5365
19 апреля 2024
Әйгерім Құсайынқызы, арнайы Власть үшін, фото Жанара Каримованыкі

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заңға қандай өзгерістер енді?

Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстық кодекспен қаралады

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заңға қандай өзгерістер енді?

15 cәуір күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң жобасына қол қойды. Бұл өзгерістер бойынша, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру енді Қылмыстық кодекспен қаралады.

Заңгер әрі осы заң жобасы бойынша жұмыс тобының құрамында болған Әйгерім Құсайынқызы жаңа заңда денсаулыққа жеңіл және ауыр зиян келтіру бойынша қандай өзгерістер болатынын түсіндіреді.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.

1. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру неліктен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізілген?

2014 жылғы құқықтық реформа нәтижесінде бірден төрт негізгі кодекс қабылданды. Сол кезде «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы Қылмыстық кодекске енгізілген болатын.

Алайда, 2017 жылы бұл әрекет қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске ауыстырылды.

Бұл реформаны ІІМ мен прокуратура «құқық бұзушылармен профилактикалық жұмысты күшейту және оларды жауапкершілікке тарту тәртібін жеңілдету мақсатында» жасалды деп түсіндірді.

2. «Денсаулық» ұғымына заңнама қандай анықтама береді?

Денсаулық – аурулар мен дене кемістігінің болмауы ғана емес, тұтастай тәндік, рухани (психикалық) және әлеуметтік саламаттылық жай-күйі. Қылмыстық кодекс денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығын үш дәрежемен анықтайды: жеңіл, орташа және ауыр.

3. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша қандай әрекеттер денсаулыққа ауыр зиян келтіруге жатады?

Денсаулыққа ауыр зиян келтіру – адамның денсаулығына, оның өміріне қауіпті зиян немесе денсаулыққа өзге де зиян келтіру, нәтижесінде: көру, сөйлеу, есту қабілетінен немесе қандай да бір мүшесінен айырылуы; дене мүшесінің атқаратын қызметін тоқтатуы; беттің тұрақты өзгерісі; денсаулықтың кемінде үштен бірін (30%) жоғалту және жалпы еңбек қабілетін жоғалту; кәсіби жұмыс қабілетін толық жоғалту; түсік/аборт; психикалық ауытқу, соның ішінде есірткіге тәуелділікке шалдығу жатады.

4. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге не жатады?

Адам денсаулығының қысқа мерзімді бұзылуына (21 тәуліктен аспайтын мерзімге) немесе жалпы еңбек қабілетінің шамалы тұрақты жоғалуына (10%) әкеп соқтырған денсаулыққа зиян келтіру.

«Жалпы еңбек қабілетінің шамалы тұрақты жоғалуы» деген ұғымның нақты анықтамасы заңдарда немесе өзге де құқықтық-нормативтік актілерде көрсетілмеген.

5. Ал денсаулыққа орташа зиян келтіру ше?

Адамның денсаулығына оның өміріне қауіп төндірмейтін, денсаулығының ұзақ мерзімді бұзылуына (21 тәуліктен астам уақытқа немесе жалпы еңбек қабілеттілігін айтарлықтай тұрақты жоғалтуға) 10–30% аралығында жоғалтуға әкелетін зиянды қамтиды.

6. Егер адам ауруханадан үш апта ішінде шықса, бұл жеңіл зиян келтіруге жата ма?

Иә, жеңіл зиян келтіру деп танылуы үшін адам азғасының оңалуына кемінде 21 күн немесе 3 апта кетуге тиіс.

7. Жеңіл, орташа не ауыр зиян келгенін сот-медициналық сараптама анықтай ма?

Денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығын сот-медициналық бағалауды медициналық тексеру жолымен сарапшы жүргізеді. Денсаулыққа келтірілген зиян ауырлығының сараптамасы зақымдар сипаты, оның клиникалық ағымы туралы жеткілікті деректері бар құжаттардың толық жинағы болған кезде медициналық құжаттар бойынша жүргізілуі мүмкін.

8. Тісті сындыру денсаулыққа зиян келтірудің қай түріне жатады?

Дене жарақатының дәрежесі қылмыстық іс аясында жүргізілуге тиіс жәбірленушілердің сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен анықталады. Бұл, ең алдымен, емделу ұзақтығына байланысты. Сондықтан қандай зиян келтіретінін айту қиын, бірақ тіс жоғалту көбіне организмнің қайта қалпына келтірілмейтін түріне жатады. Орнына тек жасанды тіс/протез салу мүмкіндігі ғана болады.

9. Дененің бір бөлігі сынса, ол «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» бабымен қарала ма?

Иә, ол келтірілген зияннан кейінгі емделу мерзімінің ұзақтығымен анықталады.

10. Жеңіл зиян келтіруге қандай жаза тағайындалады?

11. Денсаулыққа ауыр зиян келтірген адамға қандай жаза тағайындалады?

Қылмыстық кодекстің 106-бабы «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» деп аталып, онда 3 жылдан 8 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал қылмыс екі немесе одан да көп адамға бағытталса, алты жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы бар.

12. Қамаққа алу қандай мерзімге тағайындалады?

Қамаққа алу сотталған адамды тағайындалған жазаның бүкіл мерзімінде қоғамнан қатаң оқшаулау жағдайында ұстауды білдіреді. Қамаққа алу 10 тәуліктен 50 тәулікке дейінгі мерзімге белгіленеді. Ұстау мерзімі қамаққа алу мерзіміне қосылады.

13. Қандай адамдарға қамаққа алу жазасы тағайындалмайды?

Қамаққа алу кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдерге, жас балалары бар әйелдерге, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдарға тағайындалмайды.

14. Құқық бұзушылықтың қасақана немесе абайсызда жасалғанын кім анықтайды?

Жасалған қоғамға қауіпті іс-әрекетті саралау, оның құрамында белгілі бір қылмыс құрамының бар-жоғы туралы мәселе анықтаушы, тергеуші, прокурор, адвокат пен судьяның жұмысындағы күнделікті мәселе.

15. Қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық қалай танылады?

Тiкелей немесе жанама пиғылмен жасалған іс-әрекет қасақана жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.

Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптi екенiн ұғынған болса, оның қоғамға қауiптi зардаптарының болуы мүмкін екенін немесе болмайтынын алдын ала болжап білген болса және осы зардаптардың туындауын қалаған болса, қылмыстық құқық бұзушылық тiкелей пиғылмен жасалған деп танылады.

Ал дәл осы зардаптардың болуын қаламаса да, оларға саналы түрде жол берсе не оларға немқұрайлы қараса, қылмыстық құқық бұзушылық жанама пиғылмен жасалған деп танылады.

16. Абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық қалай танылады?

Менмендiкпен немесе немқұрайлықпен жасалған іс-әрекет абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.

Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiпті зардаптар туғызуы мүмкiн екенін алдын ала болжап білген болса, бiрақ бұған жеткiлiктi негiзсiз бұл зардаптарды болдырмауға болады деп есептеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық менмендiкпен жасалған деп танылады.

Егер адам өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) қоғамға қауiптi зардаптар туғызуы мүмкiн екенін алдын ала болжамаған болса, дегенмен тиістi ұқыптылық пен сақтық танытқанда, осы зардаптарды алдын ала болжап білуге тиiс және біле алатын болғанда, қылмыстық құқық бұзушылық немқұрайлықпен жасалған деп танылады.

17. Түзеу жұмыстарына қандай жұмыстар жатады?

Түзеу жұмыстарына жәбірленушіге келтірілген экономикалық зиянды өндіріп алуға жататын қаражат үлесінің 10-нан 50 пайызына дейін ұсталып қалып, жәбірленушілерге аударылады. Түзеу жұмыстары еңбекке қабілетсіз деп танылған адамдарға тағайындалмайды.

18. Қоғамдық жұмыс қандай жұмыстардан тұрады?

Қоғамдық жұмыстар сотталған адамның белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады. Оны жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастырады.

Қоғамдық жұмыстарға тарту жүктi әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, зейнеткерлерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдарға, әскери қызметшілерге тағайындалмайды.