3498
27 июня 2024

Грек аралындағы өрттің қазақстандық ізі

Гидра аралы маңындағы яхта ішінде кімдер болды?

Грек аралындағы өрттің қазақстандық ізі

Элиза Триантафилу (Inside Story), Миша Гагарин (OCCRP), Ольга Логинова (Власть)

Грек билігі салтанатты кемеден атылған отшашу Гидра аралындағы өртке әкеп соққанын зерттеп жатқан уақытта OCCRP-ге келіп түскен ақпарат кемеде танымал қазақстандықтар болғанын, олардың келесі күні жеке ұшақпен грек елінен ұшып кеткенін көрсетіп отыр.

Жұма күні кешкісін, күн қайнап тұрған уақытта Гидра жартасты аралында болған өрт 300 мың шаршы метр аумақты қамтып, Грекияны қауіптің құрсауына алды.

Ұлттық өрт қызметінің от қоюды зерттеу бөлімі сенбі, 22 маусым күні грек жағынан болған 13 экипаж мүшесін қамауға алғанын хабарлады. Аптасына 250 000 еуроға жалдауға болатын сән-салтанаты келіскен кеме қонақтарының бірде-бірі ұсталған жоқ.

«Муниципалитет тергеудің соңғы нәтижесін күтіп, содан кейін кінәлілердің барлығына қарсы шара қабылдап, олардан өтемақы талап етеді», – деп мәлімдеді Гидра мэрі Гиоргос Кукудакис OCCRP серіктесі Inside Story басылымына.

Журналистердің қолына түскен құжаттарға сүйенсек, «Персефони I» кемесіндегі қонақтар қатарында Қазақстанның жеті азаматы болған. Олардың арасында еліміздегі ең бай бизнесмендердің бірі Данияр Абулғазин бар.

Өрт болғанның ертесіндегі ұшу кестесі Абулғазин үнемі пайдаланатын жеке ұшақтың Афин әуежайынан Алматыға ұшып кеткенін көрсетіп отыр.

Абулғазин үнемі пайдаланатын ұшақ Грекиядан 22 маусым күні ұшып кеткен.

Абулғазин телефон қоңырауына жауап бермеді, жағдайға пікір айтуды сұраған мессенжердегі өтінішті де жауапсыз қалдырды.

Кемедегі құжаттан оның ішінде Абулғазиннің ұлы мен әйелі, елдегі ірі қайырымдылық қорларының бірінің басшысы Айдан Сүлейменова, сонымен бірге Сүлейменованың орынбасары болғанын көруге болады.

Қонақтардың арасында Халық банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова, оның күйеуі, KMG International NV мұнай компаниясының бұрынғы топ-менеджері Бейімбет Шаяхметов және олардың қызы да болған.

OCCRP Сүлейменова мен Шаяхметоваға да пікір сұрап хабарласқанымен, мақала жарияланғанға дейін екеуі де жауап бермеді.

Абулғазин де, Шаяхметова да бизнесмен, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевпен етене жақын адамдар. Абулғазин «Самұрық-Қазына» қорында Құлыбаевтың орынбасары болса, Шаяхметова Құлыбаев пен әйелінің иелігіндегі банкті басқарады.

Теңіздегі қадағалау қызметінің деректеріне сүйенсек, қазақстандықтар мінген кеме өрт болған кезде Гидраның шалғай аудандарының бірінде жағажай маңызда болған, дегенмен гректің ресми тұлғалары оларды от қойды деп айыптаған жоқ.

СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров та Гидра аралындағы өртке байланысты ел азаматтары ұсталмағанын, оларға айып тағылмағанын мәлімдеді.

Грекияның климат дағдарысы және азаматтық қорғаныс министрі Василис Кикилиастың айтуынша, билік өкілдері куәгерлермен сөйлескен, олар өрттің шығуына отшашу әсер еткен болуы мүмкін деген.

«Куәгерлердің сөзінен кей адамдардың белгі беретін зымыран немесе отшашу кесірінен Гидра аралындағы 300 мың шаршы метр аумақты жағып жіберіп, (өмірге) қауіп төндіргенін көріп отырмын», – деді ол гректің Open TV телекомпаниясына берген сұхбатында.

«Мұны алдын ала тергеу мен сұрауға алу кезінде дәлелдеуге тура келеді», – деп қосты Кикилиас.

Гидра мэрі Кукудакис журналистерге аралдағы жалғыз қарағай орманына жеткенге дейін өрт сөндірушілердің жалынды өшіріп үлгергенін айтты. Оларға қарсы бағытқа соққан желдің көмегі тиген.

«Егер өрт ну орманға жеткенде, бүгінге дейін өртеніп жатар еді, – деді ол. – Онда арал ана басынан мына басына дейін дымы қалмай жанып кетер еді».