3579
18 июня 2024
Тамара Вааль, Власть, Киевтен

«Зымырандар айналаның күл-талқанын шығарды, киіз үй ғана бүлінген жоқ»

Қазақстандық кәсіпкерлер Украинаға жіберген киіз үйлер не күйде?

«Зымырандар айналаның күл-талқанын шығарды, киіз үй ғана бүлінген жоқ»

Мызғымайтын немесе бұзылмайтын киіз үйлер соғыс кезінде қазақстандық кәсіпкерлердің Украина тұрғындарына көрсеткен айрықша көмегінің бірі болды. Алғашқы киіз үй 2023 жылғы қаңтар айының басында басып алынған Бучада, кейін Киев, Харьков, Днепр, Одессада тігілді. Ал қазір олардың жетеуі де қаладан қалаға көшіп жүр. Киіз үй тамақ, жылу, электр энергиясы қажет жерлерге тігіліп жатыр.

Власть редакциясының Астана бюросына жетекшілік ететін Тамара Вааль Киевтегі Шевченко саябағында Қазақстаннан әкелінген ең үлкен киіз үйде «Мызғымайтын киіз үйлер» жобасының бастамашысы, Украина жоғарғы радасының депутаты Сергей Нагорнякпен кездесті.

Депутат сұхбатта украиндықтардың қазақтың ұлттық тағамдарына қалай қарайтынын, бұл жобаны кім қолдағанын, ақшасын кім төлеп жатқанын, ақырындап мәдени орталыққа айналып бара жатқан киіз үйлердің Украинада қашанға дейін сақталатынын айтты.

Сергей Владимирович, Украинаның саяси қайраткері әрі жоғарғы раданың депутатына Киевтің орталығына киіз үй тігу идеясы қайдан келіп жүр?

Бұл идея туралы алғаш 2021 жылы ойландым. Кейін Қазақстанға, нақтырақ Алматы облысына бардым. Көлсай көлдеріне экскурсия ұйымдастырды. Көлсай мен Қайыңдыда тау беткейіндегі киіз үйлерді көрдім. Сондай ғажап! Алыста болған соң ішіне кіріп көрмесек те, киіз үй идеясы сол кезде-ақ қатты ұнап қалды. Алматы облысының сұлулығын, киіз үйлерді ұнаттым. 2022 жылы жаппай шапқыншылық басталғанда Қазақстанның жігіттері, менің достарым – сіздердің кәсіпкерлеріңіз бірінші күннен байланысқа шығып, жанашырлық танытты. Бірінші аптада олар гуманитарлық көмектің алғашқы легін жіберіп үлгерді.

2022 жылдың күзіне таман маңызды инфрақұрылымға алғашқы зымыранмен шабуыл басталғанда біз қыс өте қиын болатынын түсіндік, елде жарық пен жылу өше бастады. Жігіттер гуманитарлық көмектен басқа да көмек көрсеткісі келетінін айтты. Біз аурухананы, балабақшаларды, әлеуметтік мекемелерді тым болмаса «қуаттандыру» үшін жоғары қуатты генераторлар қажет екенін жеткіздік.

Қазақстандық кәсіпкерлер Түркиядан 41 қуатты генератор сатып алды. Біз осы генераторлар туралы айтқан кезде, Украинада бұзылмайтын нүктелер пайда бола бастады. Бұл – әр қалада, әр ауданда адамдар телефонын зарядтауға және жылынуға келетін қандай да бір бөлме. Қазан айы болатын. Сосын маған бір ой келді. «Мүмкін болса, генераторларды киіз үйдің ішіне орналастырайық. Бізге Қазақстаннан киіз үй жіберіңіздер, ал біз оларды әртүрлі қалаға орналастырып, адамдар келе алатын мызғымайтын нүктелер жасаймыз. Ішіне генераторларды қоямыз. Сіздер жіберіп жатқан ауруханадағыдай үлкен емес, адамдар телефонын қуаттап, шай қайнатып ішуіне жететін кішкентай түрлерін қоямыз», – дедім.

Бизнес үн қатты

Олар бірден қолдады. Біз 10 киіз үй жіберсе деп едік, Алматы облысындағы киіз үй жасайтын жерде дайын киіз үй 7-ақ дана болып шықты және оның бәрін Украинаға жіберді. 2023 жыл қарсаңында, желтоқсанның соңында түнде біреу хабарласты. «Сәлеметсіз бе! Сізге сәлемдеме бар. Бірдеңе күтіп отыр ма едіңіз?» – дейді. «Шынымды айтсам, білмей тұрмын, ал сіз кім боласыз?» десем, кеденнен екен. Қандай сәлемдеме екенін сұрасам, киіз үй дейді. Бірден түсіндім.

Сөйтіп шамамен 28-29 желтоқсанда Украинаға киіз үйлер келді. Украинадағы қазақ диаспорасымен кеңестік. Олар өзін қазақ диаспорасы емес, Киев қазақтары деп атайды, өйткені бізде диаспора да, Киев қазақтары да бар. Біз олардан қай жермен қандай байланыс барын, қай қалада диаспора өкілдері бар екенін сұрадық. Өйткені біз бұл киіз үйлерде келушілерді қазақтар күтіп алғанын қаладық. Жоспар бойынша палау, бауырсақ, ет пісірілсе дедік. Сондықтан бірінші киіз үйді Буча қаласына орнатамыз деп шештік.

Буча қаласы бұл уақытта бұғаудан босаған еді – қалада инфрақұрылым бұзылған, жарық жоқ. Ең қатты зардап шеккен ықшамауданды анықтап, 2023 жылғы 6 қаңтарда киіз үй тіктік. Киев қазақтары келіп, үлкен қазанға палау мен бауырсақ пісірді. Ауданнан көп адам келді. Сыбыс тез тарап, біздің киіз үйіміз тарлық қылды. Көп адам жиналды, сондай керемет атмосфера орнады. Бучаның қалалық кеңесі бірнеше сағат өткен соң сайтына Бучада Қазақстан Республикасы Украинадағы елшілігінің, халық депутаты, Халықаралық достық тобының басшысы Сергей Нагорняктың және қазақ диаспорасының қолдауымен бұзылмайтын киіз үй құрылғаны туралы ақпарат шығарды. Екі-үш сағаттан кейін Қазақстаннан қоңырау шалып, «Бучада киіз үй тігілуіне Мәскеу көзқарасын білдіргенін» айтты. Ертесіне-ақ Мария Захарова ханым Бучадағы бұзылмайтын киіз үйді орнатуға Қазақстанның ресми билігінің қатысы бар-жоғына түсініктеме сұрап, Қазақстанға ресми өтінішпен шықты. Бұл мәлімдемені бәрі көрді, бірақ біз тірлігімізді жалғастыра бердік, бізге жұмысты ретке келтіру қажет болды.

Украин азаматтары жылдам жиналды ма?

Білесіз бе, палау 15 минутта бітіп қалды, өте дәмді болды. Жұрт тағы да палау, бауырсақ болар ма екен деп күтіп тұрды. Бауырсақтың қандай тағам екені де қызықтырды. Ешқандай салмасы жоқ, ішінде құр ауа ғой. Осылай жұмыс жүріп кетті. Киевте тағы бір киіз үй тіксек деп жоспарладық. 14 қаңтарда құратын болғанбыз, 12-13-і күндері жұмысты бастап кеттік. Виталий Кличкодан (Киевтің мэрі – В.) осы жерді сұрап едім, қарсы болған жоқ. Түрлі ұсыныс айтылды, бірақ бізге дәл осы Шевченко саябағын алу маңызды болды, өйткені Тарас Шевченко 10 жыл бойы Қазақстанда қуғында болып, көптеген картина, өлең жазды, қазақ халқының мейірімін суреттеді. Оның үстіне қаланың орталығы. Киіз үй тігерден бір ай бұрын ба, екі ай бұрын ба, таңертеңгі сағат тоғыз-онның кезінде жүз метрдей жерге шабуыл жасалды. Ойын алаңына тағы бір шабуыл болды. Сәтін салғанда, адамдар зардап шеккен жоқ. Сонымен, киіз үйді осы жерге тігуді жөн көрдік.

Киіз үйді тігумен кім айналысты? Сіздердің тәжірибелеріңіз жоқ қой?

Киев қазақтары тікті. Марат деген мықты азамат бар, киіз үйдің ашылуында палау пісірген бас аспаз. Бұрынырақта Қазақстанда тұрған, киіз үй тігуді біледі екен.

Жалғыз өзі емес, басқаларды да тартты ғой?

Иә, киевтік қазақтарды ертіп келді, киіз үйлерді солар тікті. Олар жаппай шабуыл кезінде ұзақ уақыт бойы ерікті болып, басқыншылардан азат етілген жерге барып, палау мен бауырсақ пісіріп, халыққа тамақ берді, гуманитарлық көмек көрсетті. Киіз үйді құрған да – солар. Екінші киіз үйдің ашылуын 14 қаңтарға жоспарлаған едік, бірақ таңертең Киевте ескертусіз, дабылсыз жарылыстар болды. Бұл Киев облысына – Киев жылу электр орталығына келген алғашқы баллистика еді.

Жағдай түсініксіз, ел алаңдаулы, түске дейін көшеде тірі жан болған жоқ. Ешкім ештеңенің байыбына барып жатқан жоқ, ақпарат өте аз болды. Дегенмен, біз бастаған істі кейінге қалдырмайық дедік. Көп адам келді, палаудың иісі келмеске қоймады (күлді). 500-ге жуық адам болды. Фольклорлық топтар өнер көрсетті, мұның бәрі аздап болса да қорқынышты сейілтіп, соғыс кезінде де тіршілік жалғасатынын, өмір осындай жарқын сәттерімен құнды екенін көрсетті. Келесі күні екі мыңнан аса адам келді. Киіз үйіміз метроның шыға берісінде тұрғандай әсер қалдыратын, адамдар тоқтаусыз келіп жатты, келіп жатты.

Журналистер тәулік бойы біз жақта жүрді, бұл бір айға созылды. Біздің киіз үй Киевтегі ең танымал жерге айналды. Келушінің бәріне есігіміз ашық болды – үйсіз-күйсіз жүргендер де, дипломаттар да келді. Күн сайын түрлі-түрлі адам келіп, жылынып, шәй ішіп, печенье, бауырсақ, алма, кәмпиттен ауыз тиіп жатты. Біз мұнымен тоқтамайық деп шештік. Харьков жақта қорқыныш болды, өйткені ол жақта алдымен жарылыс болып, содан кейін ғана дабыл ойнауы мүмкін.

Бірақ біз Харьковта бірдеңе бола қалса метроға тығылуға мүмкіндік болсын деп, киіз үйді метро станциясының жанына құрдық. Онда да киіз үй өте танымал болды, көптеген адам келді. Харьковта қыста жарық жиі сөніп қалатындықтан, киіз үй шынымен қажет болды. Кейін Киевте де, Харьковта да, басқа да қалаларда – елдің жартысы қазақтар, не Қазақстанда өмір сүрген, не сол жақта туған, болмаса сонда оқыған, қызмет еткен болып шықты. Бізге келген әр қонақтың Қазақстан туралы өзіндік оқиғасы болды. «Қазақ елінің жартысы Украинада тұрады екен» дейтін болдық.

Бородянкада модуль жатақхананы көруге барғанбыз. Бейтаныс әжей бөлмесін көрсетті. Әңгіме барысында ол кісінің Қарағанды ​​облысында туып-өскенін білдім, мен де қарағандылықпын. Жерлес болып шықтық. Мені жібергісі келмей, құшақтап, жылап, Отанына сәлем айтуымды сұрады…

Мұндай оқиғалар күнделікті кездесетін. Харьковтан кейін Львовқа бардық, одан кейін Одесса, кейін Днепрге барып, киіз үй тіктік. Кейін қоныс аударуды бастадық: Львовта киіз үй қажет болмай қалғанда, Донецк облысындағы Славянск қаласына көшірдік. Бұл – соғыс белсенді жүріп жатқан шекаралас аймақ. Қалада ауа райы аса мәз болмай, біраз қобалжыдық. Киіз үйді мектептің жанына тіктік. Апта бойы тұрғын үйлерге шабуыл жасалды, бәрі қирап қалды, ал киіз үй сол қалпы тұрды. Ол жақта да көп адам келді, әсіресе әскерилер көп болды. Бір мезгілде көп адам топырламасын деп оларды топ-топпен шақырдық. Ол жерде де қонақтар пікір жазатын дәптеріміз, Украина мен Қазақстанның байрағы бар. Украинаның туында әскерилер қолдау көрсеткені үшін Қазақстанға алғысын жазды. Кейін киіз үйімізді Тарас Шевченконың туған жеріне көшірдік. Шевченко Звенигород уезінде дүниеге келген.

Кәдімгі көшпенді болыпсыздар ғой!

Иә. Биыл Тарас Шевченконың туғанына 210 жыл толуына орай біздің мәдениет министріміз келіп, сол кісімен бірге киіз үйіміздің ашылуын жасадық. Жоба жаңарып, ол енді бұзылмайтын, мызғымайтын киіз үй емес, Тарастың киіз үйі деп аталады. Звенигородскіде киіз үйді мәдени орталыққа айналдырдық. Оған мектеп оқушылары мен мұғалімдер экскурсияға келеді. Онда Қазақстанға барып көрмеген, бірақ Қазақстан туралы бәрін оқып біліп алған, бүкіл тарихты білетін әйел жұмыс істейді. Күн сайын экскурсиялар өткізеді.

Киіз үйдің ішіндегі шапан, сандық, домбыра мен көрпешелерді де қазақстандық кәсіпкерлер беріп жіберді ме?

Сандық пен көрпеше киіз үймен бірге келді, шапандарды жігіттер жіберіп отырды. Бір-екеуін Киев қазақтары әкелді. Қазақстандықтар Киевке келе жатқанда не әкелу керегін сұрағанда, ыдыс-аяқ, киім сұрадық. Николаев қаласында киіз үй құрғанбыз. Екі үлкен сөмкеге қазақтың ұлттық киімдерін толтыра салып алған алматылық жігіттер бізге келмек болады. Кишиневпен шекарада тоқтатып, келу мақсатын сұраған, олар киіз үй құруға келе жатқанын айтқан. Молдовалықтар ол неғылған киіз үй екенін түсінбеген. Жүгін тексерсе, толған ұлттық киім. Былай қараса, екі ересек азамат, ұшақта аздап ішімдік ішкен екен, киіз үй тігуге келе жатырмыз дейді. Дым түсінбеген соң, оларды қамап қояды. Содан елшілерді тартып, киіз үйдің не екенін түсіндіріп жатып, босатып алдық. Барлығы оңынан болды. Бізге келетін қонақтар болса, киіз үйдің ішіне қоятын заттар әкелуді сұраймыз. Біраз затты өзіміз сатып алдық – мұнда жиһаздар, балалар үстелі бар. Көп адам баламен келеді, сондықтан балаларға арналған бұрыш жасадық. Көрдіңіз бе, бізде қазақтың ертегілері бар.

Айтпақшы, украин тіліне аударылған қазақтың ұлттық ертегілеріне назарым түсті. Бұл кітаптар қайдан келген? Өздеріңіз басып шығардыңыздар ма?

Жоқ, кітаптарды Қазақстанның Украинадағы елшілігінен алдық. Елшілікпен, елші мырзамен қарым-қатынасымыз жақсы. Үнемі байланыстамыз, көп жылдан бері бір-бірімізге көмектесіп келеміз.

Біздің есептеуімізше, осы уақыт аралығында тек Киевтегі киіз үйге 150 мыңға жуық адам келген. Түркияның, Әзербайжанның және тағы басқа елдердің елшілері келіп, Наурыз мерекесін екінші жыл қатарынан өткізіп жатырмыз. Былтыр бізге Виталий Кличко келді, қонақтар күтіп тұрды, сценарий бойынша өнер көрсетуіміз керек еді, ал ол киіз үйді жарты сағат айналып, қарап, рахаттанып жүрді. «Бәрі бізді күтіп отыр, шығатын уақытымыз болды», – десем, ол әлі киіз үйде жүр.

Жеті киіз үй бар еді, қазір қаншауы қалды?

Киевтегісі күн сайын жұмыс істейді. Одессадағы киіз үй 1 мамырға дейін жұмыс істеді. Біз оны әзірге жазға деп сақтап отырмыз, еденін ауыстырып, жинап, тазалатып қойдық, әзірге тұр. Ол енді не Одессада қалады, не күзге жақын шұғыл киіз үй қажет болып қалған қалаға апарамыз. Өйткені 2024-тен 2025-ке өтер қыс 2022-23 жылдарға қарағанда әлденеше есе қиын болатынын түсініп отырмыз.

Днепрдегі киіз үй уақытша жабық, әзірге қажеттілік жоқ. Бұл – өте қымбат жоба. Қаржылық жағы өз алдына, жұмыс істейтін адамдар да маңызды. Олармен құндылығымыз ортақ болуы маңызды. Қонақтарды дұрыс қарсы алып, жоба туралы, Қазақстан туралы, Қазақстанның Украинаға қолдау көрсетуі туралы айтуы маңызды. Сондықтан Днепрдегі киіз үй әзірге жабық, бірақ ашу қажет болса, ашамыз немесе көшіріп апарамыз. Славянск қаласында киіз үйіміз демалыс күндері ашық болса, Звенигородскіде күн сайын ашық. Харьков киіз үйін тасымалдадық. Оған жаңа шаңырақ пен кереге алдық.

Николаевтағы киіз үй де қазір жабық. Жазда жөндеуден өткіземіз, шаңырағы мен керегесін ауыстырамыз. Сосын күзге жақын қайта ашамыз.

Сіздерге бұл жолы да қазақстандық кәсіпкерлер көмектесіп жатыр ма, әлде киіз үйді жөндеу, қалыпқа келтіру жұмысына керек-жарақты өздеріңіз сатып алып жатырсыздар ма?

Екі шаңырақ пен керегені киіз үйді бірге ашқан серіктесіміз – қазақстандық кәсіпкер жіберді. Ол тіпті Наурыз мейрамы қарсаңында да біраз сәлем-сауқат жіберді. Логистиканың қиындығына байланысты киіз үйдің барлық қосалқы бөлшегі мен тәттілер үш аптаға кешігіп келді. Наурызда әйтеуір палаумен, украин тәттілерімен амалдадық.

Тәттілердің арасында құрт пен жент те болған шығар?

Иә, құрт, шоколад сияқты көпке дейін бұзылмайтын өнімдер болды. Оларды іс-шаралардың бірінде таратып береміз.

Украиндар қазақтың ұлттық тағамдары, тәттілері жайлы не дейді?

Олар әуелі бауырсақтың дәмін көреді. «Еті қайда?» деп сұрайды. Ал біз оларға «оның еті жоқ, ішінде тек ауа бар» дейміз. Шоколад та тез бітеді. Қазақстандық достарымнан «Қазақстан» шоколадын ала келуді сұрайтыным да сондықтан. Шәймен қатып кетеді. Жұрт палауды да, бауырсақты да жеп көрді. Ет бере бермейміз, өйткені, біріншіден, біздің жылқы етінің дәмі бөлек. Екіншіден, Украинада жылқы етін табу өте қиын. Үшіншіден, Киевте ет беру де өте қиын. Биыл Наурыз мейрамына екі үлкен және бір орташа қазанда палау пісірдік. Түк қалмады.

Киіз үйді ашып қана қоймай, ұстап отыру қымбатқа түсетінін айттыңыз. Оның шығыны сіздің мойныңызда ма?

Иә. Бәрі киіз үйдің неше күн, неше ай ашық тұрғанына байланысты. Дастархан жаю үшін бөлек бюджет керек. Негізгі қаражат киіз үйде жұмыс істейтін адамдардың жалақысына кетеді. Барлық адам, тіпті бізде жұмыс істейтін еріктілер де отбасын асырауы керек. Сондықтан қазір басты ресурс халықтың жалақысы мен киіз үйдің өзін ұстауға жұмсалады. Кез келген үйдегідей киіз үйде де бірдеңе сынып қалады, бір жерін жөндеу керек болады. Көп адам келетін болған соң, еденді бірнеше рет ауыстырдық. Кейде шам күйіп кетеді, кейде киіз үйдің іші-сыртына химиялық тазалық жасаймыз. Жаңбыр мен шаң бар. Киіз үй де тозады. Бірақ тазалап, жинап алған соң, қайтадан жаңа киіз үй болып шыға келеді. Мысалы, Наурыз мейрамына дейін біз кәсіби химиялық тазалау жұмыстарын жүргіздік. Электр қуатына төлемейміз, қала қосылуға мүмкіндік берді.

Сонда сіз қаражатты қалтаңыздан шығарасыз ба, әлде елдің бюджетінен беріле ме?

Жоқ, бюджеттің ақшасы емес. Достарымның, олардың достарының және арасында өзімнің ақшам. Былтыр Қазақстанның кәсіпкерлері де қаржылай қолдады. Қазір олардан сұрамаймын. «Достар, өзіміз амалдармыз, уайымдамаңдар» деймін. Киіз үйлер ашық, бәрі жақсы. Қажет болса, көмек сұраймыз. Әзірге өзіміз амалдап жатырмыз, бәрі жақсы.

Қазір Киевтегі киіз үй көбірек мәдени орталық рөлін атқарып тұр, солай ғой? Ол әлі қанша уақыт тұрады?

Бұл жоба бізге өте жақын болып кетті. Біз үшін Қазақстан азаматтарының қолдауын көру және сезіну өте маңызды болды. Осы жобаның арқасында соны сезіне алдық. Киіз үй туралы ақпараттың қазақстандық ақпарат құралдарында жазылғанын көріп, әр жазбаның астынан қазақ халқының пікірін оқыдық. Киев қазақтары емес, украиндар емес, Қазақстанда тұратын қазақтардың пікірі. Біз сіздің еліңізден үлкен қолдау көрдік. Киіз үйлер пайда болғанда қазақтар жылуы мен мейірімін осылай көрсеткенін аңғардық. Сөйтіп, Киев мэрі екеуіміз төтеп бергенше киіз үй осы жерде тұрады деп келістік.

Төтеп бергенше деген қалай?

Жеңіске жеткенше.

Қазір киіз үй мәдени орталық ретінде қызмет етеді, бірақ күз бен қысқа қарай, кей кездері жарық сөнген жағдайда бұл үйлер мызғымайтын орын қызметін атқаруы әбден мүмкін. Өкінішке қарай, бізде электр энергиясын өндіру тапшылығы және жылу электр станциялары мен су электр станцияларына зымыранмен шабуыл жасаудан туатын қиындықтар болады. Ал жыл соңына дейін бұл нысандардың барлығын қалпына келтіре алмауымыз әбден мүмкін. Өйткені қаржылық жағынан да, техникалық жағынан да үлкен шығын. Сондықтан 2024 жылы Украинаның көптеген қаласында киіз үй аса қажет болады.

Әлемдік қауымдастық мызғымайтын үйлерге қалай қарады?

Журналистер киіз үйлерімізді аралағанда, олардың ештеңе болмайтын ерекше жер екенін айтты. Президент жарлығымен шапқыншылық кезінде телеарналарымыз бір хабарға біріктірілгендіктен, барлық жерде бір сюжетті көрсетіп жатыр. Бұрын бәсекелес болғанымен, қазір журналистердің бәрі бірге жұмыс істейді. Көбінесе журналистер тікелей киіз үйден немесе оның фонында тұрып тікелей хабар таратады. Сондықтан жобаны көпшілікке арналған, тіпті геосаяси деп те атай аламын. Киіз үй туралы жаңалық тек бізде емес, бүкіл әлемде, соның ішінде орыс жаңалықтарында да болды. Энтони Блинкен Қазақстанға барғанда украиндықтарды қолдағаны үшін және Киев пен Бучада мызғымайтын киіз үй тіккені үшін Қазақстанға алғыс білдірді.

Бұған қоса Қазақстан Украинаға ресми түрде гуманитарлық көмек жіберді...

Иә, ресми түрде Қазақстан шапқыншылық басталғанда медициналық көмекпен бірнеше ұшақ жіберген. Негізінен дәрі-дәрмек, бірінші кезекте қажет заттар. Біздің дәрі-дәрмек сақтайтын қоймаларымыз уақытша басып алынған аумақтарда, дәл Киев облысында болды. Гостомель, Бучада қоймалар мен логистика орталығы болды. Осыған байланысты дәрі-дәрмек жетпей, коллапс болды. Сондықтан біз Қазақстан билігіне және президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жедел әрекет еткені үшін алғыс айтамыз. Алғашқы бірнеше ұшақ Польшаға келді. Онда Қазақстан Республикасының Украинадағы елшілігі төтенше және өкілетті елші Дархан Қалетаевтың қатысуымен Украина аумағына жүкті жеткізу мәселесімен айналысты.

Жоғары мемлекеттік деңгейде болсын, қарапайым халықтан болсын, Қазақстан тарапынан көмек болады деп ойладыңыз ба? Бизнесмендер де қарапайым адамдар ғой. Шекарамыздың ұзындығын ескере отырып, олардың да тәуекелге барғанын бәріміз жақсы түсінеміз, өйткені оларға қысым жасалуы мүмкін еді…

Ең алдымен, бізде үлкен соғыс басталғанына, Ресей Федерациясының Украинаға жаппай басып кіруі болатынына бәріміз сенген жоқпыз. Батыстың барлау қызметтері олар шабуыл жасауы ықтимал деп жазғанда, бәріміз бұл Ресей әскерінің сес көрсетуі деп ойладық. Олар бізді қорқытуға тырысады деп ойладық. Дегенмен, Ресей басып алуға шешім қабылдады. Кейбір БАҚ бізді үш күн шыдай алмайды деп жазғаны есімде. Украина мен Киев үш күн емес, осы күнге дейін екі жыл шыдады. Әлі шыдап келеміз. Соның өзінде алғашқы аптада көптеген елдің, соның ішінде Қазақстанның да қолдауын көрдік және бұл қолдау үшін алғыс айтамыз. Алғашқы күндері Украинаға көмектескен Астанадағы Украина елшілігіне және басқа да волонтерлік ұйымдарға барғандардың санын көрдік. Халыққа алғысымыз шексіз! Көмек күні бүгінге дейін жалғасып жатыр. Әрине, алғашқы күндердегідей үлкен көлемде емес, бірақ әлі жиналып жатыр, оны білеміз.

Қазақстаннан көмек келіп жатыр ма?

Иә, келіп жатыр. Әрине, басқа елдер сияқты, Қазақстаннан да келетін көмектің көлемі 2022 жылғыдай емес. Бірақ, бастысы, әлі де жалғасып жатыр. Біз мұны білдік те, себебі Қазақстанмен үнемі достық, серіктестік байланысымыз болды. Қазақтар мен украиндар менталдық жағынан қатты ұқсайды. Қазақтар да ақкөңіл, қонақжай, жандүниесі бай. Еркіндікті сүйеді. Қазақстан болып жатқан оқиғаға жай қарап қалмайтынын түсіндік. Бірақ біз Ресей мен Қытай, Батыс пен Ресей арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың бизнес үшін де, үкімет пен Қазақстан президенті үшін де қалай болатынын жақсы түсінеміз. Президент Тоқаев мырзаның Санкт-Петербург форумында айтқан ұстанымы үшін – Қазақстанның ДХР мен ЛХР квазиреспубликаларын мойындамайтыны және Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын сақтауды қолдайтыны үшін алғыс айтамыз. Мұны есту біз үшін өте маңызды болды. Менің ойымша, біз үшін ғана емес, бүкіл өркениетті әлем үшін маңызды болған сияқты. Жақында Швейцарияда президентіміздің бейбітшілік саммиті өтеді деп сенеміз. Біз онда бейбітшілік жайлы айтамыз. Бізге соғыс керек емес. Біз балаларымыз бен ата-анамыз бейбіт елде өмір сүргенін қалаймыз. Соғыс мейлінше тезірек бітіп, қайтадан әділет орнағанын қалаймыз.