мен экономикасының соңынан теңгенің жылжуына Қазақстанның қаржы-өнеркәсіп топтары сыртқы саяси жағдайды өз мүддесіне пайдаланып кету ықтималдығы әсер етеді.

«2009 және 2015 жылдары, өткен девальвация кездерінде де лоббистік топтар тақырыбы қозғалып еді. Сол кезде бұдан өндіруші компаниялар ұтты. Олар қазір де экономика локомотиві болғандықтан, ал Қазақстанның Ұлттық қоры корпоративтік салық есебінен толығатындықтан, үкіметтің өзі өндіруші сектор өз пайдасын алғанына мүдделі болады», – деп түсіндірді саясаттанушы.

Үкіметтің девальвацияға дайын болуы оның инфляцияны төмендетуге қатысты әрекеттеріне қарама-қайшы келеді, бұның қаупі осында дейді Сәтпаев. Бұл қоғам мүддесіне де, президент тапсырмасына да кереғар.

Рубльге қатысты ұзақ мерзімді тренд қазір жағымсыз дейді Қаппаров. Егер Қазақстан рубльдің соңынан теңгені де әлсіретсе, еліміз өзіне Ресей инфляциясын да импорттайды, нәтижесінде оның экономикасының дағдарыс тұстары да қайталанады.

«Рубльдің кез келген ауытқуы байқалғанда, біз бағаны ресейлік деңгейге жеткізуге тырысатын боламыз», – деп түйді Қаппаров.

Оның айтуынша, негізінде Ұлттық банк қазір басымдықты девальвацияға бермеуі керек еді. Бірақ реттеушінің Қазақстан экономикасындағы рөлі үкіметтен тәуелсіз емес.

Сондықтан ол азаматтар талап еткендей инфляцияны төмендету қажеттігі мен қаржы-өнеркәсіп топтарының мүддесіне сай теңгені әлсіретуге мүмкіндік беру арасындағы қарама-қайшылықты қалай шешетіні түсініксіз.