2610
23 октября 2023
Дмитрий Мазоренко, суретті түсірген Данияр Мүсіров

Қуат Әкіжанов, экономист: «Қазақстанда экономикалық пайым жекешелендіру лоббиіне ұласты»

1990 жылдардағы нарықтық реформа қалай қазақ қоғамының жік-жікке бөлінуіне әкелді және оған экономика ғылымы қалай ықпал етті?

Қуат Әкіжанов, экономист: «Қазақстанда экономикалық пайым жекешелендіру лоббиіне ұласты»

Қыркүйектің аяғында экономист Қуат Әкіжановтың «Қазіргі жаһандық экономикадағы қаржылық капитализм және табыс теңсіздігі» кітабы жарыққа шықты. Онда ол 1980 жылдары жоғары инфляциямен күресу үшін дамыған елдерде басталған экономикалық реформа бағдарламасының жағымсыз салдары туралы айтады. Әкіжанов қазір Қазақстандағы осындай реформалардың тағдырын зерттейтін тағы бір кітап жазып жатыр.

Власть экономистпен әңгімелесіп, бұл қандай реформалар, ол қазақстандықтардың жағдайына қалай әсер етті, көп мәселені шешу үшін неліктен экономика саласындағы білім беру бағдарламаларын толығымен қайта қарау керек деген сауалдарға жауап іздеді.

Академиялық траектория емес, сіздің жеке мүддеңіз туралы айтар болсақ, неолиберализм тақырыбына қалай келдіңіз?

Мамандығым бойынша заңгермін, бірақ магистратураны мемлекеттік саясат және саяси экономия бойынша оқыдым. Саяси экономияға әлдеқайда ерте, магистратураға түсерден он жылдай уақыт бұрын қызыға бастадым. Ол кезде әлі мемлекеттік қызметте істейтінмін. Том Пикетти мен Бранко Милановичтің еңбектерін оқып, Қазақстанда теңсіздік маңызды және сирек көтерілетін тақырып екенін ұқтым. Бірақ бұл тақырыпты экономикалық модельдеу немесе эконометрика контексінде зерттегім келмеді. Сондықтан оқып жүріп қаржылық капитализм тақырыбына бет бұрдым.

Бірақ менде құрғақ прагматикалық логика болған жоқ. Қазақстандағы, Орталық Азиядағы және дүние жүзіндегі барлық деструктив процесті бақылағандықтан, осы тақырыпқа бет бұрдым. Тіпті, АҚШ тәжірибесін зерттей отырып, үрдістеріміздің ұқсас екенін түсіндім.

Посткеңестік кеңістікте жүргізілген реформаларды бақылап, олардың қалай жүріп жатқанын және неге олай жүргізу туралы шешім қабылданғанын түсінуге тырыстым. Олардың зардабы қандай болатынын көріп, көбіне кінә экономикалық білімге байланысты деген ойға келетінмін. Экономиканы ғылым ретінде көп оқыдым, зерттеушілер онда бір ғана мектеп – неоклассиктер мектебі үстем болғаны дұрыс емес екенін жазды.

Ал посткеңестік кеңістіктегі теңсіздік реформалардың да, осы реформалар шыққан неоклассикалық білімнің де жемісі болды.

Посткеңестік кеңістікте және КСРО ыдырағаннан кейін Шығыс Еуропаның көптеген елінде Вашингтон консенсусының рецебі бойынша экономикалық реформаның бір үлгісі қолданылды. Ол жекешелендіруге, еңбек нарығы мен қаржы секторын реттеуден бас тартуға, әлеуметтік мемлекетті (welfare state) жоюға бағытталған.

Бір қарағанда біртүрлі көрінуі мүмкін, бірақ посткеңестік кеңістікте әлеуметтік мемлекет те болған. Оған белгілі бір әлеуметтік кепілдіктер, жоғары жұмыспен қамту және еңбек өнімділігі деген сипаттама тән болды. Содан кейін еңбек нарығын реттеуден бас тарту туралы шешім қабылданды, ол ауыр зардап әкелмейтіндей адамдарды жаппай жұмыстан шығаруға, бұқараның қаржылық жағдайын күрт нашарлатып жіберген бағаны ырықтандыруға мүмкіндік берді.

Нарықтық реформаларға ешқандай сынсыз қарады. Мұның бәрі технократтар үшін реформалардың неліктен жүргізілгені және салдары қандай болғаны емес, оны жүргізудің өзі маңыздырақ болғанына байланысты еді. Ол жерде көптеген саяси сәт болды, бірақ бұл тұста бүкіл әлемдік қастандық туралы айтылып тұрған жоқ. Әңгіме Батыста басталып, одан кейін Жаһандық Оңтүстік елдерінде жүзеге аса бастаған ортақ әлемдік неолиберал бағдарлама туралы болып отыр.

Ал әлемнің дамыған елдерінде бұл қалай пайда болды және қандай болды?

Ұлыбритания мен АҚШ экономикасына қарап, 1980 жылдарға дейін олар толығымен жоспарлы болғанын айта аламыз. Неолиберализмге бетбұрыс инфляция күрт өскен кезде басталды, дегенмен бұған дайындық 1930 жылдары басталып кеткен еді. Зиялылар мен неолиберализмнің негізін қалаушылар – «Мон Пелерин» экономистер қоғамы тоталитарлық мемлекеттің қоғамға төнуінен қорқады. Олар сол кезде бір жақтан сталиндік индустрияландыруды бастан өткеріп жатқан КСРО-ны, екінші жақтан бүкіл әлем үшін өлім қаупіне айналған фашистік Германияны көрді.

Бұл елдерде демократия туралы айту күлкілі еді. Сондықтан «Мон Пелерин» қатысушылары еркіндік идеясын сәтті пайдаланды. Мысалы, сол қоғам өкілдерінің бірі Милтон Фридманның «Капитализм және бостандық» деген танымал саяси кітабы бар. Ол бастапқыда бостандық тек капитализммен байланысты деп, нарық реттелмейтін болса, саяси бостандық болмайтынын айтты. Фридрих фон Хайектің «Құлдыққа апарар жол» еңбегінде де солай. Оның ғылымға ерекше интеллектуалдық үлесі болған жоқ, бірақ 1970 жылдары оның жұмысы кенеттен жоғары бағалана бастады.

Милтон мен Хайектің ұстанымы экономика саласындағы Альфред Нобель сыйлығынан кейін нығая түсті. Бірақ шын мәнінде Альфред Нобель өсиетінде экономика туралы айтпаған, ол тек физика, әдебиет, математика, химия, биология және медицинаны ғана атап өткен. Экономика саласындағы сыйлықты Швейцарияның Орталық банкі тағайындады. Ал оны көбіне неоклассикалық мектепті жақтаушылар ала бастады.

«Мон Пелерин» мен неоклассикалық мектептің танымал болуына қандай саяси оқиғалар көмектесті?

Олар 1970 жылдардағы стагфляциялық дағдарыстың шешімін ұсынды, бұл – экономиканың құлдырауы инфляцияның қарқынды өсуімен үйлескендегі қайшылық күйі.

Бірақ мұндай дағдарыс не себептен болғанын түсіну керек. 1973 жылы көбіне араб мұнай эмбаргосы әсерінен инфляцияның өскені де Батыс елдерінің тарихындағы ең үлкен табыс теңестіруімен қатар болды. XVII–XVIII ғасырда ол жақта экономикалық теңсіздіктің шарықтау шегі болса, XX ғасырдың аяғында теңдіктің ең жоғарғы шегіне жетті.

«Мон Пелериннің» және неоклассикалық мектептің экономистері ең бай бизнесмендердің ықпалы мен капиталының төмендегенін байқап, жай ғана бәрін қайтарып алуды, яғни әлеуметтік мемлекетті жоюды және теңсіздікті қалпына келтіруді ұсынды. Бұл біраз уақыт дағдарыстан шығуға көмектесті. Бірақ 2008 жылғы қаржылық дағдарыс бұрынғы проблемаларды ушықтырып жіберді.

Неолиберализм дегенде әдетте зиялы болмаған, оңшыл саясаткерлер Маргарет Тэтчер мен Рональд Рейганның аты аталады. Олар бұрыннан Ұлыбритания мен АҚШ-қа тән деп есептеген кәсіпкерлік рухты қалпына келтіруді жақтады. Олар елде мемлекет асырауындағы адам көп екенін айтты. Мемлекет реттеуге араласатынын, өте жоғары салық төлететінін және осының бәрі еркін нарық пен бәсекені тұншықтыратынын айтты.

Бірақ, әлем бойынша 1945–1980 жылдар аралығындағы орташа экономикалық өсу шамамен 3% болғанын көрсететін зерттеулер бар. Ол көрсеткіш әр елге байланысты қатты өзгеріп отырды, бірақ бәрібір өте жоғары болды. Мысалы, Оңтүстік Корея экономикасы ол кезде жылына 15%-ға өсті. Батыс елдері 4-5%-ға өсті. Ал 1985 жылдан бастап өсім 1,5%-ға дейін төмендеп, ол көрсеткіштің өзі Қытай мен Үндістанның арқасында сақталып тұрды.

Экономикалық дағдарыстарға қатысты да осы жағдай. 1980 жылдарға дейін экономикалық дағдарыстар көбіне қысқамерзімді болды. Өйткені ХВҚ оларды қалай тоқтатуға болатынын білді. Ал 1980 жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін дағдарыс саны 70-тен асты және біз онымен нашар күресіп жатырмыз.

Дағдарыстың негізгі шешімі ретінде ХВҚ құрылымдық түзету бағдарламасын ұсынды, басқа жағдайда оларға қаржылық көмек көрсетілмейді. КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан сол тұзаққа түсіп қалды.

Неліктен Қазақстан реформалардың салдарын ескермей, реформа үшін реформа жүргізуге оңай келісім берді?

Ерекше зиялы қауым сол кезде қалыптаса бастады. Ол қатарға университет қызметкерлері, саясаткерлер, мемлекеттік кәсіпкерлер, қаржы аналитиктері, кеңесшілер мен журналистер кірді. Білімді өндіретін немесе түсіндіретіндердің бәрі осы қатарда болды. Ал сол кезде үстемдік еткен білім оларға тіл бітірді, сөйлеу мүмкіндігін берді. Соның арқасында реформа идеясы алға басып, заңдастырылды.

1990 жылдарға қарай неоклассикалық экономика мектебі дүние жүзіндегі университеттерде негізгі бағытқа айналды. Бұл білім-ғылым көмегі арқылы заңдастырылды. Бірақ ол экономиканың бұрынғы теориялық кеңдігі жойылғандықтан, ғылыми тұрғыдан өте шартты болды.

1980 жылдарға дейін экономикада марксистік, шумпетериандық, кейнсиандық және басқа көп мектеп болды. Бұған қоса олардың барлығы бір-бірімен өзара байланыста болды: экономистер бір-бірінен идея ұрлап, оны өзгертіп, дауласып жатты. Кейін бәрі жоғалып кетті.

Кейбір теоретиктер экономиканы қатаң мағынадағы ғылым емес деп айтатын. Қатаң ғылым — формулалар арқылы бірнәрсені дәлелдеуге болатын физика. Экономика — әлеуметтік пән, оның қатаң заңдары жоқ, сондықтан ол талдаудың басқа элементтерін, мысалы, саяси немесе антропологиялық заттарды қолдануды қажет етеді. Сондықтан 1980 жылдарға дейін экономика журналдарында формулалар мүлдем болған жоқ.

Бірақ ХХ ғасырдың басында неоклассикалық экономика өкілдері нақты ғылымдарға қызғанышпен қарап, формулалары бар бағыт құрып, соның көмегі арқылы әлемнің құрылымын түсіндіреміз деп шешті. Олар математика арқылы экономикадағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін іздеді, бұл оларға қоғам өмірін реттеудің сенімді құралы болып көрінді.

Бірақ әлеуметтік өмір туралы ешқашан нақты болжам айта алмайсың. Ал экономикада математикамен ойнау деген — манипуляцияның күшті құралы. Мыңдаған регрессияны енгізе аласыз, кез келген нәрсені дәлелдей аласыз. Мысалы, Финляндияның бір жерінде түлкілердің өлімі мен ажырасу арасындағы корреляцияны алайық. Корреляцияны көрмейінше, деректерді қоса бересіз. Неоклассикалық мектеп қазір барлық жерде осындай алыпсатарлықпен айналысады.

Қазақстанда бұл сән бізде мемлекет қабылдаған реформалар мен шешімдерді плюралистік тұрғыдан талқылау дәстүрі болмағанымен қабаттасып кетті. Ешкім ешкімнен ештеңе сұрамады. Бұл еркін сауда болса да, ақыры немен бітіп жатқанына зер салыңдар деп батыл айтатын адам да табылмады.

Мұның бәрі тәуелсіз Қазақстанның алғашқы саяси режимі жүргізген саясатсыздандыру нәтижесі еді. Кез келген маңызды тақырып сарапшылар қабылдаған технократиялық шешімдер деңгейінде қарастырылды, ал жұртшылық оны талқылауға араласқан жоқ.

Бұл сарапшылар қатарында кім болды және неге олар шешім қабылдау құқығын монополиялап алды? Ең бастысы, бұл шешімдер шыққанда кімнің пайдасы көзделді?

Кеңес заманында саяси экономиядан сабақ берген ғылыми кадрлар болды, тәуелсіздік алған соң бәрі экономика кафедраларына ауысты. Олар КСРО кезінде толық қарама-қарсы көзқарасты ұстанғанымен, кейін нағыз неоклассикалық мектептің жақтасына айналды.

Олардың және бүгінде құрметті қаржыгер, экономист болып жүрген азаматтардың жағдайы неге бұлай болды? Олар неолиберал бизнес мектептерінің және халықаралық даму институттарының – Дүниежүзілік банк пен ХВҚ-ның жақсы студенттері болды. Екінші жағынан, оларға бұл институттардың не айтып жатқанына күмәнданатындай интеллектуалдық деңгей жетіспеді.

Назарбаевтың тұлғасын да назардан тыс қалдырмау керек. Кейінгі жазған кітабым үшін мен оның барлық жолдауы мен кітабын қайта оқып шықтым, оның әрқайсында дерлік жаңа қоғам құруға баса назар аударылған. Жаңа қоғамды құру түсінігі нарықтық экономика құру дегенмен байланыстырылды. Бұған қоса Назарбаев капитализм деген сөзді тым саяси деп есептегендіктен, оны да мүлдем қолданбады.

Нарықтық экономика деген не? Бұл – мемлекет меншігінен шығару, яғни жекешелендіру деген сөз. Содан бері жеке меншік иесі негізгі және тиімді басқарушы болып саналады. Ал қазiр мемлекеттiк кәсiпорындар өз бастамасы жоқ, артта қалған болып көрсетiледi. Бірақ бұл біржақты түсінік, өйткені британдық экономиканың өзінде өндіріс құралдары 1970 жылдарға дейін мемлекет меншігінде болды. Жапонияда, Оңтүстік Кореяда және Финляндияда да осыған ұқсас мысалдар бар.

Бүкіл экономикалық пайым жекешелендіру лоббиіне бағытталды. Ал бұл шараларды сол кездегі негізгі қолдаушылар, арасындағы оппозициялық көзқарастағы Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Әблязов, Мұхтар Жәкішевтер, неге екені белгісіз, ең озық деп саналды. Оларда реформатор бейнесі болды. Бірақ олар тек көпшіліктің өмірін нашарлатуға бағытталған реформаларды дамытып жүрген бір саяси тап еді. Ержан Өтембаевтың да көзін көрдім. Ол он жыл бойы реформаның айтылмайтын қозғалтқышы болды. Көп жарнамаланған «Қазақстан-2030» бағдарламасының бюрократиялық авторы да сол еді.

«Қазақстан-2030» президенттің сол жылдардағы жолдауларымен де, қазіргі жолдауларымен де сәйкес келеді. Бұл құжаттарда мақсат ретінде жекешелендіру мен шетел инвестициясын тарту көрсетілді. Бірақ жекешелендірудің тиімділігі расталмағаны сияқты, шетелдік инвестиция Қазақстанға экономиканы әртараптандыру және қайта индустрияландыру түрінде пайда әкелмейді. Бізде мұның ешқайсы болған жоқ.

Шетелдік инвестицияны облысқа бірінші болып біз тарттық. Зейнетақы реформасын бірінші болып біз жүргіздік. Ал ресейлік неолибералдар көпке дейін «қазақтар қаншалық озық екенін қараңыздар, олар чили үлгісі бойынша зейнетақы жүйесін жекешелендіріп алды, олардың қаржы нарығы толығымен реттелмеген» деп айтуды ұнататын. Тек біз Чилиде генерал Пиночет қолындағы автоматпен ынтымақты зейнетақы жүйесін талқандап, кәсіподақтармен қоса бүкіл оппозицияны қуғын-сүргінге ұшыратқанда үнсіз қалдық.

Бұған қоса бұл реформалардың астарында терең экономикалық білім болған жоқ. Олардың әрқайсы — артықшылығы бар топтың мүддесін қорғайтын және жүргізетін экономикалық фастфуд. Бұл біздің мемлекеттік бағдарламаларымыздың адами капитал мен меритократия туралы басқа да орталық идеяларына да қатысты. Бұл концепциялар үстем тапқа өзінің экономикалық үстемдігін заңдастыруға көмектеседі: біз көп еңбек еттік, сондықтан бай болдық деген сияқты және тағы басқасы. Қазіргі қоғамда поп-мәдениет «жетістіктер тарихына» жайдан-жай мән беріп жатқан жоқ. Әлеуметтік баспалдақтар, дәлірек айтқанда, қайта бөлу арналары жұмыс істемегенде үнемі күші мен талантының арқасында «жұлдыз» болған кедей бала туралы хикая табыла береді. Бұл назарды басқа жаққа бұруға көмектеседі.

Мұның бәрі қарапайым кеңестік үгіт-насихатты бұрмалау сияқты, тек социализмнің орнына нарық сөзі қолданылады. Бұл жағдайда сыни ойға орын жоқ, бірақ сырт көзге барлық қаржы және бизнес топ ақпаратты барынша шынайы жеткізуге мүдделі болып көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес, бәрі мағынасы жоқ үгіт-насихатқа қанағаттанады.

1990–2000 жылдар аралығында жүргізілген барлық реформаның салдарын қалай қорытындылар едіңіз?

Назарбаев режимі «нарық реформасының» пайдасын – ұлттық байлықты жекелеген тұлға қолына берудің пайдасын тез түсінді. Осылайша, Қазақстанда отандық кәсіпкерлердің, шетелдік инвесторлардың және бюрократиялық аппараттың одағы пайда болды. Ең сорақысы – ешкім шынымен де бәрі дәл осылай болуы керек пе, жекешелендіру, нарық, еркін бәсеке болуы керек пе деп сұраған жоқ. Бұған қоса осы құндылықтар әлемді қабылдаудың негізгі тәсіліне айналды.

Forbes журналында 30 жасқа дейінгілердің рейтиңі бар. Бұл — неолиберал философияның қазақ қоғамының санасына қаншалық терең енгенінің жарқын мысалы. Рейтиңге қандай да бір бизнес құрып, мыңдаған ізбасар тауып, тағы басқа материалдық табысқа жеткен жастар енеді. Жалпы оқиғаның сипаты мынадай: кезінде бір қыз болыпты. Ол ағылшын тілін және математиканы жақсы оқиды екен. Мектепті алтын белгімен бітіріп, кейін Канададан грант ұтып алып, беделді оқу орнын бітіреді. Ал қазір оның жеке кәсібі бар немесе Google компаниясында жұмыс істейді.

Бірақ мұнда үнемі ол тізімдегі балалар бақуатты отбасынан шыққаны, олардың кірін біреу жуып, тамағын басқа адам істеп отырғаны, үйін қызметші жинағаны айтылмай қалады. Олар дәл осы себептен бар назарын оқуға, демалыс пен қызығатын іспен айналысуға арнай алған. Ал олардың жағдайы төмендеу отбасынан шыққан құрдастары мүлдем басқа жағдайда өсіп-жетілді.

Бұл бейнелер санамызда бұқаралық мәдениет арқылы бекітілді. Кітапта Уилл Смит түскен «Бақытқа ұмтылу» фильмін мысал етіп алдым. Сюжет білімсіз, тұрақты жұмысы жоқ адамның баламен жалғыз қалып, аман қалудың жолын іздеуіне негізделген. Басында ол медициналық құрылғыларды сатады, кейін кездейсоқ сауда курсымен айналыса бастайды. Қиналып екі ай оқиды, үйсіз-күйсіздер жататын жерлерде, кейде метродағы әжетханада түнеп жүреді. Кейін әйтеуір қалаған жұмысына тұрып, байып кетеді. Режиссерлар өте қатал қоғамды көрсеткен. Бұл сол кез келген бақуатты елде тегін балабақшалар мен кәсіби дайындық бағдарламалары бар, жалғызбасты ата-аналарға жәрдемақы берілетін 1980 жылдар. Бірақ фильмде адам қандай да бір көмек көрмей, қор нарығындағы алыпсатарлықпен күнелтеді.

Сонымен қатар, бұл кейіпкердің образы нағыз батыл ретінде, ал қатал қоршаған орта оның сол батыл болғанының негізгі себебі ретінде қабылданады. Иә, өмір қатал, бірақ шынымен еңбектеніп, тырысатын болсаң, жетістікке жетесің. Қиындыққа тап болған адамға қуатты мемлекеттік немесе қоғамдық институттар көмектесу ықтималдығын қарастыратын басқа сценарий де, сын да мүлдем жоқ.

Таңғы 6-да тұрып, соңғы демің шыққанша жұмыс істеуің керек дегенді айта береді. Болмаса, алып-сатып пайдаға кенелу, алдау. Ұлттық компанияларымыздың топ-менеджерлері 350 миллион теңгеге дейін бонус ала алады. Бірақ олардың жұмысын құнды ететін не? Мыңдаған қарапайым жұмысшы болмаса, олардың өз алдына құны жоқ. Сонда да кейбір адамдар қараптан-қарап 150–200 мың теңге көлеміндегі медианалық жалақыдан бірнеше есе көп табыс тауып отыра алады.

Біздің қоғамдағы басты мәселе де осы, себебі қоғам осылай бізді жіктеп тастаған жүйені өзі көтермелеп отыр. Біз, керісінше, басқа да нұсқалар ойлап табуға тырысуымыз керек.

Бұл сөзіңізге 90-жылдардағы реформалар көптеген азаматтың қаржылық жағдайын жақсартты деп қарсылық білдіруі мүмкін. Бұлай емес екеніне неге сенімдісіз?

Экономикамыз мүлдем өнімді емес болып қалыптасты. Қоғамның кейбір бөлігінің жоғары табысы — активтерді иеленуден алынған рента. Бізде жұмыс орындарын ашпайды. Жұмыс орындарын ашу қажет болмауына экономиканың шикізаттық құрылымы ықпал етті. Табыс – кәсіпкердің қандай да бір қосымша құн тудыруы. Бірақ біздегі бизнесмендер тобы мұны жасамайды.

Бізде бизнесмендер тобының орнына плутократия — мемлекеттің іс-әрекетін ауқатты адамдар тобы анықтайтын саяси режим бар. Бұл жүйеде жекеменшік қасиетті саналып, оған иелік ету өмірлік мақсатқа айналды.

Бірдеңеге қол жеткізген соң, оны сақтап қалу керек. Сондықтан плутократиялық топқа ешқандай өзгеріс болмағаны жақсы, қазіргі активтері оларға бірнеше ұрпақты асырауға жетеді. Осыдан-ақ ешқандай өзгеріс болмайтыны түсінікті. Тіпті қазіргі бюрократтардың өзі бұрын қандай да бір реформа болып тұратынын, ал қазір жаңа ештеңе жасалып жатпағанын айтып жүр.

Сондықтан экономикалық әрекеттеріміздің барлық арсеналы инфляцияны бақылау керек дегенге тіреледі. Бұл – негізгі проблеманың бірі, өйткені ол барлық азаматтың кірісін жейді. Инфляция әрқашан болуы керек, себебі бұл экономиканың өсіп жатқанын білдіреді. Инфляциядан тек қаржылық рантье қорқады. Олар миллиардтарды басқаратындықтан, кез келген инфляция олардың капиталын жеп қояды. Бірақ жоғары инфляцияға байланысты базалық мөлшерлеме көтерілгенде, олар үшін несие де қымбаттайды. Оған көп көңіл бөлу себебі де осы.

Ал қарапайым адамдар ресми құқылы дүниелеріне де қол жеткізе алмай жүр. Бізде айқын дифференциация бар. Мысалы, қай ауруханаға баратыңызды және балаңызды қай мектепке беретініңізді айталық. Тегін емханада өзіңізге қажет көмекті ала алмай, уақытыңызды босқа шығындауыңыз мүмкін. Ал жеке медицина орталықтарының қызметі өте қымбат. Мемлекеттік мектептерде сыныпта 30–40 бала оқиды, сондықтан бала екінші немесе үшінші ауысымда оқиды. Ал жекеменшік мектепте бір сыныпта небәрі 15 бала бар, ағылшын немесе француз тілдеріне мән береді, балалардың жалпы білім деңгейі жоғары болады.

Қазір билік тек капиталды жинақтауды немесе сақтап қалуды жалғастыруды көздеп отыр. Тоқаевтың кейінгі жолдауында да осы нәрсе айтылған. Жолдауда қандай да бір революциялық реформаның егжей-тегжейлі жоспары айтылуы керек еді демеймін. Бірақ, тым құрығанда кішігірім өзгерістер айтылуы керек еді. Мысалы, инклюзивтік, демократиялық қағидаттарға негізделген жаңа индустриялық саясат әзірленеді деп айтуға болар еді. Оның орнына тағы да жекешелендіру, бәсеке еркіндігі мен шетелдік инвестиция айтылды. Қазіргі әлеуметтік жіктің себебі нақ осылар екені ескерілмейді.

Балама даму траекториясы қандай болуы мүмкін?

Бізге қазір қай жерде екенімізді түбегейлі қайта қарау ғана көмектеседі. Қазіргі ахуалға қалай жеткеніміз туралы өз-өзімізге шынайы түсіндіріп, басқаша болашақ туралы ойлануымыз керек. Әйтпесе, жаппай әлеуметтік толқудың ауылы алыс емес.

Халықтың несие қарызы мәселесіне назар аударар едім. Қаңтар оқиғасына дейін бұл мәселеге мән бермеді, ал ол өткеннен кейін жағдайдың нашарлағанын мойындады. Бірақ ешқандай шара ұсынған жоқ. Екінші Қаңтарды күтіп отырған сияқты. Назарбаев билік еткен жылдары үнемі айтатын, тіпті былтырғы протестке дейін де айтып келген сөзін жақында қаржы министрі тағы да айтқанын естідім — «адамдар жауапкершілігі жоқ болған соң қарызға батады, көп жейді, тойға шашылып, қымбат көлік пен айфон сатып алады». Бірақ бюрократтар өз сөзіне өзі сай емес, мал-мүлкін сұрасаң, «шаруаң болмасын» дейді. Сонда қарапайым халықтан не сұрайсың?

Бұл өтірік әңгіме. Кез келген орташа жағдайы бар адам немесе отбасы несиеге жоламайтындай санасы бар. Алып жатса, бұл — тек елдегі табыстың төмен екенінің дәлелі.

Бұған қоса адамдарды артық сауда жасауға нарықты жақтайтын үгіт-насихат пен саясатпен айналысатын мемлекеттің өзі және банктар итермелеп отыр. Банктер ақша тапқысы келсе, несие беруі керек. Мемлекет 2000-жылдары ипотекалық көпіршіктің пайда болуына қарсы тұрмаған кезде, тұрғын үй мәселесін шешу жолы ретінде де несиені таңдады. Қазір де ол тұтынушы көпіршігінің кеңеюіне кедергі жасамай отыр деуге де болады.

Билік экономиканы бірден түбегейлі қалпына келтіргісі келмесе, сол бағытқа қарай жұмыс істеуден бастауға болады. Социалистер мен социал-демократтардың жағдайында осылай болды. Олар жұмыс уақытын қысқартты, бес күндік жұмыс аптасын енгізді және кәсіподақтарды компанияның директорлар кеңесіне кіргізді. Осы тәрізді әрекет жасауға болады. Бірақ Тоқаев жасап жатқан қадамдар Назарбаевтың алғашқы жылдарын еске түсіреді. Ол кезде бәріне алға қадам басып жатқандай болып көрінген, шын мәнінде біз екі қадам артқа шегініп отырдық.

Енді біз қалай басқа бағытта қозғала аламыз? Ең алдымен, экономиканы түбегейлі басқаша оқыту керек. Бүгінгі студенттер 1990 жылдардағы экономистер мен қаржыгерлердей емес. Олар ағылшын тілін біледі және әртүрлі әдебиетті оқиды. Бірақ қазақстандық университеттер әлі күнге дейін неоклассикалық мектепті ұстанады. Оларда экономика тарихы, халықаралық даму, саяси экономия және тағы басқа пәндер жоқ. Мәселе біздегі университеттер жаңашылдыққа қарсы екенінде емес. Олар мұндайға мүлдем мән бермейтін сияқты. Осы нәрсе өзгерсе, тамаша болар еді.

2000 жылы француз студенттері экономика факультетіндегі білім беру бағдарламасына көңілі толмайтыны туралы танымал газетке мақала жазған. Олар эконометриканы және экономикалық модельдеуді шектен тыс қолданып, бір ғана экономика мектебінің білімін алды. Бірақ олар басқа типтегі экономистердің еңбегін де білетін. Бұл студенттерді алдымен Франция ғалымдары, содан кейін Ұлыбритания мамандары қолдады. Профессорлар студенттерге ойлауды үйретуге көп мән берілмейтінін, тез ескіретін қолданбалы білімді үйретуге көбірек көңіл бөлінетінін айтып шағымданды.

Осыдан кейін студенттер мен мұғалімдер «Аутизмнен кейінгі экономика» қозғалысын ұйымдастырды. Бұл терминнің ауруға ешқандай қатысы жоқ. Француз тілінде autisme сөзі аутизм дерті классификаторға енгізілгенге дейін пайда болды. Қиялда өмір сүретін адам дегенді білдіреді. Француз университеттеріндегі қазіргі жағдай соншалық жаман емес те сияқты.

Бізде де біршама ілгерілеу бар екенін байқап жүрміз. Бірақ университеттер жеке оқу орны болған соң, тек ақша табуды көздейді. Оларға ештеңені өзгертпеу арзанға түседі, өйткені процесті қайта құру және жаңа нәрсені зерттеу қымбат және саяси тұрғыдан қауіпті. Ал бұл өзгерістер болмаса, еліміздің нақты даму мүмкіндігінен айырылып қала береміз.