6069
8 августа 2024
Светлана Ромашкина, Власть, сурет мәдениет және ақпарат министрлігі сайтынан алынды

Петицияны қарастыру неліктен ортаңқол шоуға айналды?

Шенеуніктер негізгі ұғымдарды бұрмалап, деректерден бейхабар екенін көрсетті

Петицияны қарастыру неліктен ортаңқол шоуға айналды?

1 тамызда қоғам өкілдері тікелей эфирде үш сағат бойы «Қазақстан ата-аналар одағының» жетекшісі Бағила Балтабаева бастамашы болған петицияны талқылағанын тамашаладық. Ақыры петиция ішінара қабылданды, енді әр тарап тыңдауды салыстырмалы түрде болса да табысты болды деп қабылдай алады.

Талқылау қалай өткені және онда тараптар қандай пікір келтіргені туралы толығырақ мына мақаладан оқи аласыз.

Шенеуніктердің ешқайсы қазақстандық жастар мен ересектерге «ЛГБТ ның насихаты» нақты қалай әсер етіп жатқанына статистика мен ғылыми негіз келтіре алған жоқ. Ешкім «пропаганда» деген не екенін, ол Қазақстанда қалай көрініс тауып жатқанын түсіндіре алмады.

Шенеуніктер жезөкшелік пен педофилиядан бастап бәрін бір жерге тықпалап, ақылы кірмегендер оның бәрін ЛГБТ-мен байланыстырады деп түйген тәрізді, олардың арасында байланыс жоқ екенін ескермеген секілді. Феминизм мен ЛГБТИК+ айырмашылығын білмейтін, Ресейдің ақпарат кеңістігі аясында жүрген адам жетекшілік ететін «Қазақстан ата-аналар одағының» жақтастарына керегі де осы шығар. Оларды қолдаушылардың бірі микрофонға жақындап: «Бізге шетел агенті туралы заң қабылдау керек!» – деп айғайлады.

Петицияға қарсы шыққан, статистика, ғылыми деректер, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы деректерін келтірген белсенділердің жанында шенеуніктер үй тапсырмасын орындамаған, жағдайға қарай әрекет ететін мектеп оқушысы сияқты көрінді. Қандай шешім қабылданатыны онсыз да белгілі болса, мұқият дайындалудың қажеті қанша деген болар. Мұндай жағдайда талқылаған кейіп таныту жеткілікті.

Алайда олар талқы болғанын, белсенділер анағұрлым дайындалғанын, олардың білімді және нанымды көрінгенін ескерген жоқ. Белсенділер ІІМ немесе денсаулық министрлігінің өкілі сияқты ойдан құрастырылған түйінге сүйенген жоқ (мұндай да болады екен-ау?!), фактілерді талдап, ешкім жауап бере алмаса да, нақты сұрақтар қойды.

ЛГБТ насихаты деген не?

Оны қалай анықтауға болады?

Адамның ЛГБТ-ға жататынын не жатпайтынын кім шешеді?

Талқылаудың ертесіне мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз алып, петиция авторларын ішінара қолдады. «Біздің ұрпақ алдындағы парызымыз – оларға дұрыс рухани-адамгершілік бағыт-бағдар беріп, дәстүрлі отбасы құндылығын бойына сіңіру. Сондай-ақ ұлттық мәдени мұраны ұстануға, генетикалық кодты сақтауға жағдай жасау өте өзекті», – деп мәлімдеді.

Әдетте халыққа оң әсер ету қиындаған кезде шенеуніктер рухани адамгершілік бағыт-бағдар мен мұраға, яғни биік тұғырдан әдемі естілетін жалпылама сөздерге иек артады.

Ал жұмадағы уақытты өзгерту туралы талқыға көп ешкімді шақырған жоқ: зал шағын болды, жазылуға арналған телефонға да ешкім жауап берген жоқ. Трансляция кезінде бос орын көп екені көрінсе де, журналистерге залға кіруге рұқсат бермеді.

Уақытты өзгерту туралы шешім қалай қабылданды, ол неліктен халықтың талқысына ұсынылмады, аумағы осынша үлкен елде неліктен бір сағат белдеуі бекітілді? Белсенділер түрлі министрлік өкілдерінен осы сұрақтарға жауап алуға тырысты.

Шенеуніктер сағаттың ауысуымен өміріміз дұрысталғанын айтып, адам 1-2 айда жаңа уақытқа үйреніп кетеді, қазір биоритммен толықтай үйлесімдеміз деп мәлімдеді.

«Бір сағат артқа жылжу арқылы оқушыларымызға бір сағаттық артық уақыт бердік, бұл үлкен жетістік», – деп мәлімдеді биотехнолог Әмір Қуат.

Оның айтуынша, оқушылар енді кешірек оянады, дегенмен ол екінші ауысымдағы оқушылар сабақтан қараңғыда қайтады деген уәжге құлақ аспады.

Осы екі петицияға қатысты амалдың бәрі «балалар мен балалардың мүддесі үшін» жасалғаны қызық жағдай. Екеуінде де «батыс» деген сөз көп қолданылды – бірінші жағдайда батыс жаман, олардан үлгі алуға болмайды десе, екінші жағдайда керісінше – біз тура мағынасында батысқа және батыстың уақытына ұмтыламыз.

Заңгер Амангелді Шорманбаев уақытты ауыстыру туралы шешімді үкімет қабылдады, алайда заң бойынша бұл парламенттің құзыретіндегі нәрсе дейді.

Петиция жариялаушыларға уақыт кері ауыспайды деген жауап берілді, оған таңғалудың қажеті жоқ – мемлекет ешқашан қатесін мойындамайды. Дегенмен, қалай болғанда да, шешім қалай қабылданатыны, тиісті білігі жоқ немесе халықаралық ғылыми журналдарға мақала да жарияламаған ғалымдардың «кеңесіне» сүйенетіні сәл де болса ашылып қалды.

Шенеуніктер екі петицияны қарастыру кезінде де кәсіби қатынасты көрсете алмады.

Петиция халыққа жақын болудың жолы делінсе де, әзірге бұл тура жолға ұқсамайды.

Мұндай талқының жақсы тұсы да бар – қазақстандық белсенділер алғаш рет үлкен мінберден сөз сөйледі әрі абырой биігінен көрінді.