4630
14 июня 2024
Назерке Құрманғазинова, Власть, фотолар авторы Данияр Мүсіров

«Қазақша дубляждың болашағы қазіргі сәттен анықталады»

Алғаш рет Disney қаржыландыруымен «Ойжұмбақ-2» фильмі қазақ тілінде прокатқа шықты

«Қазақша дубляждың болашағы қазіргі сәттен анықталады»

13 маусымнан бастап Қазақстан кинотеатрларында Disney және Pixar компаниясының бірінші бөлімі «Оскар» иеленген «Ойжұмбақ-2» анимациялық фильмі қазақша дубляжда көрерменге жол тартты. Бұл жолғы дубляждың ерекшелігі – алғаш рет Disney компаниясының қаражатына қазақшаға аударылды. 2021 жылға дейін мұны «Болашақ» қоры атқарып келді. Кейін бұл жауапкершілікті мемлекет өзіне алғанымен, әзірге тек үш фильм шығарып үлгерді.

«Власть» журналистері анимациялық фильмнің көрсетіліміне қатысып, оны қазақша дыбыстаған актерлермен, режиссерімен сөйлесіп, «Ойжұмбақ-2» анимациялық фильмін жаппай көру не себепті маңызды және бұл болашақ қазақ дубляжына қалай әсер етеді деген сұраққа жауап іздеп қайтты.

Эмоция жайлы фильм

Райли есімді қыздың санасындағы эмоция туралы баяндайтын «Ойжұмбақ-2» анимациялық фильмі 9 жылдан кейін көрерменмен қайта қауышты. Оның бірінші бөлімі 2016 жылы «Оскар» және «Алтын глобус» сияқты беделді жүлделер алған.

«Ойжұмбақ-2»-де Райли бойжетіп, жасөспірім қызға айналған. Оның санасында күрделі жөндеу жұмысы басталып, күтпеген жерден бұрын бар бес эмоцияның қатарына Мазасыздық бастаған тағы бірнеше эмоция қосылады. Райли хоккейден жаңа құрамға шақырылғанда оның санасында эмоциялар тартысы басталады.

Бірақ бұл тартыс адам бойындағы әр эмоцияны уақытында көрсете білу және әр эмоцияның маңызын, оны түсінуге мән беру керегін жеткізеді. Бұл – балаларды күлкіге қарық қыла отырып, ата-анаға баласын түсінуге көмектесетін отбасылық фильм.

«Ендігі қадамды көрерменнен күтеміз»

«Ойжұмбақ-2» фильмінің мағыналық мәнінен бөлек, қазақстандықтар үшін бұл қазақша дубляжды дамытуда да үлкен қадам болмақ. Бұған себеп, алғаш рет америкалық Disney алпауыт компаниясы өнімдерінің қазақ тіліне дыбысталуына көңіл бөліп, биыл үш анимациялық фильмнің қазақша дубляжына қаржы бөлді. «Ойжұмбақпен» қатар көрермен «Моана 2», «Муфаса: Арыстан патша» анимациялық фильмдерін қазақша тамашалай алады.

Disney Character Voices International командасы әр фильмнің түрлі тілдегі 30-ға жуық нұсқасын жасайды. Биыл солардың қатарына қазақ тілі қосылды.

«Біз үшін мұндай танымал фильмдердегі кейіпкерлердің қазақстандық көрерменмен бір тілде сөйлесе алуы өте маңызды және құнды нәрсе», – деді компанияның Орталық Азия және Шығыс Еуропа, ТМД, Грузия және Моңғолия елдеріндегі бас директоры Кахабер Абашидзе бұл жаңалық шыққанда.

Қазақстанда «Ойжұмбақ-2» фильмінің қазақ және орыс тіліндегі дубляжында режиссерлік қызмет атқарған Шах-Мұрат Ордабаевтың пікірінше, Disney компаниясының қазақша дубляжға бет бұрғанына қарап, басқа да үлкен компаниялар осындай қадамға баруы мүмкін.

«Disney компаниясының қаржы бөліп, фильмді қазақшаға аударуы өте үлкен қадам. Бұған дейінгі (қазақша дубляж) жобаларын «Болашақ» корпоративтік қоры, мәдениет және спорт министрлігі қаржыландырды. Осы жолы алпауыт компания өзі біздің тілге бет бұрып, қызығушылық танытып, қаржы бөліп, биылша үш жобаны көрерменге ұсынып жатыр», – дейді Ордабаев «Власть» журналистерімен әңгімесінде.

Дубляж режиссері ендігі қадам қазақстандық көрермен тарапынан болса дейді, себебі, фильмді көргендер статистикасы болашақта дубляжды қаржыландыруға тікелей әсер етуі мүмкін.

«Келесі жылы жағдай мүлдем өзгеріп кетуі мүмкін. Бірақ жағдай өзгеруі үшін көрермен кинотеатрға келгенде, «Ойжұмбақтың» қазақшасын таңдауы керек. Диснейдің өкілдері де қазақ тіліндегі жобасының тұсаукесеріне келіп отыр. Демек, олар өз бағасын береді. Қазақша дубляж тоқтамас үшін көрермен барып, тамашалап, қолдауы керек».

Disney-дің Қазақстандағы дистрибьютері «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенконың айтуынша, Disney компаниясы фильмді аударуға өздері ниет білдірген және олар фильмнің қанша касса жинағанына ғана қарамайды, сонымен қатар, медиада, әлеуметтік желіде қалай талқыланғанына қарайды.

«Ұзақ уақыт бойы қазақ тілінде дубляж жасалмай, бір фильммен барлық адамды фильмге жинай алуымыз қиын. Компания кассадан бөлек фильм туралы ақпарат құралдары жазды ма, көрермен не деп жатыр дегенге баса назар аударады. Айтпағым, олар бұл шынымен адамдарға қызық па, жоқ па, соны есепке алады. Сондықтан қазір медиа алаңның «Ойжұмбақ-2» фильмі туралы жазбалармен толып қалуы маңызды. Бізде жарнамадан гөрі, фильмді көргендегі әсері туралы бір-бірімен бөлісуі көбірек өтімді», – деп есептейді ол.

«Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко

Анимациялық фильмнің орыс тіліндегі дубляжы да Қазақстанда жасалған. Қазір Қазақстандағы «Меломан» компаниясы Disney өнімдерін Орталық Азия мен Кавказ елдеріне тарататын орталыққа айналды, яғни фильмнің орыс тіліндегі нұсқасы Қазақстаннан бастап Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Армения, Әзербайжан мен Грузияда да көрсетіледі.

Фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасына орысша субтитр қосылады, ал орысша дыбысталған нұсқасына қазақша субтитр қосылады. Бұл қазақ тілін үйреніп жүрген азаматтарға бір септігін тигізеді деп сенеді Вадим Голенко. Сондай-ақ, Шах-Мұрат Ордабаев кей кинотеатрларда ағылшын тіліндегі нұсқасы да көрсетілетінін атап өтті.

Дыбыстауға қатысқан әртістер

«Ойжұмбақ-2» фильмін дубляждауға кәсіби дубляж актерлерінен бөлек, қазақстандық танымал әнші, актерлер де қатысқан. Соның бірі мультфильмдегі бас кейіпкердің бірі Вэлдің даусын салған әнші, актриса Жұлдыз Өмірғалидың пайымдауынша, отандастарымыз бұл фильмді жаппай көру арқылы әлемдік үлкен компанияларға төлем қабілетін көрсете алады.

Актриса Жұлдыз Өмірғали

«Екі баланың анасымын, балаларымды қазақ балабақшасына беріп, қазақ мектебінде оқытқаныммен, интернетте көп мультфильм шет тілінде. Сондықтан Disney-дің бұл фильмді қазақшаға аударғанына қуаныштымын. Бұдан бөлек, фильм ата-аналар үшін жасөспірім балаларын түсінуге арналған дайын нұсқаулық. Жасөспірімдердің ойында не болып жатыр? Неліктен олар қысылады? Неліктен сөйлескісі келмейді? Сол уақытта оларға кері әсерін тигізбей, дұрыс қарым-қатынас құру маңызды», – дейді актриса фильмнің тұсаукесерінде.

Фильмде жаңадан қосылған эмоцияның бірі – Ұятты дыбыстаған Ninety one тобының мүшесі Батырхан Маликов «Ойжұмбақты» дыбыстауға кастинг жүріп жатқанын біле сала бағын сынамаққа бел буыпты. Дыбыстауға актерлерді іріктеу бірінші Қазақстанда жүргізіліп, кейін олардың дауысы жазылып, Disney компаниясына жіберіледі, олардың құптауынан кейін ғана актерлер рөлге бекітіледі.

«Негатив эмоция деген жаман кейіпкер емес, оның өзі де тұлғаның қалыптасуына көмектесетін эмоциялар. Менің кейіпкерім – Ұят, біздің менталитетке жақын эмоция. Ұят кейіпкерінен өзімді бірден көрдім, іштей эмоциямды шығару қиын болатын. Ойжұмбақтың қазақша шығып жатқаны қазақ тілі үшін өте маңызды. Қазақша дубляждың болашағы қазіргі сәттен анықталады», – деп эмоциясын бөлісті Маликов.

Оның топтағы әріптесі, әнші Азамат Ашмақын да фильмдегі кейіпкердің бірінің даусын салған. Ол бұл жоба қазақ тілінің жаһандануына әсер етеді деп сенеді.

«Дуюляждағы алғашқы тәжірибем, өзіме қызық болды. Болашаққа мақсатым – мюзиклдерде ән айтып көру. Бұл тек бастауы, бұдан кейін одан да керемет дүниелер көп шығады деген ойдамын», – деді ол.

Қазақша дубляж қалай жүріп жатыр?

«Ойжұмбақ-2» анимациялық фильмі қазақша дыбысталатыны белгілі болғаннан бері әлеуметтік желіде кинотеатрға белсенді барып, осы фильмді тамашалаудың маңызы туралы көп айтыла бастады.

Бұл негізсіз емес, Қазақстанда талай жылдан бері қазақша дубляж қордаланған мәселенің біріне айналды. Әлемдік блокбастер фильмдер қазақша дубляжда осыдан екі жыл бұрын ғана шықты, содан бері мемлекет қаржысына ұйымдастырылған дубляж жасауға жарияланған конкурстар түрлі себепке байланысты өтпей қалды.

Десе де, голливудтық танымал фильмдерді дыбыстау 13 жыл бұрын басталған. Бұған дейін «Көліктер-2», «Малефисента», «Мұзды өлке 2», «Жан», «Өрмекші адам», «Арыстан патша», «Коко құпиясы» және тағы басқа анимациялық фильмдер де қазақ тіліне дыбысталды.

Бастапқыда қазақша дубляжды түрлі демеушілердің қолдауымен «Болашақ» корпоративтік қоры жүзеге асырып отырды. Олар он жыл ішінде қазақ тіліне 38 фильм дыбыстады. «Болашақ» қоры Власть басылымына берген пікірінде «бұл жоба мемлекеттің қолдауынсыз ұзаққа бармайтын еді» деген пікір білдірді.

Алғаш рет фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға мемлекет 2022 жылы ғана тендер жариялады. Нәтижесінде «Аватар» (2009 жылғы фильмді қайта шығару) фильмінің бірінші бөлімі, «Қара қабылан: Ваканда жасасын» және «Аватар: Су жолы» фильмдері прокатқа шықты. Соңғысы қазақша дыбысталған фильмдер арасында касса бойынша рекорд орнатты. Оны 42 мыңнан астам көрермен көріп, туынды 69 млн теңгеден аса қаржы түсірген.

Одан кейін мемлекеттің қаржыландыруымен қазақ тіліне дыбысталған шетелдік фильмдер шыққан жоқ. 2022 жылдың аяғында «Кинематография туралы» заңға енгізілген өзгерістерден кейін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы (ҰКҚМО) балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды қаржыландыратын бірыңғай оператор болды, яғни барлық конкурсты солар өткізетін болды.

Бірақ 2023 жылы ҰКҚМО үш рет фильмді дубляждауға байқау жариялап, үшеуі де сәтсіз аяқталып, бірде-бір шетел фильмі қазақша нұсқада шықпады.

Биыл ҰКҚМО тағы конкурс өткізіп, нәтижесінде халықтың онлайн дауыс беруі нәтижесінде «Sneak» анимациялық фильмі жеңген. Айта кетсек, бұл дауыс беруге 25 адам қатысып, оның 68%-ы ұсынылған екі фильмнен осы нұсқаны таңдаған. Фильмдерді іріктеу ережесіне сәйкес, енді бұл сараптама кеңесінің қарауына ұсынылады.

Былтыр бұрынғы мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жылына кем дегенде 15 фильм қазақ тіліне дыбысталуы керек деп айтқан еді. Биыл да 15 фильмнің дубляжына 443 млн теңге қарастырылған, дегенмен бүгінгі күнге дейін мемлекет қаржысына қазақша дыбысталған әлі бір шетел фильмі шықпаған.