3761
21 февраля 2024
Алмас Қайсар, Ақбота Узбекбай, Назерке Құрманғазинова, Власть

«Сайлаудан кейін саяси алаң толық тазартылды»

Қазақстандағы оппозициялық топтардың жағдайы қалай болып жатыр?

«Сайлаудан кейін саяси алаң толық тазартылды»

Қазақстанда 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі саяси институттарды жаңартып, реформа жасауға сөз берді. Осыдан соң оппозициялық топтар партияларын тіркеуге кірісті, тағы бір бөлігі сайлауда өкілетті орган құрамына кіруге тырысты. Бірақ ешқайсы да ойлағанын жүзеге асыра алмады.

Содан бері көптеген белсенді қуғынға ұшырады, оппозиция көшбасшылары нақты және шартты мерзімге қамалды. Осыған қарамастан, олар түрлі жолмен күресіп келеді. Власть түрлі саяси топтардың белсенділерімен кейінгі жылдары болған оқиғалар туралы және болашаққа жоспарлары туралы сөйлесті.

Билік үшін күрес

Әртүрлі саяси партия құруға ниетті бастамашыл топтар оншақты рет әділет министрлігіне өтініш қалдырды. Бірақ ведомство үнемі қол қойғандардың арасында қайтыс болған адамдар, шетел азаматтары мен кәмелет жасына толмағандар бар деп тіркеуден бас тартумен келеді.

Қол қойған, партия мүшесі болуға дайын адамдардың видеожазбасын ұсынып, министрлік алдына қолдау тобымен келіп, «тірі» екенін айтып айғайлағанына қарамастан, өтініштері әлі де кері қайтарылып жатыр.

«Өтінішімізді қабылдамағаны үшін министрлікпен соттасып жатырмыз. Олар тізім саяси партиялар туралы заңның 8-бабына сәйкес келмейтінін айтады. Мен үнемі ол жерде партия “мүшелері” деп жазылғанын, ал бізде әзірге мүше жоқ екенін, біз жай ғана бастамашы топ екенімізді айтамын», – дейді «Алға, Қазақстан!» оппозициялық партиясын құру бойынша бастамашыл топ белсендісі Бибігүл Иманғалиева.

«Алға, Қазақстан!» 2022 жылы құрылған. Көшбасшысы оппозициялық саясаткер әрі диссидент, марқұм Жасарал Қуанышалин болған. Ол қайтыс болған соң 2023 жылы 7 жылға сотталған марафоншы әрі белсенді Марат Жыланбаев бастамашыл топ төрағасы болды.

«Алға, Қазақстан!» бастамашыл тобының мүшесі Әсет Әбішев топ мүшелері басқа қатарластарымен өтініш жазуға барған сайын оларды 15 тәулікке қамап, үздіксіз қысым жасап отырғанын айтты.

Әсет Әбішев және Бибігүл Иманғалиева, фотоны түсірген Данияр Мүсіров

«Жинала қалсақ, құқық қорғау органдары жетіп келеді. Өйткені біз құжат тапсыратынымызды алдын ала айтамыз. Прокурорлар келіп, рұқсат етілмеген митиң екенін айтады. Бұл – жиын емес, бар болғаны тізім бергенде бізді қолдайтын топ. Бар екенімізді осылай білдіріп жатырмыз», – дейді ол. Әсет Әбішев жаңа жылдан кейін ғана кезекті әкімшілік қамаудан босап шықты. Ол Астанадағы баспасөз конференциясынан кейін екі рет 15 тәулікке қамалған.

Белсендінің айтуынша, құқық қорғау органдары бастамашыл топ мүшелеріне қоңырау шалып, партия қызметіне кіріспеуге және партияны қолдау үшін ақша аудармауға үндейді.

Осыған қарамастан, олар тіркелу үшін амал жасауды жалғастырып жүр. Жақтастарының қатарын көбейту бағытындағы жұмыс қатар жүріп жатыр. Бибігүл Иманғалиеваның айтуынша, басты мақсат – «тіркеуден өтіп, елдің институционалдық органдарына қосылу.

«Адамдар өзгеріс болғанын қалайды. Парламенттік жүйе орнатқымыз келеді. Оған біз үлкен, халық қолдайтын бір күш екенімізді көрсете отырып қана жете аламыз. Әрине, біздің партияның керегі шамалы деп ойлайтындар да, біздің елде тек қолға қару алып шығып қана өзгерту жасауға болады деп есептейтіндер де бар. Біз бұған қарсымыз, бәрі бейбіт жолмен болғанын қалаймыз. Қаңтар қайталанғанын қаламаймыз», – дейді Бибігүл Иманғалиева.

«Алға, Қазақстан!» белсенділерінің саяси тұтқындарды босатуды және саяси партияларды тіркеуді талап еткен митингі, 2022 жылғы 21 тамыз, фотоны Алмаса Қайсар түсірген

Тіркелмеген «Атажұрт партиясының» төрағасы Бекзат Мақсұтхан да «саяси партиялар туралы заңның» 8-бабына сілтеп, өтініштері кері қайтарылып жатқанын айтты.

Оның партиясы бұрын «Атажұрт еріктілері» (тараған соң «Нағыз Атажұрт еріктілері» деп өзгертілді) құқық қорғау ұйымы ретінде жұмыс істеді. Бұл ұйым Қытайдағы этникалық және қуғын-сүргіннен Қазақстанға қашып келген қазақтардың құқығын қорғаумен айналысады. 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін олар партия құратынын жариялады.

«Осында, Қазақстанда саяси еркіндікті қорғауымыз керек екенін түсіндік. Бұған қол жеткізу үшін Қазақстан еркін және демократиялық ел болып өзгеруі керек», – дейді ол.

Бекзат Мақсұтханның айтуынша, ұйым мүшелерінің көбі бұрын билікке араласуға қарсы болған. Бірақ Қаңтар оқиғасынан кейін ұйымдағылар бастаманы бірауыздан қолдаған.

«Тіркелген партиялардың біреуі де халықты, Қаңтар кезінде зардап шеккендерді жақтаған жоқ. Біз нағыз оппозициялық партия болуымыз керек деп шештік», – дейді ол.

Бекзат Мақсұтхан, фотоны түсірген Данияр Мүсіров

Оның айтуынша, ұйым мүшелері тіркелу амалын жалғастыру үшін жақтастарының санын арттыруды жоспарлап отыр. Бекзат Мақсұтхан саясатқа батыл қадам жасамақпыз дейді.

«Билікке келгіміз келеді. Заң бәріне тең, әділетті ел болғымыз келеді. Елдің егемендігі қорғалғанын қалаймыз. Қазақстан халқының және әлемнің әр түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың саяси еркіндігін қорғағымыз келеді. Бірақ бұл диктатура орнатамыз деген сөз емес. Бар болғаны, әділ сайлауға қатысқымыз келеді. Ұтылсақ, ұтылғанымызды мойындаймыз», – деп түсіндірді ол.

Тіркелмеген Демократиялық партияның белсендісі Инга Иманбай бастамашыл топ мүшелерінің көлігін өртеу сияқты «террористік әрекетке» дейін жететін қысымнан кейін партияны тіркеу туралы ойдан айнығандарын айтады.

«2019 жылы тіркеу туралы заңның ақылға қонымсыз талабына қарамастан, мыңдаған қол жинай алдық. Съезд өткізуге дайын болдық, бірақ мемлекет не істеді? Бәріміздің үйімізге қауіпсіздік күштері келіп, неге оппозицияны қолдайтынымызды сұрады. Кейін қорқыта бастады. Сонда біз мемлекет басқарушы партияға қарсы шыға алатын партияны тіркегісі келмейтінін түсіндік», – дейді ол.

Инга Иманбай, фотоны түсірген Алмас Қайсар

Қазақстанның демократиялық партиясын 2019 жылы оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай мен оның жақтастары елде «шынайы демократиялық реформа» өткізу үшін құрды.

Бұрынғы мәжіліс депутаты әрі оппозиционер Нұржан Әлтаев та El Tiregi партиясын тіркеуге әрекет жасап көрді. Өтініші оншақты рет кері қайтарылған соң, алдымен 2022 жылғы президент сайлауына үміткер болуға, кейін жақтастарымен парламент сайлауына қатысуға тырысып көрді. 2023 жылғы қарашада оған пара алды деген айып тағылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Саясаткердің өзі бұл істің саяси астары бар екенін мәлімдеді.

Қысымның артуы

2023 жылғы наурызда парламент сайлауы өтті. Оған жергілікті және республикалық өкілетті органдарға кіруге тырысқан көптеген саяси топ өкілдері қатысты. Алайда тәуелсіз кандидаттар жеңіске жете алмады, олар сайлауда бұрмалау көп болғанын мәлімдеді.

Парламент сайлауынан соң олардың көбі қуғын-сүргінге ұшырады. Оларға «заңсыз жиындар ұйымдастыру» сияқты айыптаудан бастап «экстремистік ұйымдарға қатысуға» дейінгі түрлі бап бойынша айып тағылды.

Сайлаудан үш апта өткеннен кейін 10 сәуірде сот Демпартия көшбасшысы Жанболат Мамайға алты жыл шартты жаза беріп, қоғамдық-публицистикалық қызметпен айналысуға тыйым салды. Жоғарғы сатыдағы соттың бәрі үкімді қайта қараудан бас тартты, сонымен қатар оған кітап жазуға тыйым салды.

«Бұл – елдегі қуғын-сүргіннің шыңы. Орта ғасырда жазылып біткен кітаптарды өртеп жіберетін. ХХІ ғасырда болып жатқан оқиғалардың өзі елдің жағдайын анық көрсетеді», – дейді Инга Иманбай.

Оның айтуынша, Қанды Қантар оқиғасынан кейін құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандар саны екі есеге артты. Қаңтар оқиғасы бойынша қуғынға ұшырағандарды қоса есептесек, «он есе артты».

«Сайлауға қатысқандардың бәрі қуғын-сүргінге ұшырады. Биліктің оппозицияға көзқарасы осындай. Қарсы күрескен халық қуғынға ұшырап, елде Amanat пен соның серіктері ғана қалады. Сайлаудан кейін саяси алаң толығымен тазартылды», – дейді ол.

«Атажұрт партиясының» мүшелері оларда сайлау жарнасы болмағаны үшін сайлауға қатысудан бас тартқан, бірақ соған қарамастан қуғын-сүргін күшейе түскен.

«Партиямыздың Қызылордадағы мүшесін әлеуметтік желідегі жазбасы үшін қамағысы келді, бірақ біз іске адвокатты араластырған соң, әкімшілік іс ретінде қаралатын болды. Бейнеуде, Павлодарда және Жаркентте тұратын партия мүшелеріне де полиция үнемі келіп тұрады. Жаркентте партиямыздың мүшесін полиция арыз жазуды қойсын деп қорқытқан. Сонда ол тек жергілікті фермерлерді қолдауды сұраған еді. Біз бұны қудалау деп есептейміз», – дейді Бекзат Мақсұтхан.

2023 жылғы қарашаның аяғында тіркелмеген «Алға, Қазақстан!» партиясының көшбасшысы әрі марафоншы Марат Жыланбаев «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты және экстремизмді қаржыландырды» деген айыппен жеті жылға сотталды.

Жақтастары мен халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдары оның қудалануының да саяси астары бар деп есептейді.

«Сәйкеспейтін тұсы көп. Марат экстремизм үшін айыпталып отыр, ол Мұхтар Әблязовпен және оның штабының үйлестірушісі Заманбек Тілеулиевпен бір чатта болған дейді. Бірақ Әблязовті де, Заманбекті де сот террорист немесе экстремист деп таныған жоқ. Мемлекет сотта ашықтан-ашық белден басуға барып отыр. Бұл – ел тізгінін ұстағандардың бұйрығы», – дейді «Алға, Қазақстан!» бастамашыл тобының мүшесі Әсет Әбішев.

Марат Жыланбаев, фотоны түсірген Тимур Нүсімбеков

Ол Марат Жыланбаевтың бастамашыл топтың екі мүшесіне сайлау жарнасын төлеу үшін ақша аударуы «экстремистік ұйымды қаржыландыру» деген баппен қозғалғанын айтады.

«Прокуратура бастамашыл топ мүшелерінің экстремист емес екенін растады. Бірақ, Жыланбаевты экстремистерді қаржыландырды деп айыптап отыр. Бұл қаржының мемлекеттік бюджетке түскенін ескерсек, тіптен күлкілі», – дейді ол.

Әсет Әбішев партияларын «Әблязовпен байланыстыруға» тырысу бар екенін де тілге тиек етті.

«Ол бізді қолдайды, оны жасырмаймыз. Сол сияқты біз де оны қолдаймыз, бағдарламамызда ұқсастық та бар. Бірақ бізді бұл ұйыммен байланыстырудың еш мәні жоқ. Мүмкін бізді экстремистік ұйым дегісі келетін болар. Құқық қорғау жүйесі құқық бұзады, оларға тіпті ешқандай дәлел де қажет емес», – дейді ол.

Oyan, Qazaqstan! белсенділері Ақбота Шәріпжан мен Дархан Шәріпов те саяси қуғын-сүргін салдарынан азаматтық бесенділікпен айналысу қиындап кеткенін айтады. Былтыр екеуі де бейбіт шеруге қатысқаны үшін әкімшілік қамауға алынған.

«Адамдар өміріне алаңдайды. Ресей заңнамасына жақындау байқалады, соның ішінде БАҚ туралы заң да бар. Маған авторитаризм күшейіп бара жатқандай сезіледі», – дейді Ақбота Шәріпжан.

Oyan, Qazaqstan! – 2019 жылы Алматыдағы түрлі жас азаматтық белсендінің басын қосқан, саяси реформаға ұмтылатын қозғалыс.

Дархан Шәріпов пен Ақбота Шәріпжан, фотоны түсірген Данияр Мүсіров

Желтоқсан мен қаңтарда алты белсенді 15 тәулікке қамалды. Олардың бір бөлігі Тәуелсіздік күні болған наразылық шеруіне қатысқаны үшін, тағы бір бөлігі бұрын қамауға алынғандарды қолдау шарасына қатысқаны үшін ұсталды.

«Белсенділер арасында 15 тәулікке отырып шығу деген жиі болып тұрады. Оған таңғалған кезіміз болмапты. Бірақ бұл біздің көңіліміз толады деген сөз емес. “Соңы қалай болатынын білдіңіз ғой?” деп жиі сұрайды. Жоқ, олай емес. Біріншіден, түрмеге ешқашан дайын болмайсың. Екіншіден, бұлай болмауы керек. Митиңге бармасаң, бәрі жақсы болады деген нарратив дұрыс емес, бұл – әркімнің жеке таңдауы», – дейді қамалған алты белсендінің бірі Ақбота Шәріпжан.

Түрлі бағыттағы күрес

Ақбота Шәріпжан қозғалыстың мақсатында айтарлықтай өзгерген ештеңе жоқ екенін айтады, о бастағы азаматтық декларацияда көрсетілгендей, саяси реформа жолында күреседі.

Дархан Шәріповтің айтуынша, олар қозғалыстың дамуы, әсіресе медиа алаңдағы көрінісі бойынша түрлі мүмкіндікті де талқылап жүр.

«Иә, белсенді болу маңызды, бірақ адамдарға бірдеңе бере де алу керек. Меніңше, биыл біз ақпарат құралдарында танылу жағынан дамуға көңіл бөліп, ауқымды аудиторияға жұмыс істейміз. Әйтпесе жабылып қалған сияқты әсер қалдырамыз, – дейді ол.

Дархан Шәріпов 2019 жылға қарағанда қозғалыс белсенділерінің саны азайып кеткендей болып көрінеді дейді. Алайда, «негізгі адамдар тобы» әлі орнында екенін, ал жекелеген белсенділер тұрақты түрде қосылып отыратынын айтты.

«Біреу құқық қорғау ұйымдарына, біреуі ҮЕҰ-ға кетіп жатыр. Белгілі бір көшбасшы болмауын біздің мықты тұсымыз деп есептеймін. Қандай да бір “жетекші” арқылы әсер ету мүмкін емес. Қозғалыстағы әр адам өзі бастамашы болуы керек», – дейді Ақбота Шәріпжан.

Алайда ол билік өкілдерінің қозғалысқа құпия қызмет өкілдерін енгізуге әрекеттенуінен туған жалпы сенімсіздікке байланысты қозғалысқа «жаңа мүшелердің қосылуы» әлсіз тұсы болып қала беретінін айтады.

Олар ел «билігіне таласқысы» келмейтінін айтады, қозғалыстың басты міндеті – түрлі белсендіге алаң ұсынып, азаматтық белсенділік үлгісін және бұған мемлекеттің көзқарасы қандай екенін көрсету.

Дегенмен, Ақбота Шәріпжан қозғалысқа Қанды Қаңтар оқиғасы әсер еткенін айтады.

«2019 жылы бейбіт жиындардың біз үшін маңызды екенін айттық. Қаңтар мұның панацея болмауы мүмкін екенін көрсетті. Адамдар жиналған соң, оларға оқ атты. Осыдан кейін кейбір белсенділердің үміті үзілді. Бірдеңенің дұрыс емес екенін көрсететін белгілі бір моральдық компас пайда болды», – деп түсіндірді ол.

Алайда, осы оқиғалардан кейін қозғалыстың кейбір белсенділері «болашақта пайдалы болуы мүмкін маңызды тәжірибе» үшін парламенттік сайлауға қатысты. Сонымен қатар олар Маңғыстаудағы жұмысшылармен, түрлі наразылық топтарымен және феминистік бастамалармен ынтымақтастығы туралы жариялап жүр.

«Біз мемлекет Конституцияда жазылғандай мемлекет болғанын қалаймыз», — деп Дархан Шәріпов қозғалыстың құндылығын тағы бір түсіндіріп өтті.

Бекзат Мақсұтханның айтуынша, кейінгі кездері «басқа барар жер жоқ» екенін айтып, «Атажұрт партиясына» қосылатындар көбейген. Партия мүшелері өздері тұратын өңірдегі мәселелерді шешіп жүр.

«Республика бойынша 20-ға жуық өкіліміз бар. Олар Маралдыға (Шығыс Қазақстан облысындағы ауыл, тұрғындар алтын өндіру фабрикасының салынуына қарсы – В.) өңір тұрғындарын қолдау үшін барды, Ақтау мен Жаңаөзеннен келген өкілдер жұмысшылармен байланыста. Есікте партия мүшелерінің бірі ауыз суға қол жеткізу мәселесімен айналысса, Қазақстанның батысында біздің өкіл қандастардың құқығын қорғайды», – дейді ол.

Инга Иманбай қазір Демпартияның басты мақсаты ағарту дейді. Алайда олар әлі атаулы даталарда наразылық шеруіне шығып, «қудалаудан қорықпайтынын» көрсетіп жүр.

«Үлкен аудиториямыз бар, YouTube арнамызға 635 мың адам жазылған. Қысымға қарамастан, жолымыздан таймай, елде болып жатқан барлық нәрсе туралы ойымызды ортаға саламыз. Негізгі мәселелердің шешілмегенін көріп отырмыз. Назарбаевтар миллиардтарымен Астанада шалқып жүр, ал әлеуметтік теңсіздік әлі сол күйінде қалып отыр», – дейді ол.

Сонымен қатар әйелдер құқығы әртүрлі белсенді арасындағы күрестің негізгі тақырыбы болып қала береді. 2023 жылғы қарашада Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргеннен кейін қоғамда наразылық туып, заңнамада тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресу бойынша жеткілікті шара жоқтығы туралы пікірталас күшейе түсті.

Осыдан кейін фембелсенділер тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты заңдарды қатаңдатуды талап етіп митиң ұйымдастырмақ болды, бірақ әкімдіктер рұқсат бермеді. Бұған қоса олар 2024 жылғы 8 наурызда Алматыда әйелдер маршын өткізу туралы өтініш бергенімен, оны да үш рет кері қайтарған.

«Феминита» бастамасының негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаева әйелдер құқығын қорғау биліктің шешімдерімен тікелей байланысты болғандықтан, олардың қозғалысы саяси сипатқа ие деп есептейді.

«Феминизм деген – саясат. Әйелдер өзін саясатта, соның ішінде шешім қабылдау деңгейінде көруі керек. Парламенттің 50%-ы әйел болғанда тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күрес туралы заң жобасы әлдеқашан қабылданған болар еді», – дейді ол.

Алматыда әйел құқығы үшін өткен митинг, 2023 жыл 8 наурыз, фотоны түсірген Данияр Мүсіров

Жанар Секербаева елдің түрлі қаласында ұйымды қолдайтындар саны артып келе жатқанын айтты.

«Бізде «Марштағы құрбылар» деген топ бар, олар бізге флешмоб, пикет ұйымдастыруға және постер салуға көмектеседі. Адамдардың өз қаласында шеруге шыға алғаны немесе бізге қосылғаны – басты мақсатымыз», – дейді ол.

Белсенді жыл сайын әйелдер шеруінің тақырыбы мен мақсаты әртүрлі болатынын айтады. 2024 жылғы тақырып – «Қазақстандағы әйелдердің қауіпсіздігі».

«Бізді биылғы оқиғалар алаңдатады. Әйел өлтіру. Фемицид. Тақырыптарымыз өте қарапайым, әкімдік оны неге «қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді» деп есептейтінін түсінбеймін», – дейді Жанар Секербаева.

Сонымен қатар, Қазақстанның әртүрлі өңіріндегі жұмысшылар да белсенді күреске кірісті, арасындағы ең белсендісі – Маңғыстау. Мұнайшылар тәуелсіз кәсіподақтармен бірлесе отырып, өз ұйымдарын тіркеуге және еңбек жағдайын жақсартуға тырысып жатыр.

Аймақта 2023 жылғы желтоқсаннан бері ереуіл толқыны болды, олардың кейбіреуі әлі де жалғасып жатыр. Наразылық шаралары кәсіпорындағы мәселелерге қатысты болғанымен, кәсіподақ белсенділері шешімнің қабылдануы Қазақстан басшылығының саяси ерік-жігеріне байланысты екенін айтады.

«Олигархтардың бизнесін қорғайтын кәсіпкерлік кодексіне байланысты мемлекеттік органдар тексеру жүргізе алмайды. Ол еңбек кодексінен маңыздырақ болып қала береді. Халық кедейлене береді, ал олигархтар бай бола түседі. Саяси шешім керек», – дейді отын-энергетика кешені салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Құспан Қосшығұлов.

Өңірлердегі белсенділік

Парламент сайлауынан кейін өңірлердегі кейбір белсенді түрлі қоғамдық ұйымдарға бірігіп, ауыл, аудан, облыстық маңызы бар қалалардағы сайлауға бақылау жасады. Мәселен, шымкенттік белсенді Данияр Байтілеу мен оралдық журналист Лұқпан Ахмедьяров осылай дейді.

«Оларға бұдан пайда көп, бұл әртүрлі белсендінің ықпалы мен бірігуін арттырады. Олар семинарларға барып, басқа өңір белсенділерімен бірігіп, жүйелі жұмыс істейді», – дейді Лұқпан Ахмедьяров.

Данияр Байтілеу белсенділер «саусақпен санарлық» екенін, ал қудалау әлі жалғасып жатқанын айтады.

«Бірнәрсе бола қалса, полиция үйімізді қарауылдап шығады. Митиңге шығуды қойдық, өйткені оны өткізу туралы өтінішімізді үнемі кері қайтарады», – дейді ол.

Ал басқа белсенділер Қанды Қаңтар оқиғасы мен содан кейін болған қуғын-сүргіннен соң азаматтық белсенділік басыла бастағанын айтады.

Атыраулық азаматтық белсенді Макс Боқай Қаңтар оқиғасынан кейін өңірде шамамен 900 адам ұсталғанын, олардың бір бөлігі азап көргенін айтады. Кейін 27 адам сотталған.

«Осыдан соң кім наразылық шарасына шығады? Өмірі бітпейтін әлеуметтік мәселелерге қатысты кішігірім белсенділік бар», – дейді ол.

Макс Боқай, фотоны түсірген Алмас Қайсар

Макс Боқай белсенділіктің бәсеңдегеніне наразылық шарасына шыққаны үшін айыппұл салу мен қамауға алу әсер етеді дейді.

«Белсенділердің онсыз да тұрақты жұмысы жоқ. Айыппұл салынған соң олар тіптен қиналып қалады. Өзім 2023 жылы белсенділік бәсеңдей ме деп жорамалдағанмын. Жаңаөзен оқиғасынан кейін Қазақстанды 2015 жылға дейін үнсіздік жайлады. Біреуі шаршап қалды, енді бірі қорқып қалды, тағы бірі үмітін үзді. Меніңше, Қаңтардан соң да солай болады», – деп түйіндеді белсенді.