6570
19 сентября 2024
Ғалия Байжанова, арнайы Власть үшін

«Талақ»

Шанхай кинофестивалінің бас жүлдесін алған фильмге рецензия

«Талақ»

Премьерасы: 12 қыркүйек

Ұзақтығы: 100 минут

Елі: Қазақстан

Режиссері: Данияр Саламат

Актерлер: Ерболат Әлқожа, Амира Омар, Аяна Бауыржанова

Өткен аптада Шанхайдағы 26-халықаралық кинофестиваль жүлдегері, үздік фильм және үздік әйел рөлі (Амира Омар) деген екі беделді марапатқа ие болған фильм прокатқа шықты. «Кеңес билігі» әйелдерге еркектермен тең құқық бергенін және бұл неге әкелгенін көрсететін картина қызық болғанымен, тамашалаушылар аз болып тұр. Конъюнктураға сай «әйелдер» тақырыбында түсірілсе де, терең патриархат мәнеріндегі жұмыс туралы Ғалия Байжанова жан-жақты айтып береді.

Азиядағы ескі конкурстар қатарына кіретін фестивальдің бас марапатын Қазақстанның заманауи картинасы алғаш рет алып отыр. Бір қызығы, Данияр Саламаттың коммунистік режимді сынайтын жұмысы бұл режимнен ресми бас тартпаған Қытайдағы фестивальде «Алтын кубок» алды. Сонымен қатар «Талақ» кеңес билігімен келген жақсылыққа, атап айтқанда, мұсылман Шығыстың әйелдерін босатуына және олардың еркіндікке, білімге, басқа да адами игіліктерге құқық алуына күмән келтіреді.

«Талақ» комедиялық драмасы не туралы?

Саламаттың фильмі Бейімбет Майлиннің «Әже» және «Талақ» әңгімелерінің желісімен түсірілген. Бұл оқиғаның сюжеті ХХ ғасырдың 20-жылдары өрбиді, оның бас кейіпкері бейбақ кедей Сарымсақ (Ерболат Әлқожа) әйелімен (Амира Омар) шекісіп қалып, оған талақ айтады. Мұсылман заңы бойынша еркек үш рет талақ айтса, ажырасты деп есептелетінін бәрі біледі. Сарымсақтың әйелі Зылиха осы қорқынышты сөзді естігенде қызы Ұлпа пен ұлы Бақытты байына тастап, үйден кетіп қалады. Басқа әйелі бар Кәрібайға тиеді.

Ескерту! Мәтінде спойлер бар!

Картина жергілікті көрерменге жат форматта басталады — революция заманының комедиясы: кеңес билігі орнайтын сәт, әлдебір ауылда театр жүріп жатады. Қойылымда жын шығару сеансы өтіп жатады — мақтадан сақал қойып алған жергілікті молда қамшымен аяусыз ұрғылап, әлдебір әйелдің бойынан жын шығарады. Кенеттен шоуға кеңес билігі кіріп келіп, ер мен әйелдің теңдігі туралы айтқанда, сахнадағы актерлер бірден әйел құқығы үшін «күресуші» болып шыға келеді. Қойылымдағы кейіпкерлердің бірі — келін болып боянып алған Сарымсақ молданың сәлдесін шешіп алып, матадан көйлек тігіп аламын деп әзілдеген болады.

Әйелі ашуланып, жеңілтексің деп кінә артады, екеуі сөйтіп ажырасады. Еркек дымсыз қалса, еркіндікке қол жеткізген әйелі балаларын, сәбиін тастап, бақыт іздеп кетеді. Әдейі осылай жасалған ба, әлде олай емес пе, автор қазіргі уақытпен параллель келтіргені анық — сендер көтеретін феминизм мәселесі мен еркіндік орнымен болуы керек, бұл әлі ешкімді жақсылыққа апарған жоқ дегендей болады. Хикаяның қайғылы финалы бүкіл әйелдер қауымына ескерту сияқты көрінеді.

Діни аңыздарда әйелдер онсыз да жеке-дара қарастырылмайды, ол Адамның қабырғасынан жаралған болса, биліктен, соның ішінде кеңестік биліктен не күтуге болады? Ол бір қолымен әйелдерге еркіндік пен теңдік берсе, екінші қолымен өз азаматтарын қызыл жалаудан ішкиім тіккені үшін түрмеге қамады. Қазан революциясының декорациясындағы комедия болып басталған картина соңында трагедияға айналады.

Бір қызығы, бұл жерде «талақ» екі мағынада қабылданады — бір жағынан, белгілі бір үйдегі жеке ажырасу процесі, екінші жағынан — азаматтың бір саяси режиммен «ажырасып», екіншісіне «үйленуге» және сыйысып тұруға әрекеті. Әйелді екеуінде де сәтсіздік күтіп тұр — байлар заманында әйелдердің көбі таяқ жеді, шалдарға бәйбіше немесе тоқал болып тиді, Кеңес заманы орнағанда, автордың ойынша, әйел басты нәрседен — отбасындағы бақ пен берекеден айырылды. Жаңа билік ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген қазақтардың тұрмыс ғұрпын бұзды, бірақ дала әйелдеріне түбегейлі жақсы өзгеріс берген жоқ деп санайды Данияр Саламат.

Фильмде Зылиха мен Сарымсақтың қызы, кішкентай Ұлпа қатысқан эпизодтарда толығымен ашылатын қызық жайт бар. Ең қиын сәттерде ол Құдайға жалбарынады. Әкесі ауырып қалғанда, «өмірімнің 40 жылын ал, тек әкем жазылып кетсін» дейді, ал анасы төсек тартып жатқанда «анама өмірімнің 20 жылын берші» деп сыйынады. Байқасаңыз, анасына әкесіне қарағанда 2 есе аз қиып тұр. Тіпті сүтін ішіп отырған сиырға өмірінің екі жылын беруге дайын. Бұны, әрине, тікелей қабылдауға болмайды, бұл жерде сол билік тұсындағы жас ұрпақтың келешегі туралы ой қозғалса керек — автор қыз өмірін түгелдей Құдайға беруге уәде етіп қойса, ұрпақ аман қала ма деп сұрақ қойғандай болады, қалай болғанда да мұны фильмнен алып тастай алмайсың.

«Талақ» қалай түсірілген?

Данияр Саламаттың режиссерлік тәсілдері ұнады, көркемдік құралдары да жақсы — оқиғаның бәрі көркем дала немесе айшықты ескі саз тамның фонында өрбиді, ал шырақ жарығы астында бір төсекте қатарласып жатқан отбасының түнгі көрінісі жылы әрі жайлы көрінеді. Коммунистер жақсы көретін көздің жауын алатындай қып-қызыл матаның іс-әрекетке кіргізілуі қызық жасалған.

Фильмнің соңына дейін қазақтар кеңестік белгісі бар қызыл жалауды қалай орнатуды білмейді, балалар тутұғырдың астына дәрет сындырады, ал әйелдер қат матаны қажетіне жаратуға сөгіп алады. Саламат қызыл кездемені хикаяның басынан аяғына дейін дала үшін мүлдем жат элемент етіп көрсетеді. Ерболат Әлқожаның кейіпкері де соған ұқсас — бір сахнада ол тіпті ешкімге керегі жоқ қартайған жалғыз қасқырдай айға қарап ұлитыны бар. Кеңес келгенге дейін де әйеліне ие бола алмаған, кейін де сорлы өмірі жақсарып кетпеді. Керісінше, некесі түбегейлі бұзылды. Ол бақытсыз.

Жобадағы осы кейіпкердің трансформациясын бақылаған қызық, себебі тұрмыстағы зорлық туралы «Бақыт» фильмінде Ерболаттың кейіпкері бастапқыда үстемдік етіп, отбасының бас абьюзері болса, бұл жерде ол әлсіз еркек, неке бұғауынан босап шыққан әйеліне ештеңе істей алмайды. Амира Омардың қатысуымен болған сахналар аса көп болмаса да, әйел рөлі үшін жүлде алғаны қызық жағдай, өйткені «Талақты», бірінші кезекте, Сарымсақ туралы картина деуге болады. Әйтсе де, Азия киносында әйелдерге еркектің талантын айқындаушы деп қарайтыны белгілі, Шанхай кинофестивалі де басқалардан асып кеткен жоқ. Ал фестивальдің бас жүлделерінің бірі осы фильмге берілуі бұл жұмыс шығыс адамына түсінікті жасалғанының бір дәлелі. Қазылар «Талақтың» сапасы мен бірегейлігін ғана бағалаған жоқ, хикаясы да түсінуге оңай болып шықса керек, өйткені ол отбасы құндылығын үйреншікті стильде насихаттайды.

Картина жақсы жасалған, онда ситуациялық юмор, қазақ менталитеті мен колориті көп, тамашалау қызық. Оның үстіне үлкен пікірталасқа арқау болады. Сондықтан «Талақты» көріңіз, қапы қалмаңыз.