7421
15 октября 2024

Тоғжан Қасенова, ядролық қауіпсіздік саласының маманы: «Қазақстан үкіметінің орнында болсам, АЭС салуға асықпас едім»

Серіктес елді таңдау мен АЭС салудың өзінен қандай қауіп бар?

Тоғжан Қасенова, ядролық қауіпсіздік саласының маманы: «Қазақстан үкіметінің орнында болсам, АЭС салуға асықпас едім»

Ирина Гумыркина, Власть, сурет Алмаз Төлекенікі

АЭС құрылысы бойынша референдум өткізгеннен кейін Қазақстан үкіметінің алдында технология түрін анықтап, жобаға кірісу үшін серіктесті таңдау міндеті тұр. «Власть» жалпы атом электр станциясы мен геосаяси аспектідегі оның қаупі туралы саяси ғылымдар докторы және ядролық қауіпсіздік саласының маманы Тоғжан Қасеновамен әңгімелесті.

— Тоғжан, Қазақстандағы АЭС құрылысы туралы тақырыпты бақылап жүрсіз. 6 қазан күні ресми нәтижесі халық станция салуды қолдағанын көрсететін референдум өтті. Мұның бәрі шартты екенін, ал шешім референдумға дейін қабылданып қойғанын бәріміз түсініп жүрміз. Қазақстанға шын мәнінде АЭС керек пе? Билік неге бұл шешімге келгенде асығып жатыр? Мұның арты неге алып келуі мүмкін?

— Қазақстанға расымен атом энергиясы керек пе деген сұрақ менің құзіретімде емес, мұны Қазақстанның энергетика қауіпсіздігіне жауапты және қолында елдегі энергетика жүйесінің шын жағдайы туралы дерегі бар мамандар шешуі керек.

Әйтсе де, Қазақстанда энергия тиімділігі мен энергияны үнемдеу жеткілікті деңгейде дамымағаны сөзсіз, мұны қарапайым адам да көре алады: қыс түскенде жылу желілерінің құбырлары қарды қалай ерітетінін немесе көктемде күн жылып, орталық жылу әлі өшпеген кезде терезені ашуға тура келетінін ойлап көріңіз. Энергияның басқа да көздерінің әлеуеті толық пайдаланылмайтыны тағы бар.

Егер Қазақстан тоқетерінде атом энергетикасын қолдану туралы шешім қабылдаса, үкімет жауап беруге тиіс сұрақтардың ұзын-сонар тізімі бар, оларға жауабы бар-жоғына сенімді емеспін. Үкімет таза техникалық мәселелерден бастап, сыбайлас жемқорлық секілді жүйелі мәселелерге дейінгі ядролық қауіпсіздіктің ең жоғары стандартын қамтамасыз ете ала ма? Мәселе сонда. Бұл саладағы жемқорлық кәдімгі жобалардан гөрі әлдеқайда үлкен қауіп-қатерге алып келуі мүмкін. Жемқорлықтың кесірінен бір жері бітпей қалған, бір жері шала, ең сапалы материалдар қолданылмаған, стандарттарға сай емес ядро нысаны – үлкен қатер. Ең жақсы жағдайда, жемқорлық ЛРТ секілді жобаларды жарты жолда тоқтата алады. Қазірге жемқорлық кесірінен мемлекеттік алып жобалардың тоқтаған мысалы жетерлік. Мәселен, Бразилияда екі ядро реакторы жұмыс істейді, ал үшінші құрылысы бітпеген реактордың жұмысы жемқорлық дауынан кейін тоқтап тұр. Расында, келмеске кеткен күш-жігер мен қаражатты көру мұңаятын нәрсе. Қызық болса, Ангра-3 туралы іздеп, оқып көріңіз.

Бұның ішіндегі ең маңыздысы – геосаяси контекст. Дәл қазір Қазақстан үшін ең үлкен қауіп төндіруі мүмкін нәрсе – геосаясат. Өйткені серіктес таңдау кез келген ядролық әріптестіктегі ең осал тұстың бірі.

"Ангра-3" №3 АЭС құрылысы алаңы, Бразилия, фото Wikipedia

— Қазақстан ресми түрде технологияларды, нақтырақ айтқанда, АЭС құрылысын жүргізетін елді анықтамады. Шенеуніктер бірнеше елден құралған консорциумы туралы айтып жатыр. Десе де, таңдау «Росатом» пайдасына жасалатын секілді көрінеді. Неге олай? Жоба арзанға шығады деген мақсатта ғана емес шығар? Қазақстанға мұның нендей қаупі бар?

— Бүгінге дейін (6 қазанға дейін – В.) мен де ақыры «Росатомды» таңдайды деген ойда келемін. Не себеп? Меніңше, Ресей тарапынан саяси деңгейде өте ықпалды лобби бар сияқты. Ресей үшін басқа елдерге атом реакторларын салу тек экономикалық не технологиялық жоба емес, геосаяси мүддесін алға тарту. Орталық Азияға қарайтын болсақ, Өзбекстан да, Қырғызстан да «Росатоммен» келісімге отырды. Ресей бұл аймаққа қатты қызығып отыр, әсіресе оның Украинаға басып кіргеніне дейін келісілген кейбір жобасы ыдырап жатқанын ескерер болсақ. Мәселен, 2022 жылы Финляндия «Росатоммен» АЭС құрылысы жөніндегі келісімнің күшін жойды.

Бірақ, әрине, Қазақстан мен қазақстандық ядро саласы үшін Ресейді таңдау ақылға қонымды таңдау. Өйткені Қазақстан мен Ресейдің өткені бір, халқы бір тілде сөйлейді, көптеген техника маманы бірін-бірі таниды, географиялық жағынан да бұл ыңғайлы, көршіміз болғасын, жеткізу де қолайлы.

Әйтсе де, Тоқаев референдум күні халықаралық консорциум болады деп қандай да белгі беруге тырысқандай көрінеді. Мұнысы халықты сәл де болсын тыныштандыру үшін болса керек, өйткені жалпы атом энергетикасы мен Қазақстанда АЭС салуға қарсы еместердің өзі де мұны «Росатом» салғанын қаламайды. Меніңше, бұл жағдайда болуы мүмкін жалғыз консорциум – Қытай мен Ресей консорциумы.

— Неге дәл осы екеуі?

— Ресей мен Қытайдың Қытайда АЭС салу бойынша бірлескен жұмыс тәжірибесі бар. Ал Қытай Қазақстан үшін тағы бір маңызды көрші ел, онымен қазірдің өзінде табысты ірі инфрақұрылымдық жобалар бар.

Ресей мен «Росатом» жөніндегі мазасыздықтың жөні бар. Өйткені атом электр станциясын салу бойынша мұндай серіктестік кем дегенде он жыл белсенді қарым-қатынас болуы керегін білдіреді. Мұндай серіктестік қысым мен әлсіздіктің негізі болады, өйткені Қазақстан «Росатомның» өз міндеттерін орындауына тәуелді болады. 2014 жылы Ресейге салынған халықаралық санкциялардың рөлін айтпасақ та белгілі. «Росатомның» өзіне санкция салынбаған, әйтсе де оған тиесілі компанияларға салынған, мұның өзі проблема.

Мәселен, Түркияда Ресей салып жатқан атом станциясын іске қосу кідіріп отыр, өйткені Siemens санкциялар мен экспорт бақылауы есебінен қажет компоненттерді жеткізе алмады, кейін оларды Қытайдан тапсырыс беруге тура келді. Технология мәселесі де маңызды, әсіресе АЭС басқарудың технологияларын айтар болсақ: кім бақылауында ұстайды, кім салады, станцияда кімдер жұмыс істейді, технологияны кім басқарады, қандай отын пайдаланады, қаржыландыру шарттары қандай болады? Бұл Қазақстан Ресеймен келісуі керек сұрақтар тізбегі. Ал Ресейдің күш қолданатын әдістер мен қысымнан қашпайтынын білеміз.

Десе де, Қазақстан үшін саяси бедел тұсын да айту маңызды. Қазақстан жаһандағы ядро саласында, атап айтқанда, ядролық қарусыздану, ядроны таратпау, ядро қауіпсіздігі және коммерциялық ядро нарығында да беделді. Қазір Ресей қарулы күштері мен «Росатом» өкілдері басқа бір егемен ел Украинаның (Запорожье АЭС — В.) азаматтық ядролық нысанында, Ресей бұнымен ядролық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Ештеңе болып жатпағандай отырмау өте маңызды деп санаймын. Қазақстан бұл мәселе бойынша Ресейді басты серігі етіп таңдаса, бұл шешім оның беделіне айтарлықтай кері әсерін тигізеді.

«Аккую» АЭС құрылысы, Түркия, «Ростатом» жариялаған сурет

— Ядролық қарудан арылуға тырысқан, Семей полигоны секілді негатив тәжірибесі бар Қазақстан ядро саласында Кремльдің қоластында қалуы мүмкін бе сонда?

— Әскери мақсаттағы және бейбіт мақсаттағы ядро технологияларын айыра білу маңызды. Семей полигоны мен кеңес дәуіріндегі ядро сынақтарынан кейін қоғам түйсігінде бұл ой жоқ. Шын мәнінде қатерлі ісікті емдеуге арналған радиоизоптардан бастап, ауыл шаруашылығы мен атом энергетикасында ядро технологияларын қолдануға дейін бейбіт ядро технологияларды қолдану маңызды. Бұл айырманы көре білу маңызды.

Қазақстанның кеңестік ядро қаруынан құтылғаны атом энергетикасының есігін біржола жапты дегенді білдірмесе керек. Үкімет «ядросыз елміз» деп айтқан кезінде бейбіт ядро технологияларынан бас тартатынын меңземеген. Бұл тек ядролық қаруға қатысты айтылған еді.

Ал Ресейге келер болсақ, меніңше, Қазақстан үкіметі қазір қиын геосаяси кезеңде тұр. Қазақстан басшылығының шын мәнінде не қалайтынын және қандай шешімдер қабылдауға мәжбүр екенін дөп басып айту қиын. Үкіметтегілер Қазақстанның басқа бір елге тәуелді болғанын саналы түрде қалайды деп ойламаймын. Сондықтан дәл қазір Қазақстанның қандай геосаяси жағдайда екеніне және бұл геосаяси жағдайда не болуы мүмкін екеніне салмақты қарау керек.

Егер менен сұрайтын болса, бірақ менен ешкім сұрамайды ғой, мен асықпас едім. Бірнеше жылдан кейін жағдай өзгеріп, Ресей Украинаға бағытталған әскери қимылын тоқтатады деп сенеміз. Саяси жағынан да, тарихи жағынан да Ресей Қазақстан үшін маңызды серіктес әрі көрші. Қазір атом станциясын салу шешімі үшін де, Ресейді бұл үшін серіктес етіп таңдау үшін де ең қолайсыз уақыт. Шығыс даналығына сеніп, күте тұрар едім.

— Украинадағы соғыс атом электр станциясының ядролық бопсалау мен ауқымды апат қаупі бар нысанға айналып отырғанын көрсетеді. Запорожье АЭС-інің жағдайы өте қиын. Қалай ойлайсыз, Қазақстанда атом электр станциясы болса, оны «Росатом» салса, қандай геосаяси қауіп төнуі мүмкін?

— Атом станцияларының қауіпсіздігі жөнінде айтар болсақ. Халық Чернобыль, Фукусима мен үкіметтің АЭС құрылысы туралы жоспарларын бір қатарға қояды. Шын мәнінде, ескі типтегі реакторлар мен заманауи реакторлардың үлкен айырмашылығы бар. Жаңа заман реакторларында қорғаныс дәрежесі жоғары – олардың дизайны бірдеңе болып қалған күннің өзінде радиация бөлінуі қондырғының өзінде шектелетінін көрсетеді. Чернобыль мен Фукусима кезеңінен бері елдер АЭС қауіпсіздігін күшейту үшін көп шара жасады. Атом станцияларын қорғау бойынша шаралардың алғашқы легі 11 қыркүйекте (АҚШ-тағы 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі теракт) жасалды, сол кезде АЭС теракт нысаны болуы мүмкін екені белгілі болды. Екінші легі Фукусимадан (Фукусима-1 атом электр станциясындағы 2011 жылдың 11 наурызындағы апат) кейін жасалды. Запорожье атом электр станциясы да Ресей әскері басып алғанға дейін жаңғыртылып, ядролық қауіпсіздік бойынша жоғары стандарттарға ие болған.

Барлық қорғаныс шарасына қарамастан, бірде-бір реактор әскери аумақта болады деп жобаланбаған, қатер осы тұста. Ал бұл жағынан қарасақ, атом электр станциясын нақты кім салса да, маңызы болмайды.

Запорожье атом электр станциясындағы 2024 жылғы тамызындағы шабуылдан кейінгі өрт

— Ядролық отын айналымының әрбір кезеңінде қалдықтар, экологиялық қауіптер және радиациялық ластану бар. Реактор жұмысын аяқтаған кезде оны істен шығару, тазалау, радиоактив материалдарды бір жерге тастау керек болады. Бірақ Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы БН-350 реакторы әлі істен шығарылған жоқ. Қазір радиоактив қалдықтарды полигонға төгеді. Бірақ бұл полигондағы жерді тазартуды және қалпына келтіруді талап ететін заңды бұзады. Иә, арнайы қойма ашылады. Бірақ ол қашанға дейін жетеді? Ал біздегі түбі жоқ жемқорлық пен жұмысқа албырттықты ескерер болсақ, атом электр станциясындағы барлық норма сақтала ма деген сұраққа алып келеді. АЭС ақыр соңында кезекті экологиялық апатқа алып келмей ме?

— Фактілерден бастайық. Жұмысын бітірген ядро отыны әуелі белгілі бір уақыт бойы кәсіпорында сақталады, кейін ұзақ уақыт сақталуға қажет орынға апарылады. Бұл кезеңнің өз стандарттары бар. Бұдан кейінгі процесс, яғни қалдықтар ең ақырында қайда көміледі деген мәселе. Әлемде бірде-бір ел бұл мәселені шеше алған жоқ.

Негізі барлық стандарт қатаң ұсталатын болса, методология бар, барлығын дұрыс әрі барынша қауіпсіз жасауға болады. Тек шешімін таппаған ең соңғы кезең ғана қалады. Сондықтан бұл сұраққа ақыр заман төнгендей қарамас едім: соңғы қалдықтарды көмуді қоспағанда, пайдаланылған отынды басқарудың нақты стандарттары мен тәсілдері бар. Қазақстанның аумағы кең, пайдаланылған ядро отынымен және ядро отыны циклімен үлкен тәжірибесі бар. Мәселе барлық стандарттың дұрыс орындалуында.

— Радиоактив суды қайтпекпіз? Қоғам мен экологтар маңайына АЭС салынғасын, Балқашпен қоштаса беруге болатынын айтады. Бұл қауіп туралы не айтасыз?

— Мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын, өйткені радиоэкология саласы бойынша маман емеспін, бірақ жұртшылықтың бұл үшін неге алаңдайтынын жақсы түсінемін. Бір жағынан, техникалық мамандар бұл шешілетін мәселе дейді. Екінші жағынан, бұның Балқаш көліне түк салдары болмайды дегенге сенбеймін. Қауіпсіздік стандарттары мен шарттары бар, барлығы осы стандарттарды қалай ұстануға байланысты, бәрі осыған келіп тіреледі. Ірі тау-кен компанияларына экологиялық стандарттарды ұстанғаннан гөрі айыппұл төлеу жеңіл екенін басқа облыстардан көріп отырмыз.

Атом электр станциясының құрылысына қатысты әңгіме барысында айтылған басты мәселе — халықтың билікке сенімінің жоқтығы. Барлық нәрсе күмән тудырады. Тіпті, халықаралық стандарттары бар аймақтарда да халықтың олардың орындалатынына сенімді емес.

Бұл жағдай мемлекет пен халықтың, мемлекет пен азаматтық белсенділердің, үкімет пен үкіметтік емес мамандардың арасында жөні дұрыс диалогтың жоқ екенін көрсетті. Шын мәнінде, көтерілген мәселенің бәрінің шешімі бар, әйтсе де, үкімет халыққа, азаматтық белсенділер мен үкіметтік емес мамандарға салғырт қарайды. Олардың сеніміне кіруді қажет санамайды. Бұған жауап ретінде осындай реакция болады.

Атом энергетикасын қолдамайтындар тарапынан да асыра сілтеу, фактілер мен аса дұрыс емес ақпаратты араластыру бар екенін айта кеткен жөн. Бірақ бұл жөні дұрыс диалогтың жоқ екенін және сені ешкім тыңдамайтынын сезгендіктен осындай қарқын алады. Қоғамдық тыңдау мен референдумның қалай өткеніне қарасақ, мемлекет қосымша ұпай жинай алмады. «Еститін мемлекет» біреу-міреуді тыңдауға аса дайын болмай шықты.

Үлкенде АЭС құрылысын қоғамдық талқылау кезіндегі белсенділер, суретті түсірген Алмас Қайсар

— Шын мәнінде кесірін емес, пайдасын алып келетін, халықтың зәресін ұшырмайтын АЭС қандай болуы қажет?

— Мен өзім бейбіт мақсаттағы атом энергетикасына қарсы емеспін. Әлемдегі көп елде атом электр станциялары жап-жақсы жұмыс істеп, халықты жылумен және жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Атом энергиясы жылу мен жарықтың жақсы көзінің бірі болуы мүмкін.

АЭС деген атом апатына пара-пар емес екенін айта кеткен жөн. Иә, шынында, үш үлкен апат болды, бірақ реактор технологиялары ол кезден бері біраз жетілді. Қауіп әрдайым бар, тіпті ядролық емес технологиялардың өзінде де кездеседі. Егер Қазақстаннның энергетикалық қауіпсіздігі үшін шынымен атом энергетикасы қажет болса, үкіметтің орнында халықпен жұмыс істеп бастар едім. Бұл жағдайда өз еліңнің тарихына құрмет позициясынан бастаған жөн. Миллионнан аса халқың ядро сынағынан зардап шеккен, әрине, халық ядро технологияларына күмәнмен қарайды.

Жемқорлық, үкіметке сенбеу, жүзеге аспаған ұлттық ірі жобаларға қатысты проблемалар қоғамның атом энергетикасына деген қарым-қатынасын нашарлата түседі. Сондықтан қазір Қазақстан үкіметі асыққандай асықпас едім. Меніңше, қазір қолайлы уақыт емес, адамдардың жүйкесін жұқартып, мемлекет пен халықтың арасын алшақтата түседі, түңілтіп жібереді. Егер бәрін ақылмен істер болса, атом электр станциясы жақсы жұмыс істей алады, бірақ ол үшін белгілі бір жағдай жасалуы қажет. Ондай жағдай Қазақстанда әзір жоқ.