Мәскеу іргесіндегі терактіден кейін Ресейдің қауіпсіздік органдары 11 адамды қамауға алды, оның жетеуі – этникалық тәжік. Бұл Ресейде жүрген Орталық Азия елдерінің мигранттарына қарсы ксенофобияны күшейтті.
Құқық қорғау ұйымдары еңбек мигранттарын қорқытып-үркіту, оларға күш көрсету бойынша мыңдаған шағым түсіп жатқанын мәлімдеді. Сарапшылар радикал әрекет негізінен көші-қон саласында болып жатқанымен, шын мәнінде террористік ұйымдар өз қатарына тартатындар арасында еңбек мигранттарының саны аз екенін айтады.
22 наурыз күні кешке бірнеше адам Мәскеу іргесіндегі «Крокус-Сити» ойын-сауық орталығында теракт жасады. Соңғы мәліметтер бойынша, терактінің кесірінен 144 адам өліп, 550-ден астам адам зардап шекті.
Кейбір деректерге қарағанда, ресейлік күш құрылымдары бір жарым сағаттан кейін ғана келген, бұл уақытта содырлар бас сауғалап үлгерген. Арнайы қызмет өкілдері ықтимал оқ жаудырғандардың ізіне түсіп, оларды Беларусь пен Украина шекарасына жақын маңнан, Брянск облысынан ұстады.
Ресейлік БАҚ жариялаған түрлі ақпаратта алдымен Ингушетия азаматтары екені айтылса, кейін Тәжікстан азаматтары деп шықты. Олардың кейбірі дұрыс емес болып шықты, Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі ақпарат беріп, жарияланған суреттегі кейбір азаматтардың қазіргі сәтте Тәжікстанда тұрып жатқанын айтты.
Кейінірек Тәжікстанның төрт азаматы ұсталды. Күш құрылымдары мен билікке жақын арналар бұл ақпаратқа қоса ұсталғандарды ұрып-соғып, азаптау белгісі байқалатын видеоны қоса жариялады. Ұсталғандарға қатысты бұлтартпау шарасын белгілеген сот залында олардың бәрінің де азаптауға ұшырағаны көрініп тұрды.
Ұсталғандардың біреуінің құлағын кесіп алған, екіншісін каталкамен алып келді, денесіне зәр қабылдайтын катетер қойылған ұсталушы көзін де ашқан жоқ. Сот отырысының алдында әлеуметтік желілерде Шамсудин Фаридуни деген тағы бір ұсталушыны ток соқтырып азаптап жатқан суреттер тарады. Ол күш құрылымдарының сұрағына оқ атқанының ақысына 500 мың рубль алғанын мәлімдеген екен. Тәжікстанның тағы үш азаматы мен Қырғызстанда туған тағы бір азамат терактіге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен қамауға алынды.
Терактінің жауапкершілігін Ауғанстандағы Ислам мемлекетінің бөлімшесі саналатын «Вилаят Хорасан» ұйымы мойнына алғанмен, Ресейдің ресми адамдары, соның ішінде Владимир Путин де терактінің «украиндық ізі» бар екенін айтып отыр. Олардың айтуы бойынша, Украина содырларды Таяу Шығыс аумағында дайындап, «Ресейде дүрбелең тудырып, жағдайды ширықтыруды» көздеген.
Осы оқиғаның артынша Ресей парламентінде және әлеуметтік желілерде Орталық Азия елдерінен шыққандарға виза режимін енгізу туралы талап қойылып, ықтимал содырларды өлім жазасына кесу туралы айтыла бастады.
Вилаят Хорасан қайдан шықты?
Ислам мемлекетінің бөлімшесі саналатын «Вилаят Хорасан» – Ауғанстанда 2014-2015 жылдары пайда болған террористік топ.
A&M Техас университетінің профессоры, Тәжікстан бойынша маман Эвуард Лемонның айтуынша, топқа тарту кезінде Орталық Азия елдерінің тұрғындарына айтарлықтай арқа сүйейді.
«Бұл ұйымның мақсаты – Үндістанда, Пәкістанда, Ауғанстан мен Орталық Азияда халифат құру. Ұйым негізінен Ауғанстанда орналасқан, сол жерде Талибанмен соғысқан. Оның қатарында Орталық Азия елдерінен шыққандар көп, бұл ұйым оларды көптеп тартуға, соның ішінде тәжіктерді көбірек тартуға күш салады», – дейді Лемон.
Ресейдегі терактіге дейін де «Вилаят Хорасан» жаппай атыс ұйымдастырған, соның ішінде соңғысы – 2024 жылдың қаңтарында Түркияда болған атыс. Қасиетті Мария шіркеуіне жексенбілік ғибадат кезінде кіріп кеткен екі содыр келушілерге оқ атып, соның салдарынан бір адам қаза тапқан болатын. Оқ атқан Тәжікстаннан келген Амирджон Холиков пен ресейлік Давид Тандуев екені белгілі болды.
Конфликт, ұлтшылдық және Солтүстік Кавказдағы қауіпсіздік бойынша сарапшы әрі Индиана университетінің оқытушысы, ғылым кандидаты Гарольд Чемберс «Вилаят Хорасанның» кейінгі жылдары бірнеше шабуыл жоспарлағанын айтады.
«Вилаят Хорасан сыртқы операцияларды жүзеге асыруда жетекші рөлге ие. Еуропа мен Еуразия аумағындағы шабуылдардың көпшілігі тоқтатылды. Алайда, топ Қытайға шабуыл жасап, АҚШ-қа 11 қыркүйек оқиғасындай шабуыл жасамақ ниеті бар екенін байқатқан», – дейді Чемберс.
Чемберс те, Лемон да «Вилаят Хорасанның» «Орталық Азия елдерінде теракті жасамақ ойы бар екенін мәлімдегенін» айтты.
Чемберстің айтуынша, Ресейді таңдауға ұйымның үгіт-насихат бағдарында жазылған бірқатар тармақ себеп болған. Соның ішіндегі кейбірін айтар болсақ: Ресейдің Талибанмен қарым-қатынасы, мұсылмандарды қудалауы, Ауғанстан мен Шешенстанға басып кіруы, сонымен бірге Сирияда және Африкада Ислам мемлекетіне шабуыл жасауы.
Мигранттарды арбау
Лемон тәжікстандықтардың радикал бағытқа ойысуын негізінен шетелге жұмыс істеуге баратындардың көптігімен байланыстырады.
«Тәжіктердің көпшілігі елінде жүргенде емес, сыртта жүргенде арбауға түседі. Ол түсінікті де, себебі 2 миллионға жуық азамат немесе еңбекке қабілетті азаматтардың жартысынан астамы сыртта жүр», – деп түсіндіреді Лемон.
Бұған көші-қон процесінің өзі де әсер етеді.
«Ресейдегі мигранттар өте қиын жағдайда өмір сүреді, бұл қабылдаушы елге деген наразылықты тудырады және террористік топтарға кіру арқылы басқа өмір сүруге болатынын ұсыну тартымды болып көрінеді. Сонымен бірге, мигранттар көп жағдайда отбасымен, достарымен байланыссыз қалады, жиі дағдарысқа түседі, бұл да олардың арбауға оңай түсуіне әкеледі. Оның үстіне, көші-қон саласында мейлінше қалыптасқан арбаушылар желісі бар», – дейді ол.
Бұған Чемберс те келіседі, ол мигранттардың қорғалмағанына назар аудартады.
«Еңбек мигранттарына ен тағады, олар ауыр жағдайда өмір сүреді, жүйелі түрде қиындықтарға кез болады. Мұндай жағдайлар, әсіресе, Ресейде жүрген Орталық Азия елдерінің азаматтарына тән», – деп түсіндіреді ол.
Карнеги қорының сарапшысы, Орталық Азия бойынша маман Темур Умаров Ислам мемлекетімен астыртын байланысы бар БАҚ тәжікстандықтарға арнап кирилл қарпімен тәжік тілінде контент дайындайтынын жазады. Сонымен бірге, ондай ақпарат құралдарында Ислам мемлекеті елдің президенті Эмомали Рахмонды Ресейге жақындығы, тирандығы, ислам негіздерінен ауытқығаны үшін сынайтынын айтады.
Дегенмен, сарапшылар радикал бағытқа бет бұрып, террористік ұйымдар қатарына қосылатындар мигранттардың өте азғантай бір бөлігі деп санайды.
«Олардың ойынша, [террористік ұйымдарға] тарту үшін аз ғана күш салу жеткілікті, ол операциялық әрекетте жоғары табысқа қол жеткізеді», – дейді Чемберс.
Еңбек мигранттарына қарсы ксенофобияның артуы
Терактіден кейін әлеуметтік желіде ксенофобияға құрылған мәлімдемелер тарап, еңбек мигранттарын депортация жасау және Орталық Азия елдерінен шыққандарға көші-қон заңын қатаңдату талабы қойыла бастады.
Ресей Мемлекеттік думасының вице-спикері, 2024 жылғы РФ президенттігіне үміткер Владислав Даванков мигранттарды «елеусіз тәртіп бұзғаны үшін де депортациялау» қажеттігін айтып, оларға цифрлық бақылау жасау керегін мәлімдеді.
Әлеуметтік желілерде «Яндекс.Такси» жүргізушілерінің клиенттермен жазысқан хабарламасының суреті тарады, олар тәжікстандық таксистердің көлігіне мінуден бас тартқан. Рустам есімде такси жүргізушісі шабуыл жасалуы мүмкін деген қауесеттен кейін кешкісін далаға шығуға қорқатынын ресейлік «Новая Газета.Европаға» айтқан.
Терактіден кейінгі түні Благовещенскіде белгісіз біреулер Тәжікстан азаматтары иелік ететін сауда дүңгіршегін атқылап, артынша өртеп кеткен.
Шабуылға ұшырағандар әрі қарай тағы да қысым көруден қорқып, полицияға шағымдана бермейді.
Заңгер, еңбек мигранттарына тегін көмек көрсететін Валентина Чупик терактіден кейін мигранттарға зорлық көрсетудің кезекті толқыны басталғанын айтады.
«Кезекті қудалау басталды, тонау, заңсыз ұстау, азаптау, күш көрсету, әкімшілік істерді бұрмалау және заңсыз депортация жасау жүріп жатыр», – деп мәлімдеді заңгер.
Оған бес тәулікте 4000 өтініш келіп түскен, ал 24 наурыз күні бір тәулікте 1431 адам шағынған. Терактіге дейін тәулігіне шамамен 170 өтініш түсетін болған, оның ішінде 20-сы заңсыз ұстау бойынша, 2-3 өтініш заңсыз депортация жасау бойынша.
Ресейлік БАҚ Санкт-Петербургте «Антимигрант» операциясы басталғанын, соның аясында күш құрылымдары Орталық Азия елдерінен келген мигранттарды депортация орталықтарына апарып жатқанын айтады. Бір аптаның ішінде қаланың соттары 400-ден аса мигрантты елден шығаруға шешім қабылдаған.
Умаров «Власть» редакциясымен әңгімеде Ресейде жүрген Орталық Азия елдерінің азаматтарын кемсіту терактіден кейін бұрынғыдан да үдей түсетінін айтады.
«Мигранттарға қарсы ой-пікірді Украинадағы соғыс кезінде танылып алған инфлюенсерлердің жаңа буыны көбірек айтып жатыр. Олардың айтып жатқан сөзінің мәні жоқ, ал Ресей мемлекеті үшін мұндай топтар керек. Өйткені олар Украинадағы соғыста қозғаушы күш болып отыр», – деп түсіндіреді ол.
Дегенмен, оның ойынша, бұдан еңбек мигранттарының келуі толастап қалмайды. Өйткені соғысқа байланысты Ресей еңбек күшіне аса зәру. Ресми статистика бойынша, 2023 жылы Ресейде еңбекке қабілетті тұрғындар арасындағы тапшылық 4,8 млн адам болған.
«Соған қарамастан, мигранттардың жағдайы нашарлайтыны анық. Терактіні жасады деген күдікпен Тәжікстан азаматтарының ұсталуының өзі ресейлік күш құрылымдарының өкілдеріне мигранттардың жағдайын қиындатуға жеткілікті», – дейді ол.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон терактіні айыптап, «террористерде ұлт та, отан да, дін де жоқ» деп мәлімдеді. Ал ұсталған отандастарының азаптауға ұшырағаны, Тәжікстаннан барған еңбек мигранттарының ұсталып, жаппай тінтуге душар болып жатқаны туралы ештеңе айтқан жоқ.
Тәжікстандағы «Азия Плюс» басылымы елде Ресейдегі терактіге қатысы бар деген күдікпен 9 адам ұсталғанын хабарлады. Кейін дерек көздеріне сілтеме жасай отырып, Наурыз кезінде Вахдатта теракті жасауға дайындалған деген күдікпен тағы 15 адамның ұсталғаны белгілі болды.
Ресейдегі Тәжікстан елшілігі өз елінің азаматтарына көпшілік жиналатын жерлерге барудан бас тартқан жөн деп кеңес берді. Өзбекстан мен Қырғызстанның елшіліктері де осыған ұқсас мәлімдеме жасады.
«Рахмонның саяси режиміндегі бірінші кезектегі міндеттер қатарында өзінің саяси режимінің тұрақтылығын сақтау және отбасының қазіргі сән-салтанатты жағдайынан айырылып қалмау тұр. Ол үшін Мәскеумен қарым-қатынас маңызды. (...) Оның реакциясы Путинге берілген белгі, “не істесеңдер де өздерің біліңдер, олар біздің азаматтарымыз емес, төлқұжатына да, басқасына да қарамаңдар” деп тұр. Ресейлік күш құрылымдарының қолына түскендердің барлығына қатысты осылай болады», – деп түсіндіреді Умаров.
Поддержите журналистику, которой доверяют.