3393
24 апреля 2024
суретті Ұлыбританияның Астанадағы елшілігі түсірген

«Біз Ұлыбритания мен Орталық Азия қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығаруымыз керек»

Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон өз елінің өңірдегі елдермен қарым-қатынас әлеуеті туралы

«Біз Ұлыбритания мен Орталық Азия қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығаруымыз керек»

2013 жылы Орталық Азияға сапармен келген алғашқы Ұлыбритания премьер-министрі болдым. Астана мен Атырауда болғанымда көне мәдениеті бар бұл жас елдің экономикасы мен әлемдегі орны қалай тез өзгеріп жатқанына таң қалдым. Кейін біздің серіктестікті нығайтуға міндеттеме алдым.

Мен осы аптада Орталық Азияның барлық бес еліне және Моңғолияға барған Ұлыбританияның алғашқы Сыртқы істер министрі және осындай сапарға шыққан үлкен жетілік (G7) елдері министрлерінің бірі боламын. Әрқайсының өзіндік бірегей мұрасы бар бұл алты ел тез өзгеріп жатыр. Бұл егемендігінің қорғалуын, шекарасының құрметтелуін қалайтын тәуелсіз мемлекеттер. Мен олардың әрқайсымен бәрімізге пайдалы болатын бұдан да берік серіктестік орнатқым келеді.

Ынтымақ арқылы көп нәрсеге қол жеткіздік. Ағылшын тілі, құқық және білім «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Ташкенттегі халықаралық Вестминстер университеті сияқты табысты институттардың өзегі саналады. Rio Tinto, Shell және BAE өңірдегі ірі жобаларға үлес қосып, жұмыс орындарын ашып, экономиканың өсуіне ықпалын тигізді. Біз Орталық Азия тауларынан Пәкістанға су электр қуатын жеткізуге көмектесеміз. Ұланбатырдағыда «Битлз» мүсіні аты аңызға айналған топқа құрметті, моңғол жастарының соннда алғаш рет тыйым салынған батыс поп-музыкасын талқылау, содан кейін демократияға бет бұру үшін жиналғанын еске түсіреді.

1990 жылдары осы өңірден Ұлыбританияға жеткен ең есте қалған сыйлық сол кездегі Премьер-министрімізге сыйға тартылған түркмен айғыры Мақсат болды; Ол кейін бәйгеге түсетін әрі көрме атына айналды. Бүгін біздің маусымдық жұмысшыларға арналған кеңейтілген бағдарлама бойынша бүкіл аймақтан ондаған мың адам Ұлыбританияға келеді. Air Astana, Uzbekistan Airways пен Turkmenistan Airlines Лондонға аптасына бірнеше рет ұшады. Ал «Моңғол ханы» спектаклі жуырда Лондонның Вест-Эндтегі көрермендерін таң қалдырды.

Әрі қарай қозғалатын кез келді. Біз дауға, бәсекеге толы әлемде өмір сүріп жатырмыз. Британдық мүддені қорғап, насихаттағыңыз келсе, аренаға шығып, бәсекеге түсуіңіз керек. Мұндай әлем осы аймақтың елдері үшін ерекше сын-қатерге толы. Кейінгі жылдардағы даладағы құрғақышылық, Қазақстан мен Моңғолиядағы қатты су тасқыны климат өзгеру қаупінің артып келе жатқанын еске салады. Ал жаһандық технологиялық және экономикалық өзгерістер жастарды өркендетуге мүмкіндік беретін дағдылармен қамтамасыз етуді қажет етеді.

Бұл қиындықтарды жападан жалғыз шеше алмаймыз. Қазақстан сияқты Ұлыбритания да бүгінгі даулы және тұрлаусыз әлемде халықаралық байланыстарын әртараптандыруды құндылы деп санайды.

Дәл сол себепті бұл сапарға шығып, дамуға бөлетін инвестициямызды үш есе ұлғайтып отырмын. Мен мұны азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыру үшін жасап отырмын. Мен қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеру үшін үш басым бағытты айтар едім.

Біріншіден, әлемдік тәртіп. Бәрімізді Біріккен Ұлттар Ұйымы жарғысы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының негізгі қағидаттарына деген сенім біріктіреді. Егемендік. Территория тұтастығы. Бүкіл әлемде осы қағидаларды жетекшілікке алу үшін бірге жұмыс істеуіміз керек. Бұлай етпесек, егемендігіміз бен территориялық тұтастығымызға қауіп төнуі мүмкін.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу және аймақтың санкциялардан айналып өту үшін «артқы есікке» айналуына жол бермеу - бірігіп көп нәрсеге қол жеткізе алатынымыздың бір мысалы. Оған қоса, диалогты тереңдету және қауіпсіздік күштерін даярлау бағдарламамызды кеңейту арқылы қауіпсіздік саласындағы әріптестікті нығайтуға тиіспіз. Бұл бізге күшейіп келе жатқан ИГ-Хорасан қауіпіне қарсы тұруға көмектеседі, оның жақында Мәскеудегі сұмдық шабуылын Ұлыбритания ең қатаң түрде айыптады.

Екіншіден, біз үшін сауда және инвестиция маңызды. Британдық компаниялар аймақтағы мұнай, газ және басқа да пайдалы қазбалардың әлеуетін ашуда үлкен рөл атқарды. Ұлыбритания енді энергияны үнемдейтін экономикаға қажет инвестиция мен технологияға қол жеткізуге көмектесе алады.

Сапар барысында Орталық Азиядағы шағын және орта бизнеске арналған бірінші жеке капитал/венчурлық қорды іске қосамын, ол аймақтағы әлеуеті жоғары компанияларға инвестиция салады. Біз Орталық Азия компанияларына қолдау көрсеткіміз келеді. Бұл ретте Ұлыбритания фирмалары мен сарапшылары маңызды рөл атқара алады.

Мәселен, Бішкектегі бүкіл аймаққа қызмет көрсететін зауыт ашатын Уэльстегі Concrete Canvas компаниясын алайық. Олардың «орамдағы бетон» технологиясы бетонды арзанырақ, оңай орналастыруға және СО2 аз шығара отырып, тезірек аяқтауға мүмкіндік береді. Аймақта мұндай технологияның пайда болуы суару каналдарын жөндеуді түрлендіреді және негізгі, бірақ қажетті ресурс суды үнемдеуге көмектеседі.

Немесе «Астана» халықаралық қаржы орталығының мысалына қараңыз. Тәуелсіз ағылшын төрешілері бар ағылшын құқығы принципі бойынша жұмыс істейтін халықаралық сот құру мыңнан астам компанияны тартты; бұл сот бірер жылдың ішінде екі мыңнан астам дауды сәтті шешті. Ашықтық пен заңның үстемдігі инвестиция тартады. Аймақтағы басқа елдердің де бұл үлгіге қызығушылық танытқанына қуаныштымын.

Одан кейін білім. Біз Орталық Азиядағы Chevening стипендиясын қаржыландыруды екі есе арттырамыз, осылайша көбірек адам біздің әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарымен жеке таныса алады. Бірақ біз аймақтағы мүмкіндіктерді де қолдаймыз.

Қазіргі уақытта британдық он оқу орны Өзбекстанда британдық диплом ұсынады. Қазақстанда Ковентри университеті жаңа кампус ашып жатыр, ал Queen's University Belfast жаңа қос дипломдық бағдарламаны іске қосып жатыр. Pearson және Cambridge Education сияқты компаниялар ағылшын тілін оқыту стандарттарын көтеріп жатыр Бұл өте маңызды. Мәселен, ағылшын тілі екінші ресми тілге айналған Моңғолияда.

Біздің мақсатымыз – барша халықтың, соның ішінде әйелдер мен қыздардың білім сапасын арттыру. Бұл олардың әлеуетін ашу және сол арқылы қоғамның әлеуетін толық ашу үшін өте маңызды.

Мен осы үш мәселені президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен талқылауды асыға күтемін. Мен Қазақстанға келгеніме, оның тамаша жастарымен танысқаныма және Астананың инновациялық сәулетін көруге мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Біздің алдымызда үлкен мүмкіндіктер ашылып жатыр. Біз оны бірге пайдалануымыз керек.

Дэвид Кэмерон – Ұлыбританияның сыртқы істер министрі.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.