5358
29 февраля 2024
Бейімбет Молдағали, Власть, Жанара Каримованың фотосуреттері

«Көшпелі тұрмыста қолданылған заттарды жинаймын»

Суретші қазақтың көне бұйымдарын бүкіл әлемнен іздейді

«Көшпелі тұрмыста қолданылған заттарды жинаймын»

Зергер әрі суретші Сержан Бәшіров көп жылдан бері қазақ мәдениетіне қатысы бар заттарды жинаумен айналысады.

Власть бүкіл әлемнен коллекция жинау қалай басталды, неліктен этнография қызықтырды деген сауалдарға суретшімен бірге жауап іздеп, қазақ халқының аутентикалық стилі туралы әңгімелесті.

Сержан Бәшіров Astana International University өнер және дизайн мектебінде сабақ береді. Шеберханасы университет ғимаратының жертөле қабатында орналасқан. Ұзын дәлізге ескі кілемдер ілініп, сандықтар қойылған. Ал түкпірдегі шағын бөлмеде суретшінің жұмыстары мен коллекциясындағы кейбір заттар бар.

"Менің жұмысымның барлығы төл мәдениетімізден бастау алады және соған сүйенеді. Ойдан құрап әлдене жасау қиын болар еді, — деп күледі Бәшіров. — Мұның бәрі мыңдаған жыл бойы қалыптасқан дүние".

Жақында жасаған сериясында ол сырмақ (сырып тігілген киіз) пен аяққапты (ыдыс сақтайтын қап) металдан жасап шығарды. Ағаштан жасалған тағы бір сериясында күн бейнесін жиі пайдаланады, өйткені көп халықтың наным-сенімінде ол киелі, өмір сыйлаушы деген түсінік бар.

"Жібек жолы" сериясында Қазақстанның жер бедері бейнеленген, абстрактылы композициялары да бар. Мысалы, адамның басы мен қару.

Зергер Қазақстан қалаларына арналған серия туралы айтып берді, бұйымдар арасынан мұнай мұнарасының пішіні көзге оттай басылып, Атырау екенін оңай аңғаруға болады.

Сонымен қатар ол Қазақстанның түрлі аймақтарында жиі кездесетін ескі сақиналардың көшірмелерін жасайды. Металл мен ағаштан бөлек, сүйектен жасалған жұмыстарды да көруге болады. Жақында ол малдың жауырын сүйегінен жасалған жаңа серияны қолға алды.

"Халқымыз жауырынның қасиеті бар деп білген. Жауырынға қарап ауа райына болжам жасайтын болған", — дейді ол сүйекке әуестене қарап. Ал жауырынның доғалданған пішіні даланы еске түсіретінін айтты.

Сержан Бәшіров өнерге бала кезінен қызыға бастаған. Сурет салғанды жақсы көргенімен, әкесінің гаражында шұқынып, металл бұйымдармен жұмыс істеуге тіптен ерекше құмартыпты. Сегізіншіні бітіргеннен кейін сыныптастарымен бірге Өскеменнің іргесіндегі Саратовта орналасқан ауыл шаруашылық училищесіне түспек болады. Алайда әкесі райынан қайтарып, өнермен айналысуға бағыттайды.

Әкесі 14 жасар ұлын Алматыға әкеліп, көркемсурет техникумына құжат тапсыртады. Бәшіров емтихан тапсыру қиынға соққанын еске алады, өйткені грамматика, анатомия, композиция мен компоновка туралы мүлдем хабары болмаған. Ал орыс тілінен диктант жазғанда "2" алыпты.

"Үйге қайтуға намысым жібермеді. Алматыға думандатып шығарып салып еді, сондықтан ұят қысып, үйге орала алмадым", — дейді.

Училищеге түсуге дайындайтын курс бар екенін естіп біледі. Жұмыс істеп, кешкі мектепте оқиды. Әпкесі күн сайын орыс тілінен диктант алады. Келесі жылы "металды көркемдеп өңдеу" мамандығы бойынша техникумға түсіп, 1979 жылдан 1984 жылға дейін оқиды. Екі жыл әскерге кетіп, сол жақта сарбаздардың суретшілер клубында машықтанады. Содан кейін театр-көркемсурет институтына "мүсін" мамандығына оқуға түсіп, бес жыл білім алды.

"Сол кезден өнерге жақындау кезеңі басталды. Қайта құру басталған кезең еді, елде қызық оқиғалар болып жатты, Желтоқсаннан кейін жастар белсенді бола түсті. Ешқашан газет оқымаған адамдар жаңалықтарға назар аударып, тарихқа үңіле бастады. Сол кезде Қазақстанның әр аймағындағы өнер адамдары да шабыттанды", — деп еске алды Бәшіров.

Осы кезде көп уақыт бойы темір перденің ар жағында, белгісіз болып келген батыстың өнер ағымдарымен алғаш рет танысады. 80-жылдардың соңында ол тәжірибеден өту мақсатымен Санкт-Петербургте болып, үлкен көрмеге тап болады. Ол жерге студенттерді Зияхан Шайгелдинов немесе Шайзия деген есіммен белгілі авангардшы алып барады. Бәшіровтың айтуынша, Шайзия ішпей-жемей, тек көрмені қызықтаумен болады.

"Ол кезде біздің санамыз мұның бәрін аса қабылдай қойған жоқ. Кеңес одағынанбыз ғой. «Немене өңшең қоқысты жинап алған? Сынған күректердің қажеті не?» деп ойладық. Біртүрлі көрінсе де, түпкі жандүниеміз қызығып тұрды. Институтта да өнерге жаңаша көзқараспен қарайтын жастармен таныстық. Мәскеуде, Киевте көргендерін айтатын. Оқудан кейін үйге қайтпай, жертөледе жиналып, өнер тақырыбын талқылаушы едік", — дейді Бәшіров.

Одан кейін Бәшіров металды көркемдеп өңдеуді үйрете бастады: алдымен Алматыдағы колледжде және Жүргенов атындағы өнер академиясында сабақ беррді, кейін Астанаға қоныс аударды.

Әжейдің тиынынан басталған коллекция

Техникумда оқып жүргенінде Бәшіровке Дүйсен Сейдуалиев, Арыстанбек Хасенов секілді жас мамандар сабақ берді. Ал директор белгілі шебер Дәркембай Шоқпаров болды. Бәшіровтың айтуынша, сол кезде ұлттық мұраға аңсары ауады.

"Қалай десек те, біз орыстың, кеңестік кеңістіктің өнер ағымында болдық. Сол кезде Алматыдағы он суретшінің біреуі ғана қазақ еді. Ұстаздарымыздың ықпалымен музейлерге жиі барып, тарихи заттарға қызыға бастадық. Жазушы Көкей Сақабаев мені сол кезде Вознесенск кафедралы шіркеуінде орналасқан Алматының орталық музейіне апарғаны әлі есімде. Экспонаттардың жақын болғаны сонша, қолмен ұстағандай әсер беретін", — дейді Бәшіров.

1980 жылдардың соңынан бастап Бәшіров ескі заттарды жинауды бастайды. Дәл қазір коллекциясында қанша бұйым бар екенін зергер өзі де білмейді, санап та жүрген жоқ, өйткені онда бөлшектелген заттар көп. Бірақ алғашқы экспонат есінде мәңгіге қалды.

"Оқуда жүргенімде әжем ауылдан Николай патшаның басы бейнеленген елу тиындық бақырды жіберіп, сақина жасап беруді сұрады. Мен мұндайды мұражайдан де көрмеппін, сондықтан бүлдіруге қимадым. Сақинаны басқа заттан жасадым да, елу тиынды сақтап қойдым. Сол кезде оған күн сайын қарай беретінім есімде", — деп еске алады Бәшіров.

Осы әуестігі коллекция жинауға жол ашқан: "Мысалы, музейде мынадай құсмұрын сақинаның кері жағын көре алмайсың. Ал оны ұстап көргің келеді, тіпті бөлшектегің келіп тұрады. Мен кейде көшірмелерін жасаймын".

Этнографияға қатысы бар көп бұйым XVIII–XIX ғасырға жатады. Олардың арасында жемқалта, яғни дән мен ұн сақтауға арналған ешкі терісінен жасалған қап та бар. Қалақ домбыра немесе Абай домбыра деп аталатын пішіні ерекше домбыра. Сүт немесе ашыған сүт өнімдеріне арналған тері ыдыс – торсық та бар.

"Мен тұрмыста, әсіресе көшпелі өмір салтында қолданылған бұйымдарды жинаймын. Бұл заттарды бала кезімде көргенмін. 90-жылдары біз Наурызды тойлай бастадық. Мен осы ескі заттарды алғашқы мейрамдарға апарып жүрдім, адамдар қызығып, кейбірі үйінде де осындай заттар бар екенін айтатын және маған ұсынатын", — дейді Бәшіров.

Бәшіров коллекциясына экспонатты барлық жерден іздейді: жұрт жеке заттарын шығарып сататын Алматының орталық мәдениет және демалыс саябағынан, жол түскен алыс ауылдардан, тіпті шетелдегі ескі-құсқы сататын базардан да табады. Шетелден қазақ мәдениетіне ғана емес, Орталық Азия елдерінің мәдениетіне қатысы бар заттарды да тауып алып жүр.

"Ол заттар шетелге қалай жетті екен деп жиі ойланамын. Революцияға дейінгі кезеңдегі ориенталистер арқылы барған болуы мүмкін. Болмаса, қайта құру заманында Алматыда сатылды немесе Мәскеуге әкетілді, енді міне, базарлар мен галереялардан көрініп жүр", — дейді Бәшіров.

Оның айтуынша, базардағы заттар бастапқыда қымбат көрінгенімен, аса қымбат емес. Мысалы, Қазақстанда 200 долларға бағаланатын сақиналар ол жақта он есе арзан тұрады. Коллекционер қайтыс болса, мұрагерлері мұндай заттардың құндылығын білмей, базарға шығарып жататын жағдайлар жиі кездеседі.

"Мен үшін бұның бәрін Қазақстанға қайтару маңызды. Біздің бұйымдардың шетелде бар екені қуанышты жағдай, бірақ мұра өз орнында болуы керек. Олар тиісті деңгейде бағасын алатын, зерттеліп, олар туралы ақпарат жиналған галереяларда тұруы керек", – дейді коллекционер.

2020 жылы Бәшіров Будапештен ХІХ ғасырдың басына жататын Батыс Қазақстаннан шыққан екі қазақ сақинасын көреді. Сол жерден киізден жасалған аяққапты да табады. Америка Құрама Штаттарынан ауғандық және ирандық деп есептелген екі қазақ бұйымын сатып алады. Бәшіров стилі арқылы олардың Кіші жүздің бұйымдары екенін анықтаған. Ал жақында Тбилисиде өңіржиек (ұлттық зергерлік әшекей) бөлшегіне тап болыпты.

"Сатушылар оны дағыстандық деді, бірақ ол біздің қазақтікі. Батыс Қазақстанда сіркелеу деген ерекше техника бар, яғни түйіршіктерді үшбұрыштап бүршіктеу бізге ғұндар дәуірінен келген. Оны өзгемен шатастыру мүмкін емес", — дейді Бәшіров.

Бәшіровтың коллекциясы толыға түскені сонша, экспонаттарды сақтайтын орын жетпейді. Қазір заттарының бір бөлігін — ең құнды әрі маңызды дегендерін Бейбітшілік пен келісім сарайының екі көрме залынан тамашалауға болады. Маңғыстаулық сықырлауық (киіз үйдің есігі) ерекше көзге түседі. Бәшіров оны Алматыдан сатып алғанын айтады. Иесі жаңа есік орнатып, ескісін сатып жіберіпті.

"Сықырлауық көшіп-қонуға ыңғайлы, оған шегенің қажеті жоқ. Босағаның орны да, жөні де бөлек, өйткені басқа әлемге, жеке кеңістікке өтуді білдіреді. Бірнеше есіктің жоғарғы жағынан тұмар тауып алдым, ішінде хат бар, бірақ мен оны ашқан жоқпын", — дейді Бәшіров.

Киіз үй есігінің бірінде жасырылған тұмар, Бәшіровтың фотосуреті
Коллекцияда жастық ағаш бар, біреуі Атыраудан, екіншісі Маңғыстаудағы қарақалпақтардан әкелінген.
Бәшіров ХІХ ғасырдың тас диірменін ерекше атап өтті: мұндай заттардың көбі Қазақстанда граниттен жасалса, мынау Каспий жағалауындағы ұлутастан жасалған.
Оның коллекциясындағы бұйымдардың біразы Қазақстанның батыс бөлігінен әкелінгенін Бәшіров Маңғыстауда соңғы уақытқа дейін киіз үй жасау дәстүрі сақталғандықтан деп түсіндіреді.


"…Әкеміздің үйінде өнер тұрсын сақталып"

Бәшіров 2000 жылдардан бастап кілем жинай бастаған, оның коллекциясындағы кілемдерді ерекше бөліп қарастыруға болады. Суретші кілемдегі сан алуан элементке қызыққан, оның әрқайсында тұнған тарих бар.

"Бір кілемге зер салсаң түрлі нәрсені байқайсың, ою-өрнегінен бөлек жасау техникасы, түсі, нақышы, аймақтық ерекшелігі болады. Барлық жазба мәдениет пен ою-өрнек кілемге түседі", — дейді Бәшіров.

Оның коллекциясында басқа елдерден әкелінген бұйымдар кездеседі. Бәшіров жүз шақты кілемді Өзбекстанның Қазақстанмен шекаралас Науайы облысының Тамды ауданынан алып келіпті. Олардың арасында қазақ тілінде жазуы бар кілемдер жиі кездеседі. Сонымен қатар түркімен, әзербайжан, ұйғыр және Қазақстанға жер аударылған Кавказ халықтарының кілемдері бар.

"Мынау арабы кілем немесе тақыр кілем. Бір қызығы, оны Қызылорда мен Қостанай немесе Торғайдың аймақтарында жасайды. Арасын мыңдаған шақырым бөліп тұр, бірақ мұндайды басқа ешкім жасамайды. Біреулер осы екі аймақты мекендеген қыпшақтардан қалған дейді", — деп түсіндірді Бәшіров.

Кілемдер арасындағы айырмашылықты түс гаммасы мен суреттері арқылы түсінуге болады дейді суретші. Әзербайжан кілем жасыл және ашық қызыл түстермен ерекшеленсе, қазақта көзге таныс өрнектер кездеседі. Кілемдерде жазулар да бар. Біреуінде "Жаңа жыл құтты болсын!" деп жазылса, енді бірінде есімдер мен нақыл сөздер бедерленген.

Маңғыстаулық кілемдердің бірінде "Оқи қойса еске алып, әкеміздің үйінде өнер тұрсын сақталып" деген жазу бар. Бәшіров бұл отбасы мен қарашаңырақтың маңызын білдіреді деп санайды.

"Оқи қойса еске алып, әкеміздің үйінде өнер тұрсын сақталып"

Шебер Қазақстанда ұлттық бұйымдар мен зергерлікке қызығу арта түскеніне қуанады. Оның коллекциясындағы көп затта халықтың өміріне ықпал еткен түрлі тарихи оқиғаның ізі бар. Мысалы, Қазақстанда өткен ғасырдың 30-жылдарында қолданылған араб әліпбиі — төте жазу жиі кездеседі. Қызыл жұлдыз бен айқасқан орақ пен балта кеңестік дәуірдің ықпалын білдіреді. Бұл қазақ заттарының "аутентикасына" әсер етті.

"80-90-жылдары Қазақстанда зергерлердің көбі орыстар болды. Үкіметке бірегей кәдесыйлар жасаған "Кәдесый фабрикасында" бас суретшілер қазақ бұйымдарын жасағандай болатын. Пішіні қазақша болғанымен, мәні, яғни декоры, орындау техникасы қазақтарға жат еді. Мысалы, кабошон қоятын, ал қазақтар тегіс тастар пайдаланды", — дейді Бәшіров.

Оның айтуынша, бұл қазақ өнері туралы түсініктің бұрмалануына әкелді, бірақ қазір Батыс Қазақстанда, Торғайда және Өзбекстандағы қазақтар арасында сақталып қалған аймақтық зергерлік мектептің арқасында жағдай жақсарып келеді.