Қазақстанның спорт саласындағы шенеуніктер Париж олимпиадасынан жағымды жаңалық таратуға барынша тырысып бақты: дзюдодан бірінші алтын, спорттық гимнастикадағы бірінші медаль, оқ атудан кейінгі отыз жылдағы бірінші медаль. Әйтсе де, мұның бәрі құраманың құлдырауына көз жұмып қарауға себеп бола алмайды.
Қазақстан кезекті олимпиадада неге дұрыс нәтиже көрсете алмады? «Власть» бұл туралы спорт шолушыларымен және спорт саласындағы бұрынғы шенеуніктермен сөйлесті.
Миллиардтаған бюджетін қаржысын игеру
Қазақстан спортына бұрыннан-ақ қаржы жақсы бөлінеді: мемлекет қазір барлық спорт бағытын қаржыландыруға жылына триллион теңгеге жуық қаражат жұмсайды. Бұл ретте олимпиада біткен тұста экономист Шолпан Әйтенова спортты қаржыландыру 1988 жылдан бері 82 есе, яғни 12 миллиардтан 993 миллиардқа өскеніне назар аударды. Бұл аралықта теңге бірнеше рет девальвацияға ұшырады, сондықтан шын мәнінде бұл өсім айтарлықтай жоғары емес.
«Бұл сонша жыл бойы спортты нашар қаржыландырдық дегенді білдіре ме? Жоқ, олай емес», — деп жазды ол Facebook парақшасында. Әйтенова, сондай-ақ, елдегі спорт бюджетінің айтарлықтай ашық емес екенін де атап өтті.
Спортқа бөлінетін қаржының қайтарымы жоқ екенін Париж олимпиадасының жеңімпаздарын құттықтау кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты.
«Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек», — деді президент. Ол, сондай-ақ, спорт саласында жемқорлық фактілері жиі тіркелетінін айтты.
Тоқаев бірінші кезекте басымдық берілетін спорт түрлерін қаржыландыру керегіне назар аударды. Шын мәнінде, солай болып та жатыр.
Туризм және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Власть» сауалына берген жауабында басымдық берілетін спорт түрлері мынадай критерийлер арқылы анықталатыны айтылады: халықаралық жарыстардағы спорттық жетістіктері, спорттың ұлттық-мәдени «дәстүрі», әлеуетті мамандардың болуы, материалдық-техникалық базаның болуы, спорттың ерекшеліктері мен аймақтың климаттық жағдайларының ара-қатынасы.
Рәсім нәтижесі бойынша екі жылға мемлекет қаржыландыруы кезінде басымдық берілетін спорт түрлерінің тізбесі бекітіледі. Қазақстанда әрдайым басымдық берілетін спорт түрлерінің қатарында бокс, дзюдо, күрес, жүзу, тхэквондо бар және оларға ең көп қаражат бөлінді.
Қаржыландыру деңгейі шын мәнінде нәтижеге сай келе бермейді. Әрдайым басым спорт түрі саналатын бокстан Рио олимпиадасынан бері алтын ілікпеді. Десе де, бұл спорт түрін қаржыландыру тұрақты түрде өсіп келеді. Спорттың көп түрінде шығын тұрақсыз, бірақ комитет неге олай екенін түсіндірмеді.
«Өзбекстан спортына бізден бес есе аз қаражат бөлінетінін, бірақ олардың бізге қарағанда алтын жеті медаль артық алғанын барлығымыз көрген болармыз. Бұл басқарудың сапасы, іріктеу кезіндегі ашықтық пен айқындықтың белгісі, — деп санайды спорт шолушысы Леонид Юрьев. — Жемқорлыққа қарсы күресетін мекемелердің әр облыста қандай да бір спорт саласындағы шендінің ұсталғаны туралы хабар-ошары біздегі спорттың не үшін осындай күйге түскенін дөп көрсетеді».
Париж олимпиадасында жұмыс істеген спорт комментаторы Есей Жеңісұлы да бұл пікірмен келіседі. Ол ашықтық ең бірінші кезекте ұлттық іріктеу турнирлерінде болуы керек деп санайды.
Спорт комитеті мемлекет қаражатын пайдалану бойынша есеп берудің құрылымы қалай жүзеге асады деген сұраққа коммерциялық емес ұйым (спорт федерациялары осындай форматта жұмыс істейді) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға, мемлекеттік кіріс органына, құрылтайшылар мен басқа да тұлғаларға есеп береді деп ресми жауап қайырды.
Қаржыны қысқарту
Комитет қазір мәжілісте спорттың кей түрін қаржыландыруды қысқартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатқанын жеткізді.
Бұл туралы Қазақстан медаль қоры бойынша 11-орын иеленіп, еліміздің тарихында ең нашар нәтиже көрсеткен 2023 жылы Ханчжоудағы Азия ойындарынан кейін көп айтыла бастады. Ал Париждегі ойынға Азиадаға барған спортшылардың 80 пайызы аттанған. Сол кезде министрлік «тиімді емес спорт түрлеріне» бөлінетін қаржыны қысқартуды ұсынды, олардың есебінше, Қазақстанда 180-нен аса спорт түріне қаражат бөлінеді, оның 46-сы – олимпиадаға енген спорт түрі.
Спорт саласындағы журналист Иван Резванцев нәтиже көрсетпейтін спорт түрлеріне қаржыны қысқартуды қолдайды, ол әсіресе көп елде ұлттық чемпионаттағы футбол клубтарын мемлекет емес, демеушілер қаржыландыратынын айтады.
«Біз сондай бір қаржы құбыжығын жасап алдық, футболистерімізге Қазақстаннан Еуропаға барып, жетілу тиімсіз. Футболға бөлінетін ақша спортқа бөлінетін ақшаның ең көп бөлігін алады», — дейді журналист.
Әйтсе де, ол мемлекет белгілі бір спорт түрлеріне қаражатты қысқартпас бұрын бизнестің спортқа инвестиция салуы тиімді болатындай жағдай жасалуы керегін айтады. Әзірге бұл мақсатта ештеңе жасалып жатқан жоқ.
«Бір күні танымал бизнесменнен қазақстандық бизнесмендер неге спортқа ақша құймайтынын сұрадым. Ол табыс алып келетін қандай да кәсіби жүйенің жоқ екенін, сондықтан салымның тиімсіз екенін айтты. Мұны өзгерту үшін мамандар және жүйелі жұмыс қажет», — деп қосты Резванцев.
Леонид Юрьев демеушілер арқылы спортты дамытуға болатынына сенеді, ол мемлекеттен қаржылай көмек алмай, қола медаль үшін күресте қазақстандық Абиба Әбужақынованы жеңген швед дзюдошысы Тара Бабулфатты мысалға келтірді.
Есей Жеңісұлы бір жағынан кей спорт түрлеріне қаржыны қысқартуды дұрыс санайды, ал бір жағынан тек олимпиадалық спорт түрлеріне назар аударсақ, ұлттық және олимпиадалық емес ойындар дамымай қалуы мүмкін дейді.
«Біз қаласақ та, қаламасақ та, жастар ММА (аралас жекпе-жек) спортын қызыға қарайды, өйткені ол әлеуметтік көтерілу сатысы ретінде үлкен рөл атқарады. Шавкат Рахмонов әлі әлем чемпионы титулына жетпеді, бірақ Қазақстанда оны чемпион сияқты құрметтейді. Спортты осындай тенденцияларды ескере отырып дамыту қажет деп санаймын», — дейді ол.
«Бокс пен жеңіл атлетикаға көңілім толмады»
Спорт істері жөніндегі комитет Париждегі ойын нәтижесін Токиодағы нәтижемен салыстыруды жөн көріпті. Ал Токио олимпиадасы қазақстандық спорт тарихындағы ең сәтсіз ойын, ол кезде құрама 8 қола медаль алып, алтын-күміссіз қайтты.
Әйтсе де, соңғы Париждегі нәтижеге көптің көңілі толмағанын жасырып қалу қиын: Demoscope сауалнамасы қазақстандықтардың үштен бірі солай ойлайтынын көрсетті.
Бокс пен жеңіл атлетика нәтижесінің нашар екенін алқа отырысында сол кездегі туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев та айтты. Ол жерге тек мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейтін журналистер ғана шақырылғанын айта кеткен жөн болар.
Олимпиададан кейін бірнеше күннен соң ерлер боксы бойынша құраманың барлық бапкері ауыстырылды, ал бір айдан кейін спорт министрі де қызметтен кетті. Әйтсе де, көп ұзамай премьер-министрдің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Бокс федерациясы елдегі басқа спорт федерацияларының көпшілігі секілді «Власть» сауалына жауап бермеді.
Спорт шолушысы Леонид Юрьев боксшылардың сәтсіз нәтижесіне қарамастан, 2028 жылы Олимпиада бағдарламасында бокс қалатын болса, қазақстандық бокстың болашағынан үміті бар екенін айтады.
«Жастардан тұратын командамыз өте мықты. Көбі біле қоймас, Нұрсұлтан Алтынбек, Төрехан Сабырхан, Темірлан Мұқатаевтар бар», – дейді ол.
Сол кездегі сөзінде Маржықпаев жеңіл атлетика туралы да айтты. Жеңіл атлетикада медаль алатын мүмкіндік көп болса да, қазақстандық спортшылар бұрыннан бұл спорт түрінен медаль алмайды.
«Кейінгі екі Азиада, әлем чемпионаттары, Азия чемпионаттарынан “ұшып кетіп жатырмыз” (...) Құлдырау байқалады, бұны бәрі айтады. Қазақстанның төлқұжатын беріп, легионерлерді әкелу де мәселені шешпей жатыр», – дейді жеңіл атлетика федерациясының бұрынғы вице-президенті Алексей Кондрат.
Оның сөзінше, мемлекеттің қыруар қаражат құйып жатқаны туралы қанша айтылса да, 1992–2017 жылдары федерация өз күнін өзі көріп келген.
Мемлекет тек ұлттық құраманың шығындарын мойнына алды, іс-шаралар өткізуге және олимпиада мен әлем чемпионаттарына спортшыларды жіберуге ақша бөлді. Қалған қаражатты федерация өзі іздеді.
«Ғимаратты қалай жалға алып жатқанымыз, шығынымызды қалай төлеп жатқанымыз мемлекетті ойландырған жоқ, халықаралық және Азия федерациясы бөлген азын-аулақ грант, мүшелер төлейтін жарна есебінен өмір сүрдік», — деп есіне алады ол.
«Ескі федерация кезінде дайындалған команда Азия чемпионатындағы медаль санағында үшінші орын алды. 2019 жылы бір ғана алтын медаль болды, ал одан кейін бірде-бір не алтын, не күміс медаль болмады, тек 2-3 қоламен шектелді. 8 жыл өтті, ескі федерацияны “құлатқаннан” кейін жаңа адамдар келді, жаңа қаржыландыруға ие болды, біздің кезбен салыстыруға келмейді», — дейді ол.
Кондрат спорт инфрақұрылымы да дамымай жатқанына назар аударды. 2014 жылға дейін Қарағандыда жеңіл атлетикаға арналған үш жолақты бір ғана манеж болғанын айтады. Оған қазір 50 жылдай болып қалды. 2014 жылы Өскеменде Ольга Рыпакова атындағы манеж ашылды. Әйтсе де, стадиондағы проблемалар шешілер емес.
«Алматыдағы Орталық стадион жөндеу жұмыстарына байланысты жабылатыны туралы хабар келіп жатыр. Егер ол стадион тек футболға арналатын болса, Алматыда жаттығу және жарыс өткізу ережесіне сай орын қалмайды. Алматы Аренаның жанында жүгіруге арналған жолақ бар, бірақ олар ережеге сай емес», — дейді ол.
Парижден медаль алып келеді деп үміт еткен қазақстандық теннисшілерге де жанкүйерлердің көңілі толмады, сол күйі медальға қол жетпеді: әлемдегі төртінші ракетка Елена Рыбакина, одан кейін үздік отыз ойыншы қатарына кіретін Юлия Путинцева денсаулық жағдайына байланысты олимпиадаға қатыспады.
Қазақстан теннис спорты бойынша Рыбакинаға үлкен үміт артқан. Ол Токиодағы ойында қола үшін күресте жеңілген еді.
Теннис федерациясы «Власть» сауалына берген жауабында теннисшілердің денсаулығына байланысты түрлі турнирге қатыса алмай қалатынын, әйтсе де, медицина қызметкерлері мен физиотерапевтер спортшылардың жағдайын үнемі бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Рыбакина бұл маусымда тоғыз турнирге қатыса алмады (Олимпиададан кейінгі үш турнирді есепке алғанда), бұл ол үшін антирекорд саналады. Федерация Рыбакинаның денсаулығына байланысты көктемде де турнирге қатыса алмағанын атап өтті, ол толыққанды бірнеше ғана турнирге қатыса алған.
«Уимблдон» ойынындағы тікелей эфирді жүргізген комментатор Есей Жеңісұлының сөзінше, сол кезде-ақ Рыбакинаның денсаулығында кінәрат бар екені айтылған. Ол сол кезден бастап Рыбакинаның Олимпиадаға қатыса алмауы мүмкін екеніне жанкүйерлерді дайындау керек еді деп санайды.
«Әрине, кездейсоқ жарақаттан қаша алмайды. Әйтсе де, халықтың артып отырған сенімін де алдамау керек», — деп қосты ол.
Десе де, Қазақстанда теннис спорты федерацияның демеушілер есебінен өмір сүріп жүргенін көрсететін аз мысалдың біреуі ғана. 2000 жылдардың ортасынан бастап федерацияны бизнесмен Болат Өтемұратов басқарады.
Теннис федерациясы 2022 жылға дейін жыл сайын мемлекеттен 1 миллион доллар төңірегінде алып отырғанын, ал 2022 жылдан бастап мемлекет қолдауынан толықтай бас тартқанын айтып өтті. Қазір оның жылдық бюджеті 347 корты бар 38 теннис орталығының шығынын есептегенде 12–15 миллион доллар шамасында.
Шетелдіктерге азаматтық беру
Теннисшілерге сын айтқанда олардың ел азаматтығын алғаны да аталып өтеді. Олар елдің намысы үшін шынайы күресе алмады деген сөзге қалды.
Теннис федерациясы құрама жұлдыздарын үздік ойыншы ретінде қалыптасу кезеңінде белсенді түрде қолдағанын атап өтті. Қазір олардың басым бөлігі шығындарын турнирлерден алатын жүлде есебінен жауып жүр.
«Федерация шығынының басым бөлігі қазақстандық теннис мектебінің жас жеткіншектеріне кетеді. Мәселен, бір қазақстандық теннисшінің бала кезден жасөспірім шағына дейін дайындығы, қолдауы мен сүйемелдеуіне федерация орташа есеппен 400 мың доллардай жұмсайды», – делінген теннис федерациясының жауабында.
Жалпы Қазақстанда шетел спортшыларына азаматтық беруден бас тарту туралы әңгіме бұрыннан айтылып келеді. Бұған азаматтық алған спортшылар жас таланттардың ашылуына кедергі келтіреді деп санайтын президент Тоқаев та назар аударды.
Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері олимпиада спорттары бойынша 126 шетел спортшысына азаматтық берді, оның 79-ы кейінірек отанына қайтты.
«79 спортшыға еш қаймықпай кениялық 5 жеңіл атлетті қосуға болады, — дейді Алексей Кондрат. — Азаматтық алған жеңіл атлеттер Қазақстаннан тыс жерде қалай өмір сүріп, жаттықса, дәл солай әлі жалғасып келеді».
Кондрат шетел атлеттеріне азаматтық беруді құптамайды. Әйтсе де, ашылғаннан бастап 2019 жылға дейін өзі жұмыс істеген федерация мұны белсенді қолдап келеді.
Парижге Қазақстан атынан барған жеті жеңіл атлеттің екеуі кениялық. Дэйзи Джепкемей финалға шыға алмады, ал оның әпкесі Нора Джеруто финалда тоғызыншы орынға жайғасты.
Шетел атлеттеріне азаматтық беру туралы айтқанда әдетте бұл отандық атлеттер мен жаттықтырушыларға тәжірибе, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге көмектеседі, бірлескен дайындық, оқу-жаттығу болады делінеді.
«Бірақ осы жеті жылдан аса уақытта Қазақстан төлқұжатын алған бірде-бір кениялық жаттықтырушының бірде-бір рет семинар немесе курс өткізгенін көрмеппін. Бірлескен жиындар өте аз. Бұл біздің атлеттерге көмектесті деу қиын...
Олимпиада ойыны аяқталғанына бір айдан аса уақыт өтті, Қазақстанның туризм және спорт министрі ауысты, спортты қаржыландыру және спортшыларды дайындау бойынша өзгерістер енгізу туралы жоспар көбейді. Нәтиже айқын болуы үшін Лос-Анжелестегі ойынға дейінгі төрт жыл жете ме, жетпей ме, уақыт көрсетеді.
Поддержите журналистику, которой доверяют.