3075
27 октября 2023
Дмитрий Мазоренко, Паоло Сорбелло, Назерке Құрманғазинова, Бейімбет Молдағали, фото Жанар Кəрімованыкі

Азық-түлік, пəтерақы мен несие. Қазақстандықтардың басым бөлігі айына 150 мың теңгеге өмір сүреді

Бұл табысты инфляция құнсыздандыра түседі

Азық-түлік, пəтерақы мен несие. Қазақстандықтардың басым бөлігі айына 150 мың теңгеге өмір сүреді

Қазақстан үкіметі биыл тұрақты түрде экономикалық өсім туралы хабарлап отырды. Сонымен қатар, халықтың сатып алу қабілеті де тұрақты түрде төмендеді, мұны ресми деректер де растады.

Ұлттық банктің қыркүйектің басында жариялаған баяндамасында биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда он адамның тоғызының айлық табысы 151 мың теңгеден (шамамен 320 доллар) аспайтыны айтылған. Кейінгі екі жылда екі таңбалы деңгейде сақталып келген инфляция қазақстандықтардың басым көпшілігінің сатып алу қабілетін төмендетіп жатыр.

Тағы бір мəселе — қазақстандықтардың табысының әркелкі болуы. Джини коэффициенті бойынша табыс теңсіздігін бағалайтын ұлттық банк табыстың 28,5%-ға дейін төмендегенін жариялады. Басқаша айтқанда, Қазақстан азаматтарының кірісінде тек аздаған алшақтық тіркелді.

Алайда, тəуелсіз зерттеуші Ғалым Жүсіпбек айтарлықтай алшақтық бар екенін айтады. Бұған қоса ол табыстағы алшақтық туралы емес, кедейлік туралы айту керек деп есептейді.

«Джини коэффициенті мен басқа да статистикалық деректер кедейлік деңгейін анықтай алмайды. Олар жалпы жағдайдың шын күйін көрсетпейді», — дейді Ғалым Жүсіпбек.

Ұлттық статистика бюросының 2023 жылдың басында жариялаған дерегінде ел азаматтарының 96,6%-ы ай сайын 200 мың теңгеден төмен (430 АҚШ доллары) табыс табатыны жазылған. Сонымен қатар, статистика бойынша, 1 миллионға жуық тұрғын кедейлік шегінде өмір сүреді. Олардың табысы 45 мың теңгеге (95 АҚШ доллары) жетпейді.

Кедейлер санағы

Балихар Сангера мен Элмира Сатыбалдиеваның 2021 жылы жарыққа шыққан кітабында кедейлік деңгейін көрметкен ресми статистика шындыққа жанаспайтыны туралы жазылған: «Үкімет экономикалық дағдарыстың тереңдігін жасыру үшін тұжырымдамалар мен өлшемдерге манипуляция жасауы мүмкін».

Статистика бюросының дерегіне сəйкес, Қазақстанда 2022 жылғы IV тоқсаннан 2023 жылғы I тоқсанға дейінгі аралықта кедейлік деңгейі 5,2%-дан 4,8%-ға төмендеген.

Halyk Finance аналитигі Мадина Қабжалелова мұндай тенденцияны байқамаған.

«Кедейліктің мұндай деңгейі тіпті дамыған ел үшін де төмен болар еді. Сондықтан бұл дерек, əсіресе халықтың шынайы кірісі төмендеп, азық-түлік қымбаттаған тұста күдік тудырады. Шынайы көрсеткіш үш есе жоғары болуы мүмкін», — деп жазды тамыздағы есебінде.

Оның сөзін азаматтардың шығынының тек бір түрін – азық-түлікке кететін шығынды көрсету арқылы растауға болады. Ай сайын қазақстандықтар азық-түлікке табысының шамамен 50%-ын жұмсайды – АҚШ-тан (6,7%), Еуропа елдерінен (9-19%) жəне Ресейден (29%) əлдеқайда көп.

Ғалым Жүсіпбек қазіргі орташа табыс деңгейі 150-200 мың теңге болса да, мұның жақсы өмір сүруге əрең жететінін айтады: «Қазір азық-түлік пен пəтер бағасы қандай екенін бəрі жақсы біледі. Олар жаңағы сомадан əлдеқайда жоғары. Бұған қоса қазір бəрінің басында несиесі бар».

Власть Алматы мен Астананың бірнеше тұрғынымен сөйлесіп, олардың табысы мен шығыны туралы сұраған еді.

Сауалнамаға қатысқан жеті адам орташа табысы 200-300 мың теңге екенін айтты. Олардың көбі бір жерде жұмыс істейді жəне қосымша табыс табуға мүмкіндігі жоқ.

Ай сайын азық-түлікке отбасындағы адам санына қарай табысының 30-50%-ын жұмсайды. Тағы 30-50%-ы несие жəне/немесе пəтерақы төлеуге кетеді. Қалғанын жолақы, киім-кешек пен дəрі-дəрмек жəне тағы басқасына жұмсайды.

«Бұрынғы жұмысымда жалақым 200 мың теңге болды, қосымша жесір əйел ретінде мемлекеттен 100 мың теңге жəрдемақы алатынмын. 10 жасар балам екеуіміз тамаққа 80 мың теңге, ал коммуналдық төлем мен пəтерақыға 100 мың теңге жұмсаймыз. Несиеге 60 мың теңге төлеймін, қалған 60 мың теңге жол мен тағы басқа шығынға кетеді», — дейді 35 жастағы Динара есімді Астана тұрғыны.

«Айына 300 мың теңге табамын. Басқа табысым жоқ. Азық-түлікке шамамен 30-40%-ы кетеді, себебі əйелім мен балам бар. Тек макарон мен тауық еті сияқты қарапайым тамақ жейміз. Қалғанын несиені өтеуге жұмсаймыз, оған 230 мың теңге кетеді. Бұған қоса балабақшаға 50 мың теңге төлейміз», — дейді 30 жастағы Архат. Ол Астанада жүргізуші болып істейді.

«Екеуміз де зейнеткерміз. 165 мың теңгеден аламыз. Қалада тұру үшін бұл ақша жетпейді. Зейнетақының 80%-ы тамаққа кетеді. Басқа заттар бар, коммуналдық қызметке төлеу керек. Бізге балаларымыз көмектеседі. Олар болмаса, бір зейнетақымыз жетпес еді», — дейді жақында ғана ауылдан Алматыға көшіп келген Жаңыл деген зейнеткер апа.

Власть азаматтардан тауар мен қызмет бағасының тұрақты өсуіне көз жұма қарауға не себеп екенін де сұрады.

«Қандай амал бар? Ешқандай. Қазір қосымша жұмыс істеуге де болмайды. Сондықтан отбасымызбен демалысқа ақша құртпайтын болдық», — дейді 55 жастағы Айдос. Ол өнеркəсіптік қауіпсіздік маманы болып жұмыс істейді.

«Бұрынғы жұмысымнан біршама көбірек төлейтін жерге — жылжымайтын мүлік брокері қызметіне ауыстым. Табысымды арттырып, шығынымды азайтуға тырысып жүрмін. Ол үшін үйге қажет-жарақты алудан да бас тарттым. Бəрін фикс-прайс желісінен сатып аламын. Бірдеңе керек болса, дүкендердегі кешкі жеңілдікпен аламын. Маркетинг науқаны арқылы үнемдеп жүрміз. Бірақ бəрібір жағдайымыз қиын», − дейді Астана тұрғыны Динара.

«Жеке кəсіпкермін, көбіне құрылыста істеймін. Əйеліммен үнемі қосымша жұмыс іздеп отырамыз, əйтпесе ақша мүлдем жетпейді. Ипотекамыз бар. Қосымша табыс табу үнемі мүмкін бола бермейді, қыста құрылыс мүлдем жүрмейді. Жалпы, қосымша тапқаның əрқашан көмектесе бермейді. Теңге құнсызданып барады», — дейді 52 жастағы Алматы тұрғыны Жарқын.

Бәз-баяғы мəселе

Ғалым Жүсіпбек кедейлікті статистикалық талдаудың еш пайдасы жоқ дейді. Оның айтуынша, кедейлікті саяси құбылыс деп түсіну керек: «Кедейлік экология, географиялық орналасу, отбасы мен ата-ана тарихы, отбасындағы мұрагерлік меншік жəне тағы басқасы сияқты көптеген фактордың жиынтығынан қалыптасады».

Мадина Қабжалелова кедейлік пен төмен табыс мəселесін жан-жақты шешу керек деп есептейді. Ол бұл үшін мемлекеттік саясат, бағдарламалар əзірленіп, нақты əрекет жасалуы керек дейді. Алайда қазір мемлекет бұл мəселені əлеуметтік осал топтың жəрдемақысын көбейту арқылы шешіп отыр.

«Ақша аударымдары халықтың осал топтарын қолдау үшін уақытша пайдаланылуы мүмкін, бірақ кірісті арттырудың кілті – төмен инфляциямен жəне жақсы бюджеттік көрсеткіштермен өнімділік пен бəсекеге қабілетті арттыру арқылы макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу», — дейді ол.

Ғалым Жүсіпбек табыстың төмен болғаны адам құқықтарын бұзу деп есептейді: «Мемлекет еңбек қатынастарын біз барлық қажетімізді жаба алатын жалақы алатындай етіп реттеп, азаматтардың құқығын қорғауы керек. Ал қазір бізге жалақыны 2-3 есеге көтеруге ештеңе кедергі келтірмейді».

Əдетте экономистер табыстың төмен деңгейде тұрақтап қалуының себебі ол инфлияцияның көтерілуіне әсер етеді деп түсіндіреді. Зерттеуші міндетті түрде осы тəртіп сақталуы керек дегенге қарсы. Экономиканы басқарудың жаңа қағидасына сай, баға өскенінің негізгі факторы — монополистердің қызметі. Сондықтан мемлекет салық жүйесін дұрыстау арқылы монополистердің жұмысын реттеп отыруы керек.

Ал жаңа экономикалық теорияларға сəйкес, ақша — сарқылмайтын ресурс. Ғалым Жүсіпбек мемлекет ақшаны халық қажетін жабу үшін де, тым жоғары инфляцияны болдырмау үшін де қажет көлемде басып шығара бере алатынын айтады.