1524
27 ноября 2023
Бейімбет Молдағали, Власть, фото: Жанар Каримова

«Дәл осындай жол апаты ертең де қайталануы мүмкін»: апат картасын қалай жақсартуға болады?

Миллиондаған теңге жұмсалатын сервистің жұмысы дұрыс емес

«Дәл осындай жол апаты ертең де қайталануы мүмкін»: апат картасын қалай жақсартуға болады?

Бас прокуратураның құқықтық статистика комитеті жол апаты мен қылмыс статистикасын арнайы карталар арқылы қадағалап жүргеніне он жылдай болды. Карта шынайы ақпарат көзі болуы керек еді. Алайда, іс жүзінде бас прокуратураның апат картасында біршама қате бар, оны түзету де оңайға соқпайды. Ал бұл ресурс жол-көлік апатының алдын алу және оларға талдау жасау үшін қолданылуы керек еді.

2021 жылғы 3 желтоқсанда 15 жастағы Әділет Бақытов үйінен шығып, туысының үйіне жол тартады. Медициналық жедел жәрдем ауруханасы ғимаратына қарсы беттегі жаяу жүргіншілер жолында жасөспірімді Toyota Prado көлігі қағып кетті. Әділет сол жерде көз жұмды.

Полиция департаменті сол күні қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу нәтижесі бойынша, 30 желтоқсанда қылмыстық іс бойынша процестік келісім жасалды. Алайда Ақтөбе облысының полиция департаменті қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сүйеніп, істің мән-жайын жария етуден бас тартты.

Жарты жыл өткеннен кейін “Ақтөбе тұрғыны” жобасының негізін қалаушы, урбанист Батыржан Құсайынов халықаралық балаларды қорғау күніне орай парақшасына ақпараттық жазба дайындайды. Урбанист жолдағы балалардың қауіпсіздігі мен өлімі мәселесіне назар аударту мақсатында Әділеттің өліміне алып келген жол апаты болған жерге тақтайша ілмек болады.

“Бір қарағанда назар аударатындай көрінбегенімен, бұл сұмдық жағдай. Жыл сайын Қазақстанда жол-көлік апатының салдарынан 2 мыңдай адам қаза табады, оның 200-і – бала. Бұл мәселе жылдан-жылға шешімін таппаған күйі жалғасып келеді. Қоғамның енжарлығы да қынжылтады. Ұшақ құлап, 200 адам қайтыс болса, жалпыұлттық аза тұту күні жарияланады. Ал жол апатына ешкім мән бермейді. Әділеттің өліміне әкеп соққан жол апаттына байланысты шу да басқа жаққа ауып кетті. Барлығы Әділетті Ақтөбе облыстық мәслихаты депутатының ұлы қағып кеткенін талқылады”, – дейді Құсайынов.

Тақтайшада қате бар: оқиға 2021 жылы болған. Фото Батыржан Құсайыновтікі

Марқұмның анасынан рұқсат алған урбанист апаттың мән-жайын зерттей бастайды. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің арнайы қызметіне – жол-көлік оқиғалары көрсетілген апат картасына жүгінеді. Алайда, картада қате бар екен.

Апат картасында марқұм Әділет Бақытов зардап шегуші деп көрсетілген. Қатені түзету үшін 2022 жылғы 1 маусымда Құсайынов Ақтөбе облысы полиция басқармасының басшысы Зиятдин Күнбасовтың атына өтініш жібереді. 16 маусымда урбанистке қатенің түзеліп жатқаны туралы жауап берілгенімен, қате сол күйі түзетілмеген. Екі айдан кейін Құсайынов тағы да өтініш жіберіп, басқарма тағы да алдыңғы жолғыдай жауап берді. Алайда, тағы да ештеңе өзгерген жоқ.

“Власть” редакциясына берген жауабында құқықтық статистика мен арнайы есепке алу комитеті Әділеттің өлімін растап, дереу картадағы ақпаратты өзгертті. Мұндай қатенің қайдан пайда болғаны туралы сұраққа жауап берген ведомство оқиғаны тіркеу қалай жүретінін түсіндіріп кетті.

Құқықтық статистика комитеті 2011 жылдан бері адам өлімі мен жарақат алуына алып келген жол-көлік оқиғаларының бірыңғай есебін жүргізеді. “Апат картасы” интерактив жүйесі 2013 жылы жұмыс істей бастады.

Комитеттің айтуынша, лицензиясы бар бағдарламамалық жасақтамаға 2019 жылы 18,2 млн теңге жұмсаса, “Апат картасы” кіретін “Геоақпараттық жүйе” компонентіне 69 млн теңге жұмсалған. Оның құрамында “Қылмыс картасы”, “Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс картасы”, “Кәсіпкерлерді тексеру картасы”, Мемлекеттік органдарға жүгіну картасы” және басқа да жобалар бар.

Комитет “апат картасындағы мәліметтер толықтырылып, дұрыстығы тексеріліп тұратынын” да атап өтті.

Соған қарамастан, 15 жастағы Әділет Бақытовтың өліміне байланысты бұрыс ақпарат – картадағы жалғыз қате емес.

Биыл ақпан айында Ақмола облысының Шортанды ауылында теміржол өткелінде жүк пойызы мен автокөлік соқтығысты. Үш адам қайтыс болып, тағы үш адам ауруханаға түсті. Апат картасында Шортандыда дәл сол күні көз жұмғандар мен жарақат алғандар саны сәйкес келетін жол-көлік оқиғасы бар болғанымен, апат түрі “велосипедшіні қағып кету” деп көрсетілген.

2023 жылғы 18 сәуірде Астанада ұрланған көлікті айдап шыққан жүргізуші жүк көлігіне соғылып, сол жерде қаза тапты. Апат картасында дәл сол күні сол жерде “мал қағып кетті” деп көрсеткен.

Тағы бір жағдайда жол-көлік оқиғасы апат картасында мүлдем жоқ. Былтыр қарашада Жамбыл облысындағы Қарасу ауылында теміржол өткелінде автокөлік пойызбен соқтығысып, 6 адам қайтыс болған еді.

Урбанист Батыржан Құсайынов қатені көргенге дейін статистиканы талдау үшін апат картасын қолданып жүрген. Ол картаны ақпаратты визуал түрінде көрсетуге пайдалы әрі мәліметтерді тез іздеп табуға ыңғайлы құрал деп есептейді. Алайда, енді картаға сенбейтінін айтады.

“Енді апат картасын қолдануға тура келсе, ақпаратты тексеру үшін ресми сауал жіберуіме тура келеді. Артық әуре-сарсаң пайда болды. Қате бар ма, жоқ па деп құмалақ ашып отыратуға болмайды”, – дейді Батыржан.

Жол қозғалысын ұйымдастыру және жол апатынан болатын жоғары өлім көрсеткішіне қарсы Vision Zero концепциясының сарапшысы Азиза Таласбаева апат картасын барлық жобасында қолданып келген, алайда қазір одан бас тартып отыр. Ол адамдармен бетпе-бет кездесіп, ақпаратты тікелей алған жөн дейді.

Соңғы рет картаны Қарағанды мектептерінің біріндегі оқушылар маршрутының қауіпсіздігіне талдау жасау кезінде қолданыпты. Сарапшы картада сәйкес келмейтін мәлімет көп дейді. Астананың ықшамаудандарын зерттегенде де осындай қатеге тап болыпты. Сондықтан Азиза апат картасын дереккөз ретінде қарастырмайтынын және оның аса пайдасы жоқ екенін айтады.

“Есепте бұл мәселеге бір бөлімді арнадым. Мен таңдап алған жол бөлігінде жол апаты теміржолда болған. Жаяу жүргіншілерді таңдасам, ол апаттар көрінбейді. Бірақ жол апатының тығыздығы функциясын қоссам, бұл жол апаттары пайда болады, бірақ мән-жайы берілмейді. Сауал жіберсем, маған теміржолда жол апаты болған жоқ деп жауап береді. Ал жергілікті тұрғындар мен әкімшілік полиция адам қағып кету жиі болатынын айтады”, – деп түсіндірді Азиза.

Құсайынов сияқты ол да мемлекеттік органдарға сауал жіберуге мәжбүр, алайда меморгандар егжей-тегжейлі жауап бермейтінін айтады. Бұл зерттеу жүргізуді қиындатады және оның дәлдігіне де теріс әсер етеді. Жол апаттарының егжей-тегжейлі мәліметі мен сценарийі болмауы зерттеушілердің апатқа себеп болған факторлар мен контексті түсінуін қиындатады. Егер карта толыққанды мәлімет берсе, зерттеушілер не болғанын түсініп, мәселенің шешімін тауып беруге мейлінше жақындайтын еді. Бұл әр апатқа жеке-дара жағдай ретінде емес, жүйелі мәселе ретінде қарауға жол ашады.

“Диагноз қою үшін дәрігерге анализ немесе рентген керек, ал бізге жол учаскесінің белгілі бір бөлігіне “диагноз қоюға” мәлімет жоқ. Жол апатының немесе өлімнің себебін де жазса, дұрыс болар еді. Мысалы, тағылмаған белбеу немесе жылдамдықты асыру дегендей”, – дейді Таласбаева.

Ол жол апатынан қайтыс болғандардың жасы мен жынысы сияқты деректерді білу де пайдалы болады дейді. Мысалы, белгілі бір жол учаскесінде егде адамдар жиі қайтыс болатыны белгілі болса, онда жақын жерде егде адамдардың өтуіне қиындық тудыратын жерасты немесе жерүсті өткелі болуы мүмкін.

Сонымен қатар, Таласбаева картадағы көше-жол желісі көрінісін жақсартуды сұрайды. Ол деректерді цифрландыру немесе GoogleMaps немесе Яндекс Картадан алу үшін қосымша инвестиция қажет деп ойлайды. Бұл жол учаскесін жүргізушімен қатар, жаяу жүргінші ретінде де көруге мүмкіндік береді.

“Сол кезде апат орнына келген полиция қызметкерінің көзімен қарауымыз керек. Жай ғана жол-көлік апатының фотосы аздық етеді. Мысалы, апат болса, алдымен оның себебін оқып, кейін қоршаған ортаны панорамалық фото арқылы көру керек. Жылдамдық асыруға не итермелегенін немесе қандай жағдай түрткі болғанын білу керек. Егер жаяу жүргіншілер жолында қағып кетсе, ол тек “жол бермегенін” білдірмейді, ол жерде жаяу жүргінші көрінбейтіндей ағаш немесе автотұрақ бар шығар? Егер біз үнемі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді кінәлай берсек, онда дәл осындай апат ертең де қайталануы мүмкін”, – дейді Таласбаева.