4166
22 марта 2024
Назерке Құрманғазинова, фотолар Данияр Мүсіровтікі

«Бұрын біздің өнерге экзотика ретінде қарайтын»

Түркі әлемінің музыкасын біріктіріп жүрген «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі

«Бұрын біздің өнерге экзотика ретінде қарайтын»

«Тұран» этно-фольклорлық ансамблі – түркі халықтарының әндерін көмеймен қайлау арқылы шырқап, оның әуенін түрлі аспапта ойнап, әлемге танытып жүрген қазақстандық ансамбль. Бес адамнан ғана құралған ансамбльге биыл 15 жыл толып отыр, соған орай ақпанның аяғында Tamyr атты жобасын таныстырған үлкен концерт берді.

Власть ансамбльдің үлкен концертіне қатысып, топ мүшелерімен олардың алға қойған миссиясы, өз тамырыңды музыка арқылы тану және қоғамның қазіргі көзқарасы жайлы сөйлесті.

Алматыдағы Республика сарайында өтеді деп жоспарланған концерттің басталуына бірер сағат қалды. Сахна сыртында бишілер дайындықты пысықтап тұр. Сахнада бірнеше аспапты кезек-кезек ауыстырып, «Тұран» ансамблі ең танымал шығармасы «Ер-Тұран» әнінің аяқталатын тұсын ойнап жатыр. Бишілердің шығуы мен әннің дәл уақытында бітуі үшін бірнеше қайталап орындап шықты.

Олар бұл концертте өткен 15 жылдың қорытындысын жасап, жаңа Tamyr жобасының бастамасын салмақ.

«Тамыр сөзінің дос, бауырлас деген мағынасы да бар. Сонымен қатар, тамыр – ағаштың тамыры, тамыр арқылы ағаш нәр алып, өнеді, өседі. Адамның тұла бойындағы барлық ағзасын қамтып, өміршең етіп тұрған – 62 тамыр. Осы үш ұғымды қоса тұрып, біз түркі халықтарының бір-біріне бауырластық сезімінің ұлғаюына көңіл бөлгіміз келеді», – деп түсіндірді топ мүшесі Ержігіт Әлиев дайындықтан кейін.

Оның мойнынан дайындықтан тыс кезде де шаңқобыз аспабы түспеді. «Тұран» ансамблінің ерекшелігі де осы аспаптарында секілді, олар түркі тілдес халықтардың 60-қа жуық аспабын жинаған. Бүгінгі концерттегі туындыларын орындауда 55-ке жуық аспапта ойнайды.

«Кеманча, ұрмалы аспаптар, тар, саз, зурна сияқты түрлі аспапты қолданамыз. Оларды әртүрлі шеберлерден, достарымыздан сұратып аламыз. Кейде шетелдік әріптестеріміз сыйлайды. Өзіміз де зерттеу жұмысын жасаймыз. Бір уақытта концерт кезінде бір адам кем дегенде 11 аспаптай қолданады. Көп қолданысқа енбеген аспаптар бар, әрине, бірақ бір көне жәдігерлер деп атамас едім, оның бәрі қолданыста бар. Біз білмейтін де аспаптар бар, алдағы уақытта оны да зерттеп, ансамбльге қоссақ деген ойымыз бар», – дейді Бауыржан Бекмұханбет.

2008 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы студенттерінің бастамасымен құрылған ансамбль қазір әлемнің 120 қаласында 3 мыңнан аса концерт беріп үлгерген. Қазіргі құрамдағы музыканттардың бірі 2012 жылы, бірі 2019 жылы қосылған, ал қалған үшеуі ансамбль құрылғалы келе жатыр.

Ансамбльді құрудағы бірінші мақсат – төл өнерімізді, аспаптарды насихаттау және оны жаңа бағытта көрсету деп есептейді музыканттар. «Түркі әлемінде, қазақ халқында әртүрлі салт-дәстүр, әдет-ғұрып бар, оның ішінде күйлері бар, соны бір арнаға тоғыстырғымыз келді», – деп сөзін жалғады Б. Бекмұханбет.

Алғаш әлемдік аренаға қадамды Германиядан бастаған, кейін АҚШ, Түркия, Еуропа, Кореяда үлкен гастрольдік сапар жасаған. Топ мүшелерінің айтуынша, шетелдегі аудиториясы көбіне сол жақта тұратын этникалық қазақтар, бірақ шетелдік азаматтар арасында да олардың өнеріне қызығатындар аз емес.

«Он жыл бұрын, одан бұрын да біздің аспаптарға, біздің өнерге бір экзотика ретінде қарайтын, ал қазір бейімделіп, көзге үйреншікті болып кетті. Өйткені бәрі қобызды біледі, домбыраны біледі. Димаш Құдайбергенов шығып жүр, басқа да әншілер бар. Қазір біздің өнерді экзотика деп қарамайды, концертке келерде оны арнайы іздеп, оқып дайындалып келеді. Сондықтан да бұл қуантарлық жағдай», – деп есептейді Бауыржан Бекмұханбет.

Ансамбльді ерекшелейтін аспаптарымен қатар, олардың ән айту стилі – көмеймен қайлау. Олар үш түрін қолданады: қарғыра, көмей, сығыт.

«Кез келген әннің тарихи жағы бар. Сол тарихқа үңіле отырып, тыңдаймыз, өзіндік стилге салып, шығарамыз. Көмеймен қайлау бұрыннан бар, әлі күнге дейін Қызылорда өңірінде осындай мақамда айтылатын жырларымыз сақталған. Речитатив те бар», – дейді Ержігіт Әлиев.

Бұл – «Тұран» ансамблінің бесінші күйтабағы, бұған дейінгі орындауындағы әуендер Apple Music, Spotify сияқты барлық стриминг платформаға жүктелген.

Бүгінгі концертте қазақ, алтай, якут, ноғай, түрік, мажар, қырғыз, түркімен тілімен қоса барлығы 10 тілде ән шырқап шығады. Әр әнді орындауда түркі мифологиясынан сыр шертетін қойылымдар қойылды – Ұмай ана, Қорқыттың монологы, көк бөрі бейнесі, бақсылық би. Костюмде, жалпы негізі логотипінде де тотем жануар көк бөрі бейнесін алған.