5668
23 сентября 2024
Дмитрий Мазоренко, фото: tagesspiegel.de

Неміс экономикасының ксенофобия дерті

Германиядағы экономикалық дағдарыс сайлауда әсіре оңшыл саясаткерлердің жеңіске жетуіне себепші болып отыр

Неміс экономикасының ксенофобия дерті

Неміс бұқаралық ақпарат құралдары сайлауда әсіре оңшыл саясаткерлердің жиі жеңіске жете бастағанына Шығыс Германия тұрғындарының нәсілшіл көзқарасы немесе социалистік өткенді аңсауы себеп болып отыр деп санайды. Шын мәнінде бәрі Германияның экспортқа бағытталған экономика үлгісіндегі дағдарыс мәселесіне келіп тіреледі: жыл өткен сайын ол қарапайым халықтың жағдайын нашарлатып, қазіргі биліктің саясатынан көңілін қалдырып келеді.

Қыркүйектің басында «Германия үшін балама» (ГүБ) әсіре оңшылдар партиясы Германияның шығыс өңірлерінде — Тюрингия мен Саксонияда сайлау науқанын сәтті аяқтады. Аналитиктер «Германия үшін баламаның» жеңіске жетуі жалғаса береді немесе негізгі бөлігі 2026 жылға жоспарланған жергілікті сайлауда жоқ дегенде екінші орын алады деп болжап отыр.

Босқындарға, Украинаны қолдауға және әлеуметтік шығындардың көп болуына қарсы шығатын бұл партияның салтанат құруын неміс бұқаралық ақпарат құралдары Шығыс Германия тұрғындарының реваншизмімен байланыстырады. Олар социалистік кезеңдегі кеңшілікке бола демократияны қолдамайды деген пікір бар.

Алайда «Германия үшін баламаға» көбіне жастардың дауыс беруі бұл уәжді жоққа шығарады. Ғалымдар «Германия үшін баламаның» көш бастап күшеюін Ресейдің Украинадағы соғысы басталған сәттен бастап айқындала түскен Германияның экономикалық үлгісінің әлсіреуінен деп түсіндіреді. Ал Шығыс Германия осы дағдарыстың эпицентрі ғана болып отыр.

Германия бірігіп, оның азаматтарының әл-ауқатын теңестіру үшін аса ұзаққа созылмаған әрекеттен кейін, 1990 жылдар соңында ел экономикасы тұралай бастады, ал жұмыссыздық деңгейі 10 пайыздан асып кетті.

Әлеуметтік реформалардың салдарын әлсірету үшін билік зейнетақыны төмендетті, еңбек нарығында жалақысы төмен жұмыс орындары бар ірі сектор құрды, сондай-ақ адамдардың жұмысқа орналасу құқығын шектеді.

фото: Spiegel.de (Franka Bruns/AP)

Шығыс және Оңтүстік Еуропа мемлекеттерін құрамына қосу арқылы Еуроодақтың кеңеюі әлеуетті экспорт нарығына жол ашты. Неміс өндірушілері дамып, осы мүмкіндікті пайдалана алды және еңбекақысын төмендету, кәсіподақтарды әлсірету арқылы өз өнімдерін арзандантты.

2000 жылдардан бастап Германия экономикасы өсу фазасына енді. Оның жоғары технологиялы өнімдерін негізінен Еуропаның басқа елдері тұтынғандықтан, неміс кәсіпорындары жұмысшылар мен федерация үкіметінің әлеуметтік саясатын төмпештеуін жалғастырды.

Нәтижесінде немістің орта үй шаруашылығының әл-ауқаты италиялықпен немесе французбен салыстырғанда төмендеп кетті. Ал жұмысшылардың нақты айлығы 1992 жылмен салыстырғанда төмен болып шықты.

Оның үстіне Германияның ішкі нарығын қамтамасыз ету міндеті шығыста сақталған шағын компанияларға жүктелді. Ол жақтың ірі активтерін 90-жылдары Батыс Германияның кәсіпорындары белсенді түрде сатып алып, банкротқа ұшыратты. Осының арқасында оларда бұрынғыдан арзан жұмыс күшінің резерві пайда болды. Қазірдің өзінде Шығыс Германияның жұмысшылары елдің батысындағы жұмысшыларға қарағанда айына 800 еуро аз табады.

Алайда 2010 жылдары Германия демографиялық проблемаға ұрынды — бала туу азайды. Бұған, әсіресе, арзан еңбек күші қат болады деп уайымдаған өндірістік және корпоративтік сектор өкілдері алаңдады.

Бұл жағдайдан құтылу үшін іскерлік және саяси орта өкілдері Парсы шығанағы елдерінен босқындарды көптеп қабылдауды шешіп, оларды ақысы арзан жұмысшы ретінде пайдалануды көздеді. Оларды негізінен Германияның шығыс бөлігіне қоныстандырды.

фото: dailymail.co.uk

Белгілі бір уақытқа дейін бұл тактика Германияға ішкі проблемаларды және дағдарыс әсерін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Бірақ Ресейдің Украинаға басып кіруі ахуалды күрт нашарлатып жіберді. Ең алдымен бұған Германияның Ресей беріп отырған арзан энергия көзінен айырылуы себеп болды. Ол арзан жұмыс күшімен бірге неміс өнеркәсібіне басты бәсекелес ретінде артықшылық берген еді.

Германия экономикасына, сондай-ақ, 2020 жылдан бері келе жатқан әлемдік экономиканың тұралауына байланысты оның тауарына сырттан сұраныстың азаюы да соққы болды. Ал әлемнің барлық елінде белең алған протекционизм және АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің өршуі экспорт нарығына шығуды тіпті қиындатуы мүмкін.

«Осыған орай үй шаруашылығы шығындардың тұрақты өсіміне ұрынып отыр. Федерация үкіметі азаматтардың кірісін тежеп және өсіп бара жатқан инфляция жағдайында бағаны реттеуден бас тартып, бұған ірі компаниялардың мүддесіне арналған саясатпен жауап беріп отыр. Ірі компаниялар рекорд табысқа қол жеткізіп жатқанда, Германия азаматтары 2015 жылдағыдай табыс табады», — деп жазды неміс белсендісі Феликс Хельберг.

Корпоративтік секторға көмек салық аударымдарының өсіміне емес, кері жағдайға алып келе жатыр. Ірі компаниялар салықты аз төлеп жатқан кезде басқа немістерге түсетін салмақ, керісінше, артып отыр.

Осыған қарамастан биліктің халық алдындағы әлеуметтік міндеттерге жауап беруі қиындап барады. Бұның соңы елде базалық инфрақұрылымның, медицина мен білім беру сапасының нашарлауына әкелді.

фото: spiegel.de

Ал ГүБ және оған жақтас БАҚ босқындардың кесірінен бандитизм өршіп тұрғаны туралы, азаматтардың шығындары мен қарыздары есебінен мемлекет оларға төлеп жатқан жоғары жәрдемақы туралы күн сайын қатардағы немістердің құлағына құйып жатыр. Олардың ойынша, экономикалық дағдарыстан шығудың жалғыз жолы — мигранттардан құтылу.

Әрі қарай не болады? Екі негізгі сценарий бар: не Германия өзінің экспортқа бағытталған үлгісін қатарда ұстап тұрудың озық тәсілін табады, не бұл үлгі тарихта қалады. Сол кезде оны босқындар мен мигранттарға қатысты ксенофобияға, халықтың төмен табын қудалауға және байларға басымдық беруді көбейтуге сүйенген жүйе алмастырады.